Бүгінгі ғылым мен өндірістің қатар дамуы қай саланың болмасын бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны анық. Мал өнімдерінің сапасы таразы басына түскендіктен, шаруалар озық технологияны пайдалануға батыл бет бұрған. Төрт түлік және құс етінің сапасы мен экологиялық тазалығына үлес қосқан өндіріс орнының жұмысы осылай алға басты деуге болады.
Іле ауданы Боралдай кенттік округінің өндірістік аймағына орналасқан «Кормовик – Евротехнология» серіктестігі төрт түлік мал мен үй құстарына қажетті азықтық қоспа дайындаумен айналысатын бірден-бір кәсіпорын саналады. Жылдық қуаттылығы 10 мың тонна. Бұл кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында құлашын кеңге жайған. Қазірдің өзінде голландиялық технологиямен жарақтандырылған зауыт өнімдерін Жетісу өңірі, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының шаруалары тапсырыспен алуда. Дайындалған дәрумендер мал мен құсқа белгілі рецептпен дайындалады. Содан соң құты ыдыстарға, пакеттерге салынып, тұтынушыға жөнелтіледі. Сондай-ақ, жеке тапсырыс берушілердің тілектері де назардан тыс қалмайтынын айтқан жөн.
Инновациялық технологияны енгізген кәсіпорын өнімі еліміздің құс фабрикалары, бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларында үлкен сұранысқа ие. Зауыт әрбір ауылшаруашылық құрылымдарына ғылыми негізделген азық дайындаса, құрамажем микроэлементтерге, дәрумендерге бай. Негізінен қоспалар малдың күйін жақсартады. Аталған қоспаның ірі қара мен жылқының, қаз, үйрек, үндік, тауық, балықтың тез жетілуі мен салмақ қосуына ерекше әсері бар. Ал осында дайындалған арнайы қоспа бұзау мен құлынға, қозыға қажетті аналық сүтті алмастыра алатынын да айтқан жөн.
Кәсіпорынды іске қосуға 200 млн. теңгедей қаржы жұмсалыпты. Азықтық қоспа жасауға шикізаттың бір бөлігі Еуропадан әкелінсе, бір бөлігі елімізде дайындалады. Дәл осындай өнім шығаратын кәсіпорын елімізде осы «Кормовик» қана. Сондықтан өнім өткізуде еш кедергі жоқ, керісінше сұраныс көп.
– Бүгінгі басқару жүйесі зауыт жұмысын толығымен қадағалауға мүмкіндік береді. Жалпы, мұндағы технология голландиялық әдіспен басқарылады. Бәрі автоматтандырылған. Адам күші аз жұмсалады. Мен технолог берген азықты компьютерге саламын. Арнайы бағдарлама барлық жұмысты өзі атқарып шығады. Нәтижесінде біз сапалы өнім аламыз, – дейді серіктестіктің өндірістік меңгерушісі Самат Шамбаев.
Зауыт өзін жан-жаққа таныту үшін 400 тонна өнім шығаруды межелеген. Ал түскен сұранысқа қарай толық қуаттылыққа көшетін күндер де алыс емес.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.