Қостанайда өткен Қазақстан патриоттарының ІV форумына қатысушылардың көпшілігі «патриотизм деген не?» деген сауалға «Отанға, мемлекетке адал қызмет ету» деп жауап беріп жатты. Ал олай болса мемлекеттік қызметші елге, жерге деген патриотизмнің үлгісін көрсетуші болуы керек. Адал қызмет етудің өзі мемлекеттің Конституциясына, заңдарына деген құрметтен басталады. Халық сенімін арқалап жүрген мемлекеттік қызметшілер осыны қалай түсінеді? Мемлекет, халық мүддесін көздейтін көп істің тізгіні де мемлекеттік қызметшілер қолында. Оларды қызметкерлердің қалай атқарып жүргендігі және осы сала жұмысының шымырлануы үшін атқарылып отырған өзге де мәселелер туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қостанай облысы бойынша басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы Әбдімәш Мәмешовпен сұхбатымызға өзек болды.
– Патриотизмді құр ұрандатқаннан аулақ болғанымыз жөн. Ол ауа жайылғандық болады. Мемлекеттік қызметші мемлекетке адал қызмет етуі үшін сол мемлекеттің негізін құрайтын Конституциямыздан бастап тиісті заңнамаларды бес саусақтай білуі, біліп қана емес, оларды орындауы қажет. Өйткені, мемлекеттік қызметші заңдарға салдыр-салақ қараған сәттен ол мемлекеттің, халқының алдындағы жауапкершіліктен де ауытқиды. Ал ондай мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан бұл саладағы жұмыстың жандануы, жетілуі, мемлекеттің нығая түсуі үшін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі, штатты ықшамдау, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасы мен олардың біліктілігін жетілдіру үшін көлемді жұмыстар жүргізіліп отыр.
– Әбдімәш Мәмешұлы, онда соларға тоқталып, әңгімені нақтылаңқырайық. Өткен жылы қарашада мемлекеттік қызметшілер қатарын 30 пайызға қысқарту жүргізілді. Бұл қысқартудың кейінгі нәтижесі қалай болды?
– Иә, ол Президентіміздің өткен жылғы қыркүйек айындағы Жарлығы бойынша жүзеге асқан болатын. «Мемлекеттік бюджет және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджет) есебінен ұсталып отырған органдардың штат санын ықшамдау шаралары туралы» деп аталатын құжат бойынша қараша айында Қостанай облысында 1127 лауазым қысқартылды. Оның ішінде 572 лауазым аймақтық бөлімшелерден, олардың 24-і зейнет жасында қызмет істеп отырған кісілер, 280-і мемлекеттік қызметкерлер, 260-ы бос орындар болатын. Қазір облыста аймақтық, аудандық, қалалық-ауылдық 761 мемлекеттік орган бар және оларда қызмет істейтін қызметшілер саяси және әкімшілік болып тарамдалады. Олардың санын түрлі жағынан келтіре беруге болады, бірақ әңгіме санда емес сапада. Біздің атқарып отырған жұмыстарымыздың басты темірқазығы – сапа. Штаттар қысқарған соң мемлекеттік қызметшілердің атқаратын жұмыс көлемі бұрынғыдан көбейді, соған сәйкес жауапкершілік те артты. Ал әр қызметкердің жұмыс сапасын көтеру үшін олардың біліктілікке қол жеткізуіне ықпал, көмек жасауымыз керек. Ол толық жүзеге асатын шаруа деп білемін. Өйткені бүгінде мемлекеттік қызмет саласындағы мамандардың жасы жасарған. Зейнет жасына шығып та лауазыммен қоштасқысы келмей отыра беретін әдеттің болмайтындығын өткен жылғы ықшамдау жұмысы көрсетті. Бұл салаға білімді, жігерлі, бастамашыл жастар легі келуі керек. Қазір облыстағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 38 жас.
– Жастар демекші, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасы және оның Қостанай облысындағы түлектері туралы не айтасыз?
– 1993 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен халықаралық «Болашақ» стипендиясы бағдарламасы құрылды. 1994 жылы шетелдегі жоғары оқу орындарына қазақстандық студенттердің бірінші тобы жіберілді. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары дүние жүзінің 27 еліндегі жоғары оқу орындарында оқиды. Мың жарымға жуық адам бағдарламаның түлектері атанды. 2005-2010 жылдарда стипендиаттардың саны 4911-ге дейін өсті. 15 жыл ішінде 5696 адам стипендия иегерлері болды. 2005 жылы құрылған «Халықаралық бағдарлама орталығы» (ХБО) акционерлік қоғамына әкімшілік бағдарлама тапсырылды. Қостанай облысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасын бітіріп, мемлекеттік қызметте жұмыс атқарып жатқан жастар жоқ. Дегенмен, Қостанай облысының мектеп түлегі аталған Әсел Мұсағұлова бағдарлама бойынша шетелдегі оқу орнын тәмамдап, қазір Астана қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде стратегиялық жоспарлау және ақпараттық-талдау жұмысы басқармасының бастығы болып қызмет атқаруда. Әрине, біз «болшақтық» жастарды күтеміз.
– Ал облыста мамандардың біліктілігін көтеру жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Мемлекеттік қызметтегі басымдықтың бірі – мамандардың біліктілігін үздіксіз көтеріп отыру болып табылады. Мемлекеттік органдардың кадр қызметі мамандарды қайта даярлайды және біліктілігін көтереді. Мұның мемлекеттік қызмет саласындағы мамандарға берері көп. Теориялық білімі, тәжірибесі молаяды. Мұның өзі мемлекеттік қызметшілер жұмысының сапасын көтеруге ықпалын тигізеді. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында облыста 157 қызметші біліктілігін көтерді.
Біліктілігін көтеру дегенде мемлекеттік тілді үйрену де еске оралады. Өйткені, тіл адамдарға қызмет көрсетуде, құжаттармен жұмыс істеуде шешуші рөл атқарады. Лауазым иесінің алдына жағдайын айтып немесе маңызды іс туралы түйткілді мәселе көтеріп келіп отырған адамға мемлекеттік тілді білмейтін басшы қандай уәж айтуы мүмкін? Олардың арасында толыққанды әңгіме болады деп ойлауға бола ма? Сондықтан қазақ тілінің шұрайын түсінген адам ғана мемлекеттік тілге құрметін жоғалтпайды және қызмет сапасын көтере түседі деп ойлаймын. Облыста 1600-ден астам қызметкер 150 топқа бірігіп, мемлекеттік тілді үйренеді. Мемлекет қызметінде жүргендерге қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілінің де артық болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Қостанай мемлекеттік университетінің базасындағы 25 топта 180-нен астам маман ағылшын тілін оқып үйренуді жалғастыруда. Мемлекеттік органдар әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды осылай қамтамасыз етіп отыр.
– Мемлекеттік қызметке мамандарды іріктеу мен олардың біліктілігін арттырудың және сол арқылы осы саладағы сапаны көтеру тұтқасының бірі – тестілеу бағдарламасы екені рас. Осы жауапты істе өзгерістер бар ма?
– Біздің облыста тестілеу өткен жылдың қыркүйек айынан бастап елімізде қолға алынған қанатқақты жоба аясында өткізілуде. Аталған жаңашылдық негізінде мемлекеттік қызметке қабылданатын азаматтар екі кезеңдік байқаудан өтеді. Қазіргі таңда мемлекеттің қызметтің жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған қанатқақты жоба Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін мыңнан астам мемлекеттік қызметшілер тест тапсырған. Олардың нәтижесі 49-дан 83 пайызға дейінгі көрсеткішті көрсетті. Бұл жақсы нәтиже дейді мамандар. Бұл психометриялық тест арқылы мемлекеттік қызметшілердің заңдарды білуімен қатар көшбасшылық қасиеті, іскерлігі, біліктілігі мен қиын жағдайға тап болғанда өзін өзі ұстай білу қабілеті танылады. Егер бұл жаңашылдық оң нәтиже берсе, жүйе бүкіл елімізде қолданысқа енетін болады. Барлығы 515 сұрақ. Оларға жауап беруге 2 сағат уақыт беріледі. «Мектептегі бағаларыңыз қандай болды?», «Оттан, қараңғылықтан, жыланнан қорқасыз ба?», «Көп ақша тауып алған жағдайда не істейсіз?». Мемлекеттік қызметшілер осы тәрізді сан түрлі сұрақтарға жауап беруі тиіс. Ендігі кезекте 92 мемлекеттік органның басшылары мен орынбасарлары сынақ тапсырады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы қаңтар айында мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуде заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңға, кейін 1 сәуірде Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексіне өзгерістер енгізу жобасына қол қойды және осыған орай тестілеу бағдарламасына да тиісті өзгерістер кірді.
– Сыбайлас жемқорлық індетімен күрес елімізде жүйелі сипат алып келеді. Мемлекеттік қызметшілерге мұның әсер-ықпалы қалай болып отыр?
– Сыбайлас жемқорлыққа барған қызметші ешқашанда елінің патриоты болмайды. Ол мұндай аяулы, таза сезімнен жұрдай адам. Сыбайлас жемқорлыққа барып, халық қазынасына қол сұққан жанды мемлекетке, сол арқылы халқына, туған жеріне, балаларының болашағына жаны ашиды десек қателесеміз. Өйткені олар мемлекеттік қызметті атқарып отыр, сондықтан оны адал атқару керек. Бәрі осыдан келіп шығады. Қоғамдағы осы індетке қарсы көптеген шаралар қолға алынуда. Соның ең бастысы Елбасымыз қол қойған заңдар дер едім.
Өткен жылдың желтоқсан айының аяғында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан республикасындағы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізген толықтырулар мен өзгертулерде сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары қатая түседі және еліміздің құқық қорғау органдарының жұмысын одан әрі жетілдіру қарастырылады. Бұл орайда айта кетерлік бір жай, сыбайластыққа жол беретін ережелерді бұзған мемлекеттік қызметті орындап отырған мемлекеттік қызметшілер болып шығатыны өкінішті. Сондықтан заңның айқындала, қатая түскені де ләзім деп ойламын.
Осы заңдағы өзгерістер, ең алдымен, ереже бұзушыларға қатаң талап қоюымен ерекшеленеді. Мысалы, бұрын басшылар сыбайлас жемқорлыққа жол берген қарамағындағылардың тәртіптік жауапкершілігін қарап, сөгіс, қатаң сөгіс берумен шектелетін. Ал мына өзгерістен кейін ереже бұзып, кәсіпкерлік қызметке кесірін тигізген қызметшілерді бұрынғыдай әлпештемейді, жұмысынан босату мәселесі көзделген. Мұның өзі мемлекеттік кызметшіге деген талаптың күшеюі.
– Жұртшылық бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отырғандай, Қостанайда орын алған соңғы оқиғалардан кейін мемлекеттік қызмет саласында жауапкершіліктің күшейгені өз алдына, Тәртіптік кеңесте жағдайды қалай деуге болады?
– Жыл басынан бергі бес айдың ішінде Тәртіптік кеңесте 38 іс қаралды. Оның нәтижесінде 35 мемлекетік қызметкер, түрлі деңгейдегі 6 әкім тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін отыз қызметкердің мәселесі қаралды, оның біреуі, яғни саяси қызметкер орынтағын босатты. Тәртіптік кеңестің міндеті заңнамаларды, Ар-намыс кодексін сақтамағандарды сілкілеу, оларды қызартудан бұрын, профилактикалық жұмыстар жүргізу, әсіресе, қоғамды жегідей жейтін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Қостанай облысындағы Тәртіптік кеңес те осы үдеден шығу үшін жұмыс істейді. Заңды бұзғандарға тәртіп босаңсымайды.
Біз әңгімеміздің басында патриотизм туралы сөз қозғаған едік. Жемқор адам ешқашан отанын да, елін де сүйе алмайды, ол пендешілікпен өз құлқынын ғана ойлайды. Жемқор мен елдің адал азаматы, нағыз патриот бір көшеге қоныстана алмайды. Біздің міндетіміз – халыққа қызмет етемін деген азаматтарды сыбайластық қатерінен сақтандыру, сондықтан бұл да мемлекетке адал қызмет ететін елдің патриоттарын қалыптастырудағы тәрбие жұмыстарына үлес болып қосылады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.