Әріптесім Қ.Төреғожаның «Мұнан асқан қорлау бола ма?!» деген мақаласынан кейін («Егемен Қазақстан», 2011 жылғы 7 маусым) де Көкшетауда жағдайдың түзеліп кеткені шамалы. Халықты әрі-сәрі күйге түсіретін мәселелер әлі аяқтан шалуда. Бір ғана мысал айтайын.
Еңбек демалысынан оралысымен, Көкшетаудың ірі жарнамалық және қоғамдық-саяси газеттері «Риск-Бизнес» пен «Любимый городқа» бас сұғуды жөн көрдім. Бұлардың мақалада жазылғанындай, тіліміз бен ділімізді қорлаған кері кеткен кердеңдікке мүлдем қатысы жоқ көрінген. Менің мақсатым, республикамыздағы ерекше екі жобаның бірі – «Көкше әуені» тұрғын үй кешенінің тағдырынан дерек білу. Өйткені, күні кеше теледидардан дәл осы жобадағы «Ақтау ситидің» құрылысы басталғаны жөнінде жылы хабар берілді. Ал, аталған газеттердің құрылтайшылары «Көкше әуені» құрылысын жүргізуді өз мойнына алғандығы жөнінде бастама көтеріп, кеңінен насихаттық шара өткізген болатын. Бірақ, бүгінгі күні нақты істен сыбыс жоқ. Оның үстіне, үлкен жиналыстардың біріндегі таныстыру рәсімінен өзіміз де «Егеменге» мақала жазғанбыз.
Қазіргі жарнаманың заманында «Риск-Бизнес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келуші жұртшылықтың қатары сейілмейді. Әл-қуаты артқан кәсіпорынның айналасы тап-тұйнақтай. Адамдар назарын аударар көрнекіліктің барлық амалдары қарастырылған. Қабырғалары қанаттас «A STORY» сауда, ойын-сауық кешенінің айналасы да жайнап тұр. Нарық уақытында оны қолдау да керек. Гәп басқада, нарық та, демократия да, газеттердің тәуелсіз бағыты да қоғам рухымен қанаттас болуы керек. Оны сақтамау, жұмсартып айтқанда, көңілге кірбің түсіреді. Мынаны қараңыз, ғимараттың салтанатты кіреберісіне таяу таныс бір бейненің тас мүсіні ағараңдайды. Жан-жағы жарқ-жұрқ еткен суретке түсушілер. Алға созылған қолына асылып, балалар ойнап жүр. Осы қолынан таныдым. Бұл баяғы Владимир Ильич қой! Ленин!
– Мынаны кім тұрғызған?
– «Риск-Бизнес».
Бастық орнында болмай шықты. Қашан келерін хатшы қыз да білмейді. Ұялы телефонының нөмірін сұрау осындағы тәртіпке жатпайды екен. Ал, қабырғаның өн бойында «Көкше әуені» тұрғын үй кешенінің әсем безендірілген мөлтек аудандарының суреттері ілінген. Соған қарап біраз уақыт өткіздім. Хатшы қыз тықақтап қоймаған соң, есік алдындағы ескерткіштің жайын білгім келетінін айттым. Ол «Любимый город» газетінің бас редакторына алып барды. Бас редактор тілші Владимир Жабинецке алып келді. Әріптесіміз «Біздің тарих» айдарымен түсіндірме мақала жазған екен. Тақырыбы «Фото на память возле Владимира Ильича».
«Оу, Володя, мұның қалай?» дегеніме бір беттік мақаланың ксерокөшірмесін шығарып бере салды. «Тарихқа қалыптасқан жағдаят (конъюктурно) тұрғысынан қарауға болмайды, оны сақтау керек», – дейді журналист фәлсапалық пайыммен. Мақаласында: «Ұлы тұлғаның скульптурасы менің жұмыс орнымның жанында тұрғаны ұнайды», дейтін автор қай заманда өмір сүріп жатқанын естен шығарып алған сияқты. Тәжірибелі тілшіге КСРО-ның күйреп, қоғамдық құрылыстың өзгергенін, Қазақстан Республикасы биыл өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетіндігін түсіндіріп жату артық. Білгені сол. «Историю не переделаешь. Ее надо признавать как данность и стараться понимать те или иные этапы. Скульптура возле «A STORY» побуждает вспомнить былое. Кстати, в комплексе есть рес- торан «Советский», где немало экспонатов, рассказывающих о прошедших временах. Уже это снимает вопрос, почему статуя Ленина находится здесь», деуі сондықтан.
Қиял жетегіндегі журналист солай деді делік. Ал, осы мақалада облыстық «Тарихи-мәдени жәдігерлерді қорғау және пайдалану» ММ бас маманы Полина Яковлеваның: «Объектом историко-культурного наследия данное окрашенное изделие не является и ценности не предоставляет. Скорее его можно назвать парковой скульптурой», деп тұжырымдауына жол болсын?
Енді «Риск-Бизнес» ЖШС басшыларына негізгі сұрағымызды қоялық: «Көкше әуенінің» құрылысын қашан бастайсыздар? Әлде, Лениннен бата сұрап жүрсіздер ме?
Бақберген АМАЛБЕК.
Көкшетау.