08 Шілде, 2011

Суықсайдағы қарбалас тірлік

355 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жетісудың әсем табиғаты мен мөлдір суы адам денсаулығына пай­дасымен қатар мал шаруа­шы­лы­ғын дамытуға да аса қо­лайлы. Нарықтық қатынастың ал­ғашқы жылдарындағы қиындық­та ақ­сулық Игорь Кузнецов сау­да-саттықпен, тағы басқа табыс табатын көздерді іздестіріп, тер төгіпті. Сол тұста еңбектің құр кетпейтініне көз жеткізген. Со­ңын­да мал өсіріп, егін салудың тиімділігін біліп, оған ден қойыпты. Нәтиже жаман емес. Оның үстіне Кедендік одақтың нығаюы отандық агроөнеркәсіп­тің түбегейлі өзгеруін талап етсе, ауылшаруашылық өнімдерін өң­деу және оның бәсекеге қабілет­ті­лігін арттыру мәселесі күн тәр­тібіне өткір қойылғаны да оның жігерін жаныған. Қазір жұмыс тәсілін өзгертетін кез келгендігін шаруалар шетінен жақсы түсін­ген­дей. Әсіресе, кластерлік жүйе­нің артықшылығы таразы басына салмақ салып-ақ тұр. – Тауарлы-сүт фермасы са­лынады. Біз енді сиырды қолмен емес, аппарат арқылы сауамыз. Суықсай жайлауында сауыншы қыз-келіншектер осылай қуанып жүр. Солардың бірі Жанна Мұ­хаметшенова бір сауылымда ғана 18-20 сиыр сауады. Фермада ар­найы қондырғымен сауылған сүт үлкен зауыттарда кедергісіз алын­са, оның майлылығы мен сапасы жақсы. Тұтынушыдан ескерту жоқ. Оның үстіне қол еңбегінен құтылдық, – дейді сауыншылар әңгіме арасында. «Алатау» сиырлары сүтті мол береді. Ертеңгісін 10 литр, кешкісін 10 литр. Ферма барлық қа­жеттіліктермен жабдықталса, еңбек бұдан да жеңілдейтін еді. Мал басы өссе, сүт те молаяды. «Николай и К» шаруашылығы сүтті Талдықорғандағы «Лактик ЛТД» серіктестігіне өткізеді. Екі ара едәуір. Жаз айларында сүтті ашытпас үшін әбігерге түсетіні белгілі. Күнделікті тасымал мен оған жұмыс қолының жетіспеушілігін қосыңыз. Осы жайтты ойлаған Игорь Кузнецов сүт фер­масын салуға бел буып, «Бизнес­тің жол картасымен» несие алуға сұраныс беріпті. – Үлкен кешен салсам деген жоспарым бар. Әрине несие мә­селесі оң шешілсе, бәрі талапқа сай болады. Мал басын асылдан­дыруға барынша назар аудара­мыз. Ферманы толық іске қосу үшін 200 млн. теңгедей қаржы керек. Сондай-ақ ірі қараны 600 басқа жеткізіп, жұмыс ауқымын кеңейтеміз, – дейді шаруа қожа­лығының басшысы. Бастама қолдауға тұрарлық. Еліміз тәуелсіздік алған жылы шаруа қожалығы құрылыпты. Ол кезде ұжымда бір ғана ескі трак­торы болған. Алғашқы кезде омар­та ұстап, бал алумен шұғыл­данған. Аң аулап та көріпті. Кейін Жер-ананың бабын тапса, еңбегі жанатынын, мал баққан­ның да табысы барын түсінген. Қазір қожалық игілігінде 15 техника бар. 500 гектар жерге астық егеді. Агротехникалық шаралар­ды қатаң сақтауды ұмытпайды. Қоңыр күзде маңдай тердің өтеуін көреді. Диқандар биыл жаң­быр жақсы жауды, бұйыртса, мол өнім болатынын алға тартады. – Гектарынан 30 центнерден өнім алсақ жаман болмас еді. Түйінді мәселелер де бар. Игерілмей бос жатқан суармалы жерлерді қолынан келетіндерге берсе жақсы өнім алар едік. Қазір жоғарыдағылар осы мәселеге назар аударып жатқан көрінеді. Шешілсе тиімді болар еді, – деген аталған шаруа қожалығы­ның мүшесі Тахир Есімбековтің пікірі де көңілге қонымды. Әрине, шаруа ойдағыдай бо­лып жатса, тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл ауыл­да­ғылардың да әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді. Қазақтың биязы жүнді қойын көбейту жолдары қарастыры­луда. Қазір екі отар бар. Және 12 гектар бақтың да күтімі жақ­сы. Жапырақтары жайқалған ағаштар түйін салып, бұйыртса алма мен өріктің, алмұрттың, тағы басқа жемістің көп бола­тынын көрсетеді. Қазір шаруашылық үшін бас­ты мәселе өнім өңдеу кешенін салу. Оның шешімін таба­тын күн жақын екендігін ұтым­ды ұйымдастырылған іргелі істерден көрдік, қуандық. Суықсай баурайы тамылжып тұр. Өзекті өрлеген ірі қара, ақтылы қой табиғат әсемділігін әсірелей түсіпті. Етектегі қарба­лас тірлік те жарасым тапқан. Халқымыздың атакәсібін Игорь­дай аптал азаматтың алға апар­ғаны, ауылдастарына жұмыс бергені де ғанибет. Ол өз ісіне мығым. Демек, еліміздің өркен­деуіне қосатын үлесі де қо­мақты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы, Ақсу ауданы.