24 Маусым, 2011

Патриотизм – қоғамдағы тұрақтылық пен өсіп-өркендеу кепілі

691 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алу әрбір қазақстандықтың патриот­тық парызы деп есептейді. Президенттің тәуелсіздік пен патриоттық сезімді қатар қою­ын­да терең астар, үлкен мән бар. Өйткені, патриотизм дегеніміз – Отанға, туған жерге сүйіспе­н­ші­лікті, оған адалдықты, өз іс-әре­кет­терімен оның мүдделеріне қыз­мет етуге ұмтылысты, өзі тұр­ған мекенге, қоршаған ортаға құлай берілгендікті білдіретін киелі сөз. Жаһандану мен ұлттық бірегейлену тікелей ұшырасқан, әр­түрлі мәдени үрдістер мен саяси пиғылдар бір-бірімен теке-тірескен қазіргі уақытта патриоттық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру мем­лекетті нығайтудың негізі, күретамыры болып табылады. Отанға деген сүйіспеншілікті қоғамдық қатынастарды демо­кра­тияландыру мен ізгілендіру, адамды, оның өмірін, игілігін, ар-намысын, қадір-қасиетін құр­меттеу негізінде қалыптастыра отырып, еліміздің ертеңін тұрақ­тандыратын өзекті капитал – жас­тарымызды рухани мәдени дәс­түрлер мен жаңашылдықтың өзара ұдайы ұшырасу алаңында тәрбиелеуіміз аса маңызды стра­тегиялық бағыт. «Ақтабан шұбырынды, Алқа­көл сұлама», ашаршылық, тоқы­рау, тоталитаризм, Желтоқсан ыз­ғары, Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы объективті қиын­дықтар сияқты небір қитұрқы жағдайларды көріп, «мың өліп, мың тірілген», бірақ еш уақытта мойымаған, рухы жоғары, төзім­ді, сабырлы, дана қазақ халқы­ның тарихын білу – патриоттық сананы жетілдірудің қайнар көзі. Сондықтан да болар, соңғы 20 жылдағы іздену, ұдайы өсу, ұйымдастыру, әлемдік саяси, мә­де­ни, өркениеттік кеңістік пен уақытта алдыңғылармен қатар тұ­руға ұмтылыс жылдарында тарихи сана, ес әрбір жаңа, тың қадамның бөлінбес бөлшегі, рухани өзегі болды. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев­тың сарабдал, білікті саясатының ең ұтымды жағы. Болашаққа, ал­ға, ертеңге жетелеген әрбір жыл­дың өзіндік тарихи жүгі, соны­мен қатар, тың жаңалығы болды. Тарихқа үңілу мен тың шешім­дердің осындай өзара ұшы­ра­су­ында қазақстандықтардың ерек­­ше сипаттағы, өзіндік патриотизмі пісіп жетілді. Өткеннің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы өркениеттің мейлінше озық ба­ғыттарын игере отырып, қазақ­стандықтар өз елін кірпияз, кәрі құрлық Еуропа төріне шығар­ды, Азиада туын желбіретті. Енді, міне, соңғы кездері экстре­мизм, терроризм сияқты саяси ойын­дардың жазықсыз құрба­ны­на ай­налып үлгерген исламның рухани құндылықтары мен ұста­ным­дарының ізгілікті сипатын ашуға кірісіп те кетті. Республикамыздың осындай тарихи тамыры терең және ұла­ғаты мол рухани-мәдени, саяси өмірінен Оңтүстік өңірінің рухани, мәдени, ғылыми орталығы бо­лып табылатын М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де тысқары қалған жоқ. Тоғыз жолдың торабында, ба­тыс пен шығыстың мәдени үр­діс­тері тікелей ұшырасқан, Әл-Фа­раби мен Майлықожаның, А.Сү­лейменов пен Т.Әлімқұловтың ота­ны, киелі де қасиетті Түркіс­тан, Арыстанбаб орналасқан Оң­түс­тік өңірінде патриоттық сана­ның те­рең тамыры мен ұлағаты бар. Тәуелсіздік жылдары – уни­вер­ситеттің де өсіп-өну, нығаю, гүлденуі жылдары болды. Қазіргі уақытта білім беру са­ласын ұлттық дамудың негізгі стратегиясы деп қарастырған мем­лекеттік саясатты жүзеге асыру барысында жаңалыққа жаны құ­мар, ұдайы ізденісте жүретін ға­лым, ұйымдастырушы, У.Бишім­баевтың басшылығымен М.Әуе­зов атындағы ОҚМУ оқу мен рухани дамуды табысты ұштас­ты­рудың арқасында қазақстандық патриотизмді тереңдетуде біршама ірі табыстарға жетті. Ақпараттық технологиялар мен виртуалды әлем, «кибер­ке­ңіс­тік» заманында өзінің рухани және әлеуметтік қуатын жан-жақ­ты іске асыруға қабілетті, әм­бебап, іскер, әр нәрседен хабары бар, күтпеген жағдайда тез шешім қабылдауға дайын, өзі ай­на­лысатын кәсіптің болашағын бол­жай алатын көкірегі ояу, көзі ашық тұлғалар ғана нағыз па­триот бола алады. Патриотизм рухында тәрбие­леу – университеттегі барлық іс-әрекеттің күретамыры. Бұл күндері білімі нашар адамдарға өмір сүру өте қиын. Өй­ткені, олар дүрбелең заман­ның көлеңкелі жақтарынан мүл­дем шет қалып, экстремистер мен әртүрлі пиғылдағы ниеті бұ­зыл­ған адамдардың ықпалына түсіп кетуі әбден мүмкін. Ал білімді жан-жақты өсіру – қазіргі қоғам­ның тұрақтылығы мен дамуының негізгі кепілі. Осыны түсіндіру – патриоттық тәрбиенің мәні. Синергетикалық негіздер мен коэволюция принципінен туын­да­ған методологиялық плюра­лизмнің уақыты мен кеңістігінде адамға рухани тірек және адамгершілік бағдар болатын бірден-бір күш – білім. Білім адамды дамытып, дү­ние­танымдық, этикалық өрісін ке­ңейтіп, оның жүрдек уақыттың бар­лық қиыншылығы мен күт­пе­ген қасиеттеріне әр уақытта са­быр­лылық пен салқындылық тұр­ғысынан қарайтын тұлға дә­ре­жесіне көтерілуіне негіз болады. Кредиттік білім беру жүйесін одан әрі тереңдетуге бет бұра отырып, университет, ең алды­мен, шынайы патриотизмді өсіру, жаңғырту – Қазақстандa жаңғыр­тудың негізгі жолы деп біледі. Шетелден ғалым-мамандар кел­­ген уақытта оларды әр уақытта ұлт-аспаптар оркестрінің ай­шық­ты орындауындағы ұлттық күй әуезімен қарсы алу, сонан соң оларға күнделікті жұмыстары аяқ­талғанда ұлттық сипаттағы концерттерді көрсету – патриотизмді насихаттайтын қуатты қа­дам. Ән мен күй – ұлттың жаны мен тәні. Оқу ғимараттары мен жатақ­ханалардың барлығында мемлекеттік рәміздер бұрышы жабдық­талған. Мемлекеттік рәміздер – елдіктің, ұлттық болмыстың өл­шемі, арман-мүддесінің көрінісі. Еліміздің Туында, Елтаңбасында, Әнұранында халқымыздың тұ­нып тұрған тарихы бар. Мемлекеттік рәміздерді кеңі­нен насихаттау мақсатымен тә­лім­герлік сағаттар, пікірсайыстар мен дөңгелек үстелдер өткізіп тұру игі дәстүрге айналған. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, «Қа­­зақстан-2030» стратегиялық бағ­дар­­ламасы мен Елбасының жыл­­дағы жолдауларына байла­нысты іс-ша­раларға студенттеріміз жаппай қа­тысып, онан өшпес өнеге алуда. Қазіргі уақытта дін, тіл мә­селелерін, сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күресті, Батыс пен Шы­ғыс елдерінен толассыз ағылған ақпа­раттардың барлығын Отан­ның, Ата­мекеннің болашағы тұр­ғы­сы­нан сараптау – патриотизмді ны­ғай­­тудың маңызды жақтары­ның бірі. Осы орайда, кең кө­лемдегі ақпараттық-танымдық жұ­мыстар, әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар, психоло­гия­лық қолдау жұмы­сы әр уақытта өз нәтижесін беруде. Жастардың қоғамдық сана­сын көтеру, азаматтық позиция­сын қалыптастыру мақсатында студенттік өзін-өзі басқару құ­ры­лымы жұмыс істейді. Оның қа­та­рында жастар ісі жөніндегі комитет, студенттік деканаттар бар. Оқу процесінің барлық сала­сында – тікелей сабақ беру, ғы­лымға, өнерге, қоғамдық белсенділікке баулу арқылы патриоттық сананы қалыптастыруға болады. Ал оның саяси-мәдени мәні мен мағынасы қоғамдық ғылым­дар­ды оқыту барысында толықты­ры­лады, нақтыланады. Университетте Абайтану ор­та­лығының ашылуы және Абайтану курсының сабақ кестесіне енуі – патриоттық сананы қа­лыптастырудағы маңызды қадам. Ғасырлар тоғысында өмір сүр­ген Абай өз дәуіріндегі қо­ғам­ды қатты сынға алды, сол ар­қы­лы қазақтың рухын қайрауға, жақ­сылыққа, білімділікке, іскерлікке, жинақылыққа үндеді, бой­күйездіктен арылтуға күш салды. Ұлы Абай айтқан, нақтылаған ұсыныстар мен пікірлер ХХІ ға­сыр­дың басындағы Қазақстан үшін де өте өзекті. Ұлы Абайдан бірде-бір кем түспейтін таланттар қазақ халқы­ның тарихында көптеп саналады. Біз алға ұмтылған сайын та­ри­хымызға көз жүгіртіп, оның ұла­ғатын ескеріп отыруымыз керек. Тарихи дәстүр мен жаңа­шыл­дықты бойына сіңірген қазақ­стан­дық патриотизм – қоғамды біріктіруші, тұтастырушы, тұрақ­тан­дырушы күш. Ал Оңтүстік өңірінде бұл мис­сияны Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті абы­рой­мен орындап келеді. Нәзигүл МҰСАЕВА, философия ғылымдарының докторы, профессор. Шымкент.