25 Маусым, 2011

Ақсуда қуатты энергоблок іске қосылды

449 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бұрнағы күні еліміздің энергетикалық саласында ерекше оқиға орын алды. Еуразиялық энергетикалық корпорация құрамына кіретін Ақсу ЖЭО-ның №2 энер­­гоблогы іске қосылды. 1996 жылдан бері тоқтап тұрған №2 энергоблокты қай­та модернизациялау ба­ры­сында оның қуаты 300 МВт-дан 325 МВт-ға дейін жеткізіліп, Ақсу ЖЭО-да өндірілетін бар­лық электр қуатының көлемін 2425 МВт-ға жеткізуге мүмкіндік жасалды. Үшінші мыңжылдыққа аяқ басқан адам баласын энергети­ка­лық қауіпсіздік мәселесі жиі толғандырып келе жатқандығы ақиқат. Жұмыр жердегі энер­ге­тикалық қуат көздерінің жыл­дан-жылға тапшыланып келе жатқандығы, экологиялық апат­тар адамзат өмірінің жаһандық құндылығы – электр қуатының болашағы үшін әлем­нің ал­дыңғы қатарлы ақыл-ойын ба­рынша ойлантуда. Жаһандық дағдарыстан төрт аяғын тең басып шыққан Қазақстан эко­номикасының ғасырлар тоғы­сын­дағы даму қарқыны еліміздегі электр қуатына деген сұра­нысты барған сайын арттырып отыр. Елбасы белгілеген елі­міз­дің алдағы жылдарға арнал­ған индустриялық-инновация­лық бағдарламасы шеңберінде атқарылатын экономикалық кешенді жобалар да еліміз үшін электр қуатын барынша көп өн­діруді қажет етеді. Ел экономикасын әртарап­тан­дыру, өндірісті шикізаттық сипаттан жоғары технологияларға негізделген өндіріс бағытына бейімдеу бұрын-соңды болып көр­ме­ген бастамаларды өмірге алып келуде. Осы индустриялық-инно­вациялық бағдарлама аясында Қазақстанның энергетикалық са­ла­сын дамыту, еліміздің энер­гетикалық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында да ауқымды жоспарлар белгіленген. Бұл орайда Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) құ­рамына кіретін «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың алдына қойған міндеттер де ауқымды. ENRC жылдық табысы 6,8 миллиард долларға жететін халықаралық ірі компаниялардың бірінен саналады. Компанияның өндірісін одан әрі дамыту үшін 2010 жылға белгіленген күрделі қаржысының өзі 1,3 миллиард АҚШ долларынан асты. Бүгінде компанияда 70 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, оның 65 мыңы қазақстандықтар бо­лып табылады. ENRC тобы елі­міздегі тау-кен өндірісі және түсті ме­таллургия көшбасшы­ла­ры болып табылатын «Қазхром» трансұлт­тық компаниясын, Жәй­рем, Соко­лов-Сарыбай кен өн­дірістік бір­лестігін, Қазақ­стан алюминийі, Қазақстан элек­тро­лиз зауыт­та­рын, Еур­азиялық энер­­гетикалық корпорация және басқа бірнеше компаниялар кіреді. Еуразиялық энергетикалық кор­порация Қазақстандағы ең ірі электр қуатын өндірушілердің бірі болып табылады. Ол – Батыс Сібір, Алтай және Солтүстік-Шығыс Қазақстанның энергети­ка­лық жүйелерін біріктіретін рес­публикамыздағы тұғырлы энерге­тикалық кешен. Корпорацияға қарасты кәсіпорындар еліміз тұ­тынатын барлық энергия қуа­ты­ның 17 пайызын өндіреді. Осы корпорацияның көнеден келе жатқан кешенді электр энер­гия­сын өндіретін өндірістік бөлім­шелерінің бірі – Ақсу электр стансасы. Ақсу электр стансасының қуат өндіретін алғашқы блогы сонау 1968 жылы пайдалануға берілген екен. Ермак ГРЭС-нің бірінші энергетикалық блогы деп аталған, ал қазіргі Ақсу ЖЭО Орта Азиядағы қуат өн­діретін ең үлкен жылу электр орталығы болып табылады. Оның құрамына кіретін ең ірі көмір кеніші – «Восточный» көмір разрезі 1985 жылы пай­далануға берілсе, 1992 жылы бұл разрезде 100 миллион тонна көмір өндірілген. 1996 жылы Ақсу ЖЭО мен «Вос­точный» разрезі «Еуразиялық энергетикалық корпорация» (ЕЭК) АҚ-тың құрамына кір­ген болатын. Алғашқы блогы 1968 жылы пайдалануға берілген Ақсу элек­тр стансасында кейінгі жылдары кезең-кезеңмен қуатты 8 энер­го­блок іске қосылған. Бұл электр­энергиялық орталық ұзақ уақыт­тан бері еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі орталық болып келеді. Бірақ, жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген және жабдықтары ескір­ген бұл қуатты энергоблоктарды қайтадан қалпына келтіріп, бүгін­гі заманның сұранысына лайық жабдықтармен жарақтандыру мә­селесі де күн тәртібіне өткір қойылып келді. Корпорация қолданыстағы ба­р­лық 8 энергоблокты бірте-бірте қай­та құру мақсатындағы ірі жо­ба­ларды 2001 жылы қолға алды. Бүгінге дейін №1, №3 және №4 энергоблоктарда кешенді модер­ни­зациялау жұмыстары жүзеге асы­рылды. Жоғарыда атап көрсет­кеніміздей, жақында пайдалануға берілуінің тұсаукесері болып өткен №2 энергоблок 1998 жылы тоқтатылған болатын. Электр қуа­тын өндіретін бұл ірі энерго­блок­ты барынша модернизациялап қайтадан іске қосу жұмысы 2008 жылы басталған болатын-ды. №2 энергоблокты қайта құру жұмысына екі жыл ішінде 250 миллион АҚШ доллары көле­мін­де инвестиция тартылды. Бұл ірі жоба еліміздің үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасына кіргізілген болатын-ды. Бірнеше отандық және ше­тел­дік кәсіпорындар қатысқан бұл жоба шын мәнінде де ауқымды еді. ЕЭК-нің бас инженері Вла­димир Феневтің айтуы бойынша, жұмыс істеп тұрған бірнеше энергоблок кешенінің құрамына кіретін №2 энергоблокты модер­низациялау жұмысындай ауқым­ды шара бұдан бұрын ТМД ел­дерінің тарихында ешқашан іс жүзіне асырылып көрмеген екен. Бас инженер бұл ауқымды шара­ны іс жүзіне асыруға жақын және алыс шетелдердің бірқатар жетек­ші фирмалары қатысқандығын айта келіп, энергоблок қондыр­ғыларына Швейцарияның, АҚШ-тың және Францияның атақты фир­малары шығарған заманауи техно­логияларға негізделген жаб­дықтар орнатылғандығын атап көрсетті. №2 энергоблокты модерниза­ция­лау барысында энергоблоктың барлық жабдықтары ауысты­рыл­ды. Атап айтқанда, әлемге таны­мал компаниялардың үздік техно­логияларымен жасалған жаңа әрі қуатты турбогенератор, бу қазаны агрегаттары, генераторлар мен трансформаторлар қойылған. Со­ны­мен қатар, ауаға таралатын зиян­ды заттардың 99 пайызын ұстап қалатын швейцариялық «Аль­стом» фирмасының бірнеше саты­лы электр сүзгілері орнатылған. Блок жұмысымен еңбек қауіпсіз­ді­гінің сапасын арттыратын авто­мат­тандырылған жаңа басқару жүйесі іске қосылған. Арнайы жа­салған технологиялар нәтиже­сі­не энергоблоктарды модерниза­циялау жұмыстары кезінде көрші­лес энергоблоктардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін технология сынақтан өткізілген. Бұрын мұндай ауқымдағы модер­низациялау жұмыстарын жүргіз­ген кезде, көршілес тұрған энер­го­блоктардың жұмыстарын толық тоқтату керек болатын. №2 энер­гоблокты модернизациялау жұ­мы­сының аяқталуы нәтижесінде бұл энергоблок өндіретін электр қуатының мөлшері 325 МВт-ға жетті. Сөйтіп, Ақсу ЖЭО қуат­ты­лығын 2425 МВт-ға жеткізуге мүмкіндік туды. Бұл дегеніміз Қазақстанның болашақта электр қуатына деген сұранысын толық қамтамасыз етуге бағытталған игі шара екендігі даусыз. №2 энергоблоктың ашылу салтанатына қатысқан Павлодар облысының әкімі Бақытжан Са­ғын­таевтың айтуынша, бұл жоба облыс көлемінде үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық бағдар­ла­ма шеңберінде іс жүзіне асыры­лып отыр. Бұл Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы аталып өтілетін биылғы жылға арналған Ақсу энергетиктерінің шынайы зор еңбек тартуы бол­мақ. Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық бағдарлама шеңб­е­рінде Павлодар өңірінде жалпы құны 1 триллион теңгеге жуық он­­да­ған ірі индустриялық жоба­лар пайдалануға берілмек. Бұл күндері стансада жұмыс  тынымсыз. Бұрыннан бері жұмыс жасап тұрған  №6 энергоблокты  да қайта қалпына келтіру жұмыс­тары басталды. Стансадағы №2 энергоблокты қайта қалпына кел­тіру тәжірибесі енді өзге энер­го­блоктарды дәл осылай жаңартып, жаңғыртуға мүмкіндік береді.  Стан­са жоспарына сәйкес, 2013 жылы пайдалануға берілетін №6 энергоблокты қайта қалпына кел­тіруге 265 млн. АҚШ доллары жұм­салады.  Стансаның электр қуа­тын не­гізінен ЕNRC-ге қарай­тын кәсіп­орындар пайдаланады.Сонымен қа­тар өндіретін электр қуатының 10-12 пайызы комму­налдық-шаруа­шы­лық қызмет­тер­ге пайдала­ны­лады. Еліміздегі Солтүс­тіктен шығатын  электр желісі­мен Ақ­тө­бе өңі­ріне  де жіберіледі. Ко­р­по­ра­ция кәсіпорындарына да, бас­қа да компанияларға электр қуаты бір­келкі тариф бойынша сатылады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Ақсу қаласы.