Украинаның Мариуполь қаласында өткен «Макар Мазай» мемориалына арналған 45-ші халықаралық турнирде еліміз боксшылары үш алтын, үш күміс және екі қола медальды олжалап, жалпыкомандалық есеп бойынша екінші орынға көтерілді.
Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын ұлттық команда мүшелері, атап айтсақ, Біржан Жақыпов (49 кг.), Олжас Сәттібаев (52 кг) және Серік Сәпиев (69 кг) алтыннан алқа тағып, тұғыр биігіне көтерілсе, Ғани Жайлауов (60 кг), Василий Левит (91 кг) және аса ауыр салмақтағы Иван Дычко күміс медальды еншіледі. Қола медальды 64 кг. салмақтағы Данияр Елеусінов пен Данабек Сужанов қанағат тұтты.
Тоғыз елдің боксшылары қолғап түйістірген турнирде ринг иелері 22 медальға (7 алтын, 3 күміс, 12 қола) ие болып, бірінші орынға шықты. Үшінші орынды 5 медальмен Өзбекстан командасы еншіледі.
Енді қазақ боксшылары бұйыртса Ыстықкөлдегі демалыстан соң әлем чемпионатына дайындықтарын бастамақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.