Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Астана төрінде өтіп жатқан Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысуға келген бірқатар делегация басшыларын қабылдады.
Қанат Бекмырзаұлы ең әуелі Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігі делегациясының басшысы, қазіргі Консервативті билік партиясының тең төрайымы баронесса Саида Уорсимен кездесті. Басқосу кезінде Мемлекеттік хатшы Астанада ұйымдастырылған ислам әлеміне қатысты ауқымды жиынның маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан Президенті сессияға қатысушыларға арнаған сөзінде ислам Уммасы алдында тұрған түйткілді мәселелерді нақты атап көрсетті. Сондай-ақ, сол мәселелерді шешу жолдарына да тоқталған еді. Бұл, ең алдымен, ислам қоғамдастығын жандандыру. Екіншіден, ислам әлемі елдерінің бай табиғи ресурстарын халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі жолында тиімді пайдалану. Ал үшіншіден, Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды нығайту және дамыту. Біздің ел өзінің тәжірибесі арқылы осы төңіректегі мәселелерді шешуге күш салып келеді. 20 жыл бедерінде Қазақстан Президентінің салиқалы саясаты арқасында ел ішіндегі тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім сақталып келеді. Елімізде 46 конфессияның 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Сондықтан, біз бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішінде осындай ұстамды саясатты жүргізіп келетін елдердің бірі екенімізді мақтан тұтамыз. Сол саясаттың арқасында мемлекетте ешқандай шиеленіс орын алған жоқ. Бұл – біздің елдің болашақтағы дамуының негізі», деді Қанат Саудабаев.
Ал Саида Уорси «Ислам Ынтымақтастық Ұйымы» Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында мұсылман әлемімен және мұсылман емес әлемнің түрлі қоғамдастығының өзара қоян-қолтық жұмыс істеп, ынтымақтастық орнатуы тұрғысында айтылған ой-пікірге қосылатынын жеткізді. «Мен Ұлыбритания министрлер кабинетінің министрі болғаныммен, діни сенімім жағынан мұсылманмын. Бұл осындай ынтымақтастықтың қажеттілігін дәлелдейтін мысалдардың бірі», деді ол.
Қанат Саудабаев Ядролық қару-жарақты таратпау жөніндегі Ұйымның Дайындық комиссиясының атқарушы директоры Тибор Тотпен де кездесті. «Ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпті сейілту бағытында жұмыс атқаруда белсенділік көрсетіп жүрген азаматпен, шынайы досымызбен жүздесу біздің көңілімізге әрдайым жылылық ұялатады. Сіз басқаратын Ұйыммен біздің көп жылдан бергі ынтымақтастығымыз өз нәтижесін береді. Сіз Қазақстан Президентінің осы мәселе төңірегіндегі бастамаларын үнемі қолдап келесіз. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан Президентінің 29 тамызды Семей полигонының жабылған күні деп жариялаған Жарлығы туралы арнайы қарар қабылдағаны белгілі. Бұл күн бүгінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-шаралардың халықаралық күні болып бекітілген. Менің ойымша, бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Биылғы жылы осы күнді жай ғана атап өтпейміз. Бұл жыл Семей сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуымен де есте қалады. Осыған орай, биылғы жылдың қазан айында Астанада «Ядролық қарусыз әлем» деген тақырыппен халықаралық форум өтеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен ядролық қарусыздану қозғалысы бағытында жұмыс атқарып жатқан азаматтар келеді. Сәті түскен кезде сізді Мемлекет басшысы атынан осы ауқымды шараға шақырамын. Болашақта өзіміздің екіжақты ынтымақтастығымызды нығайта түсеміз деген ойдамын», деді Қанат Саудабаев.
Тибор Тот өз сөзінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің 90 пайызға жуығы біздің Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімімізге қол қойған. Енді 4 ел осы келісімге қол қоймақ. Биылғы жыл Семей сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, биыл біздің ортақ келісімге қол қоюымызға 15 жыл толмақ. Ядролық қарусыздану бағытындағы бастамалары жағынан Қазақстан көшбасшылық тізгінді ұстап келеді. Астанада өтетін «Ядролық қарусыз әлем» халықаралық форумы аясында біз өзіміздің ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыра береміз деген ойдамын», деді Т. Тот.
Бұл күні Мемлекеттік хатшы Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Мевлют Чавушоғлымен де кездесті.
Кездесу барысында тараптар Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша жасалған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, осы бағыттағы жұмыстарды Еуропада жандандыру жөніндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.
«Еуропа Кеңесімен арадағы байланысымыз жыл өткен сайын жаңаша жанданып, өзгеше қарқын алып келеді. Бұл ретте сіздердің қолдауларыңыз негізінде жүзеге асып отырған парламентаралық байланыс өлшемінің маңызы зор. Қазақстан үшін дамудың еуропалық векторы айрықша маңызға ие басымдықтардың бірі. Қазақстан Президентінің бастамасымен қолға алынған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы – соның айғағы. Сондай-ақ, өткен жылы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен ұйым саммитін өткізуі де халықаралық қоғамдастықтың Қазақстан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-демократиялық салалардағы саясатын объективті мойындаудың бір көрінісі. Сондықтан, біз Еуропа әлемімен байланысымызды жалғастыра беретін боламыз. Еуропа Кеңесі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық та өзінің игі нәтижесін береді деген сенімдемін», деді Қ. Саудабаев.
Мевлют Чавушоғлы да Еуропа Кеңесі мен Қазақстан әріптестігі қос тараптың ортақ мүдделерінің жүзеге асуына ықпал етеді деген ойын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.