Түркінің ішіндегі тұғырлы тұлғаның бірі – Қорқыт. Ол туралы аңыз да, әфсана да көп. Ел арасындағы әңгіменің бірі мынау. Қорқыттың қабірі Сырдың жағасында жатыр. 1925 жылдан бастап баба мазарының табанын толқын тебе бастайды. Талай жылғы жәдігерді құлайды дегендер де болыпты. Дегенмен, қабырғаның қалыңдығы соншалық, дария оған дақ та түсіре алмапты. Сол күйінде жарты ғасырға дейін тұрған екен. Дегенмен, 50-жылдардан кейін қабырға мүжіліп, опырыла бастапты. Мұны неге айтып отырмыз? Ауылдағы ақсақалдар Аралдың тартылуын Қорқыттың қабірінің құлауымен байланыстырады кейде. Ежелден жеткен аңыздың бірінде Қорқыттың қабірін су мүжігенде теңіздің тартылатыны туралы айтылады екен. Сәйкестік деуге келмейтін шығар. Дегенмен, аңыздың ақиқатпен де астарласып жататыны шындық. Олай болса, ел арасындағы әфсанаға күмәнмен қарау да қисынсыз секілді.
Қорқыттың кереметтері туралы айтып тауысу мүмкін емес. Бүгінде баба мазарынан сәл беріде, күре жолдың бойында «Қорқыт-ата» мемориалдық кешені бар. Осы кешенге жылына 10 мыңнан аса турист келіп тәу етіп, мінәжат жасап кетеді. Аптап ыстықта болсын, алапат желде болсын адам аяғы азайған емес. Мемориалдық кешенде үнемі қобыздың үні естіліп тұрады. Осы үн баба рухымен тілдестіретіндей әсер қалдырады көбіне. «Бір кем дүние» ғой. Кешеннің басында туристерге ыңғайлы орын жоқ. Келеді, мемориалдық кешенді көреді. Сосын көп тұрақтамай кетеді. Өйткені, жатын орын, жайлы тамақ жасайтын орталық жоқ басында. Ал алыстан ат арытып жеткендер баба басына түнеп, тілек тілеп қайтқылары келеді. Енді бұл олқылықтың да орны толғалы тұр. «Дорстрой» дейтін жеке мекеме мемориалдық кешеннің қарсы бетінен «Қорқыт-ата» зиярат етушілер орталығының құрылысын бастады. Бұрнағы күні облыс басшысы Болатбек Қуандықов атқарылып жатқан жұмыспен танысып қайтты.
Зиярат етушілер орталығында 20 орындық қонақ үй болады. 50 адам мінәжат ете алатын мешіт салынады. Құрбан шалып, ас беретіндерге арналып арнайы мейрамхана салынады. Қолөнер шеберлерінің шеберханасына да орын беріліпті. Қысқасы, туристерге барлық жағдай жасалмақ. Жобаның авторы самарқандық сәулетші Нигмат Садықов. Болашақ зиярат етушілер орталығының жобасын біз де көрдік. Ежелгі Жібек жолының бойындағы керуен сарайлар келеді көз алдыңа. Орталықтың жанында автокөлік жөндейтін орын да болады. Ал айналасы көгалдандырылып, жасыл желекке оранады. Тал-дарақтар егіледі. Тап бір сахараның ортасындағы оазис тәрізді. Жобаға 220 миллион теңге жұмсалмақ екен. Мұндай берекелі іс басталып жатқанда атқарушы биліктің сырт қалғаны жараспайды. Осыны ескерген Қызылорда облысының атқамінерлері аталған жобаны индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша туризм кластеріне енгізіпті.
Енді бір мәселе бар. Зиярат етушілер орталығы күре жолдың арғы бетінде орналасқан. Оған су мен жарық жеткізу біршама қиындық туғызады. Оның үстіне жақын маңдағы елді мекеннің өзі қозы көш жерде. Құрылысшылар әкімге осыны айтып еді, облыс басшысы бұл мәселенің оң шешілетінін жеткізді.
«Қорқыт-ата» зиярат етушілер орталығы биыл бітеді дейді құрылысшылар. Бұйырса, азаттықтың жиырма жылдығына орайластырылып берілмек.
Ержан БАЙТІЛЕС,
Қызылорда облысы,
Қармақшы ауданы.