25 Маусым, 2011

Білім мен ғылымды ұштастыру заман талабынан туындап отыр

671 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазіргі дүниенің кілті ғылымда екені анық. Ғылымға негізделмеген жұмыстың жасандылыққа ұрынып, қожырайтынын өмір ағысы көрсетіп отыр. Ендеше, ғылыми-зерттеу жұмыстарының зертханада зерделеніп, тамырын тереңге байлап, сабағын гүлденту жолындағы Елбасы алға қойған міндеттер ұшан-теңіз. Осыны қалай орындаймыз, мақсат-міндеттер нендей деген мәселе кеше Білім және ғылым министрлігінде талқыға түсті. Елбасы Жолдауында «...Ғылыми зерт­теулердің нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру қажет» деп атап өткенін тілге тиек еткен Білім және ғылым министрі Бақыт­жан Жұмағұлов университеттердегі білім мен ғылымды ұштастыру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын, әрбір зерт­ханадағы дәйектелген жұмыс өндірісте орындалуы тиіс екенін, қазіргі кезеңде ел дамуы үшін ғылым мен өндірісті ұштас­тыру ісі оң нәтиже беретінін атап өтті. Ол сонымен бірге, кейбір ғылыми еңбектердің өндірісте орындалмай жата­тынын да айтып, бұл болашақтың ісі. Қазірше индустриялық-инновациялық не­­гіз­де дамитын өндіріс ошақтарын зерттеу мәселесін алға шығару қажеттігін алға тартты. Қалай десек те,  Мемлекет басшысы біздің алдымызға ай­қын мақсат етіп қойған, білімді ғылыммен және ин­новациялық процеспен біріктіру қа­жет. Бұл істе ұлттық және инженерлік зерт­ханалардың орны ерекше. Еліміз бойын­ша 20 оқу орындарында талапқа сай зерт­ханалар ұйымдастыратын боламыз. Онда негізінен алға қойылған істің нәти­жесі бірінші кезекте тұратын болады, деді. Министр барлық басымдықтар зерттеу­дің соңғы түйініне тірелетінін, ол – ғылым­ның әлемдік деңгейге шығуына жол аша­тынын және нәтижелерінің инновация­лық процесс, экономика және қоғам тара­пынан жоғары сұранысқа ие болаты­нын жеткізді. Қазір Отанымыз бойынша Үкімет жа­нындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның жоба-жоспарымен 2011-2013 жылдарға арналған ғылымның басым-бағыттары нақтыланған. Оның нәтижелі орындалуын қадағалау үшін Қазақ елі мен шетелдік ғалымдардың Ұлттық ғылыми кеңесі құрылғаны белгілі. Білім мен ғы­лым­ды ұштастыратын жоғары оқу орын­дарына қойылатын талаптар аз болмайты­ны анық. Ал олардың алдында халықара­лық стандартқа сәйкес ғылыми және инновациялық қызмет үшін заманға сай білікті кадрлар даярлау міндеті тұр. Биыл­дың өзінде екі зерттеу университетін және инновациялық бағдар­ланған 10 жоғары оқу орнын іріктеп алып, онда жұмысты жандандыру қолға алынады екен. Бұрын ғылыми-зерттеу жұмыстары арнаулы институттарда өтсе, енді жоғары оқу орын­дарында жалғасын табады. Мысалы, кеңес дәуіріндегі ғы­лыми-зерттеу институттары­ның зерт­ха­насында зерттеулер 68 пайызға дейін болса, қазір ол көрсеткіш 59 пайызға тө­мендеп, жоғары оқу орындарындағы зертханадағы зерттеулер 23 пайыздан 32 пайызға көбейген. Жиында министр ғылыми-зерттеу инс­­титуттары мен ғылыми орталықтарда жұ­мыс істейтін ғалымдар білім мен ғы­лымды ұштастыруға күш салу қажеттігін атап өте келіп, кейбір университеттерде ғылыми жұмыстардың жүйелі орындал­май келе жатқанын атады. Олар­дың қа­тарында тұрған университетті мысалға келтіріп, кемшіліктерді жою үшін төмен­дегідей міндеттерді жүктеді. Бірінші, жо­ғары оқу орын­дары мен ғылыми ұйым­дардың бас­шылары: магистранттар, док­то­ранттарды даярлау және олардың ғы­лыми-зерттеулер жүргізу үшін зертхана­ның тиімді пайда­лануын қамтамасыз етуді, екінші, ғылыми қыз­метті, зерт­хана­лардың толыққанды іргелі және қолдан­балы зерттеулерді дайын­дауын, рейтингтік басылымдардағы жа­рия­­ланымдарды жандандыру, конкурс­тар­ға белсенді қа­тысуын, ол конкурстарда ел өміріне дәл қазір қажет зерттеулер болу керектігін, үшінші, 2011 жылы халықаралық аккредиттеуден зертхана­лар­ды өткізуді аяқтау, төртінші, инно­ва­циялық процеске қосу жөніндегі жұмыс­тарды жүйелі жүргізу, яғни ғылым нәти­желерін өндіріске енгізуді жүйелі жүргізу. Сүлеймен МӘМЕТ.