Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздегі етті мал шаруашылығын дамыту туралы мәселе қаралды.
Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуы бойынша, еліміздің мал шаруашылығы саласы бірте-бірте даму үстінде. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 маусымында өткен жылдың мерзімімен салыстырғанда, ет өндірісінің көлемі 1,4 пайызға, сүт өндіру 0,6 пайызға арта түскен. Мал басы оның әртүрлі түлік түрлері бойынша 0,6 пайыздан 9,3 пайызға дейін көбейген. Өкінішке қарай, осылардың ішінде мүйізді ірі қара мен шошқа санының ептеп төмендегені сезіледі. Мұның себебі, өткен қыстағы жемшөп жеткіліксіздігінен болса, екіншіден, мал санының нақтыландыруға да байланысты екендігі де сезіледі.
Министр өз сөзінде отандық мал шаруашылығын дамытудың, соның ішінде ет өндірісін арттырудың бірқатар проблемалары мен шешімін күткен мәселелеріне тоқталды. Соның ішінде мал тұқымын асылдандыруға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен мән берді. Алдағы уақытта селекциялық жұмыстарды жолға қою, малды асылдандыру үшін шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтар пайдалануындағы ет бағытындағы тұқым өндіруші бұқаларды ұстауға жұмсалатын шығындардың көлемін 50 пайызға дейін арттыруды ұсынды.
Министрдің айтуынша, ет экспортын дамыту бағытында елімізге асыл тұқымды малдарды әкелу жұмысы одан әрі жалғастырылатын болады. Үстіміздегі жылы 10 мың бас шетелдік селекциядағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын әкелу жоспарланса, келесі жылы осы көрсеткіш 12 мың басты құрамақ.
Ал 2010 жылы Қазақстанға 2,5 мың бас асыл тұқымды сиырлар әкелінсе, олардан қазіргі күні 2 мыңға жуық бұзау алынып отыр екен. Енді 320 аналық мал төлдейді деп күтілуде.
Ет экспортын дамыту бағытында үстіміздегі жылы Қазақстанда 18 мың бас ірі қара ұстауға негізделген бордақылау алаңдары ашылу керек. Бүгінгі күні «ҚазАгро» холдингі несие ресурстары есебінен 14 мың бас малды бір мезетте ұстауға болатын 4 бордақылау алаңын қаржыландыру мақұлданған. Олар Алматы және Ақмола облыстарында орналастырылатын болады.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Экономикалық даму және сауда, Әділет министрліктеріне бүгінгі талқыланған жағдайларды ескере отырып, бір аптаның ішінде еліміздегі ет экспортының әлеуетін дамыту туралы жобаны жүзеге асырудың кешенді жоспарын әзірлеп, Үкімет кеңсесіне өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жобаны жүзеге асыру барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыруды, ал облыс әкімдеріне жобаны жүзеге асыруға қатысты шараларды мүлтіксіз орындауды міндеттеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.