Жыл сайын Атыраудағы бекіре өсіру зауытында 7 миллион шабақ өсіріледі. Жай балықтың шабағы емес, бекіре тұқымдас балықтардың шабағын өсіруде атыраулық балықшылар әжептәуір тәжірибе жинақтап қалыпты. Былтырға дейін арнайы зауыттың жасанды су тоғандарында балық шаруашылығы саласындағы ғалым-мамандардың бақылауымен өсірілген шабақтар алғаш рет Каспий теңізіне жіберілген болатын. Енді биыл қайтадан сондай шабақтардың бір бөлігі, дәлірек айтқанда, 3,5 миллион данасы Жайық өзенінің айдынына жіберілді. Зауыт директоры Рашидин Калимуллиннің айтуынша, бұл шабақтар 45 тәулікте 12-15 грамдық салмақ құрайды екен. Биылғы жылы да мемлекеттік тапсырыспен 7 миллион бекіре балықтарының шабағын өсіруге тапсырыс берілген. Осынша көлемдегі тапсырысты орындауға аталған зауыттың толық мүмкіндігі бар.
Жайық өзеніне шабақ жіберу шарасына қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Жұмажановтың пікірінше, алдағы кезеңде мемлекет тарапынан бекіре тұқымдас балықтар шабағын өсіруге баса көңіл бөлінгелі отыр. «2012 жылы Атырау облысында жаңадан бой көтеретін шабақ өсіру зауытының құрылысы басталады. Бұл зауыттың қуаты қазіргі зауыттарға қарағанда әлдеқайда молырақ болады. Яғни, жаңа зауытта жылына 30 миллион шабақ өсіру көзделуде. Қазір зауыт құрылысының жобалық құжаттары мен бюджеті нақтылануда. Бұған қоса бұрыннан жұмыс жасап тұрған екі зауыт қайта жаңғыртудан өткізілмек», деді ол.
Ал зауыт директоры Рашидин Калимуллиннің айтуынша, алдағы уақытта тағы да 3,5 миллион шабақ су айдынына жіберіледі. Бірақ оларды Жайық өзеніне емес, Каспий теңізіне жіберу жоспарланып отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.