Жауынгер Шәкір Ақпанбетовтің жерленген жерін қызы арада 67 жыл өткенде тапқан еді
ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ
Күні кешегі күркіреп өткен алапат соғыста хабарсыз, із-түзсіз кеткен боздақтар қаншама десеңізші? Елде қалған жақын-туыстары оларды «Кебін емес, кебенек киіп кетіп еді», деген үмітпен сарыла, сарғая күтті. Олар арада қаншама жыл өтсе де үміт отын өшірмей әлі де күтуде. Хабарсыз кеткендердің дерегі әлі де шығып, аптап ыстықтағы бір желпінтіп өтетін самал жел іспетті қапалы, қам көңілдерді бір жадыратуда.
Астанада тұратын Кәсира Шәкірқызы да хабарсыз кеткен әке дерегін арада 70 жылға жуық уақыт өткенде тауып, көңілін демдеп, сонау Ресей жеріндегі бауырластар зиратына жерленген әке қабірінің басына зиярат етіп қайтқан жанның бірі. Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында Кәсира апайдың шаңырағында болып, бар әңгімені өз ауызынан естіген едік. Беттері сарғайған құжаттар мен ескілі-жаңалы фотосуреттерді алдымызға жайып салған ол бар оқиғаны толғана отырып баяндап берді.
– Өзім негізінен Солтүстік Қазақстан облысы өңірінің тумасымын. Әкем Шәкір Ақпанбетов соғыс өрті өршіп тұрған 1942 жылы күзге салым Октябрь ауданының Кеңес ауылынан әскерге шақырылды. Айы-күніне жетіп отырған анам Рақия соның алдында ғана бір ай бұрын әпербақан бригадирдің терезе түбіне келіп, айқайлаған дауысынан шошып, түсік тастап қайтыс болып кеткен-ді. Шешеміздің ғапыл қазасынан басымызға түскен қайғы бұлты сейілмей жатып, әкеміз қан майданға жол тартты. Осылайша ағаларым Қинаят пен Нұрмұхамбет үшеуміз 74 жастағы әжеміз Балкүмістің панасында қалдық. Ол кезде мен 10 жастамын, бірақ соғыс ойын балаларын ерте есейтті ғой, – дейді өткен күндер оқиғаларын ой елегінен өткізген Кәсира апай.
Иә, жанды да, тәнді де қытымыр қаңтардың аязындай қарыған сол бір тауқыметке толы кезең қалайша есінен шықсын? Көздері жаутаңдаған үш балаға қамқор болып жүрген Балкүміс әжей қыршын кеткен келіні мен әскердегі баласын ойлап, тірі жетімектерге көрсетпей көз жасын сығып алады анда-санда.
– Әкемнен соңғы хат 1942 жылдың қараша айында келді. «Жеңіл жараланып, қайтадан сапқа тұрдым, таяу күнде ұрысқа енгелі жатырмыз» деп жазыпты сол хатында. Кейін хабар-ошар сап тыйылды. Сонан не керек, арада көп уақыт өтпей, 1943 жылдың басында қара қағаз келді. Оның өзін жоғалтып алдық қой кейін, – деп әңгімесін жалғастырды Кәсира апай.
Уақыт қандай да болсын жараны емдеп жазады ғой. Жыл өткен сайын қайғы жүгі де бірте-бірте жеңілдеді. Бірақ, өзі шіркін-ай, әкемнің жерленген жерін тапсам ғой деп ойлаушы еді. Әйтеуір бейітінің басына барып дұға қылып қайтса да дәтке қуат емес пе. Соғыс аяқталған соң хабар салып, іздестіремін деп жүрген ағасы Қинаят жол апатынан қайтыс болып, қайғы үстіне қайғы жамалды. Өзі болса тұрмыс құрып Ақмолаға кетті. Күнделікті күйбең тіршіліктің иіріміне бойлап, бала-шағаның қамы деп тағдыр жазуына мойынсұнғандай еді. Бар қолдан келері жыл сайын 9 мамырда әкесінің аруағын еске алып, дұға бағыштайды. Алайда, сығырайып жанған майшамның өлеусіреген сәулесіндей болған кеудедегі үміт оты ақыры маздап жанды.
АҚЖОЛТАЙ ХАБАР
– Мама, мен атамның жерленген жерін таптым, – деп немересі Әділбек телефоннан қоңырау шалғанда Кәсира апай әуелгіде не болғанын түсінбей қалған-ды (Немересі әжесін әлі күнге дейін осылай атайды).
– Құлыным-ау, не дейсің... Қайдан дейсің.., шын ба? – дей берді абдырап. Сөйтсе, үнемі компьютер алдында отыратын Әділбек ғаламтор арқылы атасы Шәкір Ақпанбетовтің жерленген жерін тауыпты. Сол қуанышын әжесіне жеткізгелі асыға хабарласып тұрған беті екен. Бұл 2009 жылдың маусым айы болатын. Алғашында сенбегені рас. Бірақ немересі атасына қатысты барлық деректерді тақылдатып, нақпа-нақ айтып бергенде сенбеске шарасы қалмады. Үйде жалғыз отыр еді. «Шынымен табылдың ба, әкетайым-ай», – деп ебіл-дебілі шығып, нешеме жылдар бойы кеудеде запырандай жиналған шерін тарқатып, еңіреп тұрып жылады.
Қаншама жылдар бойғы арманы аяқ астынан орындалған соң Кәсира апай жедел жол қамына кірісті. Ендігі мақсат-тілегі біреу ғана. Ол – әке рухына тағзым етіп, бейітіне зиярат етіп қайту.
Құлағымыз әңгімеде болғанмен, көзіміз қолымыздағы құжат жазбаларында. Онда былай деп жазылған: «РСФСР, Воронеж облысы, Краснолесный поселкесі, Графская стансасы, №35 бауырластар зираты. Бұл жерде 79-шы темір жол батальонының 5-ші темір жол бригадасының жауынгерлері жерленген. Олар 1943 жылдың шілде айында қаза болған» деген сөздер жазылған. Зиратта жерленген жуынгерлер тізімінде қызыләскер Шәкір Ақпанбетов 7-ші болып тұр (Мұнда Ақтанбеков деп қате жазылған). Одан кейін қатардағы жауынгер Жұма Авизов, сержант Иван Абрасов, лейтенант Дмитрий Аверьянов... Тізім осылайша жалғасып кете береді. Барлығы 209 жауынгер. Туған жерлерінен топырақ бұйырмай, жат жердің бүйірін томпайтқан қайран боздақтар!..
ӘКЕ ҚАБІРІНІҢ БАСЫНДА
Тағы да Кәсира апайдың әңгімесіне құлақ түрсек:
– Сөйтіп, 2010 жылдың жазында Ресейдің Воронеж жеріне табанымыз тиді. Ол жаққа бармас бұрын әскери комиссариат, Ресей елшілігі арқылы деректерді тағы бір анықтап алдық та жолға шықтық. Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп деген емес пе, жалғыз өзіме жол жүру қайдан келсін, жаныма немере сіңлім Әлима мен кіші ұлым Жанболат ерді.
Графская стансасы Воронежден небары 25-30 шақырымдай жерде екен. Сол арадан бізді Краснолесный поселкелік кеңесінің қызметкері Марина Воронина есімді жылы жүзді әйел күтіп алып, зират басына ертіп апарды. Енді сол кездегі жүрек толқынысымды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Бейне бір алдымнан әкем шығып: «Құлыншағым-ау, келдің бе, сағындырдың ғой әбден», – деп маңдайымнан иіскеп, құшағына басатындай біртүрлі алакүлік күй кештім. Көңілім ұйқы-тұйқы, көзімде жас...
Кәсира апай көзіне жас тығылып, сол бір жүрек тебірентер сәтті жаңа ғана басынан өткеріп отырғандай бірауық үнсіз отырып қалды.
...Әке қабірінің басында қартаң ана көп жылады. «Жан әкем, менің келгенімді саған Алла тағалам сездірсін, перзентіңнің сағыныштан сартап болған топырағыңа тамған көз жасын балаңның өзіңді аймалауы деп білерсің. Жаным әкем, осыншама кешіккеніме ренжімессің. Осы күнді қаншама жыл бойы сарыла күткенімді сезсең етті», деп егілді ол. Әбден шерін тарқатып, мауқын басқан соң арнайы алып келген туған жердің топырағын әке қабіріне салып, сол араның бір уыс топырағын орамалға түйіп алып, бар білген аят сүресін оқып орнынан тұрды.
– Графская стансасында болғанымызда Марина Николаевна бізге мына бір жайды әңгімелеп еді. Бауырластар зиратына жерленген жауынгерлердің есімдерін анықтап, жария етуде әскерден жараланып қайтқан, мектепте тарих пәнінен сабақ берген бір азамат көп еңбек сіңірген екен. Ол қаза тапқан жауынгерлердің госпитальде жиналып, ескерусіз қалған құжаттары мен жеке кәртішкелерін реттеп, осы бауырластар зиратында жатқан боздақтардың тізімдерін ретке келтіріпті. Ол адаммен де кездесуге тағдыр жазбапты. Осыдан 2 жыл бұрын қайтыс болып кетіпті. Өкінішке қарай, ол кісінің аты-жөнін де сұрап алмаппын, – дейді Кәсира апай бір өкініштің шетін шығарып.
Дегенмен, көңілге демеу болатыны – кеш те болса әке қабірінің табылғандығы. Ендігі жерде артында қалған ұрпақтары жауынгер Шәкір Ақпанбетовтің жырақта жатқан бейітінің басына барып зиярат етіп қайтып тұрады бұдан былай. Кәсира Шәкірқызы осыған тәубе дейді.
Талғат ТӘШКЕЕВ, журналист.
Астана.
------------------------------------
Суреттерде: Кәсира апай ұлы Жанболатпен бірге әке қабірінің басында; Шәкір Ақпанбетовтің әскерге алынар алдындағы кезі.