28 Маусым, 2011

Тәжібаев көшесі бар ма, жоқ па?

378 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ал Алматыда тіпті кездейсоқ біреулердің атында көше көп Көшелерге, елді мекендерге, оқу орындарына, ғылыми, мәде­ни мекемелерге, ұйымдарға, қо­ғамдарға қайраткерлердің атын беру де саясат. Саясат болғанда, азаматтардың ел алдындағы, қоғам алдындағы еңбегіне баға, халықтың оған деген құрметінің белгісі. Сөйтсе де әр қайрат­кер­дің өз орны бар. Біреуінің еңбегі көптеу, қоғамдағы орны жоға­ры­лау болды дегендей, құрмет те соған сай болса, халық риза. Сіңірген еңбегі көптеу, халыққа қадірлі адамдардың атын, айта­лық, орталық көшелерге берген жөн сияқты көрінеді. Бір кезде Алматыда ұлы перзентіміз Ыбы­рай Алтынсаринге екі орамдай қысқа көше берілгенде, жұрт­шы­лық болып кірісіп, айтысып жүріп, ақырында «Правда» дейтін үлкен көше бұйырған. Бірақ өмірде олай бола бермейтіні бар. Бір елге еңбегі сің­ген қайраткер аты елеусіздеу қа­лып, оның есесіне аты белгісіз біреулердің аты көшелерге беріліп жататынына таңданасың. «Сен білмегенмен, басқалар біледі» деп дау айтатындар табы­лар. Әңгіме біреулерге ғана та­ныс емес, халық, қоғам таныған қайраткерлер туралы болып отыр. Бұл жерде ономастикалық комиссия өз сөзін айтуға тиіс дейсің. Бірақ «сыбайластық» деген құдай атқан пәле соған да еніп үлгергендей-ау. Көп ретте жұрт жоқтау­шы­сы, іздеушісі жоқ болған соң, ай­тулы қайраткерлер ұмыт қала­ды дегенді айтады. Сол ономастика комиссиясы іздеуші де, жоқ­таушы да болуға тиіс қой дейсің, бірақ кейде бола алмай жатады. Әлде олардың тұлға­лар­дың орнын бағамдауға өре­лері жетпейді, әлде біреулердің айтқанынан аса алмайды. Қай­сысы болса да, жақсы емес. Нақты бір тұлғаның мыса­лы­мен ой өрбітейікші. Көзі қа­рақты қауымға, әсіресе аға буын өкілдеріне былтыр 100 жыл­дығы аталып өтілген Төлеген Тәжібаевтың есімі жақсы таныс. Педагогика саласында алғашқы ғылым кандидаты болған қазақ. Отыз жасында халық ағарту комиссары (министрі) болған. 32 жасында – Республика Үкі­меті төрағасының орынбасары. 34 жасында – республикада ал­ғаш Сыртқы істер халық комис­са­риатын (министрлігін) өз қо­лы­мен құрып, оған комиссар болған. БҰҰ мінберінде КСРО атынан сөйлеген, баяндама жа­са­ған алғашқы қазақ. КСРО-да бі­рінші класты Төтенше және өкі­летті елші дипломатиялық рангіне ие болған да алғашқы қазақ. 38 жасында – Қазақ университетіне ректор болып, оны бес жыл басқарып, қазақ зия­лы­ларына қамқорлығы үшін ұлт­шыл деген айыппен қызметінен алынған. Араға бір жыл салып, қайтадан Республика Үкіметі төрағасының орынбасары қыз­метіне көтерілген, Мәдениет ми­нистрі қызметін қоса атқар­ған. Республикада педагогика жә­не психология негізін қалаған ғалым, академик. Ол көтерілген парасат биіктерінің біреуі ғана оның атын тарихтың жадында қалдырғандай еді. Бірақ оны жеке адамдардың, ұмытпауға тиіс адам­дардың ұмытқаны да шындық. Алматыда министр қызметін­де, сондай дәрежеде қызметте бол­ғандардың атында көше бар. Олардан қызметі де, қоғамдағы орны да жоғары болған Төлеген Тәжібаевқа көше бұйырмай отыр. Қағаз жүзінде, құжат бойынша бар дейді. Бірақ біз іздеп барып, таба алмадық. Жоқ. Сөйтсе де сол құжатқа қа­райықшы. 2003 жылдың 24 және 26 желтоқсанында Алматы қала­сы мәслихатының ІV сессиясы мен Алматы әкімдігінің бірлескен №26 және №5/764, сондай-ақ №27 және №5/765 шешімі бойын­ша «Таугүл-3» және «Ақбұлақ» шағын аудандарындағы 70 көшеге белгілі адамдардың аттары беріліпті. Солардың арасында қыз­меті жағынан, қоғамдағы орны жағынан Төлеген Тәжібаевпен деңгейлес үш-төрт адам болар. Олардың бәріне, сондай-ақ белгісіз біреулерге сол аудандағы ұзын көшелер тиіпті. Төлеген Тәжі­баевқа бұйырғаны – 218 метрлік көше. Кейін ол да жоғалған. Нақты адамдарды, әсіресе дү­ниеден өткендерді салыстырып, бірінен екіншісі мықтырақ деп айту әдепке сыйыңқырамайды, әркімнің өз орны бар дейміз. Сөйтсе де бір салыстыруға бар­ғымыз келіп отыр. Алматыда Радостовец атындағы көше бар. Қаладағы ең ұзын көшелердің бірі. Төле би мен Әл-Фараби көше­лерін жалғап жатыр. Бұрын бұл көше Италия компартиясының көсемі Морис Торездің есімімен аталды. Коммунистік қайраткер­лерді ысырып, оған жаңа есімдер таңдағанда, тоқтағанымыз Владимир Радостовец болды. Сол Радостовец деген кім еді? Көп адам біле қоймас, айтайық. Экономист-ғалым. Университеттің экономика факультетінің деканы, кафедра мең­герушісі болған. Бухесеп са­ла­сын­дағы білікті маман. Баға­лау­ға әбден тұрарлық. Бірақ бұл оны мемлекеттік, қоғамдық қай­раткер деуге негіз бола алмайды ғой. Сол ғалымды Төлеген Тәжі­баевпен салыстырайықшы. Тәжі­баев үш салада министр, сондай-ақ Үкімет төрағасының орын­ба­сары болса, мұндай дәреже Ра­достовецтің түсіне де кірмеген. Төлеген Тәжібаев республика­да­ғы бір ғылымның негізін қала­ған ғалым, академик, Радостовецті республика экономика ғылымы­ның негізін қалады дегенмен жұрт келісе қоймас. Ашып айтайық, Радостовецтің Төлеген Тәжібаевтан бір артық­шылығы бар – оның республи­каның билік құрамында, бизнестік құрылымда шенеуніктерге де, ономастика комиссиясындағы­ларға да сөзі өтетін баласы бол­ды, әлі де бар. Ал Тәжібаевқа лайықты құрмет көрсетейік деп шырылдап жүргендердің сөзін сол шенеуніктер де, ономастика комиссиясы да құлақтарына қыс­тыра қоймайды. Бұл да сыбай­ластық кеселдің бір түрі. Эконо­микадағы сыбайластықты сы­бай­­лас жемқорлық десек, ал мұны рухани ұрлық сыбайлас­тығы деуге болар. Еліміздің, ұлтымыздың кейбір аяулы перзенттері неге құр­мет­тел­мейді, олардың атымен неге көшелер аталмайды дегенде, қа­ла­ларымызда олардың есімі берілетін көшелер қалма­ған­дай көрінеді. Көшелердің бәрі­нің де атаулары бар, енді бұ­рынғы­ларын өзгертіп, жаңаша атау ың­ғайсыз және біршама эко­но­ми­калық шығынға ұрын­дырады, сонан соң кейбіреу­лер­дің ша­мына тиіп, қарсы­лығын тудыра­ды деп ақталамыз. Әрине, көшелерді өзгертуді науқанға айналдыруға болмасы жұрттың бәріне белгілі. Бірақ өміріміздің осы саласындағы жаңсақтықты бірте-бірте жою жүйелі жұмысқа айналуы тиіс. Көшелерге тұлғаларымыздың есі­мін беріп, оларға құрмет көр­сету – елдік саясат. Ал көшелер­дің аты кездейсоқ біреулермен, басқа елдің адамдарымен, атау­ларымен аталып жатса, бұл елдің, ұлттың мүддесіне нұқсан. Алматы қаласы көшелерінің тізіміне бір көз жүгіртейікші: одан не көрмейсіз! Ең алдымен одан Ресейдің барлық облыс­тарын, негізгі қалаларын, өзен, көлдерін, теңіздерін, яғни толық географиясын көріп, бәлкім таң­данарсыз, бәлкім таңданбассыз. Сірә, қазақтардың да барған жері деген шығар, Колыманың да аты бар. Бұған орыстың барлық композиторларын, суретшілерін, ақын, жазушыларын, ға­лым­дарын, саяхатшыларын, сая­сат­шыларын, басқыншыларын қо­сы­ңыз. Олардың кейбірін, сірә орыстардың өздері де біле қоймас. Басқыншылар дегенді де жәй айтып отырған жоқпыз. Қанішер Ермак та жүр. Соның бәрін көріп, өз елің­нің айтулы тұлғаларының атын қою­ға көше жоқ деу, бұрынғы көше­лердің атауын өзгерту әл­де­біреу­лердің наразылығын ту­дыруы мүм­кін деген уәж айту, жұмсарта айтқанда, күпірлік болар еді. Күпірлік жайлы айт­қанда мына бір жай да көңілге оралады. Алматыда Шаляпин атында көше бар және қаладағы ең ұзын көшелердің бірі. Шаля­пин­нің кім екені белгілі. Бір жа­ғы орыс халқына, оның өнері­не деген құрмет ретінде көшеге оның атын берсе де артықтығы жоқтай. Бірақ қаладағы ең ұзын көшелердің бірін беру, сонша­лық­ты қажет пе еді? Тіпті орыс­тардың өзі оған осындай құрмет көрсетпеген шығар. Сонда біз­дің осыншалық шашылуымыз не? Сол Шаляпин көшесі Сәт­баев көшесінің жалғасы іспеттес. Қаныш сынды ұлы тұлға­мызға арналған көше ұзынынан созылып жатса, жараспай ма? Әйтпесе, сонау өткен ғасырдың ортасында республикадағы екі ғылым ордасының басшысы ретінде Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев пен Қазақ университетінің ректоры Төлеген Тәжібаев екеуі Мәскеу­дің сынына бірге ілініп, қыз­меті­нен босатылғанын жұрт біледі. Сол Шаляпин көшесін Тәжібаевқа берсе, үйлесіп-ақ кетпес пе еді?! Ал Шаляпинге шағындау көше табылар еді. Табылатын көше көп. Ресей­дің бір облысын не бір қаласын, өзе­нін, көлін немесе Ресейдің өзінде әлдеқашан ұмыт болған қызыл командирлері мен көсем­дерін көше атауынан алып тас­тадың деп ешкім өкпелей қоймасы анық. Ономастика – үлкен саясат. Ұлттық құндылықтарға, ұлттық мүддеге қатысы бар саясат. Оны­мен барынша ыждаһат­тық­пен айналысу қажет. Мамадияр ЖАҚЫП.