Бүгінде Арқа төсінде жарқырай бой көтерген елорданың – ару қаланың әсем көркі қиялыңа қанат бітіріп, көңіліңді көкке өрлете түсетіні, жүрегіңе өз еліңе деген мақтаныш сезімін ұялататыны анық. Бас қаланың дәл кіндігіне орналасқан зәулім «Бәйтеректен» жан-жағыңа байыппен көз тастасаң, Астананың келбетіне тамсанбай тұра алмайсың. Шығыстың сәулет өнерінің классикалық үлгісімен салынған Ақордамыздың көгілдір күмбезі, оның шырқау биік мұнарасына тігілген көк туымыз ерекше нұрланады. Онан бері әлемдік озық жетістіктермен өрнектелген мемлекеттік мекемелердің ғимараттары да өзіндік сән-салтанатымен көз тартады.
«Астананың құрылысында да, жасампаз жобаларында да адам ойланарлықтай, таңдай қағарлықтай кереметтер бар деп айтуға болады. Айталық, «Тәуелсіздік сарайы», «Пирамида», «Хан шатыр», «Астана триумфы» сияқты ғимараттардың қай-қайсысы да Астанаға сән беріп, көріктендіріп тұрғаны сөзсіз.
Гүлзар бақтарға оранған әсем Астана – монументалды ескерткіштерге де бай қала. Мәселен, «Қазақ елі» монументінің өзі ерекше құбылыс. Есілдің жағасына орнатылған Хан Кене ескерткіші, «Тәуелсіздік монументі», қазақ халқының аты аңызға айналған даңқты батыры Бауыржан Момышұлы ескерткіші де қаланың сәніне сән қосып тұр.
Осы орайда Астанаға алғаш келіп, ертегідегідей абаттанған шаһарды аралаған, қала құрылысы туралы Нұрсұлтан Әбішұлының жоба-жоспарларымен танысқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның, сондай-ақ 2010 жылғы желтоқсанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанада өткен Саммитіне жиналған әлемдегі 56 мемлекеттің үкімет делегациялары, оның ішінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның да Астананы ең жаңа, ең сәулетті қала деп тамсана айтқан сөздері осындайда ойға оралады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қиыншылыққа толы өтпелі мерзім кезеңінде Арқаның төсінде жаңа қала салуға сеніммен қадам жасауы шынында да Елбасының ерен ерлігі демеске әддің жоқ. Тәуелсіздігімізді жариялағанымызбен, ел экономикасы әлсіреп, әлтек-тәлтек күй кешіп отырған бұл кезде астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіреміз деген Елбасының шешімін әркім әр саққа жүгіртіп, ел іші гу-гу болып жатты. Біраз жұрт бұған тіпті күдік-күмәнмен, сенімсіздікпен қарады. Алайда, жасампаз елдің жарқын болашағын ойлаған басым көпшілік Президенттің ұсынысын мақұлдады. Үкімет пен Парламент те бір шешімге келді. Арнаулы қаулы қабылданды. Осындайда Елбасы шетелдік инвестицияға иек артты. Ол кісінің іскерлігі, саңлақ саясаткерлігі арқасында Астанада жаңа ғимараттар салуға тілек білдірген инвесторлар да табыла кетті. Жаңа шаһардың жолы осылайша ашылған болатын.
Бұдан біраз бұрын теледидардан Елбасы туралы жақсы бір хабар көрсетілді. Онда болашақ бас қаланың кіндігіндегі алып ғимарат «Бәйтеректің» нобайын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ақ қағазға қарындашпен сызып отыр екен. Жалғыз «Бәйтерек» қана емес, қаладағы әрбір ғимарат Нұрекеңнің ой қиялының жемісі екенінде еш күмән жоқ. Ендеше, «Астананың бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі» деген сөз өте орынды айтылған.
Шындығында да қысқа ғана кезеңде заманымызға лайықты сәулетті шаһар салдырып, 250 жылдан астам уақыт бойы Ресейдің боданында болған қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігін құрып, оны айдай әлемге танытуы – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігі мен данышпандығының арқасы екенін бүгінде әркім-ақ, тіпті айдай әлем мойындайды. Анығында туа біткен табиғи дарынның, алымдылығы мен шалымдылығының арқасында мемлекетті биіктен-биікке бастап келе жатқан, елін сүйген, елі сүйген Елбасымыздың біз үшін жөні бөлек. Сонау сақ дәуірінде де, қағанат, хандық заманында да, әз Жәнібек пен Керейдің, Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұндай бақытты, мұндай дәулетті көрген жоқ. Бүгінде Қазақстан төрткүл дүние мойындаған, өркениетті елдермен терезесі тең, керегесі кең, іргелі мемлекет дәрежесіне көтерілсе, құдайшылығын айту керек, бұл тікелей Елбасымыздың ересен іскерлігінің, көреген басшылығының арқасы. Қазақстандықтардың жаңа Астана мен еліміздің жетістіктерін Н.Назарбаевтың есімімен байланыстыруы тегіннен-тегін емес. Өйткені, бұл – әлем серкелері даусыз мойындаған ақиқат шындық.
Нұрсұлтан Назарбаев – халық бірауыздан сайлаған, әлем сыйлаған саяси-экономикалық табысымызды алға сүйреп келе жатқан өршіл рухты Ұлт көшбасшысы ғана емес, қай өлшеммен, қай биіктен қарасаңыз да еңсесі мен ерендігі ешқашан аласармайтын, ұлықтығы төмендемейтін тарихи ұлы тұлға. Оның талайларды тамсандыратын ерекше бір қыры – арманы мен аңсары ешбір аласарып көрмегендігі. Бір биікті бағындырса, екінші бір биікке ұмтылу, ұмтылып қана қоймай, көздеген мақсатына жету үшін еш шаршап-шалдығуды білмейтін қажымас қайраткерлігі тәнті етеді.
Иә, әрқашан алысты көздейтін Елбасы Астанадан Бейбітшілік және келісім сарайын салғызып, онда 3 жыл сайын әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялар өкілдерінің басқосуын өткізіп, жер бетіндегі әр алуан діндердің басшыларын қол алыстырып, дінаралық, ұлтаралық және мемлекетаралық татулықты нығайту мәселелерін талқылап отыруы Нұрсұлтан Әбішұлының дана саясатының бір қыры. Діндер тату болса, елдердің де арасында алауыздық болмайды, яғни бүгінгі таңда дін – бейбітшіліктің тірегі. Діндераралық келісімді нығайту арқылы Елбасы Қазақстанның беделін көтеріп қана қоймай, төл дініміз – Исламның да абыройын асыруға үлес қосып отырғаны анық.
Сөз реті келгенде өзіміз куәсі болған Елбасы қабылдауын айта кеткенді орынды санап отырмыз. Ол 1994 жылдың 24 қарашасында болған еді. Бұл жылы жүзді кездесуді Президенттің сол кездегі көмекшісі, бүгінгі Парламент Сенатының депутаты, саясаткер-ғалым Ақан Бижанов ұйымдастырған болатын. Біз ол тұста Үкімет жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің жауапты хатшысы қызметін атқаратынбыз. Бүкіл ислам жамағатының әйгілі діндар ғалымы, Құрани Кәрімді тұңғыш қазақ тіліне тәржімалап, Медине-Мунаууаррада бастырған қадірменді ақсақалымыз Халифа Алтаймен бірге бізді (осы жолдар авторын) Президент Н.Ә.Назарбаев өз резиденциясында бір сағаттан астам уақыт бойы арнайы қабылдап, емен-жарқын әңгімелескені бар еді. Сол шынайы да шырайлы кездесуде Елбасы дін, діни тәрбие, ұлттық құндылықтар, рухани келісім, жер бетіндегі бейбітшілік пен татулық жолында барлық дәстүрлі діндер мен конфессиялардың күш-жігерін біріктіру қажеттілігін, өзара діни сыйласымдылық, төзімділік, ынтымақтастық ұстанымдарын қалыптастыруды, әлемдік діндердің келісім орталығын құру, өз еліміздің барлық деңгейдегі оқу орындарына «Дінтану» пәнін енгізу жайына кеңінен тоқталған болатын. Әсіресе, бағзы замандардан бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан әртүрлі іргелі діндер, мәдениеттер, өркениеттер арасындағы үнқатысуды жүзеге асыру керектігі, олардың өзара үнқатысуын біздің мемлекетімізде ұйымдастырудың маңыздылығы да қадап айтылған еді.
Бұдан он жеті жыл бұрынғы әңгіме өзегі болған құнды ойлардың қазіргі таңда рет-ретімен іске асып жатқанын көргенімізде мерейленгендей күй кешеміз. Сол әсерлі қабылдауда сексеннің сеңгіріне шыққан қария Елбасының аса биік өрелі азаматтығына, ерекше кішіпейілділігі мен асқан қарапайымдылығына, айрықша пайым-парасаттылығына дән риза болып, ақ батасын берген-ді. Мұны ғұлама ғалым «Ел мен Елбасы» (2003 ж.) кітабында риясыз көңілмен алғысқа толы жылы лебіздері арқылы білдіріп, игі тілектерін айтыпты.
Биылғы жылы Қазақ елі әлемнің 57 елінің басын қосатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуін бастады. Ұйым жиынына бес мемлекет және бес халықаралық ұйым байқаушы ретінде қатысады. Жер шарының үштен бір бөлігін құрайтын бұл іргелі ұйымның тізгінін ұстау – Елбасының жеке тұлғасының, сонымен бірге, ұлы Отанымыз – Қазақстанның да иісі мұсылман дүниесіндегі абырой-беделінің аса жоғары екенін білдірсе керек.
Осы арада Мемлекет басшысының тiкелей тапсырмасымен бiлiм берудiң барлық талаптарына сай келетiн «Назарбаев интеллектуалды мектептері» мен «Назарбаев Университетiнің» ашылуы елiмiз үшiн үлкен абырой болғанын айта кетсек дейміз.
Иә, білім – жаңа әлемнің өркендеуі мен дамуындағы негізгі индикатор ретінде бағаланып отырғаны мәлім. Елбасының отанымыздың ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық гүлденуін қамтамасыз ету үшін білім жүйесін дамытуға бірінші кезекте басымдық беруінде осындай сыр бар. Мұның өзі біздің еліміздегі білім беру мен интеллектуалды тәрбие беру сапасының халықаралық стандарттарға сай келуі қажет деген сөз. Ал, осы білімді беретін, оны интеллектуалды тұлғаны тәрбиелеу бойынша оқытатын бірден-бір мекеме – жоғары оқу орны болса, ол кез келген бәсекеге қабілетті ұрпақты кемел адами тұрғыдан қалыптастыруға әзір болуы керек. Қазіргі білім беру мен ғылым жүйесі үшін қойылатын негізгі талап осындай. Астанадан ашылып отырған Назарбаев Университетінің алға қойып отырған негізгі мақсаты, міне, осы – қазақстандық жастардың алыс-жақын шетелдерге бармай-ақ, өз Отанында жүріп, әлемдік стандарттарға сай білім алуына мүмкіндік жасау.
Жалпы, жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстан тәуелсіздіктің 20 жылдығына орнықты, қуатты және ширақ мемлекет ретінде қадам басып отыр деп нық сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі атап көрсеткендей, еліміздің ұлттық тарихи жолы негізінен үш жүйе құрушы міндетті қамтиды. Атап айтатын болсақ, бұлар – қуатты мемлекет, біртұтас толеранттық қоғам және инновациялық экономика. Осы орайда Назарбаев Университетінде оқыған дәрісіндегі ел Президентінің мынадай ой-пікірі біз үшін, әрбір қазақстандық азамат үшін аса маңызды деп ойлаймыз: «Мынаны есте сақтаңдар: әркімге өмір бір рет қана әрі соңғы рет беріледі. Ал, сіздерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр, бұл кезеңді дұрыс пайдаланып, өздеріңді көрсете біліңдер. Өздеріңді біздің еліміздің интеллектуалдық элитасы ретінде көрсетіңдер, сосын Қазақстанның ғылымын алға жетелеңдер. Бүгінгі басты миссияларың – алға жүктеген міндеттерді шешу үшін лайықты оқып, білім алу». Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының осы пікірі ортақ Отанымыздың барлық жастарын сапалы білім алуға, сол білім арқылы бірігуге шақырған үндеуі секілді десек, шындықтан алыс кетпеген болар едік.
Тағы бір айта кететін жәйт – Елбасының тікелей нұсқауымен жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымыздың біразы өздерінің тарихи Отанына оралып, атажұртта өмір кешуде. Бұл да Н.Ә. Назарбаевтың табандылығының, уәдеге беріктігінің, жанашырлық сезім мен бауырмалдық қамқорлығының белгісі іспетті. Қандастарының атамекенінде басын қосқан әлемде тек Израиль, Германия, Қазақстан секілді үш-ақ мемлекет бар. Мұны мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында бас қосқан отандастарымыз тарапынан айтылған жылы лебіздер, жақсы пікірлер дәлелдейді.
Алдағы уақытта да Қазақстанды тамаша істер күтіп тұр. Жеңіс қашанда бірлік пен ынтымақтың арқасында келеді. Ел бірлігін сақтау, ұлтаралық татулықты ұлықтау әр қазақстандықтың қасиетті парызы болуға тиіс. Бүгінде Қазақ елінің тарихи миссиясы – тәуелсіз Отанымызды ғаламдық аренадағы саяси және әлеуметтік-экономикалық күрделі құбылыстар ортасынан сүрінбей алып шығып, жаһан таныған қуатты елге, батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпірге айналдыру болып табылады. Мұндай тарихи міндетті бүкіл төрткүл дүние таныған еліміздің сенімді Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастап, атқарып шығатынына еш күмән жоқ.
Елбасымыздың тікелей бастамасымен өмірге келген «Жасыл ел» бағдарламасы да қазақ жерін көріктендіруге бағытталып отырғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында соңғы он шақты жыл көлемінде елімізде мыңдаған гектар жасыл алқаптар пайда болды. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 миллион ағаш» бастамасы да Елбасының туған жерді түлетуге, экологиямызды сауықтыруға деген ізгі ниетінің көрінісі.
Елорда және Елбасы. Бүгінде осы екі ұғымды бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Өйткені, елорданы Елбасы салғызды, ал елорда Елбасы мен бүкіл Қазақ елінің абыройын асқақтатты. Сөйтіп, Н.Ә. Назарбаев ұлтының ұлы арманын жүзеге асыра білді. Аз ғана жылда аспан астын жайнатып, Астана-шаһар тұрғызды. Іргеміз тыныш, түндеріміз бейбіт, күндеріміз нұрлы... Астана қаласының қақ төріндегі күн нұрымен шағылыса жарқырап, айналаны арайға бөлеген алып «Бәйтеректің» ұшар басынан абаттанған шырайлы шаһарға құмарлана, сүйсіне қарап тұрғанда кез келген адам осындай ордалы ойларға кететіні кәміл.
Бақтияр СМАНОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.