Жұртшылықтың сахна өнеріне деген іңкәрлігін суытпау театр ұжымы үшін ең басты мақсат. Сондықтан да театр мен көрермен арасында тығыз байланыс орнату мақсатында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры жаңа туындылардың бірінен кейін бірін жұртшылық назарына ұсынуды соңғы кезеңде әдетке айналдырды десек те болады. Бір есептен өйтпеске қақысы да жоқ сияқты. Бұлай дейтініміз, өнердің мүйізі қарағайдай корифейлері мен театр сыншыларының пікіріне сүйенсек, бүгінде еліміздегі мықты режиссерлер осы театрда еңбек ететін көрінеді. Біздіңше, мұның өзі де заңдылық сияқты. Өйткені, өнердің айтулы тұлғаларының да шығармашылық тағдырын бүгінде Астанамен жымдастыра өруінің маңызы зор десек, ұдайы ізденісте жүретін мықты режиссерлердің бірі, тіпті бірегейі Болат Ұзақов қойған туындыларды жұртшылықтың қалт жібермейтінін, сахнаға шыққан бетте оны арнайы барып көретінін естіп те, байқап та жүрміз. Әрине, шығармашылық адамы үшін бұл ең үлкен бақыт қой. Алайда, ондай бақыттың оп-оңай басыңа қона салмасы да белгілі. Өйткені, ондай бақытқа тынымсыз еңбектің, ұдайы ізденістің нәтижесінде ғана жетуге болады.
Біз жоғарыда Болат қойған туындыларды Астана жұртшылығының қашанда күтіп жүретінін жәй көңіл аулау үшін айтып отырғанымыз жоқ. Сол театр көрермендері айтқан пікірлерді ғана тілге тиек етіп отырмыз. Міне, бұл жолы да тағы бір тың туындыны Болат Ұзақовтың сахнаға шығарғанын, оның қаны тамып тұрған бүгінгі күннің проблемасы екенін де көрермен қауымнан, газет оқырмандарынан естігенбіз.
Жақсыны көрмекке деген, Болат Ұзақов сахналаған Еркін Жуасбектің «Антивирус» комедиясына, сөйтіп, біз де барғанбыз.
Бастапқыда спектакльдің «Антивирус» деген атына қарап, адам денсаулығына қатысты дүние болар деген ойға келгенбіз. Алайда, бұл жеке адамның тән саулығынан гөрі, қоғамның жан саулығын қаузайтын дүние болып шықты. Дегенмен, бастапқы ойымыз мүлдем негізсіз деуге де келмейтін сияқты. Өйткені, қоғам да жанды ағза ғой. Әдетте, бастың ауырып, балтырдың сыздауы өзінен өзі туындай салмайды. Демек, бұл адам ағзасында вирустың көбейіп, ауруды қоздырып тұрғанын көрсетеді. Егер сол вирусқа қарсы дәрі егіп, ағзаны емдемесе, оның түбі кесапатты кеселге айналмақ. Тіпті, адам өміріне үлкен қауіп төндіруі де әбден мүмкін. Қоғам өміріне де қатысты осыны айтуға болады.
Спектакльдегі оқиға өзіміз күнде көріп жүрген техникалық қызмет көрсету орталығында өрбиді. Бүгінде темір тұлпар кез келген адамның тақымында жүргені өзімізге аян. Сондықтан да, бұл орталыққа бас сұқпайтын адам кемде-кем. Жігіт-желең де, қыз-қырқын да осында. Егер бажайлап қарасаңыз, осындай орталықтарда (жалпы қызмет көрсету саласының қай түрінде болсын) іші-бауырыңызға кіріп, майлы қасықтай жылпылдап тұрғандардың негізінен келімсектер екенін аңғару қиын емес. Олар сізге «Кезек күтіңіз. Ертең келіңіз» демейді. Ақшасын берсеңіз, лыпыл қағып, лезде қызмет көрсетеді. Көлігіңізді жуып та, жөндеп те береді. Ал біздің қазекең осындай жүзіктің көзінен өткендей қызметкер жалдап, соларға бастық болып, қоқиланғанына мәз. Иә, олар ар жағына ой жүгіртіп, бас қатырып жатқан жоқ. Ал келімсектердің әрқайсысының өз арманы бар. Олар қайтсе де қазақтың қалтасын қағып, мол ақша тапқысы келеді. Оның бірі жер сатып алып, алып ғимарат тұрғызып, айналасына ағайын-туғанын жинап, бүгінгі бастық болып шертиіп жүргендерді малай орнына ұстауды көздейді. Спектакльдегі Равшан (Дастан Әлімов, Жәнібек Мұсаев) соның бірі. Сырттай елгезек, елге жұғымды көрінгенімен, оның ішінде әлгіндей жымысқы ой тұнып жатыр. Тіпті онысын жасырмайды да. Жалпы, сырттан келіп, қазақ жерінен нәпақасын айырып жүргендердің қай-қайсысы да осындай әртүрлі ойдың жетегінде жүргендер. Олардың бірінің туған жерінде жүздеген гектар жері, оншақты дүкен, ресторандары бар. Бірақ, оны місе тұтып жүрген олар жоқ. Өздері жұмыс істеуге қырсыздау халықтың есебінен байып жатуға мүмкіндік бар болса, оны қалай құр жіберуге болады?! Сондықтан олар қазақ жеріне келіп, ақша тауып жүр. Мейлі, бүгінгі бастықтар әзірге бізге қожайын бола тұрсын. Әуселесін кейін көреді. Шаруасы шатқаяқтап шыға келгенде, менің қол астыма келіп малай болады, деген ойды да Нафиса (Нұрзада Ташимова, Майра Омар), Фатима (Бақыт Жұмағұлова, Зибагүл Карина), Зульфия (Айман Аймағамбет, Гүлбаршын Қылышбай), Гүльчетай (Айнұр Бермұхамбетова, Айнұр Жетпісбаева) қосыла орындаған би қимылдары айқын аңғартып, буын-буыныңды қуалап бара жатады. Ал біздің ағайындар болса, бар шаруаны келімсектерге жүктеп, өздері сыра ішіп, карта ойнағандарына мәз. Тіпті, олай етпесіне де келімсектердің ырық беретін түрі жоқ. Дәмді тағамын алдына тосып, шыбынын қорып, әлдилеп ұйықтатуға да даяр. Ал өздері болса еш бейнеттен қашпайды. Шаршадыңдар ғой, бір мезгіл дем алыңдар деген сөзді мүлдем естігісі де келмейді. Өйткені, олар уақыттың ақша, табыс екенін жақсы біледі.
Мұндай жағдайда не істеген жөн? Ушығып тұрған жараны бүгін емдемесең, оның іріңі бүкіл денеңе жайылады. Демек, вирусты емдеу үшін антивирус керек. Режиссер бұл шешімді қазақ әйелдерінің иығына жүктепті. Бұл да жәйдан-жәй туа салған шешім емес. Олай дейтініміз, қазақ деген халықтың бүгінгі күнге аман-есен жетуі – ең алдымен, қазақ әйелінің арқасы десек, бұл артық айтқандық емес. Олар бейбіт кезеңде бала туып, ұрпақ көбейтсе, ел басына күн туған сәттерде де қарап отырмады. Қолына қару алып, ерлермен бірге жаудан елді қорғады. Тіпті, күні кешегі өтпелі кезеңде, ер азаматтар абдырап қалғанда, ала қапты арқалап, ұлтымызды сол кезеңдегі тығырықтан аман-есен алып шыққан да сол қазақ әйелі болатын. Ал ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік таңын жақындатуға да біздің қыз-келіншектеріміздің қосқан үлесі бір төбе деуге болады. Бұл орайда, сонау Желтоқсан көтерілісінде өрімдей қыздарымыздың басын бәйгеге тігіп алаңға шыққаны, жігіттерге жігер беріп, өктем күшке қарсы ерекше қайрат көрсеткені өзімізге белгілі. Ендеше, режиссердің қазақ әйелінің бойындағы табандылыққа, ұлтжандылыққа, әріден ойлайтын байыптылыққа сенім артуы әбден орынды деп білеміз.
Сахналық туындыдағы қазақ әйелдері Жамал (Жұмагүл Мейрамова, Түймехан Атымтаева), Сәуле (Гауһар Жүсіпова, Таңсұлу Мұзаппарова), Жанна (Сая Тоқманғалиева, Айнұр Жүгінісова) ойынды одан әрі ширатып әкетуі сол сенімді ақтаса деген ел арманы сияқты елес береді. Иә, әшейінде жан әлем жадағайлау жігіттерді көзге ілгісі келмейтін қыздар көпті көрген Жамал апаларының ақыл-кеңесіне жүгінеді. Алдарында қырық құбылып, еркектердің көңілін жаулап алған келімсек әйелдерден оларды бүгін арашалап алмаса, ертең кеш болатынын жан-тәнімен сезіне отырып, қыздар да қарсы айла-әрекетке барады. Сөйтіп, әрең дегенде ер-азаматтардың бетін бері бұрады. Келімсек келіншектердің емексіткеніне елігіп жүрген Асан (Тілектес Мейрамов, Ерлан Малаев), Самат (Жасұлан Ерболат, Шахмұрат Ордабаев), Марат (Қасымхан Бұғыбай, Қуандық Қыстықбаев) сынды ер-азаматтар есін жиып, екі тізгін, бір шылбырды жинап алады. Бұдан кейін қазақты тегін жатқан батпан құйрық көріп жүргендер тайраңдаудан тыйылып, бет-бетіне қаша бастайды. Жұрттың қалтасын қаққан сайын: қазағым аман болсын, оның арқасынан қақсам, менің де қалтам толады. Бір теңгені мың теңге, мың теңгені миллион, миллионды миллиард етем деп әндете билеп жүрген Равшанның да зәре құты қалмайды. «Ау, бір амалын тапсаңызшы. Бұлардың бетін қайтадан өзімізге бұрайық та» деген өзі сияқты келімсектерге ол екі көзі алақ-жұлақ етіп, қазақтың еркектерін өз дегеніңе көндіруге болады-ау, ал бұлардың әйелдері қиын деп зытып бара жатуы, біраз жәйтті аңғартып тұрғандай...
Міне, осылайша бүгінгі қоғам тынысындағы олқылықтарды сахна арқылы көрсете отырып, көрерменге ой салуды көздеген спектакль өзінің діттеген мүддесінен шыққан. Және осының бәрін әртістер күлкіге бөлей отырып жеткізеді. Тіпті, мұнда бөле-жара айтатын бас кейіпкер жоқ десе де болады. Өйткені, оқиға бір адамның айналасында ғана өрбімейді. Барлық кейіпкерлерді тең деңгейде қатыстыра отырып, мәселенің мәнін ашады. Ондағы мақсат – қоғам тынысындағы кеселді кінәрат бәрімізге қатысты екенін меңзеу сияқты.
Әрине, бұл сахналық қойылымды біз мінсіз дүние деуден аулақпыз. Әлі де қайта қарап, әрлей түсетін, қырлай түсетін тұстары баршылық. Солардың қайсыбіріне тоқтала кетсек, осы сахналық туындыда ойнайтын әртістердің әрқайсысы өз кейіпкерінің болмыс-бітімін ашудағы ізденісін әлі де болса ширата түскені оң болар еді. Бұл ескертуді, әсіресе, спектакль басталар тұста Равшанның әндете жүріп билейтін тұсына қатысты айтуға болады. Өйткені, спектакльді ә дегеннен жандандырып, көрермен көңілін бірден өзіне тартып әкететін де осы тұс қой. Өкінішке орай, бұл көрініс солғындау шыққан. Сондықтан да оны ширата түсу өз-өзінен сұранып тұрған мәселе. Бұл ойды келімсек әйелдер биіне байланысты да айтуға болады. Олай дейтініміз, бұл әйелдердің қимылында да лыпылдаған ширақтық, жымысқы ойнақылық жетіспей жатқандай. Әрі ритмге ілесе алмаған шашыраңқы қимыл да көзге ұрып тұр.
Әрине, айта берсе, мұндай кемшілік аз емес. Алайда, біз көш түзелетін мұндай жәйттерді бұдан әрі тізбелеуді жөн көрмедік. Ең бастысы, спектакль жұртқа атан түйеге артсаң, белі қайысатын ой арқалатып жібереді. Және әдеттегідей жан әлеміңді езіп, жүйкеге ауыр салмақ салмай-ақ, сол ойды күлкі арқылы көрермен жүрегіне жеткізе біледі. Сөз жоқ, бұл режиссердің де, пьеса авторының да зор табысы.
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, Астана.