28 Маусым, 2011

Англо-саксондар кімдер?

1235 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Англо-саксондардың арғы тегі сақ­тар­дан тараған деген тұжырым біздің заманы­мыз­дан бұрын қалыптасқаны жөнінде дә­йек­ті дәлелдер баршылық. Мәселен, кезінде сақ­тар Каспий бойынан шығысқа қарай жыл­жып, Бактрияға ғана емес, сонымен қатар батыста жатқан Армения жерінің өте шұ­райлы бөлігіне қоныстанғаны туралы б.з. бұрынғы 63-жыл мен б.з. 24-жылдары ара­сында өмір сүрген гректің атақты тарих­шы­сы әрі географы Страбон жазып кетіпті. Ғалым келтірген дерек бойынша, кезінде әлгі аймақ Сакасина (Sаkаsіnа) деп аталған. Ал біздің заманымыздың 23-79-жылдары өмір сүрген Римнің аса көрнекті жазушысы әрі ғұлама тарихшысы Плинийдің пайым­дауынша, жоғарыда сөз болған әлгі аймаққа қоныстанған сақтар Сакассани (Sakassani) деп аталған. Атау Сака-суну (Saka-sunu), яғни сақтың ұлы (ұрпағы) деген ұғымды білдірген. Бұл этимологияны алғаш ұсынған 1519-1572 жылдары өмір сүрген фламандық философ әрі филолог Горопиус Беканус (Goropius Becanus) екен. Бұл тұжырымды атақты неміс теологы әрі гуманист ғалым Меланчтонмен (Melanchthon) қатар алғаш рет латын тілінде жарық көрген “Британия” атты кітаптың авторы В.Камден (William Camden – 1777-1855) де толық қуаттапты. Атал­ған дерек көздерін негізге ала отырып, британдық ғалым Шарон Турнер де ағыл­шындар мен саксон­дық­тардың арғы тегінің сақтардан тарайты­нына еш күмән келтірмейді. 1827 жылы жарияланған “Сақ па, парсы ма?” деген ғы­лыми мақаласында Шарон Турнер өз пайы­мының негізсіз емес екенінің бұлтартпай­тын дәлелі ретінде сақтардан тамыр алатын ағылшын-саксон және парсы тілдеріне ортақ 262 сөзді көлденең тар­тады. (Әлгі мақаланы қазақ тіліне ау­да­рып, оның бірнеше ақпарат көздерінде (“Еге­мен Қазақстан”, “Ана тілі” газеттерінде, “Ақиқат” журна­лын­да) жариялануына мүм­кіндік жасаған едім. Зер салған оқырман олармен танысып үлгерген де болар деген ойдамын).  Жоғарыда келтірілген дерек көздерін ескере отырып, осы арада және бір пайымға назар аударуды жөн санаймын. Ол мынау: ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегі сақтардан бастау алады деген тұжы­рым­ды тек ағылшын немесе саксондықтармен ғана шектеуге болмайды. Бұл пайымның Еуропа құрлығында орналасқан тілдері герман тобына кіретін өзге халықтардың, оның ішінде орталық Еуропадағы немістерге де, солтүстік Еуропадағы скандинавия­лықтар­ға да тікелей қатысы бар. Себебі, немістер де, скандинавиялық норвегтер де, шведтер де, даниялықтар да о баста ағыл­шын-сак­сон­дық­тармен генетикалық және линг­вис­тик­а­лық тұрғыдан туыстас әрі тамырлас халық­тар екені ешбір дәлелді керек етпейді. Сөзі­міз дәйекті болу үшін нақты бір-екі мысал келтірейік. 2010 жылы Нор­вегия астанасы Ослода өткен Еуропа­дағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының Парламент Ас­самблеясының жазғы сессия­сына қатысып, сол сессия аясында арнайы ұйымдас­ты­рыл­ған мәдени шаралар­ды көр­генбіз. Яғни, тарих әлемінде өзіндік орны бар жиһангер викингтердің бастапқы қал­пына келтірілген байырғы кемелері сақтал­ған музейді көру­дің сәті түсіп, сол кемелер туралы толық ақпарат беретін Арне Эмиль Кристиен­сен­нің кітабын (Guide to Viking Ship Museum) оқыған едім. Әлгі кітапта Норвегияның Берген қаласына жақын жердегі Осеберг елді мекенінің маңындағы қорғанда жүргізілген археологиялық жұ­мыс­тардың нәтижелері баяндалады. Мәсе­лен, Осеберг қорғанынан археологтар викинг кемесін және сол кемеге жерленген екі әйелдің мәйіттері мен он екі жылқының қаңқа сүйектерін, емен ағашы­нан жасалған төрт доңғалақты арба мен төрт шана, бедерлі оюлармен әшекейленген абдыра, үш тағанды темір мосы және соған іліп ас пісіретін шойын қазан, ағаш сапты темір пышақ, еменнен ойылған астаулар мен ожау­лар, қол диірмен, жұмсақ былғарыдан тігілген қысқа қонышты екі мәсі мен бұғы мүйіздерінен істелген тарақтарды қазып алады. Әлгі кітапта, сонымен қатар, 1880 жылы Норвегиядағы Сандар дейтін жерінің маңындағы “Гокстад” фермасының аума­ғын­да орналасқан үлкен қорған жайлы да археологиялық ақпарат бар. Әлгі қорған кейін “Король қорғаны” болып аталып кетеді. Себебі, қорғаннан викинг кемесі және сол кемеге жерленген жас шамасы 50 мен 70-тің арасындағы ер адамның мәйіті және кеме айналасынан Осеберг қорғанынан табылған дүниелерге ұқсас бұйымдармен қатар тағы да 12 жылқының қаңқалары та­бы­лады. Қазір бұл кеме де бастапқы қал­пына келтіріліп, Ослодағы викинг кем­е­лерінің музейінде сақтаулы тұр. Әлгі ақ­параттарды оқып отырып, еріксіз таңдан­дым. Себебі, Норвегия жерінде де сақ қорғандары бар екен ғой деген ой мазалай бастады. Өйткені, Осебергтен де, Гокстад қорғанынан да табылған артық-кемі жоқ тұп-тура он екі жылқы Ал­тайдағы Берел қорға­нын­дағы он үш жыл­­қыны бірден еске тү­сір­ді. Көзге ұрып тұрған әлгі ұқсастықтар кімді де болса ойлан­ды­ра­ры сөз­сіз. Өйт­кені, екі кемеден де табылған 12 жыл­қының қаңқасын әншейін кездей­соқ­тық деуге ау­зың бармайды. Бұл қалай сонда? Күллі Еуропа ке­ңісті­гінде мыңдап сана­ла­тын қорғандардың (олардың ішінде Скандинавия қорғандары да бар) әлгі геогра­фия­лық аймақтан мүлде шалғайда, тіпті ит арқасы қиянда жатқан скиф-сақ қорған­дары­мен, атап айтқанда алып Азияның кіндігі сана­латын Тува, Хакасия немесе Алтай қой­науындағы Берел, Пазырык, Башадар, Тұ­йық­ты немесе Жетісу өлкесіндегі Бес­шатыр, Алатау етегіндегі Есік қорғандары­мен сабақтас болғаны ма? Олай болса, Азия мен Еуропа қорған­дарының арасындағы ғажап ұқсастық осы мақаланың басында сөз болған ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегін сақтардан тарататын ғылыми бол­­жамдар мен тұжы­рым­дардың шындық­тан тіпті де алыс еместігін дәлелдеп тұрған жоқ па? Ендеше, қорғандардың тарихы жә­не олар­ды тұрғыз­ған байырғы халықтар­дың мә­д­ениеті мен олар сомдаған өркениет­ке те­­ре­­ңірек бойлап, бүкіл Еуразия аумағын­дағы және Тынық мұхиттың арғы жағын­дағы АҚШ кеңісті­гінде орналасқан қорған­дар­дың сабақтас­ты­ғы мен тамырластығын дәлел­дей­тін бұл­тартпайтын өзге дәлелдер іздеу қа­жеттігі қатты қызықтырды. Кезінде ба­йыр­ғы амери­ка­лықтардың (үндістердің) Миссисипи мәдениетіне тән Кахокия секілді 4000 жылдық тарихы бар алып қорған­дар­дың да Еуразия қорғандарымен тамырлас екенін оқырманға (Азия – Берингия – Америка ат­ты еңбекте) жеткізген болатынбыз. Енді, міне, осы тақырыпқа оралудың сәті қайта түсті. Қорғандар жайлы, оның ішінде скиф-сақ қорғандары жайлы жүргізілген зерттеулер жетіп артылады. Мәселен, Тамара Т. Райс­тың “Скифы: строители степных пирамид” деген кітабына қосымша ретінде берілген деректерден Кубань, Таман, Қырым, Днепр, Дон, Киев, Полтава, Волга, Орал, Ал­тай, Сол­түстік Моңғолия, Германия, Венгрия және Румыния жерлерінде орна­лас­қан қор­ғандар тобының, яғни қорған мәдениеті­нің б.з. бұрынғы жетінші ғасырда бастап, б.з. бұ­рынғы екінші ға­сыр­ға дейін жалғас­қан құ­бы­лыс екенін бай­қаймыз. Сосын қор­ған атау­лары да көп нәр­седен хабар береді. М­ә­селен, Кубань тобын­дағы: Карагоденашх, Келермес, Курджип, Уль, Уруп; Қырым то­бына кіретін: Ак-Мечет, Алтын-Оба, Дорт-Оба, Эль-Теген, Кара-Кият, Куль-Оба, Темир, Сальгир; Днепр то­бындағы: Башмак, Чер­томлык, Чмыр, Огюз; Полтава тобын­да­ғы: Акют; Волга тобын­дағы: Астрахань; Орал тобын­дағы: Биш-Оба; Алтай тобын­дағы: Басадар, Катанда, Курай, Пазырык, Шибэ, Туэкт; Солтүстік Моң­­ғолиядағы Нойн-Ула; Румыния­да­ғы Косьюрул-Маре, Сату-Маре Еуразия ке­ңіс­тігіндегі байыр­ғы скифтердің (бұл гректер берген атау) сактармен тамыр­лас екенінің айқын айғағы емес пе? Орыс ғалымы Ю.А.Шиловтың пікірінше, “қорған” деген ұғым байыр­ғы шумер­лердің “кур-ан” немесе “кур-галь” (“аспан тау” немесе “алып тау”) деген сөздерінен бас­тау алған. О баста қорған тұрғызу мәде­ниеті Қара теңіздің солтүстік өңірін­де б.з. бұрын­ғы 4000-2000 жылдар аралы­ғында араттар мен ари тайпаларынан бастау алып, дами бастағанын айта келіп, Ю.А. Шилов “Прародина ариев” (Киев, 1995) деген моно­гра­фиясында байырғы қор­ған­дардың о баста антропоморфтық жә­не астраль­дық белгі ретінде дүниеге келгенінен ақпарат береді. Әлемдік тұрғыдан қарағанда, қорғандар Австралия мен Антарктидадан басқа кон­ти­ненттердің бәрінде де кездесетін мәдени құ­былыс екені дәлелденіп отыр. Әдетте қор­ғандар қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін қазылған бейіттердің үстіне тұрғызы­лады немесе Жаратқанға жалбарынатын кие­лі орын ретінде тұрғызылған және олар­дың формалары да әртүрлі болып келеді. Сосын Еуразия кеңістігінде Батыс Еуропадан бастап, сонау Қиыр шығыста жатқан Жапония­ға дейін әр заманда тұрғызылған қорған­дар­дың бәрі дерлік көрініс тапқан. Алғашқы дала қорғандары б.з. дейінгі 4000 жыл бұрын энолит дәуірінде басталып, орта ғасырларға дейін жалғасқаны байқалады.Мәселен, арғы тегі литвалық америкалық ғалым Мария Гимбатустың “Қорған гипо­тезасы” деп ата­ла­тын зерттеу жұмысында алғашқы қорған­дар­ды үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін ха­лық­тар, олардың ішінде, әсі­ресе скифтер (Алтайдағы Пазырық қор­ғандары) мен скандинавиялықтар (Қара мола, Гнездов және байырғы Уппсала қорған­дары) тұрғыза бастаған деген дерек бар. Ресей жерінде де қорғандардың неше түрі, оның ішінде Еуропа аймағындағы үнді­еуропа­лық халықтар мен түркі халық­тарына тән ең биік қорғандар тобы кездеседі. Олар­дың аса көп шоғырланған жері – Хакасия. Ондағы ең әйгілісі Үлкен Салбык қор­ғаны. Оны 1739 жы­лы Г.Ф. Миллер ашып, С.В. Киселевтің жетекшілігімен қаз­ба жұмыс­тарын 1954-1956 жыл­дары Кеңес Ода­ғы Ғы­лым ака­демия­сының экспе­дициясы жүргізіпті. 1971-1974 жылдары Туваның солтүс­ті­гіндегі Уюк өзенінің бойындағы “Патшалар алқабы” атанып кеткен Аржан, Тарлык елді мекендерінде орналасқан скиф заманын қал­ған қорғандарда жүргізілген археоло­гиялық жұмыстардың нәтижесі де айтуға тұрарлық. Диаметрі 120 метр, биіктігі 3-4 метр болатын Аржан-1 қорғанынан археологтар бір бекзаданың және 16 адамның мәйіттері мен 160-қа жуық аттардың қаң­қаларын, алтын мен күмістен жасалған өте бағалы бұйымдар табады. 2001 жылы ар­хео­логтар Аржан-2 қорғанынан әлеумет­тік статусы биік ерлі-зайыпты екі адамның мәйітін және олардың қасынан таза алтын­нан жасалған 20 килограмға жуық бағалы бұйымдар, темірден жасалған қару-жарақ­тар, әскери сауыт-саймандар, киім-кешек және ыдыс-аяқ т.б. бұйымдарды табады. Солтүстік Американың байырғы халық­тары сомдаған алып қорғандардың да әлем­дік қорған мәдениетінен алатын орны ерекше. Олар екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа зооморфтық, яғни тотемдік қорғандар, ал екінші топқа кәдімгі төбе іспеттес қорған­дар жатады. Олар неғұрлым биік әрі көлемді болса, онда жерленген адамдардың әлеумет­тік статусы да соғұрлым жоғары болғаны байқалады. Мәселен, Американың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласы­ның маңын­дағы Какохия қорғандарының мәні ерекше. Олардың жалпы саны 120 болған. Қазір олардың 80-і сақталған. Британ аралдарында да қорғандар бар. Әсіресе төңкерілген табақ тәріздес қорған­дар жиі кездеседі. 1956 ж. Мария Гимбатус қорған гипо­те­за­сын ұсынған болатын. Оның негізгі ны­санасы археологиялық дерек көздерін лин­г­вистикалық деректермен ұштастыра оты­рып, үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін ха­лық­тардың байырғы отанын анықтау бол­ған. Бұл гипотезаны қолдаушылар қор­ған мәдениетін Қара теңіздің теріскей жағы мен Оңтүстік шығыс Еуропаны б.з.б. бесінші мыңжылдықтан үшінші мыңжылдыққа дейін мекендеген протоүндіеуропалық халық­тар­дан бастау алады деген көзқарасқа иек артады. Ал генетика тұрғысынан қорған мәдениеті, негізінен хромосомасы Ү R1a1 гаплотобына жататын Орта Азия, Батыс Азия, Үндістан және Шығыс Еуропадағы славян халықтарына тән, ал Батыс Еуропа халықтарында бұл генетикалық маркер өте сирек кездеседі екен. Керісінше, жаңағы ге­нетикалық маркер норвегтердің 23,6 пайы­зы­на тән болса, олармен туыстас швед­тер­дің 18,4 пайызына және алдыңғы екеуіне етене жақын болып келетін дания­лық­тардың да 16,5 пайызына тән көрінеді. Демек, ағылшын-саксондықтар мен сканди­на­виялықтардың арғы тегінің сақтардан бастау алатынын жоғарыдағы генетикалық фак­­торлар да нақты дәлелдеп тұрғаны күмән туғызбайды. Мұны ағылшын-саксондық Бри­­­тания мен скандинавиялық Норрвегия, Дания халықтарының тілдерінде де көзге ұрып тұрған лингвистикалық ұқсастық­тар­дан байқауға болады. Мәселен, түркі тілдеріндегі тіс, тіл, бел, белдік, елік, өгіз, сор (ащы), жер, сор (мұң), дала, абад деген сөз­дер мен тура сол ұғымдарды білдіретін ағылшын және скандинавия тілдеріндегі дәлме-дәл не­месе ауыспалы метонимиялық балама­лары ұқсас келеді. Салыстырып көрелік: ағылшын тілінде тіс – tooth (жекеше түрі), teeth (көпше түрі); тіл – tongue (бұл сөз бен қазақ тіліндегі таңдай деген сөздің түбірі бір); бел – belly; белдік- belt; елік – elk (бұ­лан); өгіз – ox; сор (ащы) – sour; жер – earth; сор (мұң) – sorrow; дала – dale; абад – an abode. Ал норвег/дат тілдеріндегі әлгі сөз­дердің баламалары төмендегідей: тіс – tann/tand (метонимиялық атау, себебі тіс таң­дай­мен жапсарлас); тіл – tunge/tunge (ме­то­ни­миялық атау, себебі тіл таңдаймен жапсарлас); белдік – belte/balte; елік- elg (бұ­лан); өгіз – okse/okse; сор (ащы) - sur; жер – jord/jord; сор (мұң) - sorge/sorg; дала – dal/dal. Бей-жай қалдырмайтын және бір линг­вистикалық фактор мынау: Норвег тілінде қазақ тілінің көптік жалғауына ұқсас: -r, - er деген көптік жалғаулар бар. Мысалы: uge (апта) - uger(апталар); mened (ай) - mene­der (айлар); Дат тілінде де зат есім­дердің 75 пайызына –r немесе -er көп­тік жалғау жалға­нады. Тек зат есім дауысты дыбысқа бітсе –r, ал дауыссыз дыбысқа бітсе –er жалғанады. Алдыңғы екі тілмен туыстас швед тілінде де көптік жалғауға қатысты осындай заңдылық байқалады. Демек, жоғарыда атап өтілген­дей, сақтар мен скифтердің ағылшын-сак­сондар мен скан­динавиялықтарға гене­тикалық тұр­ғы­дан бір табан жақын екендігі лингвис­ти­калық тұр­ғы­дан да айқын байқалады. Ендеше, сақтар мен скифтерді тілдері үндіеуропа тобына жататын парсы­лармен ғана туыс­тас­тыру шындыққа сәйкес келмейді. Жоғарыда келтірілген генетика­лық және лингвис­ти­калық дәйектер біздің тұжырымның негізсіз емес екенін тиянақ­тай түседі деген ойдамын. Дәл осы тұрғы­дан, яғни генетикалық және лин­гвис­ти­калық тұрғыдан зер салсақ, осыдан 40000 жыл бұрын Азиядан Амери­каға қо­ныс­танған байырғы америкалықтардың, яғни үн­ді­стердің де арғы тегі түркі өрке­ниетімен сабақтас екенін бұл күнде ғылым толық дә­лелдеп отыр. Демек, Солтүстік Аме­рика­дағы қорғандардың да о бастағы бастау бұлағы Еуразиядағы скифтер мен сақтардың қорған мәдениеттерімен тікелей сабақтас әрі та­мыр­лас деп батыл айтуға әбден болады. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.