24 Маусым, 2011

Тараздың атын жаманатты еткен қылмыстың төркіні неде?

1010 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Рэкет, ұйымдасқан қарақшылық топ, жасөспірімдер қылмысы  неге өңір «ерекшелігіне» айналып отыр? Бағбан Тайымбетұлы ТАЙЫМБЕТОВТІҢ Жам­был облысының прокуроры болып қыз­метке кіріскеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, облыстық әкімдік, облыстық ішкі істер департаменті, «Нұр Отан» ХДП және облыстық білім басқармасы сияқты тағы басқа да құзырлы мекеме бас­шы­ла­ры­мен бірлесіп қоғам ты­ныш­ты­ғын сақтау жолында атқарған жұмысы аз емес. Қабылдауына келген боп, «аз отырып, көп сынайтын» жұртқа да талапшылдығымен ұнап, құр­мет­ке бөленуде. Дей тұрғанмен, біз облыс про­курорымен өңір жастарының «өнеріне» ай­на­лып бара жатқан жүгенсіздік төңірегінде ашық әңгі­мелескенді жөн көргенбіз. – Бұдан біраз бұрын облыстық ІІД-ні басқарған бір ағамыз Тараз қа­ласының «қазан бұзар, үй тентек­те­рі­нің» бұзақылығын анау-мынау емес, алыстағы Чикагоның қылмыс­тық әлеміне теңеп тастап еді, сіздің көзқарасыңыз қалай? «Ит мініп, ирек қамшылаған» жастарды Ита­лия­ның қандыбалақ қарақшыла­ры­на ұқсатып жүрген жоқсыз ба? – Ондай жаман ойдан аулақпын. Бірақ бұрын Жамбыл облысындағы, оның орталығы Тараз қаласындағы ұй­ымдасқан қылмыстық топтар тура­лы, олардың қарақшылық шабуылдары ту­ра­лы көп еститін едім. Енді, міне, осы өңірге қызметке келгеннен кейін жағ­дайдың шын мәнінде күрделі екеніне көзім жете түсті. Басқасын былай қой­ғанда, жасөспірімдерге арналған ерекше режімді мектепте болған жаппай тәртіпсіздікті реттеуге қатысып та үл­гер­дім. Бұл оқиға облыс жасөс­пі­рім­дері арасындағы жағдайдың әбден шиеленіскенін толығымен растайды. Өңірде жасөспірімдер қылмысы өте алаңдатарлық жағдайға жеткен. Мы­салы, өткен жылы жасөспірімдер ара­сын­дағы қылмыс саны 190-ға жетіп, 6,7% құраған. Оның негізгілері немесе 116 қылмыстық факті тек қана Тараз қаласында орын алған. Олардың бәрі күш қолдану арқы­лы қасақана жасал­ған. Ішінде ауыр немесе аса ауыр қыл­мыстар да бар. – Мұның басты себептері неде деп ойлайсыз? – Халқымыз «Жыланды үш рет кессең де кесіртке құрлы әлі бар» деген. Кезінде елді дүрліктірген «Амангелді», «Кировтықтар» немесе «Қы­рық­баевтар» сияқты ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтардың салқыны облыс, қа­л­а жасөспірімдері мен жастарының са­насына әбден ұялап қалған. Тоқса­нын­шы жылдары «туған» сол қылмыстық топтардың бүгінде сарқыншақтары да жоқ емес. Солардың атын жамылып жүрген әпербақандар да бар. – Халық арасында оларды «рэ­кет» дейді ғой. – Иә, әдетте, қылмыстық әрекетке бейім, тұрақты жұмысы жоқ бұзақы жастар көлденең табыспен өмір сүргісі келеді. Ал көлденең табыс ұрлық-қар­лық, бопсалау, тонау, қарақшылық ша­бу­ыл жасау арқылы жиналады. «Рэкет» дегеніміз сол. «Рэкет» арқылы жинал­ған ақша «общак» атты қылмыстық ортақ «қоржынға» түсіп, одан әрі қарай әлгі­лер­дің күнделікті қажеттіліктеріне, сон­дай-ақ, түрмедегі қылмыстық контингентке «көмекке» жұмсалады. Қазір кез келген қалталы кәсіпкерлердің қа­рулы күзеттері бар, сондықтан «сен тұр, мен атайын» дейтін ірі кәсіпкерлерді тоқса­нын­шы жылдардағыдай қорқы­тып-үр­кіту мүмкін емес. Сондықтан атышулы қылмыстық топтар тышқан аулаған бүр­кіттей мектептер мен оқу орындарын­дағы оқушылар мен сту­дент­тердің қал­тасына қол сала бас­тады. «Өзі қашайын деп тұрған киік еді, санына шыбық тиіп еді» дегендей, қылмыстық әлемнің аты-шулы «серкелеріне» еліктеп жүрген ұр­да­жық оқу­шылар мен студенттер де жоқ емес. Олар қарақшыларға нағыз сенімді серіктестерге айналуда. Бірақ оларды тісқаққан қылмыскерлер қатаң бақы­лауда ұстап отырады. – Осыған байланысты нақты деректер бар ма? – Мысалы, облыс бойынша қыл­мыс­тық жүйенің тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған мұндай 80 «серкенің» бар екені анықталып отыр. Бұл туралы арнайы мәлімет бар. Өткен жылы Гродиково ауылының 20 оқушысы топ-топ болып төбелесіп, 3 оқушы пышақ жарақатын алды. Мұның артынша №53 орта мектептің 11 сынып оқушысы №44 мектептің 10 сынып оқу­шысы А. Жұмаділданы өл­тірді. Қараша айында кәмелетке жасы толмаған И. Дүйсебаев қарулы шабуыл ұйымдас­тыр­ғаны үшін сотталды. Бы­лай­ша қара­ған­да бұлардың барлы­ғы­ның бір-біріне қа­тысы жоқ сияқты кө­рінеді, көпшілікке солай деп ақпарат таратылуы да мүмкін, бірақ мұның бәрі қылмыстық жүйенің жұмысы екені даусыз. – Осы орайда, тапа-тал түсте пышақ жарақатына немесе кісі өлі­міне әкеліп соқтырған қып-қызыл тө­белес қала мен ауылдың қақ орта­сын­да қалай орын алды деген таң­ғаларлық сауал туындайды. – Жасөспірімдер қылмысының ал­дын алуға қарсы ешқандай жұмыс істелмей отыр деуге болмайды. Тіпті көп­теген жұмыстар атқарылған. Ат­қа­рып та отыр. Бірақ соған қарамастан облыс жастары мен жасөспірімдері арасындағы қылмыс өте күрделі. Жағымды жаққа қарай өзгерсе де өте аз мөлшерде өзгеруде. Мысалы, өткен жылы аймақтағы жалпы қылмыстың деңгейі 2,9% өссе, жастар арасындағы қылмыс 6,7% болды. Нашақорлардың жасы да жылдан-жылға «жасарып» келеді. Бүгінде бұл «әлеуметтің» үштен екісі 30 жасқа дейінгі нашақорлардан тұрады. Сондықтан Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы қарақшылық ша­бу­ыл, бопсалау, кісі өлтіру, нашақорлық және басқа да қылмыстардан тұратын жағымсыз оқиғалар жастар тәрбиесіне бұрынғыдан да ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетуде. Ал Тараз қаласын­дағы №5 мектептің 10-сынып оқушысы Жолдығұловты қылмыс әлемінің кәнігі қарақшыларының сценарийі бойынша бопсалау, ерекше тәртіпте ұсталатын мектептегі жаппай тәртіпсіздік, Шу қа­ласындағы төбе шашыңды тік тұрғы­затын кісі өліміне кәмелетке толмаған Саркисянның қатысты болуы – об­лыстағы жасөспірімдер қылмысының өз шыңына жеткенін көрсетеді. – Ой мен қырдағы қан­даста­ры­мызды «ойпырайлатқан» осы қа­ты­гездіктерге қарсы бүгінде қандай іс-шаралар жасалып жатыр? – Облыс прокуратурасының баста­ма­сы бойынша ведомствоаралық 15 ар­найы шағын топ пен 25 қоғамдық ұй­ым­дардың 300 өкілі Тараз қаласының әр мектебінде жасөспірімдер қылмы­сы­ның алдын алуға, саламатты өмір сал­тына арналған үгіт-насихат жұмыста­рын жүр­гізуге бекітілді. Мұндай жұ­мыстар ау­дан­дық, ауылдық жерлерде де ұйымдас­тырылуда. Әрбір «қиын» бала мен бас-басына би болған «серкелерді» тәрбие­леп, жұмысқа орналас­ты­ру мемлекеттік мекеме басшыларына жүктелді. «Қиын» балалардың көбісі жұ­мыссыз немесе жалғызілікті ата-ана­лардың отбасынан шыққандықтан олар­ды жұмысқа орна­ластыруға «Об­лыс іскер әйелдері ассо­циациясы» қо­ғамдық бірлестігі іске тар­тылды. Бү­гінде осындай 10 ата-анаға жұмыс ұсы­нылып, қиын жасөспі­рім­дердің 3 анасы – Н. Кабанова, Е. Афанасьева және З. Қалиева жұмыс істеп жүр. Оқушы­ларды бопсалап, қорқыту мен ақша жинау фактісіне байланысты мектептерге жәшік қойылып, оның кілті прокурорға беріледі. Нәтиже жаман емес, бұл жұмысқа деген сенім артып, хат-хабар түсіп, ол бойынша тиісті іс-шаралар қолданылуда. Бекітілген кесте бойынша қаланың әрбір шағын бөлігіне өздерінің әкім­дері бар, прокуратура мен «Нұр Отан» пар­тиясының өкілдері бар жасөспі­рім­дер­дің ата-аналарымен кездесіп, тү­сінік жұ­мыстары жүргізілуде. Сонымен бірге 44 ата-анаға және лауазымды азамат­тар­ға балаларының тәрбиесінен бас тарт­қан жағдайда әкімшілік жазаға тарты­ла­тын­дары ескертілді. Сондай-ақ, 63 ата-анаға айып салынып, шектен шық­қан кей­бі­реу­лері ата-ана құқынан айырылды. – Мұның бәрі ұйымдасқан қыл­мыстық топтардың жастарға деген жаман ықпалын жойып немесе азай­тып және оларды жиренішті істерге тартпауға негізделгені белгілі, әрине. Дегенмен, ҰҚТ бүгінде мектептерден ақша жинаудан қашқақтап, өздерінің бұл іске қатысы жоқ екенін жар­намалауға тырысып бағуда. «Суда балық жоқ» деген сияқты, бір бас­шылардан «Таразда «рэкет жоқ» дегенді де естіп қалғанбыз. – Қылмыс орын алған жерде, әлбетте, қылмыскер де болады. Бірақ бұрынғыдай емес, барар жер, шығар тауы қалмай, өрістері тарылып келеді. Мысалы, Тараз қаласындағы екі мектептен үнемі ақша жинап келген ҰҚТ екі «серкесі» өздерінің қылмыстық әре­кеттерінің ғұмыры қысқарып келе жат­қанын сезіп, оңтүстік астанаға қарай жы­лыстағаны туралы ақпарат бар. Бі­рақ, олар құқық қорғау органдары жедел топтарының құрығынан бәрібір құ­ты­лып кете алмайды, бақылау жалғасуда. Сонымен бірге, мынандай жағдайға да тоқтала кетсем деймін. Біз балалар мен жасөспірімдердің сана-сезіміне тәр­биелік мәні зор үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізу тұрғысынан өте көп ұтылып отырмыз. Себебі, теледидарлар мен кинотеатрлар арқылы көрсетіліп жатқан «Вор в законе», «Бригада», «Рэ­кетир» сияқты көптеген өнер туын­ды­ларының режиссерлері өз қаһарман­да­рын қарақшы, бірақ кедей-кепшіктерге қамқор Робин Гудтың деңгейіне кө­теріп жібереді де, баукеспелік сияқты басбұзарлықты дәріптеп көрсетеді. Бұл өз кезегінде ұшқары ойлайтын ұшқалақ жастардың санасын улайды. Байды, ба­ғыланды немесе олардың баласын ұр­ып-соқсам айып емес деген ойға ден қояды. Сөйтіп қылмыс әлемінің қаһар­мандарының қан-қасап өмірін романтика деп ұғады. Өздері де соларға ұқсап «ерлік» жасағысы келіп тұрады. Сөйтіп жүргенде тісқаққан «рэкетирлердің» құ­­­рығына түсіп, бармағын тістеп қалады. – Бұдан шығаратын қорытынды, үлкенді-кішілі кәсіпкерлерді кеңес өкі­меті кезіндегідей «бай-құлақ» деп жек көру ақылға сыймайды дейсіз ғой. – Иә, біздің қоғамымызда байдың да, кедейдің де Конституциялық құ­қық­тары бірдей. Оларды бөле жарып жақ­сы көруге немесе жек көруге болмай­ды. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» демей ме, қазақта. Қайта қазір бай болғаныңа емес, кедей бол­ғаныңа ұялып, күні-түні адал еңбек ететін заман. Әлбетте, ұрлық-қарлық­сыз... Мысалы, облысымызда өткен жы­лы 65 ұрлық, 36 тонау, 12 қарақ­шы­лық шабуыл жасалған. Бұл ешқандай адамгершілікке жатпайды. Айтпақшы, бай, бағыландар демекші, оларға да айтар уәж бар. Өйткені, жасөспірімдер тәрбиесіне кәсіпкерлер де үлес қосуы керек. Алайда, олардың кейбірі пайда табу үшін ел заңдарын қасақана бұзады. Мысалға, жақында «Жансая» шағын ауданына орналасқан «Ынтымақ» дәмханасынан түнгі беймезгіл уақытта 1995 жылы туылған А. Дер­новой атты жасөспірім ұсталды және 21 жасқа толмаған азаматқа арақ сату оқиғасы анықталып, дәмхана иесі Ш. Назароваға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 112-1, 163-4 баптарымен әкімшілік ісі қоз­ғалып, сотқа жолданды. Мұндай әкім­­шілік шаралар Королева көшес­ін­дегі 15-үй мен «Самал» шағын ауда­нын­дағы № 12 үйде орналасқан сау­ық­тыру орындарының иелеріне де қолда­нылып, сотқа жіберілді. Жыл басынан бері арнайы әкімшілік сотымен бар­лы­ғы 9 әкімшілік іс қаралып, олардың кә­сіп­керлік қызметтері уақытша тоқтатылды. Сондықтан біз мобильдік топтармен «Прокуратура туралы» ҚР За­ңы­ның 25-1-бабына сай түнгі сауықтыру ор­ын­дары, дүкен, дүңгіршек иелеріне 36 ал­дын-ала ескерту беріп, оларға жа­сөспірімдерге қатысты заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілікке тар­тылатыны туралы түсіндірдік. Сондай-ақ, облыстық салық департаментіне оқу орындары төңірегінде 100 метрден жа­қын орналасқан сауда орындарына және заң талаптарын қайталай бұзған­дарға, спирттік ішімдіктерді сатуға рұқсат қағазын бермеу туралы ұсыныс енгіздік. – Жақында Тараз қаласындағы №8 мектеп пен №44 мектептің бір топ оқушылары арасында төбелес болып, № 8 мектептің оқушысы мой­нынан алған әлде шиша, әлде пы­шақ жа­ра­қатынан жедел жәрдем аурухана­сын­да көз жұмды. Өзі бір үйдің әлпеш­теген жалғыз баласы екен. Куәлердің айтуларына қара­ған­да, әлгі қыр­шы­нынан қиылған боздақ №53 мектептен келген «ақша жинаушыларға» қар­сылық көрсетіп, беттерін қайта­рып жіберген көрінеді. Бірақ олар екін­ші жолы «шаш ал десе, бас алатын» нағыз басбұ­зар­лар­ды ертіп келіп, жа­зықсыз баланың қанын судай шаш­қан. Осы оқыс оқи­ғаға байланысты облыс әкімі Қа­нат Бозымбаев ІІД мекемесінде шұ­ғыл жиын өткізіп, орын алған ауыр қылмысқа байланысты аталған мектеп директорларын қыз­меттерінен босатты. ІІД басшылары мен жауап­ты қызметкерлеріне де сын соққысы оңай тиген жоқ. Соған қарағанда мектеп инспекторларының кадрлық құрамын қайта қарауы керек си­яқты ма, қалай өзі? – Адам шығыны орын алып, ауыз күйген мектепке кім болса соны жібере салуға болмайды. Мысалы, қылмысқа бейім қиын жасөспірімдердің жасы 16-17 құрап отырған жағдайда, оған 20 жастағы нұсқаушыны жалғыз жіберу ақылға сыймайды. Біле білсек, мұндай нұсқаушылардың әуелі өзіне ақыл-кеңес, тәрбие керек. Мына бір сорақы мысалды алып қараңыз, №40 мектепке бекітілген жиырма жастағы М. Мұ­ха­мед­жанов, Ю. Пучахов деген нұсқау­шы­лар бір оқушы­ның туысқанынан ақ­ша бопсалаған. Қазір оларға қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, қызметтен босату жөнінде ұсыныс қаралып жатыр. Өткен жылы прокуратура, ішкі істер органдары, әкімдік және білім қыз­меткерлерінен жасөспірімдер арасын­дағы қылмыс пен құқық бұзушы­лық­тың алдын-алу үшін 15 мобильдік топ құрылып, олар Тараз қаласындағы 52 мектепке бекітілген болатын. Бұл мектептерде 53 мыңнан аса бала оқиды. Осы мобильдік топтармен үстіміз­дегі жылдың алғашқы айында өткен еліміздің құқық қорғау және мемлекеттік органдарының ведомствоаралық жи­на­лы­сының шешіміне және облысы­мыз­дағы жасөспірімдер арасындағы қыл­мысқа қарсы күрес туралы бағдар­ламаға сай бірқатар жұмыстар атқа­рылды. Атап айт­сақ, мобильдік топтармен №№ 41, 42, 43 және басқа да орта мектептерде жас­өспірімдермен жаса­лын­ған қылмыстар ашылып, олар бой­ынша мамыр айында тергеу аяқталып, істері сотқа жолданды. Оқу жылының аяқталуына орай, облыс прокурорының өкімімен 15 мобильдік топ Тараз қаласындағы барлық шағын аудандар мен «Сахпоселок», «Казпоселок», «Химпоселок» учаскелеріне бекітілді. Бұл топтардың негізі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы топтасып төбелесудің алдын алу, қарау­сыз қалған балаларды анықтау, ішкі істер органдарымен бірігіп, әрбір шағын ауданда, қоғамдық орындарда түнгі рейдтер жүргізу. Себебі, соңғы кезде қаламызда бұзақылық, оның ішінде топтасып төбелесу жиілеп кетті. Мы­салы, жыл басынан бері топтасып тө­бе­лескен 8 қылмыстық оқиға тіркелді. Жасөспірімдер арасындағы топта­сып төбелесуге барлық мемлекеттік органдар, әсіресе, учаскелік полиция инс­пек­тор­ла­ры, кәмелеттік жасқа толма­ғандар ісі жө­ніндегі инспекторлар, мектеп инспектор­лары, әкімдіктер және мектеп директор­лары мен мұғалімдер жауапты. Осындай жауапкершілікті про­куратура органдары да сезінеді. Ба­лаларды тәрбиелеуде негізгі жауапкершілік ата-аналарға жүктелген, бірақ қазіргі таңда көптеген ата-аналар өз баласының тәрбиесімен айналыспайды. Мысалы, соң­­ғы рейд қорытындысы бой­­ын­ша бала­ларының түнгі сауық ой­ын-орын­да­рында және үйден тыс жерлерде қа­раусыз жүргені үшін ҚР ӘБтК-нің 336-бабымен 6 ата-ана (жыл басы­нан бері барлығы 21 ата-ана) жауапкершілікке тартылды. Ал 5 ай­да бала­ла­ры­ның тәрбиесімен айна­лыс­па­ған 39 ата-ана ҚР ӘБтК-нің 111-бабымен әкім­ші­лік жауапкершілікке тартылды. – Жап-жақсы Тараз қаласының атын жағымсыз тұрғыда танытып жүрген төбелестердің сыры неде? Жас­тарға не жетпейді осы? Әлде «Та­мағы тоқтық, киімі көктік, аз­ды­рар адам баласын» деген Абай ата­мыз­дың аталы сөзінің кері ме? – Ол да бар. Дегенмен, облыс про­куратурасы әрбір топтық төбелестің себептерін анықтап, оған баға береді. Кей­де топтасып төбелесу жасөспі­рім­дер арасындағы ерегістен табан астын­да туындаса, кейбір жағдайда төбе­лес­тің орын алуына ересектердің арала­суы да мүмкін екені анықталды. Осы­ған байланысты, бүгінде әрбір шағын аудан бойынша бұрын сотты болған ересек немесе үстемдік көрсететін азаматтар есепке алынды. Мысалы, бір ғана «Ақбұлақ» ша­ғын ауданында бұрын сотты болған – 14, жазадан мерзімінен бұрын боса­тылған – 6, маскүнемдікке салынған – 19, нашақор – 12, жазаға шартты түрде сотталған – 8 адам тұрады екен. Прокуратура осы тектес құжаттарды әрбір шағын аудан бой­ынша жинап, оларға қатысты профи­лак­тикалық және жедел іздестіру жұмыс­тарын жүргізуде. Егерде олардың қыл­мысқа, оның ішінде жасөспірімдер ара­сындағы топтық төбелесті ұйымда­с­тыруға қатысы бар екендігі анықталса, қатаң шара қолданылады. – Қазір оқушылардың жазғы де­ма­лыс кезі. Сондықтан жасөспірім­дердің бос уақытын мәдени іс-ша­ралармен, спорттық жарыстар ұй­ым­дастырумен қамту жұмыстарына да көңіл бөлу керек шығар. – Облыс көлеміндегі жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы күрес ту­ралы бағдарлама талаптарына сай прокуратура органдары облыстық әкімдік­пен бірігіп, облыс көлеміндегі ішкі істер органдарында есепте тұратын 350 қиын балалардың жазғы демалыс уа­қы­тын өз беттерінше өткізбеуі үшін дем­а­лыс лагерьлеріне, мектеп жанындағы лагерьлерге, әртүрлі үйірмелерге және спорт­тық секцияларға, еңбек отряд­та­рына тартты. Оның ішінде Тараз қа­ла­сы бойынша 56 қиын бала «Жасыл ел» қоғамдық ұйымына, 23 бала құрылыс отрядтарына және 63 бала әртүрлі спорттық секцияларға тартылды. Айта кететін жағдай, мобильдік топ­тар аудандық прокуратуралар жа­нын­да да құрылған. Олардың жұмыс­та­рын білу мақсатымен Шу, Меркі, Рыс­құлов, Бай­зақ және Жамбыл аудан­да­рында болып қайттым. Өйткені, осы аудандарда кейбір мектептерде қорқытып ақша жинау оқи­ғалары тіркелген бола­тын. Мысалға, Меркі аудандық проку­ра­турасы облыс­тық ІІД-мен бірігіп, № 9 орта мектептің ауласында мектеп оқу­шыларын қорқы­тып, бопсалап 6000 теңге алып жатқан ке­зінде 1993 жылы туылған А. Мыр­за­қов­ты ұстаған. Бүгін­де оның үстінен қыл­мыстық іс қозға­лып, абақтыға қа­мал­ды, қазір тергеу амалдары аяқталуға таяу. Сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы студент жас­­тар мен жасөспірімдер арасында про­­филактикалық жұмыстар жүргізу мақ­са­тында облыс прокуратурасы, об­лыс­тық ІІД-і, әкімдік және облыстық білім басқармасы қызметкерлерінен 7 мобильдік топ құрылып, профилак­ти­ка­лық жұ­мыс­тар атқарылуда. Мысалға, ішкі істер ор­гандарымен атыс қаруын қолданып, адам денесіне жарақат келтіргені үшін Тараз политехникалық кол­леджінің 1 курс оқу­шысы, 1994 жы­лы туылған Абай Сұл­танов ұсталып, қамаққа алынды. Ең бастысы, жасөспірімдер арасын­да­ғы қылмысқа қарсы қолға алынған кешенді шаралардың барлығы фор­маль­ды түрде болмауы керек. Яғни, әр­бір құқық қорғаушы, тәртіп сақшысы, нұсқаушы, директор, ата-ана, сынып же­текшісі осы өзекті мәселенің маңыз­ды­лығын жете түсінулері қажет. Соны­мен бірге, тағдыр тәлкегі мен қиын­дығына тап болған бақытсыз ата-аналардан ат-тондарын ала қашпай, оларға тиісті көмек қолын созса деймін. Мы­салы, ата-анасы араққа салынған жас­өс­пірімдер маскүнем ата-анасынан безіп кете алмайды, іні-қарындастарын, тіп­ті әлгі топыраққа аунап жатқан әке-шешесін де шамасы жеткенше өздері асырауға тырысады. Осы жолда қате басып, шалт қимылдап, қылмысқа да баруы мүмкін. Міне, осындай отба­сы­ларды анықтап, оларды қалыпты өмірге оралтудың мәні зор. Халқымызда «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Сон­дықтан мен айтып отырған жас­өспі­рімдер қылмысының миллионнан астам жамбылдықтарға ешқандай қатысы жоқ. Жамбыл жәкеміздің атына лайық облыс халқы сондай қонақжай, сондай еңбек­қор, сондай мейірім-шапағаты мол ха­лық екен. Мынау анау елдің баласы, анау түген елдің баласы деп, «ала қойды бөле қырқу» деген жаман мінездері жоқ. – Әңгімеңізге, рахмет. Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Тараз.