Осыдан жиырма жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз өзінің ғасырлар бойы армандаған мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Ал 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Конституциясын қабылдады. Бірақ, бұл Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік қоғам ережелеріне, көбіне кеңестік демократия принциптеріне негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына сәйкес келмеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайтадан жаңа Конституция қабылдау керектігі туралы ұсыныс жасады.
1995 жылғы Конституцияның жобасын талқылауға 3 млн. 345 мың адам атсалысып, өз пікірлерін білдірді. Яғни, Қазақстан халқының үштен бірі қатысты. Жобаға 1100 түзету енгізілді. Тоқсан сегіз баптың елу бесіне елеулі өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын болмаған жаңа бөлімдер, баптар пайда болды.
Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы бекітілді. Референдумға сайлаушылардың тоқсан пайызы қатысып, олардың 81 пайызы Конституцияны жақтап дауыс берді. Өйткені, жаңа Конституция халықтың ой-пікірінің, олардың мүддесінің заңдылық көрінісі болды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Елбасымен бірге бүкіл халық болып негізгі заңды жасады. Жаңа Конституцияның авторы деп біз ел Президенті мен бүкіл халықты айтуымызға болады.
1995 жылғы Конституцияның Қазақстан аумағында қолданылған 1924, 1936, 1978, 1993 жылдардағы Конституциялардан қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері бар еді деген мәселеге келсек, біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді; екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдарының азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуына жол бермейді; үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдық тұрғысынан өз шешімін тапқан.
1995 жылғы Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жарияланған. Осыған орай, тұңғыш рет біз біртұтас бөлінбейтін Президенттік басқару нысанындағы мемлекет екендігімізді паш еттік. 1995 жылғы Конституцияда тұңғыш рет жер мәселесі объективті түрде шешілді. Конституцияның 6-бабының 3-тармағында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттармен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», делінген.
Мұның өзі елімізде нақты орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың, өзгерістердің талабына сай заңды шешім болып табылады. Жерді жекеменшікке беру халық мүддесіне қайшы деген пікірдің негізсіз екендігін бүгінде нарықтық қатынастар теріске шығарып отыр.
1995 жылғы Конституцияның ең маңызды жетістіктерінің бірі – тіл проблемасына көңіл бөлуі. Конституцияның 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Мемлекеттік немесе басқа тілдерді білмедің деп ешкімді де кемсітуге жол берілмейді.
Қолданыста жүрген Конституцияда бұрындары аса дау туғызып жүрген азаматтық туралы мәселе де өз шешімін түпкілікті тапқан. Конституцияның 10-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды». Мұның өзі Қазақстан мемлекетіндегі барлық азаматтардың Конституциялық тұрғыда бірдей қорғалатынын, қос азаматтық принципінің бізге жат көрініс екенін көрсетеді. Мұндай шешім барлық азаматтарды бірлікке, татулыққа, өз Отанын сүйетін патриотизмге баулиды.
Қазіргі Қазақстан Республикасының Конституциясының тағы бір ерекшелігі, артықшылығы азаматтардың, адамның құқықтары мен бостандықтарының жалпыға мәлім Адам құқықтары мен бостандықтары туралы 1948 жылғы халықаралық декларацияға негізделуі болып табылады. Олар мыналар: әркімнің өмір сүру құқығы, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмауы, заң мен сот алдында теңдікте болу құқығы, қай ұлтқа, қай дінге, қай партияға жататынын әркімнің өзі анықтау құқығы, сөз бен шығармашылық еркіндік құқығы, Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұру құқығы, ар-ождан бостандығы, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы және тағы басқалар. Азаматтар белгілі құқыққа ие бола отырып, Конституцияда белгіленген міндеттерді де бұлжытпай орындауы тиіс. Басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін, мемлекеттік нысандарды құрметтеуге міндетті. Заңда белгіленген тәртіппен салық, алым төлеуге, әскери қызмет атқаруға, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауға, табиғатты сақтауға және оның байлықтарын ұқыпты пайдалануға міндетті. Конституцияда азаматтардың мемлекет және қоғам алдындағы басқа да міндеттері толық жан-жақты сараланып көрсетілген.
Конституцияға сәйкес, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдайлар жасалды. Заңда көрсетілген сипаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан тегін немесе нормативтік-құқықтық нормалармен белгіленген ақыға беріледі. Республика азаматтары заңмен белгіленген медициналық көмектің кепілді көлемін тегін алуға құқылы. Азаматтарға Конституцияға сәйкес мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім беріледі. Ал жоғары оқу орындарында білім алу тегін немесе ақылы негізде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, Конституциялық кеңестің құзыреттері тұңғыш рет дәйекті түрде бейнеленген. Конституцияда Парламент және оның заң шығарушылық қызметін, Сенат пен Мәжілістің Конституциялық құзыретін, депутаттардың құқықтары мен міндеттерін анықтауда өркениетті елдердің Конституцияларының ізгі үлгілері басшылыққа алынған. Соттар мен сот төрелігіне де Конституцияда ерекше мән берілген. Республикада сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады. Оның ісіне араласушылыққа жол берілмейді. Сот процесі заңмен ғана белгіленеді. Арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді. Сот төрелігін іске асыруда судья тәуелсіз, тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелігін іске асыру Конституцияда белгіленген демократиялық принциптер негізінде ғана жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуын жеделдетті. Халықтың саяси белсенділігі артты, әл-ауқаты жақсарды, қоғамдық өзгерудің барлық саласына олардың белсенді араласуы заңдылық сипатқа ие болды. Оның үстіне қазір еліміздің алдында тұрған ең басты міндет – әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ену стратегиясы. Осы айбынды істерді жүзеге асыру мемлекетімізде заман талабынан туындап отырған демократиялық конституциялық реформаларды рет-ретімен жүзеге асыруға тікелей байланысты.
1995 жылғы Конституцияны қабылдағаннан кейін демократиялық реформаларды жүзеге асыру нәтижесіне сәйкес, Конституцияға екі рет 1998 жылы және 2007 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Конституцияда бұрын кеткен кемшіліктердің орны толды. 1998 жылы енгізілген өзгертулерге байланысты еліміздің сот жүйесінде істерді қарау алқа билер қызметінің қатысуымен жүзеге асады деген мәселе енгізілді. Яғни, сот жүйесі бүкіл демократиялық елдердің жүргізетін сот талабына сәйкестендірілді. 2007 жылы енгізілген өзгертулерде де бірталай жаңалықтар болды. Мысалы, Парламенттің өкілеттілігі кеңейтілді. Депутаттардың саны көбейді. Мәселен, қазіргі қолданыста жүрген Конституция бойынша Парламент депутаттарының саны 154-ке жетті. Мәжіліс тарайтын болса, заң шығару қызметін Сенат атқаратын болды. Депутаттарды сайлау бұрынғы мажоритарлық жүйенің орнына пропорционалдық жүйе бойынша жүзеге асырылады. Яғни, жеңген партия Парламенттен көп дауыс алады. Қазақстан халқы Ассамблеясынан тоғыз депутат Парламентке сайланатын болды. Кейінгі Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты сот кадрларын іріктеп алу Жоғарғы Сот Кеңесінің құзырына берілді. Тұтқындауға санкция беру Прокуратурадан алынып, сотқа берілді. Міне, осындай демократиялық үрдістер жүргізілді. Елбасымыз айтқандай, ендігі қолға алатын нәрсе – біздің Парламент кем дегенде екі партиядан тұруы керек. Енді осы мәселені жүзеге асыру реттелу үстінде. Болашақта Парламентімізде кем дегенде екі саяси партияның дауысты көп алған, заңда белгіленген өкілдері депутат боп сайланбақ. Конституцияға сәйкес, еліміз Президенттік басқару жүйесіне өтті десек, үстіміздегі жылы Қазақстанда Президенттік басқару институтының құрылуының 20 жылдығы ерекше аталып өтті.
Еліміздегі конституциялық реформалардың жүзеге асырылғандығы Қазақстан демократиясының және қазақстандықтардың жолы алға басқандығының айғағы. Ал реформалар, соның ішінде жүгі ауыр конституциялық реформалар тек татулығы айрандай ұйыған, экономикасы едәуір дамыған, әлеуметтік ахуалы тәуір елдерде ғана болады. Мұның бәрі тыныштық арқылы келетін жетістік. Сондықтан Конституциялық реформалардың қоғамды демократияландыруға бағытталғаны өз алдына, сонымен бірге ол осы айтылған жетістіктердің де көрсеткіші. Қазақыландыра айтсақ, бақ пен дәулет – ырысы дамып, ынтымағы жарасқан елге қонады. Ырысымыз бұған дейін атқарылған экономикалық реформалар болса, бақ пен дәулетіміз енді жүзеге асқан реформалар екені айқын.
Бұл реформаларда халықтың тілегі, биліктің ұсынысы және оппозицияның талабы үйлесімділік тапқан деуге негіз бар. Парламент құзырының артуы оған айрықша жауапкершілік жүктейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша, 2010 жылдан бастап сайланатын президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылға қысқаратыны үлкен жаңалық болды. Оның үстіне соңғы қабылданған ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2007 жылы 25 мамырда қабылданған ҚР заңына сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өкілеттік мерзімі шектелмейтіндігі қуанарлық жағдай.
Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне берілген үлкен баға.
Егемендік алғалы бас-аяғы жиырма жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды.
Ғасырлар бойы шет жерде жүрген миллиондаған отандастарымыз, қандастарымыз өз атамекеніне оралды. Осы орайда айта кететін бір жәйт, Қазақстан тәуелсіздігін алған күнін жариялағанда шет жерде жүрген бауырластарымыз бір-бірінен сүйінші сұрап, Аллаға жалбарынып, «Қазағымның қуанышын ұзағынан сүйіндіріп, қазақ елін, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты аман ете гөр» деп, көк қошқарларын құрбандыққа шалды. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өткізіліп, әлем мемлекеттерінен келген қандастарымыз өз бауырларымен тұңғыш рет құшақ жайып көрісті.
Қазақстанда тұратын барлық ұлттың тілінің, ділінің дамуына толық мүмкіндік жасалды. Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты, ядролық шикізат бейбіт өнім өндіру затына айналды.
Иә, Тәуелсіздік алғалы Қазақстан үлкен экономикалық дамуды бастан өткізді. Қазіргі заманғы саясат атаулының жұлыны – экономикалық саясат, оны білмей ел басқару мүмкін емес екендігін Президентіміз егемендік алған алғашқы күндерде-ақ айтқан болатын. Осы саясаттың жүзеге асырылуы барысында еліміз тәуелсіздік алған он тоғыз жыл ішінде жан басына келетін ішкі жалпы өнім 8000 долларға жетті. Қазақстан халқы бейбіт өмірдің ләззатын көріп, адамдар тыныш еңбек етіп, ұрпақтарын алаңсыз тәрбиелеуде. Қазақстанның экономикалық даму үрдісін жұмыр жердің жұртшылығы түгел біліп, көріп отыр.
Қазақстанда ұлттық валюта – теңге іске асырылды, еліміздің экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
Еліміздің мемлекеттік шекарасы белгіленіп, көршілес мемлекеттермен бұл тұрғыдағы құжаттарға қол қойылып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығайтылды.
Қазақстан аумағының орталығында елдің, жердің тұтастығын сақтау мақсатында жаңа Астана салынды. Астанадағы әсем ғимараттар, теңдесі жоқ құрылыс қарқыны жер жүзін таңғалдырып отыр. Осыған орай қала құрылысына өзі тікелей басшылық жасаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты бүкіл халық Астана қаласының бас архитекторы деп мақтанышпен айтып жүр.
Осындай жетістіктер мен табыстар Қазақстанды әлемге танытты. Республикамыздың жедел өркендеу қарқынына дамыған елдердің мемлекет қайраткерлері де оң бағасын беруде.
Еліміздің аз уақытта өркендеп, өркениетті елдермен терезесі тең болуына сүбелі үлес қосқан еліміздің тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елдік пен даналықты әлемдік саясатпен ұштастыра білген айтулы тұлға, сондай-ақ елдің ел болып өркен жаюына, өркениетті мемлекет дәрежесінде танылуына білімі мен білігін, ойы мен парасатын, күш-қуаты мен жігерін жұмсап отырған қайраткер.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» бекітілді. Бұл жоспар Қазақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің артуының, экономикалық биікке көтерілуінің, құқықтық мемлекет орнатуының алғышарты болып отыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделінің асқақ көрінісінің бірі – еліміздің өткен жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болса, биыл, яғни 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық етеді. Бұл біздер, қазақстандықтар үшін зор мақтаныш.
Бүгінгі таңда еліміздің экономикасы жылма жыл өркендеуде, серпінді инновациялық технологиялар жасалып, жүзеге асырылуда, халыққа электронды қызмет көрсету, интернет жұмысын тиімді пайдалану, электрондық сауаттылықты арттыру, қаржы рыногын жетілдіру міндеттері алға қойылды. Алдағы мақсат – Қазақстанның Бүкіләлемдік Сауда ұйымына кіру, сөйтіп өзіміздің өндірген тауарларымызды тиімді, пайдалы бағамен сатуға қол жеткізу. Осы алға қойған мақсаттардың толық жүзеге асырылуының негіздері – заңдылық пен құқық тәртібін нығайту. Қазақстанда мекендейтін барлық ұлттардың татулығы, бірлігі, конституциялық тең құқылығын қатаң сақтау. Бұл өзекті міндеттер Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауында ерекше аталып отыр.
Осы маңызды құжатта еліміз бойынша өрелі міндеттер алға қойылған. Бұл міндеттердің орындалатынына, Қазақстан халқының әл-ауқатының артып, мемлекетіміздің гүлденіп, алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттің алғы шебінде болатын күнді көру де алыс емес. Толағай жетістіктеріміздің барлығы еліміздің тәуелсіздігіміздің жарқын көрінісі және осы игілікті істердің көш бастаушысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.