Астана идеясы – ұлы идея, ұлы құбылыс. Тәуелсіздігіміздің, мемлекеттік тұтастығымыздың, елдігіміздің ғажайып бір сипаты. Ежелгі Ақмола – Қараөткел аймағының тарихы, яки гүлденген Астананың шежіресі мейлінше бай. Заттық мәдениет жағынан болсын, руханият тарихы жағынан болсын. Әдеби мәдени һәм тарихи деректер жеткілікті. Қазақ жерінде жылқы шаруашылығының, металлургияның, киіз үйдің, көне шаһарлардың тарихы бес мың жылды қамтиды. Ұлт тарихында небір қан кешулер мен зобалаңдар өтсе де тәуелсіздіктің арқасында бұрынғы жәдігерлерімізді, рухани құндылықтарымызды жинақтап, жүйелеп, ел кәдесіне жарату – асыл парызымыз. Соның нақты, затты бір куәлігі – Астана тарихы мен мәдениетіне қатысты «Астана жазушыларының кітапханасы» бойынша жарық көрген кесек материалдар, зерттеулер. Бұларды өз алдына жеке жеке түсіндіріп әңгімелейік.
«Астана. История столицы и края XVII XIX в.в.» (2006) зерттеуі. Мұнда қазақ жеріндегі қорғандар, балбалдар, обалар, өсімдік пен хайуанаттар әлемі, топырақ, су, ауа райы, көлдер, қыраттар, тау кен ісі, тастағы таңбалар туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдердің дене бітімі, бие мен түйе сүтінің қасиеті сипатталған. Жерлеу рәсімдері де әңгімеленген. Абылай хан, Кенесары, Құдайменде, Уәли, Бөкей хан, Керей, Жәнібек, Қасым хандар туралы деректер кездеседі.
Есіл өзенінің басы – Нияз тауы екендігін дұрыс көрсетеді. Қазақтардың жер-су атауларын айрықша көркемдік сипат дарыта айтатынына қызығады. «Какие приличные имена дают киргизы своим рекам, озерам, горам, долинам, лугам и равнинам, удивительно!» – деп жазады.
Аталмыш басылымда А.Левшиннің, Броневскийдің, В.Шненің және «Ресей. Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы. Қырғыз өлкесі» томынан үзінді жарияланған.
«Астана. История столицы и края. Страна тысячи озер и рек» (2007) кітабында Сілеті, Өлеңті, Солтүстік Теңіз, Нұра, Құланөтпес, Оңтүстік Батыс Теңіз, Терісаққан, Кеңгір, Сарысу, Бетпақдала аудандары зерттелген.
«Астана. История столицы и края XІV- XIX в.в.» (2006) атты жинақта Омбы, Том қалаларындағы сирек қолжазбалар қорындағы материалдар қамтылған. Мысалы, «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Акмолинская область. Акмолинский уезд». 1897 жылы Ақмола уезінде 792072 – жылқы, 402957 – ірі қара мал, 1872588 – қой мен қозы, 102514 түйе болыпты. Баршасын қосып айтқанда, 3188131.
«Астана. Елорда сәулеті» (2007) дейтін жинақта 1997-2007 жылдарда елордада сән түзеген 25 мемлекеттік маңызы бар ғимараттардың архитектуралық ерекшеліктері, философиялық-теориялық негіздемелері, территориялық-жобалық даму жүйесінің тұжырымдары жан-жақты баяндалады.
«Қазақтың қара шаңырағы» (2004) атты кітапта үшінші мыңжылдықтың бас қаласы жайындағы ой-толғаныстар жинақталып жүйеленген.
«Астана. Жыр шуағым» (2006) атты томда бақ пен құттың ордасы – елорда кемел көркемдікпен жырланады. Елбасының ерен еңбегі мен өрнегі әдемі сипатталады.
«Қанжығалы қарт Бөгенбай» (2007) атты жинақта даңқты қолбасшының өмір тарихы, жорықтардағы ересен ерліктері және қанаттас серіктері туралы материалдар, батырдың ұрпақтары Бапан би, Саққұлақ шешен, Олжабай ақын жөнінде әдеби-тарихи мәліметтер топтастырылған. Бұл орайда осынау ғылыми танымдық жинақтарды құрастырған, алғысөз жазған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайылға оқырман атынан мың да бір рахмет! Бір айта кететін жәйт, осы зерттемелерде Астана тарихы туралы дәйекті айғақтар мол.
Мәселен, 1271-1295 жылдарда жиһанкез Марко Поло испан короліне деректер ұсынған. 1375, 1459, 1742 жылдары жарық көрген «Каталон картасында» Бытығай қаласы көрсетілген. Француз королі Людовик IX 1253 жылы Вильгельм Рубрукты қазақ даласына аттандырған. Немесе швед ғалымы Страленберг 1740 жылы Қараөткелде архитектуралық ескерткіштерді жазған. XVII ғасырда поляк Юрий Крижанич Ақмола-Қараөткел өңіріндегі архитектуралық ескерткіштерді қорғау турасында дабыл қаққан. 1694 жылы Әз Тәуке ханның ордасында Ресей елшілері Федор Скибин мен Матвей Трошин болған. Олардың көрсетуінше, хан ордасы Есіл-Нұра бойында екен. 1830 жылы Ақмола округі ұйымдастырыла бастаған. Батыс Сібір губернаторы Веляминов патшаның келісімін алған 1832 жылы 22 тамызда әскери бекініс, қаланың алғашқы бөлігі, яғни Ақмола округі ресми түрде жарияланады. Қоңырқұлжа Құдаймендин округтің аға сұлтаны болып тағайындалады. Ал 1862 жылы 23 қазанда қала мәртебесіне ие болса, Ақмола 1868 жылы уезд орталығы атаныпты.
Византиялық ғалым Прокопи «Вестник древней истории» журналында (1939) «Ақмола» атауы «Батыстағы қамал» деген мағынаны береді деп жазған екен. Тегінде, Ақмоланың тарихы ғасырлар тереңінен тамыр тартады. Бұл орайда, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» кітабында былай делінген: «Бозоқ орта ғасыр қаласын Ақмоланың тікелей бабасы деп санауға болады. Ал оның ең соңғы ұрпағы қазіргі заманғы Қазақстан астанасы – Астана болып табылады».
Астана шаһары – сан тармақты, алуан сипатты ұлт мәдениеті мен өркениетінің алтын құндағына, тарихи-мәдени дәстүрлерге кенен кемел ордаға айналуы тиісті.
Астана – Қазақ елінің алтын тәжі, рух пен иманның күретамыры, жаңалықты құбылыстар мен жақсылықтардың ұясы дейтіндей дәрежеге, мәртебеге жетуге және үздіксіз жетіле беруге де құқылы. Атында да, затында да, негізінде де ұлттық қасиеттерге, айтулы айшық-нақыштарға, көркемдік сұлулыққа ие мәдени ескерткіш-кешендер салынғаны нұр үстіне нұр. Бұл орайда халықтың арман-аңсарын, асқақ мұратын, биік дүниетанымын, ғарыштық санасын, көзқарасын танытатын таңдамалы ескерткіштердің бірегейі мәрмәрдан құйылған «Қазақ елі» тарихи-мемориалдық монументінің айбыны мен айбаты қандай десеңізші! Ұшар басындағы алтындай құлпырған ертегі кейіпкері Самұрық құс, «Халық және Президент», «Жасампаздық», «Қаһармандық», «Болашақ», «Бірлік» тәрізді қола барельефтер Тәуелсіздік, Мемлекеттілік, Елшілдік идеясын, ұлт тарихының асу-белестерін жарқын түрде елестетпек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүрегінің миуа-жемісіндей, жанының бөлшегіндей ардақты Астанасы туралы көкейкесті, жүрекжарды ойын былайша өрнектеп, гүлдендіріп жеткізеді: «Астанасына қарап елін таниды. Астанасының қайда орналасып, қалай өркендеп жатқанынан әр елдің өзінің өткені мен ертеңіне деген көзқарасын аңғарып, өзгелерге деген пейілін сезінеді. Сондықтан да, Астана келбеті – ұлт келбеті. Мемлекет дидары. Халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа Астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды екі есе арттыра түсері сөзсіз. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып, көркейіп, өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз. Біздің жаңа астананы, жаңа астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенеміз».
Иә, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи зерделілігі, кең құлашты дүниетанымы айрықша. Әрбір құбылысты сабақтастық тұрғысынан түсіндіреді. Астананы республикамыздың дәл географиялық кіндігіне көшіру идеясы – Елбасының кемел саясатынан, мемлекет тағдырын ойлағандықтан туындаған. Елбасының: «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемлекеттік дәрежеде кемеңгерлікпен ойлай білуі осыдан жарты ғасыр бұрын, 1948 жылы Қазақстан астанасын Ақмола қаласына көшіруге кеңес беруінен айқын көрінеді» деген пікірінен оның адамгершілік, кісілік келбетін, әділеттілігін көруге болады. Бұл түйінді ойды әрі қарай тереңдетер болсақ, поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич 1846 жылы «Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы» деп жазыпты (Янушкевич Адольф. Қазақ даласына сапары туралы жазбалар). Астана, «Аударма», 2003.
Астана – ұлт рухының құдіретті шарайнасы. Ол мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы.
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Сандаған ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздік ақ қанатты періште сипатында халқымыздың басына бақ болып қонды. Отанымыз Тәуелсіздік құшағында асқақтап алтынжалды арғымақ мінген атақты қолбасшы Еділ батырдан бастап, Түркі қағанаты дәуіріндегі Естеми, Бумын қаған, Күлтегін тәрізді сайыпқырандардың, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен Абылай хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды баһадүрлердің, сонымен бірге, ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушылары Сырым Датұлы, Исатай – Махамбет, Кенесарылардың арманын жүзеге асырды. Ұлы Даланы қорғау, сақтау осы аталарымыздың ұрпақтар игілігіне қалдырған аманаты еді ғой. «Сар дала – сары аспандай жауыр еді» деп, Жұмекен ақын зар илегендей не өтпеді, не көрмеді бұл қазақ. Небір теперіштердің бәрін, небір зұлымдық, жыртқыш әрекеттердің түрлісін көрді. Дала данагөйі Бұқар жырау Күнбатыстан бір қорғасындай қара бұлт шығып, қазақ даласын ойран-топыр ететінін көрегендікпен сезінсе, зар заман ақындары Дулат, Шортанбай, Мұраттар отарлық езгінің елге, жерге, дінге, тілге тигізер кесапат-пәлекеттерін жарқын түрде сипаттап, жұтынтып жеткізді. Олар дәстүріміздің, эпостарымыздың түбіне балта шабылатынын айқын өрнектеді. Солардан соңғы сом болат тұлға Нармамбет Орманбетұлы «Сарыарқа» дейтін дәуірнамалық толғауында:
Қалмады ей, Сарыарқа, сенде қызық,
Сандал тау, сары өлкені алды мұжық.
Қолыңнан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып, – деп күйінсе, Сарыарқаның төрінен қоныс тепкен жаңа Астана бар қазақтың мүддесін біріктірген құт мекенге айналып отыр.
Осы арада тоқтала кететін бір жәйт, ел тарихына қатысты небір дерек шаңнан аршылып алынуда. Яғни, Президенттің бастамашылдығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жүйелі жұмыс жасауда. Отанымыздың шығармашылық әлеуетін, білім-ғылымын қарыштатып дамыту мақсатында жұмыс істеп жатқан «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы тағы бар. Сонымен бірге, «Қазақстан – 2030» даму стратегиясында негізгі бағыттар белгіленгені де өзімізге белгілі. Ұлттық қауіпсіздік; Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы; Экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білім мен әл-ауқаты; Энергетика ресурстары; Инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; Кәсіби мемлекет. «Енді сол бабалар алып берген кең байтақ өлкемізді түгел құлпыртып, түгел көркейту – біздер мен ертеңгі жеткіншектердің үлесіне тиіп тұр», – деп түйіндейді Елбасы.
Біздер – бақытты ұрпақпыз. Дербес мемлекетіміз бар. Ата Заңымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Қазақ тілін дамытудың мемлекеттік жоспары жасалған, Конституцияға енгізілген, «Қазақстан-2030» даму стратегиясында ең негізгі, ең басты бағыттар жүйеленіп белгіленген. Бұл – темірқазық жұлдызындай жолбастаушымыз.
Түркі санаткерлерінің пайымдауынша, «әскер, тәуелсіздік, тіл және ұлттық сана ұлттың сондай үлкен төрт қамалы» (Нихал Атсыз) екен. Ұлттық егемендік, ұлттық дүниетаным – ұлт тілі мен санасына қатысты.
«Егер ана тілін білмесең, онда сен ұлттың баласы емессің... Бала анасының құрсағында-ақ өз ұлтының тілімен ауызданады, бүтін денесі сонымен азықтанады. Өскеннен соң бала сол тілді жарыққа шығаруға, өршітуге борышты», деп түйін жасайды Ғұмар Қараш. О заманда рухани-ұлттық құндылықтар, қасиетті ұғым-түсініктер, әдептілік, ізгілік, сүйіспеншілік, рақым, мейірім, ар-ождан, иман, намыс, ерік-күш, жауынгерлік дәстүрлер, ұлттық фольклордың жауһар үлгілерінің мақамдары, сарындары, көркемдік құбылыстары ананың сүтімен, ананың әлдиімен сәбидің болмысына дарыған. Сөйтіп, ол ұлт тілінің рухын, үйлесімін қабылдаған. Ұлттық сананың қалыптасу тарихы осылайша басталған. Сонымен, «ұлттық сана дегеніміз, бір ұлттың өзін сезінуі және түйсінуі. Сезімге әрі ой-пікірге арқа сүйенетін ұлттық сана – ұлттық рухани күштердің ең мәндісі» (Нихал Атсыз). Ұлттың санасы мейлінше жоғары дәрежеде болса, рухани-мәдени құндылықтар әлемі де қаз-қалпында, таза күйінде сақталатындығы күмәнсіз.
Бұл орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өз көсемсөздерін «Қазақтың бас адамдары! Қазақтың байлары, күштілері! Алашқа аты шыққан адамдар!» деп бастауында мән бар. Сөйтеді де, «Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар», деп қаны сорғалаған шындықты күлбілтелемей айтады.
«Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу де ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі», – дейді Мұстафа Шоқай.
Ұлт мұраты жолында қайрат-күшін жұмсаған қайраткерлердің ішінде нардан туған жампоздай Шахановтың дауысы саңқылдап естіледі. Оның дауылпаз үнінде, сегіз қырлы семсердей тілінде Әйтеке бидің: «Біз қазақ деген – бір ұяның балапаны едік, сұңқар болып жетіліп, самғап ұшайық! Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік, орман болып жайқалып, жасылданайық! Біз қазақ деген – бір биенің құлыны едік, тұлпар болып жетіліп, бәйгеден озайық! Біз қазақ деген – бір дастарқан едік, атамекенді түгел қамтиық» дегені жаңғырады.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің «Елорда – Тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды жобасы» дейтін баяндамасында «Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ. Қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да, Елбасы мен елорда егіз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Арманы мен тілегінің кепілі», деген болатын.
Рас, ел тұтқасы – Елбасы, Отан жүрегі – елорда. Құстың қос қанатындай, көздің ағы мен қарасындай егіз ұғым, егіз құбылыс.
Елорда – бағыстаным, ғажапстаным. Елбасы – мемлекет құбыланамасы. Қазақстаным – ғарышстаным, гүлстаным, жерұйығым.
Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.