19 Шілде, 2011

«Астана» алға адымдауда

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Демалыс күндері футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХ туры аяқталды. Осы турда өткен төрт ойында үш рет алаң иелері жеңсе, бір ойында қонақтар үш ұпайды олжалап кетті. Турдың басты ойыны Талды­қорғанда болды. «Жетісу» Шым­кенттің «Ордабасы» командасын қабылдады. Бұл ойында «Ас­тана­ның» өкшесін басып келе жатқан алаң иелері 2:1 есебімен жеңіп, өздеріне ауадай қажет үш ұпайды иеленді. «Астана» болса, өз ала­ңын­да «Таразды» 1:0 есебімен ұтып, көшбасындағы орнын сақ­тап қалды. Егер ойын біткен соң қосымша берілген үш ми­нөтте Богавец 11 метрлік айып добын орын­дамағанда қарсылас­тар тең есеппен тарқасатын еді. Бірақ тө­решінің жүрегі астана­лықтарға бұрып тұрған ойын осындай есеппен аяқталды. Турнир кестесінің соңында келе жат­қан «Қайсар» мен «Восток» үш ұпайға қол жеткізді. Қы­зылорданың командасы «Қайрат­ты» – 2:0, «Восток» сырт ала­ңын­да «Атырауды» 1:0 есебімен ұтты. Бұл турда «Ертіс», «Ақтөбе», «Тобыл» мен «Шахтер» Еуропа алаңдарында ойнап жатқан­дық­тан олардың матчтары кейінге шегерілді. ХХ турдан кейін мергендер тізімін «Жетісудің» ойын­шысы Ұлықбек Бақабаев бастап келеді. Ол 14 доп соғып отыр. Екінші орын­да 11 доп соққан «Шах­тер­дің» шабуылшысы Сергей Хижниченко болса, үшінші орынды Сергей Гридин («То­был»), Малик Мане мен Марат Хайруллин (екеуі де «Ақтөбе») әрқайсысы 8 доп соғып, иеленіп отыр. Дастан КЕНЖАЛИН.