Кеше Тәуелсіздік сарайында Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өз жұмысын бастады. Оған 1,6 млрд. халқы бар Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америкадағы мұсылман мемлекеттерінің 56 елінен 1200-ге жуық делегат, бақылаушы жеті елден, әлемдік беделге ие басқа да халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысты. Сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөз сөйледі.
Жұмыр жердің төрт құрлығында 57 мүше мемлекеті бар, әлемдегі ең ірі үкіметаралық аймақтық ұйымдардың бірі Ислам Конференциясы Ұйымына 1995 жылы мүшелікке енген Қазақстан мұсылман әлемінде болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық үдерістерге белсенді араласуды өзінің сыртқы саясатындағы маңызды векторының бірі ретінде қарастырып келеді. Сондықтан да Қазақстан ИКҰ-дағы төрағалығы тұсында «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» деген тек ислам әлеміне ғана емес, әлемді жасампаздыққа жұмылдыратын ұранды ұстанатынын мәлім еткен. БҰҰ-дан кейін мүшелерінің саны жағынан екінші орындағы осы халықаралық ұйымның төрағалық тізгіні былтырғы жылы Тәжікстанда болса, ал биыл оның басшылығына біздің еліміз келіп отыр. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ИКҰ-ға төрағалықты қабылдап алатын Ұйымның 38-ші сессиясының Тәуелсіздік сарайында өткізілуінде де символикалық мән жатқандай.
Жиын қасиетті Құран Кәрімнің құдіретті үнімен ашылды. Астана қаласы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев бауырымыз қоңыр даусымен құранды мақамдап жеткізгенде, барша мұсылман мүддесі бір арнаға тоғысып, ислам рухы биіктеген. Мұнан кейін Тәжікстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Низомиддин Зохидов Ислам Конференциясы Ұйымының гүлденуіне үлесін қосып жүрген ұйымға мүше мемлекеттерге алғыс білдіретінін, гуманитарлық, саяси және экономикалық салалардағы қарарлардың қабылдануы ислам әлемінің одан әрі қарай дамуына барынша септігін тигізетінін айта келіп, сессияға қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларын, аймақтар бойынша сөз сөйлейтін баяндамашыларды таныстырып өткеннен кейін, өздерінің өкілеттік мерзімінің аяқталғанын мәлімдеді. Ислам Конференциясы Ұйымының құрылғанына 40 жыл толса, осы жылдар аралығында ұйым көп жұмыс атқарды. Мұсылман әлемінің дамуы үшін ағымдағы атқарылатын істерге қоса, бүгінгі әлемде орын алып отырған түрлі экономикалық, қаржы дағдарысына қарсы және де исламофобияға қарсы бірқатар жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Бүгінгі Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Орталық Азия мен Қазақстанның дамуына айтарлықтай септігін тигізеріне сенім мол. Барлығымыз күшімізді біріктіре отырып, алға қойған мақсаттарға жетеміз деп ойлаймыз. Ал осы ұйым құрылғалы бері дәл бүгінгідей кең ауқымды бас қосу алғаш рет өтіп отыр. Біз өз төрағалығымыз тұсында Алла тағаладан мұсылман әлемінің дамып, өркендеуін тілейміз, дей келе, төрағалық тізгінін Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановқа тапсырды.
Министр сессияға қатысушы қонақтарға алғыс білдірді. Биылғы жыл Қазақстан үшін саяси оқиғаларға толы жыл болды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі осынау тарихи оқиғамен тұспа-тұс келіп отырғанын айтқан министр Африка, араб және Азия елдері тобының өкілдеріне сөз беруді жөн көріп отырғанын мәлімдеп, алғашқы сөзді Малайзияның Сыртқы істер министрі Дато Сри Анифа Аманға берді.
Қонақ ұйым төрағасының атына, делегация мүшелеріне ризашылығын білдіре келіп, «Бүгінгі сессияда біздің делегацияға үлкен құрмет көрсетіп, сөз беріп отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Мұндай халықаралық ұйымның мінбесінен сөз сөйлеу елге, сол елдің өкіліне көрсетілген зор құрмет деп білемін» деді. Қазақстанды ұйымға төрағалық етуімен құттықтай келе, осы отырысты өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Делегация мүшелері Қазақ елі тарапынан көрсетіліп жатқан қонақжайлық дәстүрлерге ризашылықтарын жеткізді. Ислам Конференциясы Ұйымының қазіргі әлемдік саясатта атқаратын өзіндік рөлі бар. Және Сыртқы істер министрлері кеңесінің өткен жылғы төрағасына да және Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысының қызметіне де ризашылығымызды білдіреміз. Э.Ихсаноғлыға ұйымның беделін көтерудегі еңбегін айрықша атап өткіміз келеді. Бүгінгі әлемдегі жағдайлар мен оқиғалар біздің және басқа да халықаралық ұйымдардың рөліне басқаша көзбен қарауды талап етеді. Ислам Конференциясы Ұйымы әлемде болып жатқан оқиғалардың барлығына белсенді түрде араласып отыруы қажет деп ойлаймын. Және олардың әрқайсысының шешілу жолдарына қатысты өз ұсыныстарымызды да білдіріп отыруымыз керек. Жалпы әлемдік деңгейдегі мұндай шақыруларға ислам әлемі қашанда дайын болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл ретте менің отаным да өз үлесін қосуға қашанда даяр деп аяқтады сөзін малайзиялық мейман.
Келесі кезекте төраға сөзді Оман Сұлтанатының Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Юсуф бен Алауи бен Абдаллаға берді. Ол тек өз елінің атынан ғана емес, бүкіл араб әлемі атынан сөз алғанын айтты. Біз Астана қаласының сұлулығына тәнті болдық. Қазақстанда болғанымызға өте қуаныштымыз. Мұндағы ғажайып сәулет ескерткіштерінің әрқайсысында Президенттің қолтаңбасы мен идеясы жатқанына қанық болдық. Мұндай басшысы бар елге ұйым төрағалығының тізгіні тиген уақытта ИКҰ жетістіктерге жете беретініне иманымыз кәміл. Және бүгінгі конференцияның да жемісті боларына сеніміміз мол. Оман Сұлтанаты ұйым жұмысына өз үлесін қоса беретін болады, деді Абдалла.
Мұнан соң модератор қара құрлық өкілі, габондық әріптесі Франкофонии Рафаэль Нгазуз мырзаға сөз берді. Біз бүгін әсем шаһарда жиналып отырғанымызды құрмет тұтамыз. Мен Африка елдерінің атынан осы конференцияның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, ризашылығымызды жеткізсек деймін. Және өз елімнің Президенті атынан Қазақстанға алғыс жеткізуді мәртебе санаймын. Сіздердің елдеріңіз жасап жатқан жұмыстарға біздің басшымыз өте жоғары баға береді. Және Қазақстанның ұйым жұмысына серпін берерлік әрекеттерін толық құптайды. Бүгінгі іс-шара барысында көптеген мәселелер талқыланады. Барлық ислам әлемі өңірлерінің көкейкесті мәселелері көтеріледі. Алдымызда тұрған күрмеуі қиын мәселелерді бірлесе шешуде ары қарайғы ынтымақтастықты жалғастыру үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасай береміз. Мұсылман уммасы үшін осы алға қойған міндеттерді орындау үлкен төзімділікті, білімді қажет етеді. Африка елдерін дамыту жөнінде қабылдаған ұйым бағдарламасына алғысымды білдіремін. Алда әлі де шешілмеген көп мәселе бар. Соған байланысты біз сол мемлекеттерді, олардың үкіметтерін осы бағытта жүйелі жұмыс істеуге шақырамыз. Ұйым отырыс шеңберінде үлкен жетістіктерге қол жеткізе береді деп ойлаймын. Мұндағы қабылданған шешімдер конференцияға қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты жетілдіре түседі деген ниеттемін. Сахара өңірінің ұйымға қатысушы елдері осы отырыс барысында қабылданатын шешімдердің келешекте зор рөлі болуын қалайды деді габондық министр.
Сенегал Республикасының арнайы елшісі Абдоу Фалл Сенегал Президентінің ұйымға жолдаған құттықтау сөзін жеткізді. Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен құрмет деп білемін. Қазақстанның қонақжайлығына алғысымды айтамын. Алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін осы залға бір кісідей жиналып отырған ұйым мүшелеріне де алғыс айтқым келеді. Біз өз жұмысымызды әрі қарай жаңа мақсаттарға құруымыз керек. Болашақта алдымыздан шығатын жаңа дағдарыстардың алдын алу және оларға қарсы тұрып, тойтарыс беруде бірлесе қимылдағанымыз жөн. Жалпы, қай кезде де күрделі мәселелерді шешуде бірлесе қимылдаған маңызды. Енді, мен шешілмеген мәселелерге тоқталсам деймін. Мәселен, Палестинаға байланысты жасалынып жатқан жұмыстар, коалициялық үкімет құру жөніндегі мәселені айтқым келеді. Бұл елдің халқы қабылданған шешімдерге үлкен үмітпен қарауда.
Олар Израиль мен Палестина арасындағы шиеленіс әділ шешіледі деп үміт артады. Біз өзімізбен ұжым шеңберінде әріптес елдермен ынтымақтастықты тереңдетуге әрдайым бейілдіміз. Біздің құрлықтағы әріптестерімізді қолдау мақсатында Президентіміз қаржы ресурстарын бөліп отыр. Ол білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік халыққа қажетті салаларға жұмсалмақ. Ал инвестициялық қаржының молаюы түрлі қиыншылықтарға тап болған елдерге таптырмас қолдау. Және біз жаңа технологиямен, озық тәжірибемен алмасуды басты ұстанымның бірі ретінде қарастырып, және оған жан-жақты қолдау көрсетеміз. Ал ол өз мәнінде әлеуеттің жоғарылауына қуатты әсерін тигізеді. 2011 жылдың маусымынан 2012 жылға дейін қаржы бөлеміз, бұл қаржының қолдауымен өткізілетін басты шаралар исламофобияны еңсеруге жұмсалатын болады. Сондай-ақ ислам емес мемлекеттердегі мұсылмандықтан шошудан арылтуға, түптеп келгенде, мұсылман әлемінің игілігі үшін қызмет еткіміз келеді. Біздің бәрімізді ислам діні ортақтастырып отыр. Ал исламофобиямен күресте біз бірізділік танытып, ортақ үдеден шығуға тиіспіз. Алла тағала біздің осы міндетіміздің орындалуына жеткізгей деп ойын тиянақтады ол.
Баяндамашылардың ұсыныс-пікірлеріне алғысын жеткізген Ержан Хозеұлы делегация басшыларын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге естелік ұжымдық суретке түсуге шақырды. Осы рәсімнен кейін сөз Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Э.Ихсаноғлыға тиді.
Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы
Экмеледдин Ихсаноғлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, делегация басшыларына, министрлерге қарата айтқан сөзінде өзінің Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысу құрметіне ие болғанына алғысын жеткізді. «ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі 38-ші сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеу – үлкен мәртебе. Бұл конференция қазіргі заманға сай әрі әдемі қала – Астанада ұйымдастырылып отыр. Мен осы орайда, Қазақстан Үкіметі мен Қазақстан халқын ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, қонақжайлығы үшін ризашылығымды білдіремін. Халықаралық сахнадағы өзінің салиқалы саясаты арқасында Қазақстан өзінің мұсылмандық болмысын сақтап қана қоймай, жаңару жолына бет алды. Бұл – қазіргідей күрделі кезеңде Қазақстанның мұсылман өркениетінде көшбасшылық тізгінді қолына алуға дайын екендігінің бір көрінісі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының негізінде бұған қол жеткізуге болады деп ойлаймын», деді Э.Ихсаноғлы.
Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы өзінің баяндамасында ұйым Қазақстанның күш-жігері негізінде бірқатар ауқымды жұмыстарды атқарғанын атап өтті. «ИКҰ үлкен жолды артқа қалдырды. Оның ықпал-әсері тек ұйымға мүше елдерге ғана емес, халықаралық сахнаға да сезілді. Өңірлік және халықаралық дәрежедегі көптеген маңызды құрылымдар біздің Ұйымға қызығушылық танытып, ынтымақтастық байланыс орнату ниетін білдіріп отыр. Ұйымның Жарғысында көзделген міндеттер мен 2005 жылы Саммитте қабылданған шешімдер негізінде біз ИКҰ-ның беделін жандандырып, оның маңызын одан әрі арттыруға мүмкіндік алдық. Мен мынаны сеніммен айта аламын: Қазіргі таңда ИКҰ халықаралық сахнадағы өзінің орнын мықтап белгілеп қана қоймай, халықаралық ұйымдармен бірлесе, көптеген ауқымды шаруалар атқарып келеді», деді Ұйымның Бас хатшысы.
Экмеледдин Ихсаноғлы сессия барысында халықаралық климат шеңберіне сәйкес, мұсылмандық Уммаға қатысты бірқатар ескертулеріне тоқталып өтті. «Бүгінде мұсылман әлемі өзінің тұрақтылығы мен дамуына, гүлденуіне кері әсер ететін күрделі жағдайлармен бетпе-бет келіп отыр. Өкінішке қарай, біздің Умманың кейбір бөлшектері әлі күнге дейін ішкі тұрақтылық пен ынтымақтастыққа айтарлықтай зәру. Бұл аумалы-төкпелі мерзімдегі қиындықтарды жеңу үшін ауадай қажет. Мұсылман әлемі өзінің тарихын айқындайтын кезеңді басынан өткеруде. Ал ол біздің халықтардың мақсат-мүддесін көздейтін іс-шаралар үдерісін жеделдету қажеттігін тағы бір нықтай түседі. Олар құқықтық тәртіп, адам құқығы, ұлттық үнқатысуды қамтамасыз ету аясында жүзеге асырылуы тиіс. ИКҰ-ның Жарғысы және 10 жылдық мерзімдегі іс-қимыл бағдарламасы біркелкілік және жаңару қағидаттарын басшылыққа алып келеді. Бұл екі құжат та мұсылман әлемі алдында тұрған өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ететін ең бір оңтайлы іс-шаралар негізінде әзірленген. Осы бір мүмкіндікті пайдалана отырып, мұсылман елдерінен Ұйымның 10 жылдық іс-қимыл бағдарламасына тағы да сүйеніп, оларды жүзеге асыруды жеделдету қажеттігіне баса назар аударғым келеді. Жақында Солтүстік Африкада орын алған оқиғаға сүйене отырып, мен Тунис пен Египеттегі ішкі халықаралық төңкерістің әсерінен орын алған демократиялық өзгерістерге тоқталғым келеді. Таяу күндері осы елдерге жасаған сапар нәтижесіне сәйкес, бұл өзгерістердің болашақта құқықтық тәртіп пен демократияны, экономикалық дамуды нығайта түседі деп сенім білдіргім келеді. Ливиядағы дағдарысты да белгілі бір дәрежеде шешуіміз қажет. Біз Ливия халқының құқықтық тәртіпті орнықтыру тұрғысындағы заңы және талаптарымен келісеміз әрі мойындаймыз. Өткен аптада жоғары деңгейдегі делегация өкілдерін осы елге жіберіп, азаматтардың арасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатып, керісінше гуманитарлық көмекке мүмкіндік беру қажеттігіне шақырдым. ИКҰ Сирияның кейбір қалаларында орын алып жатқан бейберекетсіздік пен тәртіпсіздікті үреймен әрі қорқынышпен бақылап отырады. Біз бұл елді ұлттық үнқатысуға, сондай-ақ зорлық-зомбылықты, халық пен тәртіп сақшылары арасындағы қақтығыстарды тоқтату мақсатында Сирияның үкіметі жариялаған реформаларды жүзеге асыруды жеделдетуге шақырамыз. Ал Йеменде орын алған оқиғалар ішкі дағдарысты ұлттық үнқатысу арқылы шешіп, қауіпсіздікті сақтау мен биліктің бейбіт жолмен мемлекетке өтуін қамтамасыз ету қажеттігін тағы бір дәлелдеп берді. Біз Бахрейндегі ұлттық консенсусқа қол жеткізу үшін қажетті бүкіләлемдік, ұлттық үнқатысуды қолдаймыз. Осы орайда, Бахрейн тарапына ашық үнқатысудың маңыздылығы жөнінде тағы да айта келе, бұл өз кезегінде осы елдің жоғары мүддесін көздейтінін жеткізгім келеді», деді Э. Ихсаноғлы.
Келелі жиын кезінде осындай бірқатар мұсылман елдеріндегі қалыптасқан күрделі жағдайлар жайына тоқталған Ұйым Бас хатшысы Палестина елінде орын алған оқиғаларды да назардан шығармады. «Палестинадағы оқиғалар күні бүгінге дейін біздің айрықша алаңдаушылығымызды туғызып отыр. Израильдің Иерусалимге басқыншылық жасауы әлі күнге дейін біздің Уммамыздың қасиеті мен киесіне қауіп төндіріп келеді. Соңғы уақытта Израиль тарапының мұсылманның қасиетті мекенін күштеп қосып алуы және Палестина тұрғындарының жекеменшігі мен мүліктеріне қол салуы жаңаша қарқын алып келеді. Яғни, мұндағы жағдай тұйыққа тіреліп отыр. Сондықтан, біздің ендігі міндетіміз – палестиналықтардың осы мәселе турасындағы шешімін қолдап, созылмалы қақтығыстарды оңтайландыруға қол жеткізуіміз қажет. Мен ИКҰ-ға мүше барлық елдерді Палестинаның 1956 жылға дейінгі шекарасын тануға және мойындауға шақырамын», деді бұл турасында ол.
Бұдан кейінгі кезекте Бас хатшы ИКҰ-ның ғаламдық тұрғыда маңызы бар және өзіндік рөлі белгіленген ұйым екендігін атап өте келе, болашақта Ауғанстандағы жағдайды ретке келтіруге айрықша мән беру қажеттігін тілге тиек етті. «Біз Ауғанстандағы күрделі жағдайларды оңтайландыру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Бұл ретте, бүгінде Палестина мен Ауғанстан арасындағы өзара байланыстың дамып, өзгеше кейіпке еніп келе жатқанын атап өткім келеді. Жақында мен Иракта болып, мемлекеттің жоғары лауазымға ие өкілдерімен кездестім. Бұл сапардың басты мақсаты – ИКҰ мен Ирак арасындағы байланыс деңгейін Ирактағы ұлттық келісімге қол жеткізу мен өзара ынтымақтастық негізінде көтеру болды», деді Э. Ихсаноғлы. Бас хатшы Сомалидегі жағдайды да назардан шығармады. Бұл ретте ол ИКҰ мүшелерін Сомали мемлекетіндегі жағдайларды оң үдерістерге жетелеу бағытындағы іс-қимылдарын ширықтыруға шақырды.
ИКҰ Бас хатшысы өзінің сөзінде Түркия мен Кипр арасындағы жағдайды ретке келтіру, Армения, Әзербайжан, Косово елдеріндегі орын алып отырған оқиғалар бұл елдердегі жағдайларға бейжай қарамауды қажет ететінін атап өтті.
Ол сөз арасында ислам Уммасының мүддесіне әлемдік тұрғыда да мән беру қажеттігін назардан шығармады. «Бұл ретте біз әлемдік лидерлермен байланыс орнатудың тың көздерін іздеуіміз қажет. Мен өткен жылдың сәуір айында Вашингтонға сапармен барып, Президент Обамамен және АҚШ-тың ресми тұлғаларымен кездестім. Біз кездесулер барысында ислам әлемін алаңдатып отырған көптеген мәселелер жайын сөз еттік. Ал Лондонға барған сапарымда Ұлыбританияның премьер-министрімен жүздестім. Бұл жерде ИКҰ мен Ұлыбритания арасындағы түрлі саладағы байланыстар мәселесі сөз болды. Брюссельге барған сапарымда да осы жәйттер негізге алынды. Мұндай қадамдардың барлығы ислам әлемі үшін ауадай қажет», деді бұл турасында ол.
Ұйымның бас хатшысы қозғаған ең бір өткір мәселелердің бірі исламофобия төңірегінде өрбіді. «Исламофобия ислам әлемі үшін күн тәртібінен түспей тұрған өзекті проблема. Ғаламдық тұрғыдан алып қарағанда, біз осы құбылыстың кері әсерін байқап келеміз. Қазіргі таңда исламофобияның деңгейі өршіп тұр. Былтыр қыркүйекте ортақ консенсус негізінде осы күрделі мәселені шешуді көздейтін 8 тармақтан тұратын бағдарлама қабылданған еді. Оның негізінде адамдарды діни сеніміне байланысты қудалау, қысым көрсетуге, зорлық-зомбылыққа қарсы нақты шаралар көзделген. Бұл қарар Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 16-шы сессиясында консенсус бойынша қабылданды. ИКҰ адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссия құруды қолға алуда. Сарапшылардан құрылған мұндай комиссия біздің ұйым қызметін дамытып, жұмысымызды жемісті ете түспек. Мен барлық елдерді осы құжатты тезірек ратификациялауға шақырамын. Себебі, ауыз су жетіспеушілігі, экология сынды мәселелер де біз үшін айрықша маңызды. Аурулармен күрес, полиемилит, ана мен бала денсаулығы да назарымызда. Гуманитарлық бағытта табиғи апаттардан зардап шеккендерге де көмек қолын созамыз. Болашақта білім саласында да ауқымды жұмыстарды қолға алуымыз қажет», деді Бас хатшы.
Сөзінің соңында Э.Ихсаноғлы Астанада өтіп жатқан тарихи кеңес жай шара болып қалмай, ИКҰ алдында тұрған міндеттерді шешуге ықпал ететін жаңа қадам болса деген сенімін жеткізді. «Біз бұл жерге өзіміздің мақсат-мүдделерімізді айқындап, болашақта оларды тәжірибе түрінде жүзеге асыру үшін келдік. Сондықтан, Ұйым аясындағы қызметімізді шынайы сенімге құрғанымыз жөн», деді Экмеледдин Ихсаноғлы сөзінің соңында.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алды.
(Елбасы сөзінің толық мәтіні 1-2-беттерде жарияланып отыр).
ИКҰ-ның Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының алғашқы күні резолюция жобасы қабылданды. 38 жыл бойына Ислам Конференциясы Ұйымы деген атпен белгілі халықаралық ұйым елордадағы сессиядан бастап Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы болып жаңа атауды иеленді. Сонымен бірге ұйымның жаңа эмблемасы да бір- ауыздан мақұлданды. Ол жұмыр жерді аялай көмкерген жарты ай мен жер шарының кіндігіндегі барша мұсылман баласы қастер тұтатын Қағбаның қара тасын бейнелеумен ерекше сезім туғызады. Жалпы осыған дейін Ислам Конференциясы Ұйымының атауы мен эмблемасын өзгерту туралы ойлар баспасөз беттерінде жиі көтеріліп жүргені белгілі. Оған себеп, биылғы жылғы мамыр айының ортасында Жидда қаласында жоғары лауазымды тұлғалардың жиналысында осы мәселе ортаға салынып, қолдау тапқан болатын. Бірақ мұны ресми түрде бекіту рәсімі Қазақ елі астанасының маңдайына бұйыруы ел өміріндегі тарихи оқиға һәм мұсылман өркениетінен алар Қазақстан беделі мәртебесінің тағы бір көрінісі іспетті. Сессияның мұнан кейінгі отырысы жабық есік жағдайында өтті. Ондағы көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер Астана декларациясы мен резолюцияларында көрініс табады, деді Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов. Бүгін сессия өз жұмысын жалғастырады.
«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.