28 Маусым, 2011

Дендросаябақ «дені сау» екен

838 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Редакция қоржынына түсіп жататын арыз-шағымдардың бәрі бірдей тек ащы шындықты айтады, ақиқат іздейді десек, әлбетте қателескен болар едік. Иә, олардың арасында жанайқайын жазатындар көп, дегенмен, сонымен бірге, тисе терекке, тимесе бұтаққа принципімен де, жақтым күйе, жаптым жала мақсатымен де жазылатын хаттар аз ұшыраспайды. Соған қарамастан, қандай хат қандай принциппен, қандай мақсатпен жазылмасын оның нәтижесін журналистік зерттеу ғана анықтайды. Осы мақалаға негіз болған хатты біз жоғарыдағыдай мақсатпен немесе принциппен жазылған деуден аулақпыз. Дендросаябақ директорының орынбасары, жазушы Кендебай Ахат мырзаның қолына қалам алып, өз бастығының үстінен «Егеменге» арыз жазуының өзіндік мүддесі де болған шығар? Бәлкім, оның ниеті дұрыс та болар? Бірақ бұл жердегі мәселе шағым иесінің арызды қандай күйде жазғандығында емес, ең басты мәселе – айтылған сөздің ақиқаттылығында. Дендросаябақтың көлеңкелі беткейі «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 24 нау­рыз­дағы №83 қаулысының негізінде «Шымкент мемлекеттік ден­д­ро­­ло­гия­лық саябағы» кәсіпорны құрыл­ған болатын. Мемлекет қам­қорлы­ғына өткен соң дендро­сая­бақты абаттандыру мен қалпына келтіру жұмыстарына жол кар­тасы бо­йынша облыстық бюджеттен 650-700 миллион теңге шама­сында қар­жы бөлінді. Дендросая­бақ­тың ор­талық бөлігі мақтануға тұрарлық­тай күйге еніп, халықтың сүйіп серуендейтін нысанына ай­нал­ды. Сая­баққа келушілердің саны ұлғайды. Өкінішке орай, сапалы жүр­гі­зіл­ген құрылыс жұмыстарымен қа­тар, өте сапасыз жүргізілген жұ­мыс­тар орын алды. Әсіресе, 2009 жы­лы құрылыс жұмыстарына жа­рия­л­анған тендерді жеңіп алған Т.Серікбаев басшылығындағы «Ма­­ман­дандырылған құрылыс бас­қар­масынан» «үлкен кісінің тапсыр­ма­сы» деген сылтаумен кәсіпорын д­и­ректоры Ә.Құламетов өз таныс­та­рына құрғызған жарықтандыру жүйесі сын көтермейді. «Береке» серіктестігінің 80 миллион теңге­ге саябақтың асфальт жолдарын жаң­ғыртқан жұмысы да көңіл көн­шіт­пейді. Жарықтандыру жү­йе­с­і­нің сапасыз жасалғандығынан бір жа­рым жылдан бері жер сыз­данса желі тұйықталып, кәсіп­орын қызмет­керлерін әуре-сар­саңға салып келе жатыр. Бірақ ағаттығын кеш тү­сін­ген директор жарғақ құлағы жас­тыққа тимей шапқылап жүріп, 010 «Ерекше қор­ғалатын табиғи аумақ­тар­ды ұс­тау және қорғау» бағдар­ла­масы­н­а енгізіп, 2011 жылы «Шым­кент мемлекеттік дендрологиялық сая­бағының электр жүйелерін жөн­деу жұмыстарына» арналған «Ст­рой­сервис-7» серіктестігімен 3 мил­лион 100 мың теңгеге №26 келісім-шартқа тұрды. Осылайша 2009 жыл­дың аяғында жүргізілген жа­рық­тандыру жүйесі іске аспай, жұм­салған қаржы желге ұшты. Са­па­сыз жасалған жолды қай бағ­дар­ламаға кіргізіп, қашан жасай­тыны беймәлім. 2009 жылы жүр­гізілген жарықтандыру жүйесі жердің ас­ты­мен жүргізілгендіктен босаған бетон бағаналарды Т.Се­рікбаевтың кранын пайдаланып, суырып алып сатып жібергендіктен, биыл бетон ба­ғаналарды қай­та­дан мемлекет есебі­­нен сатып алуға мәжбүр болып отыр. «Самал» мөл­тек ауданы жақ­тағы 2010 жылы миллиондаған тең­ге­ге құрылған бетон қоршаудың сау-тамтығы қал­май қиратылған. Са­пасы төмен бетон қоршаудың ор­нына Бәй­ді­бек даңғылығының бо­йынан боса­ған ұзындығы 500 метрдей келетін темір қоршаумен ұзын­дығы 300-400 метрдей келетін сапалы темір-бетон қоршауды пай­да­ланғанда дұрыс болатын еді. Өкі­нішке орай, олар да кіріс-шы­ғыс­сыз сатылып кеткен. Сатылмай қалған қалдығы атқорада тұр. Қи­рап қалған қоршауды қалпына келтіру үшін тағы қыруар қаржы керек. Ең өкініштісі, бұл жағдайлар кә­сіпорын директоры Ә.Құла­метов­ті ойландырмайтын сияқты. Оның міндеті кісі көп жүретін бақтың ор­талық бөлігін сылап-сипап қойып, кассаның билеттерін, көшеттер мен отынды, темір-терсектер мен тау-тау болып үйілген құрылыстан шыққан бетон сынық­тарын сатумен шектеліп отыр. Отын мен темір-терсек та­ғы басқа материалдық құн­дылық­қа жа­татын заттарды сатуға сая­бақты кү­тіп-баптау және шаруа­шылық бөлі­мі­нің меңгерушісі Т.Сер­жанов, сырт­­тан келетін және іштен шығатын кө­шет­терді сатуға ғылым және мониторинг бөлімінің меңгеру­шісі Ә.Арыстанов, өзінің туған қайны­сы, ғылыми қызметкер Қ.Қайыпов, туған бажасы Қ.Шашенов, бірге оқы­ған, оралман досы Е.Сма­йылов, ұлттық паркте істейтін, көшет сату науқанына демалыс алып кірісетін досы Әзберген бас­таған топ жұ­мыл­дырылған. Саябақ кассасын өзінің жеке меншік мүлкіндей сезінетін мүд­де­лесі, бас есепші Б.Қосшан бақы­лауын­да ұстайды. Ол касса­дағы бы­лық-шылық үшін басқар­ма та­рапынан ескерту мен сөгіс алып, қызметінен шеттетілуге ұйғарым жасалған. Бірақ әлі осы қызметті уысында ұстап отыр. Кәсіпорында сатылмаған және сатылмайтын нәр­се қалмады. Бірақ олар кіріс-шы­ғыс­сыз сатылатын­дықтан кәсіп­орын кассасына қарабақыр пайда түспейді. Биыл көктемде «Сайрам-тазалық» мекемесіне босатылған жапырақты ағаштардың 8 мың көшеті мен 2010 жылы облыстық клиникалық ауруханаға 2 мың теңгеден сатыл­ған 250 түп арша көшетін мысалға алуға болады. Кәсіпорын бөлімдерінің қыз­ме­тін жүйелеп отыру директор орын­басарының функционалдық міндетіне кіргенімен, ол пақыр, яғни мен қара тізімге ілінгендердің бірімін. Себебі, Ә.Құламетов 2009 жылы ди­ректордың міндетін атқарушы бо­лып келгеннен өзіне жақпайтын адам­дар­ды жұмыстан қуып, өзінің туысқан­дарын тарта бастағанына, өзінің ту­ған қайнысының жұбайы, ма­ман­ды­ғы сай емес Қ.Бақты­баева­ны кассаға қойғанына, ауданы 200 шаршы метр шамасындағы асха­на­ны Ташкентте бірге оқыған, полиция қызметінен қуыл­ған досы Бақтияр­ға, кеңсенің жөндеу жұмыстарын Мақтааралда тұ­ратын туған інісіне ешқандай тендерсіз беріп қойғанын заңға томпақ екенін ескертемін деп, сөзге келіп қал­ғанбыз. Айтқан ақыл-кеңесімді құла­ғы­на ілмеген соң басқарма басты­ғы­на қызметтік хат жазған болатынмын. Сол күннен бастап ол кісі менен құ­тылудың амалдарын қолына шырақ алып іздестіруде. Мысалы, былтыр салын­ған кеңседен маған кабинет бермей, түкпірдегі қоқысханаға ай­нал­ған шаруашылық аймағындағы кеңсеге қуды. «Қошқарата» учас­ке­сінің бас­тықтығына ұсынып еді, зейнеткерлікке жақындап қалғанымды айтып, бас тарттым. Қара тізімге ілінгелі сыртқа шығатын хаттарды жазу, өт­кізілетін іс-шаралардың бағдарла­масын жасау, «Қошқарата» учаске­сі­нің құжаттары мен электр жүйе­лері­нің құжаттарын түгендеу, сырттағы өнбес дауларды даулау сияқты жұ­мыстар менің еншіме тиген. Бірақ кәсіпорында орын алып отыр­ған іс-әрекеттерді көргенде амал­­­­сыз қынжылуға тура келеді. Басқарма бастығына биыл 20 сәуір­де кәсіп­орындағы орын алып отыр­ған кемшіліктерді жоюға ықпал етуін сұрап, қызметтік хат жазған едім, ол жақтан ешқандай пәрмен бол­мады. Есесіне мені директор алдын ала сценарийі дайындалған жи­на­лыс­­қа са­лып, Т.Сержановқа жа­ла жап­тырып, ұжым алдында абырой-беде­ліме нұқ­сан кел­тіріп, жұмыстан қууға әрекет­тен­ді. Бас­қар­ма тара­пынан ешқандай ық­пал жасалмаған­дықтан, облыс про­ку­ро­рына, қаржы полициясына және об­лыс әкімінің атына ашық хат жазуға мәжбүр болдым. Ол жақтан да әлі күнге дейін пәрмен болмай отыр­ғандықтан, сіздерге жазып отыр­мын. Кәсіпорын директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Кендебай АХАТ».   Бәрін тексеру қорытындысы анықтайды Дендросаябаққа 2009 жылдың 22 сәуірінде директор болып та­ғайындалдым. Мамандығым бо­йын­ша орман шаруашылығы инженерімін. Ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының кандидаты – дендролог маманмын. Дендросаябақ об­лыс­тық меншікке өтіп, оған қар­жы бөлу заңдастырылды. Осыған бай­ланыс­ты 2009 жылы облыстық бюд­жеттен жалпы сомасы 252 миллион теңге қаржы бөлінді. Ол қар­жы­ға дендро­саябақтың су жүйе­лері, кіре берістегі салтанатты қақ­па, жа­рықтандыру жүйелері, ішкі аяқ жол­дары, атпен және велосипедпен серуендеу жол­дары, орын­дық­тар және қоқыс тас­тай­тын жә­шік­тер, күнқа­ғар­лар (бесед­ка) қо­йыл­­ды. 2009 жы­лы құ­ры­лыс жұ­мыс­­тарын «Ма­ман­данды­рылған құры­лыс бас­қармасы» серіктестігі то­лық­тай өз­дері жүргіз­ді. Құрылыс жұмыста­ры­на мемлекеттік тендерді облыс­тық құрылыс басқар­масы өткізген. Мен тарапы­нан ол мекемеге қосым­ша мердігер алу туралы ұсыныс берілмеді. Құ­рылыс жұ­мыс­тарын толықтай өз­дері атқа­рып шықты. Құрылыс жұ­мыста­рын­да кемшіліктерге жол берілгендіктен, жұмысты қабылдау 2010 жыл­дың ақпан айына дейін жал­­ға­сып, кемшіліктер қалпы­на кел­тірілгеннен кейін комиссия құра­мы­­мен қабыл­дан­ды. Қабылдау ко­мис­­сия­сының құра­мында Кендебай Ахат­тың өзі де бар. Күз, қыс ай­ларында жүргі­зіл­ген әрлеу, сырлау жұмыс­тарындағы кемшіліктер жаз ай­ларында белгілі болғандықтан, мердігерге қалпына келтіру туралы бірнеше хат жол­дан­ды, орындама­ған­нан кейін об­лыс­тық сотқа мәж­бүр­леп орындату туралы арыз беріліп, ол толығымен қанағат­тан­ды­рыл­ды. 2009-2010 жыл­­д­ары жүргі­зіл­ген қай­та қалпына келтіру, абат­тандыру және көркейту жұ­мыс­тары­ның негізінде дендро­саябақ ау­мағына 1500 данадан аса жарық­тан­дыру шам­дары орнатыл­ды. Екі жер­ден тамақ­тандыру орны ашыл­ды. Жаңадан әкімшілік ғима­раты са­лын­­ды. Ден­дро­­саябақ ау­ма­ғын­дағы ескі транс­форматорды жаңар­ту жә­не бір жаңа трансформатор қою туралы шешім қабыл­данып, облыс­тық бюд­жеттен қаржы бөлін­ді. Бұл жұ­мыстардың 2009 жылы жүргізіл­ген жарықтан­дыру жүйе­сін орнату­ға мүлдем байла­нысы жоқ. Дендросаябаққа директор бо­лып келген күннің ертесінен бастап кассадан кәсіпорынға күнде­лік­ті ақша түсіріп келеміз. Бірақ Кендебай Ахаттың 2009 жылдың 7 сәуірінен бастап директордың міндетін атқарушы болып істеген кезінде кәсіпорынға бір тиын ақша түспеген. Жиналған қаржы қайда кеткені белгісіз. Кәсіпорын 2010 жылдың көк­темі­не дейін көшет сатудан қаржы түсіріп келді. Бірақ 2010 жылдың күзінен бастап кәсіпорын сыртқа көшет сатпайды. Өсірілген көшет­тер тек қана кәсіпорын аумағына отырғызылады. Аумақтағы дәмха­на 2009 жылы жеке кәсіпкер Бал­ға­баев Нұржанға, ал 2010 жылы «Мадлен» серіктестігіне келісім-шарт негізінде жалға беріліп, одан түскен ақша кәсіпорынның ар­найы есеп-шотына құйылады. 2010 жылы саябақты көріктен­діру және абаттандыру жұмыс­тары­ның екінші кезеңі басталып, бюд­жеттен 242 миллион теңге қар­жы бөлініп, дендросаябақтың әкім­­­ші­лік ғимаратының алдында бос жат­қан жерге «Жас жұбайлар» ал­леясы салынды. Әкімшілік ғима­раты жо­ба­лық-сметалық құжат­тар­ға сәйкес «Бистро» дәмханасы бо­лып қайта жабдықталды. Көл бо­йы­нан серуендеу жолы салынды, көл толығы­мен тазаланып, су жіберілді. К.Ахаттың басқарма бастығы Б.Көшербайға жазған қызметтік хаты­нан соң басқарма тарапынан ко­мис­сия құрылып, жұмыс жүр­гізу­де. Со­ны­мен қатар, К.Ахаттың облыс әкі­мі­не, облыс прокурорына және қар­жы полициясының атына жазған кей­бір газеттегі сын-мақа­л­а­ларына сәй­кес, кәсіпорында Оңтүс­тік Қазақ­стан об­лы­сы бойынша Эко­номика­лық қыл­мыс­қа және сы­байлас жем­қор­лыққа қарсы күрес департаменті, ОҚО бо­йынша са­лық департаменті­нің Абай ауданы бойынша салық басқармасы, ОҚО бойынша қаржы­лық бақылау инс­пек­циясы, ОҚО ма­мандан­ды­рыл­ған табиғат қорғау про­­­куратура­сы­ның қатысуымен Шу-Та­лас эколо­гия­лық департа­­менті­нің ОҚО фи­лиалы, ОҚО орман және аң ша­руа­шылығы аумақтық инс­пекция­сы­ның маман­дары­ның қа­ты­суымен ауқым­ды қар­жылық және де басқа заң бұзу­шы­лықтар бойын­ша тексеру жұмыс­тары жүргізілуде. Сон­дық­тан, К.Ахаттың «ол жақтан пәрмен болмай отырған­дықтан сіздерге жазып отыр­мын» дегені шын­дыққа жанаспайды. Арыз иесінің мен туралы ұйым­­дасқан топ құрып, дендро­саябақтың құндылықтарын заңсыз саттырып жа­­тыр деп айтуы негізсіз. Себебі, Қ.Қа­йыпов 2003 жыл­дан бері осы дендросаябақта ғы­лыми жұмыстар атқарып келеді. Е.Смайылов оралман болғанымен, жоғары білімді орман шаруа­шы­лығының маманы. Қ.Шашенов те жоғары білімді маман. Сонысына қарамастан, ол да күзетші болып жұ­мыс атқаруда. Жал­пы, м­а­мандарды жұмысқа қа­был­дау кезінде олардың арнайы білімдеріне басты назар ау­дарылып, басқарманың келісімімен ғана қа­былданады. К.Ахатпен менің бас араз­ды­ғым жоқ. Бірақ ол кісінің мен дендро­саябаққа директор болып келгеннен 12 күн өткеннен кейін, яғни 2009 жылдың 4 мамырында менің үстім­нен бірінші арызын жа­зып еді. Соң­ғы кездегі кәсіп­орын директорының орынбасары Кендебай Ахаттың өзі­нің міндетін толық орындамай, керісінше, аяқтан шалу, артқа тарту, ұжым арасында іріткі салу сияқты тір­­ліктермен айналы­суы және ден­дро­­саябақ ұжымын, оның ішінде, кәсіп­орын дирек­то­рын бұқара­лық ақ­па­рат құралдары арқылы жала жабуы біздің ұжымға үлкен зиянын тигізіп отырғанын айтқым келеді. Сондық­тан, К.Ахат­тың арыз-хатын­да көр­сетілген айып­таулары құзыр­лы мемлекеттік органдардың тексерулерінен кейін өзінің шынайы бағасын ала­тынына сенемін. «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚ кәсіпорын директоры,  ауыл шаруашылығы ғылымдарының  кандидаты Әбутәліп ҚҰЛАМЕТОВ».

Соңғы сөз орнына

Кендебай Ахаттың редакцияға жазған арызының астарында не жатқанын білмейміз. Оның бұл хатты жазудағы ниетінен де бейхабармыз. Тіпті, арыз иесінің түпкі мақсаты жоғарыда аталған принциптерге сүйенген деген ойдан да аулақпыз. Дегенмен, Кендебай Ахаттың «Басқарма тарапынан ешқандай ықпал жасалмағандық­тан, облыс прокурорына, қаржы полициясына және облыс әкімінің атына ашық хат жазуға мәжбүр болдым. Ол жақтан да әлі күнге дейін пәрмен болмай отырғандықтан, сіздерге жазып отырмын» деген тұжырымы сәл артықтау ма деген ойда қалдық. Себебі, оның арызы бойынша барған кезімізде К.Ахаттың арызымен келген бірнеше құзырлы орындардың бірнеше тексерушілері жұмыс істеп жатыр екен. Көп ұзамай редакцияға Оңтүстік Қазақстан облыс­ының маман­дандырылған табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Е.Найманбаев қол қойған анықтамасы, ҚР Қаржы министрлігі Қаржы­лық бақылау комитетінің ОҚО бойынша инспекциясының бас маманы, бас бақылаушы-тексерушісі Ә.Жұмашев қол қойған акті, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Н.Оразым­бетов, бас маман-бас ревизор А.Жұмаділов, бас маман Б.Таш­танов қол қойған анықтамалар келіп түсті. Соңғы анықтамада «Жоғарыдағыларды сараптай келе жүргізілген анықтау жұмысының нәтижесінде К.Ахаттың қызметтік хатындағы мәліметтер расталмады» деген тұжырым да жасалыпты. Әлбетте, құзырлы орындардың тексеру қорытындылары дендро­сая­бақтағы жағдайды өте жақсы деп біржақты да бағаламағанын айтып өтуіміз керек. Кейбір кемшіліктер анықталып, оны жоюдың жолдары да ұсынылған. Ең бастысы, дендросаябақтың «дені сау» екен. Бас жарылып, көз шығып жатыр дейтіндей қылмыстар анықталмаған сияқты... Шарафаддин ӘМІР.