28 Маусым, 2011

Бұл төрағалық та абыроймен атқарылады

438 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ислам Конференциясы Ұйымына Қазақстанның төрағалыққа кірісер қарсаңында Иордания Хашимиттік Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, доктор Слайман АРАБИЯТҚА жолығып, бірқатар сұрақтар қойған едік. – Елші мырза, ИКҰ-ның құрылуы туралы және оның негізгі мақсат­тары туралы өз көзқарасыңызды білдіруді өтінеміз. – Ислам Конференциясы Ұйымы­ның мақсаты адамзаттың барлық құ­қықтары мен бостандықтарын, соның ішінде Ислам құндылықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ, ол Ислам мемлекеттері арасындағы өзара туыстық, ынтымақтастық байланыстарды жақ­сар­туды көздейді. Мүше мемле­кет­тер­дің еркіндігі мен бостандығын сыйлай отырып, оның аумақтық тұтастығының сақталуын қолдайды. Ортақ мүдделерді қорғау үшін әлемдік саяси, экономи­ка­лық және әлеуметтік үдерістерге мүше мемлекеттердің белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Осы мақсаттарды іске асыру үшін Ұйымның 25 институты құрылған. Соның бірі – Ислам даму банкі бүгінгі таңда белсенді қызмет ат­қаруда. Оның аймақтық өкілдігі Алматы қаласында да ашылған. Банк Қазақ­стан­ның бірнеше маңызды жобаларын іске асыруға қатысты. Ұйымның Жарғысы бар, оның соң­ғы нұсқасы 2008 жылы Дакар қала­сында болған 11-ші саммитте бекітілді. Басқару құрылымдары туралы айтатын болсақ, ол біршама үлкен. Соның ішінде ең жоғары органы – Ислам саммиті. Ол мүше елдердің мемлекет басшы­лары­ның саммиті. Ол әрбір үш жылда мүше мемлекеттердің бірінің аумағында өткізіліп тұрады. Оның күн тәртібі мен оны өткізуге қажетті шаралардың бәрі Бас хатшылықпен бірлесе отырып, Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде талқыланып бекітіледі. Ал сыртқы істер министрлері кеңесі жылына бір рет өтіп тұрады. Биыл ол 28-30 маусымда Астана қаласында өтеді. – Ұйымның құрылуына Иордания Хашимиттік Корольдігі қаншалықты атсалысты? – Иордания Хашимиттік Корольдігі осы ұйымды құруға белсене қатысқан мемлекеттердің бірі болып табылады. Иерусалимнің батыс бөлігі 1967 жылға дейін Иордания мемлекетінің аумағына енетін еді. «Алтыкүндік соғыс» нәти­же­сінде ғана бұл жерлер Палестинаға қарайтын болды. Сондықтан да, Иордания Иерусалимдегі «әл-Ахса» мешітінің қалыпты жұмыс істеуіне қолдау жа­сай­ды. Бұл қасиетті мешіттен пайғам­ба­ры­мыз (с.ғ.с.) аспанға ұшқанын білесіздер. Оның қызметшілеріне күні бүгінге дейін еңбекақы Иордания тарапынан төленеді. 1969 жылы Израиль басып алған аумақ­тағы осы мешітті белгісіз біреулердің өртегенін де білесіздер. Соның өртенген минаретін Иордания дәл бұрынғы қалпына келтірді. Қазіргі короліміз ІІ Абдалланың әкесі, алғашқы короліміз Хусеин бен Талал марқұм өзінің Ан­глиядағы вилласын 8 млн. ағыл­шын фунт стерлингіне сатып, сол ақшаға «әл-Ахса» мешітінің күмбезін алтыннан жасатқан болатын. Иордания Ислам Конференциясы Ұйымының бар­лық шешімдерінің бұлжытпай орын­да­луы­на белсенді көмек көрсетеді. – Сіздіңше Ислам Конференциясы Ұй­ымының қаншалықты ықпалы бар? – Бұл Ұйымның ықпалы зор. Оның институттары ислам құндылықтары мен мүдделерінің сақталуына игі әсер етіп отыр. Және ол саяси, экономикалық, діни, мәдени бағыттардың бәрін де қам­тиды. Ислам Конференциясы Ұйымына енбейтін көптеген елдердегі мұсылман халықтары мүдделерінің аяққа басыл­мауына да ол қолдау жасайды. Бұл Ұйымның шешімдері мен ұсыныстары БҰҰ талаптарына сәйкес болғандықтан, оны барлық елдер де мойындап, олар­дың орындалуын қамтамасыз етеді. – ИКҰ болашақта бірлескен қор­ға­ныс сияқты іс-әрекеттер жасауы мүмкін бе? – Ұйымның Жарғысында әскери саладағы ынтымақтастық қарастырыл­ма­ған. ИКҰ-ны құру идеясы тек бей­бітсүйгіш мақсаттарды мұрат тұтқан. Сондықтан жақын болашақта әскери ба­ғыттағы ынтымақтастықтар жасау мүмкін емес. – Осы уақытқа дейін ИКҰ-ның атқарған істерінің ішінде қайсысын маңыздырақ деп атар едіңіз? – Ондай істер көп қой. Ұйымның қолға алған істерінің бәрі де маңызды деп айтуға болады. Саяси, экономи­ка­лық, діни, ақпараттық және басқа да то­лып жатқан өмірдің барлық бағыт­та­рын­дағы ынтымақтастық істері мүше елдерінің және басқа елдердің мұсыл­ман халықтары үшін маңызды рөл атқарып отыр. Мәселен, радиотарату және телевизиялық қызметтер ислам дінін насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп келеді. Сол қатарда сауданы дамытудың Ислам орталығы да ерекше еңбек етуде. – ИКҰ-ның бір мақсаты – Палес­ти­наны азат ету ұйымын қолдау екен. Осы мақсатты орындау үшін қандай шаралар ұйымдастырылады? – Палестина Ұйымның мүшесі бо­лып табылады және оның халқы то­лы­ғы­мен мұсылман бауырлар. Сондықтан да Палестина мәселесі тек сол елдің ғана емес, жалпы мұсылман елдерінің проблемасы болып табылады. Оның үстіне оның аумағында Исламның қа­сиет­ті орындары бар, соның ішінде мен жоғарыда айтқан «әл-Ахса» мешіті де бар. Сондықтан да олардың мүддесін қорғау, басып алған жерлерін бейбіт шаралармен азат ету сияқты істерін ИКҰ қол­дайды және оның орындалуына бү­кіл әлемнің назарын аударып, ықпал ету­ге тырысады. Осы мақсатпен жыл сай­ын әлемдік жиындар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Сон­дай-ақ гуманитарлық көмек көрсету ту­ра­лы мәселелер де талқыланып отырады. – Иордания Хашимиттік Корольдігі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын білеміз. ИКҰ-ға Қазақстанның төраға болуына Иордания тарапы қалай қарады? – Иордания Қазақстанмен бауырлас, туыс ел деп айта аламын. Біз Қазақ­станның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтан тұтамыз. Қазақстанның Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтас­тық ұйымына төрағалық еткеніне және оны абыроймен атқарып шық­қа­нына біз де қуандық. Желтоқсан айында Ұйым Саммитін өткізіп, «Астана дек­ларациясының» қабылдануы да үлкен жұмыс. Бұл кез келген елдің қолынан келе бермейтін жетістік. Осындай әлем­дік деңгейдегі табысты істерге Қазақ­стан өз басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың саяси кемеңгерлігінің арқасында қол жеткізіп отыр. Оның жеке беделі әлемдік аренада танылды. Қазақстанның бейбітсүйгіш, ашық сыртқы саясаты оған әлем елдерінің құрметпен қарауына мүмкіншілік тудыруда. ЕҚЫҰ төраға­лы­ғын атқарып жүргенде, Қазақстан өңір­лік бейбітшіліктің сақталуына да ықпал ететін күрделі істерді жүзеге асырды. Соның ішінде Ауғанстан, Қырғызстан мәселелеріне батыл араласып, ондағы тұрақтылықтың орнауына біршама ық­пал еткенін ауыз толтырып айтуға болады. Халықаралық істерде осындай жетістіктерге қол жеткізген Қазақстан ИКҰ-дағы төрағалығын да нәтижелі істермен атқара алатынынан үміттіміз. Оған Қазақстанның тәжірибесі жетеді. Иордания бауырлас ел ретінде Қазақ­станның ИКҰ-ға төрағалық ету ниетін алғашқы күннен қызу қолдаған елдердің бірі және оны абыроймен атқарып шығуына тілектес мемлекет. – Иордания Хашимиттік Корольдігі Қазақстан басшысы Н.­Ә.На­зар­баевтың әлемдік тұрақтылық пен бей­бітшілікті сақтау мақсатында көте­ріп жүрген бастамаларына қалай қарайды? – Қазақстанның ондай бастама­ларына Иордания әрқашан қолдау көр­сетеді және оның іске асуына өз та­ра­пы­нан ықпал етуге тырысады. Н.Назар­баев­тың ядролық қарудан бас тарту, Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялау, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу және т.б. бастамаларын Иордания жақсы біледі және оларды нық сеніммен дұрыс шаралар екенін айтып келеді. Осындай бастамалардың өзі Қазақстанға деген құрметті оятады. Н.Назарбаевтың бей­бітсүйгіш саясатына Иордания ғана емес, барлық Ислам әлемі ризашы­лықпен қарайды деп айта аламын. – Иордания мен Қазақстан ынты­мақтастығының даму перспективала­ры туралы да айта кетсеңіз. – Біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастығымыз жыл өткен сайын нығайып келе жатыр. Оған біздің мем­ле­кеттеріміздің басшылары ІІ Абдалла бен Хусеин мен Нұрсұлтан На­зарбаевтың жеке сыйластығы мен достығы игі ық­па­лын тигізіп отыр. Соңғы жылдары елдер арасындағы сапарлар жиілігі бұрын­ғыдан да арта түсті. Әрбір сапардың ар­тын­да екі елдің байланысын арттыра түсірер шаралар жасалуда. Мен біздің елдеріміздің арасын­дағы байланыстар осы бағытпен нығая түсер деген үміт­темін және соған қыз­мет етіп жатырмыз. Былтыр Иордания­ның астанасы – Амман қаласында бір көшеге Н.Назар­баевтың есімі берілді. Бұл да Қазақстан Президентіне деген Иордания халқының үлкен құрметінің белгісі. Иордания мен Қазақстан екіжақты қарым-қатынастар ғана емес, халықаралық ұйымдар шең­берінде де бір-бірін қолдауға бағыт­талған тығыз байланыстар орнатқан. Бұл саладағы ынтымақтастықтар да даму үстінде. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ. Суретті түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.