19 Шілде, 2011

Қарышта, ғарышқа!

644 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сенбі күні Байқоңырдан «ҚазСат-2» көк жүзіне көтерілді Жер кіндігі – Байқоңыр. Күн сенбі. Сағат таңғы бесті соғып тұр. Алдымен бойы бәйтеректей болған темір құрсау бәйшешек секілді ашыла бастады. Қауызын жарған гүлдей жайылып шыға келді. Әлден уақытта жалындаған от көрінді. Сонан соң жер-дүниені сілкіндіріп гүрс еткен дауыс шық­ты. Табанымыздың асты дірілдеп кетті. Жоғарыға қо­йыл­ған радиоқабыл­дағыш­тан: «ҚазСат-2» ғарышқа ат­тан­­ды», деген дауыс шық­ты. Бұл уақытта сағат тілі таңғы 5.15-ті көрсетіп тұр еді.   Тұманбай көкемнің (Молда­ға­лиев) өлеңі бар ғой: «Көктемді қондырып қанатына, Құс қайтып оралды Алматыма», деп келетін. Әні – жарықтық Нұрағаң, Нұр­ғиса Тілендиевтікі. Сол сияқты, «Протон-М» зымыран­тасығышы­ның қанатына қонған біздің «ҚазСат-2» мен Американың «ОС-2» жер серіктері ғарышқа аттанды. Тоғыз минутта атмос­фе­раны жарып өтіп, өзге орбитаны бетке алды. Осы сәтте «ҚазСат­тың» ұшу барысын бақылап от­ырған маман Жер серігінің қа­лып­ты жағдайда ұшырылғанын, біздің орбитаны тастап шыққа­нын хабарлады. «ҚазСат-2» жер сері­гінің ұшырылуын арнайы тама­шалауға келген Үкімет делега­ция­сының мүшелері, «Қазға­рыш» ұлт­тық агенттігінің төраға­сы Тал­ғат Мұ­сабаев, Қызылорда об­лы­сының әкімі Болатбек Қуан­дықов пен Мәжіліс депутаттары шын көңілден қуанып, мәре-сәре болысып, қол шапалақтап, бір-бірін құттықтап жатты. Шынын­да да қуанатын жағдай. Біз де толқып тұрмыз. «Жұл­дыздар із тастап ағады» демекші, «ҚазСаттың» артынан қалған ізіне қарап мәзбіз. Қасымызда тұр­ған Байқоңырдағы Президенттің арнайы өкілі, облыс әкімінің ор­ынбасары Сәбит Қожаметов: «Қа­зір аспанда жарық жанады», деді. Ол не қылған жарық дейміз. Рас. Электр шамы іспеттес болып жарық жанды. Мәселе былай екен. Зымырантасығыш қаншама жылдамдықпен айналаны қызды­рып ұшып барады. Оған зымы­ранды ұшырып бара жатқан отты қосыңыз. Ал жоғарыдағы ауа ат­мосферасы суық. Жылу мен суық араласқанда енді шығып келе жатқан күн сәулесімен аспанда электр шамы сияқты жарық пайда болады екен. Таңғалып және тамсанып тұрып «ҚазСат-2» Жер серігін көзбен шығарып салдық. Күдігі мен үміті қатар жүре­тін өмір ғой. 2006 жылы Қазақ­стан ғарышты меңгеруге шындап кірісті. Сөйтіп біз өзіміздің тұң­ғыш Жер серігімізді ғарышқа жібердік. Дегенмен «ҚазСат-1» Жер серігі аспан әлемінде адасып кетті. Таппай қалдық. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді», дейтін қазақтың баласы емеспіз бе? Бірінші сәтсіздік өз сабағын берді. Сонымен, «ҚазСат-2» жасалды. Міне, бүгін оны да ғарышқа шы­ғарып салып тұрмыз. «ҚазСат-2» Жер серігінің аман-есен ұшқаны­на қуанғанымызбен, көкейде бір сұрақ тұрды. «Бұл да «ҚазСат-1» секілді ғарышта жоғалып кетпей ме?» Дереу «Қазғарыш» агенттігінен осы сауалдың жауабын білетін адам іздедік. «Іздегенге сұраған» дегендейін, «Қазғарыш» ұлт­тық агенттігіне қарасты «Ға­рыш­пен байланыс республика­лық орталығының» президенті Вик­тор Лефтерді таптық. Ендігі мән-жайды сол кісінің аузынан естиік. – Бұл тұрғыдан көптеген са­уалдар болды. Біршама ауқымды жұмыстар жасалды. Шынды­ғын­да, бұл күнді біз төрт жарым жыл күттік. Осы Жер серігінің «Қаз­Сат-1»-ден аса үлкен айырмашылығы бар деп айтуға болмайды. Дей­тұр­ғанмен, біршама өзгеріс бар. Мәселен, «ҚазСат-1»-ге ресейлік жабдықтар салынса, мына жер се­рігі француздың «EADS-Astri­um» компаниясының құрал-сай­ман­дарымен жабдықталған. Со­ны­мен қатар Жер серігін жасау­шы жақпен келісім-шартқа да өз­ге­рістер енгізілген. Біріншіден, ресейліктер «ҚазСат-2» Жер се­рі­гінің құрылымына кепіл бола­ды. Егер ұшу кезінде сәтсіздіккке ұшырап жатса, солар жауап береді. Екіншіден, ғарышта адасып ке­тіп, я болмаса, жұмыс бары­сын­да ақау болып жатса, тағы да ресейліктер жауапты. Мәселенің басы ашық. «Қаз­Сат-2» Жер серігінің барлық жұ­мысына Ресей тарапы жауап береді. Келісім-шартқа өзгерістер енгізіліп, солай қол қойылған. Та­ғы да қаңғып кетіп жатса, шы­ғын болмайды. Өтейтін тарап бар. Бұл да жақсы. Осы арада тағы бір мәселені айтуға тиіспіз. «Қаз­Сат-1» жер серігі ұшырыл­ған­да «Қазғарыш» ұлттық агенттігі құ­рылмаған болатын. Қысқасы, жер серігіне тікелей жауапты орган бол­ған жоқ. Білетіндердің ай­туынша, «ҚазСат-1»-дің адасып кетуіне, оған кеткен шығынның өтелмеуіне сол кезде жасалған келісім-шарттың олқылығы себеп болған. Енді қазір «Қазғарыш» ұлттық агенттігі жұмыс жасап жатыр. «ҚазСат-2» жер серігінің жұмысына солар тікелей жауап­ты. Сондықтан болашақта опық жемеу үшін келісім-шартты да өзімізге оңтайлы етіп жасаған. «ҚазСат-2» 60 күн бойына Ресейдің бақылауында болады. Ғарышқа шығып, оның жұмысы қалыпқа түскенінше, өз орнына бекігенінше ресейліктер бақылап отырады. Сонан кейін барып екі мемлекеттің арасында белгілі бір келісімдер жүріп, керекті құжат­тары ресімделіп барып қана Қазақстан жағына өтеді. Енді жер серігінің атқаратын мі­н­детіне келейік. «ҚазСат-2» спут­­ник-телевизиялық ақпарат та­ратуға арналған. Бұл енді біз өз­генің ақпараттық басымдығынан арыламыз деген сөз. Қазақстанның ұлан-байтақ жеріне сым тартып, телеарналарды жеткізу қисапсыз шығын мен еңбекті талап етеді. Ал «ҚазСат-2» арқылы еліміздің әр түкпіріне кедергісіз ақпарат жеткізіп, қиындықсыз хабар беруге бо­лады. Сонымен қатар, ұялы байла­ныс саласына да оңтайлы әрі пай­далы жұмыс жасайды. Осы күні Қазақстан өзге елдің ұялы байла­ныс операторларына байлаулы. Өзі­міздің жер серігі іске қосыл­ғаннан кейін, ұялы байланыс сала­сы да арзандай бастайды. Бүгінде әрбір адамның серігіне айналған интернет те арзандап, халықтың қалтасына түспейтін болады. Дегенмен мұның бәрі бүгін-ертең болатын шаруа емес. Оған да белгілі бір уақыт керек. «ҚазСат-2»-нің жұмысы жүйеленгеннен кейін атал­ған шаруаның барлығы шешіледі. Сонымен қатар, жер серігі ар­қылы жерді бақылап, жол құр­ылы­сын қалай салуға, қай жерге қандай да­қыл себуге болатынын білуге де болады. Қысқасы, қыруар шаруа­ны ат­қаруға мүмкіндік бар. Ауыл ша­руашылығын дамытуға да, құ­ры­лыс саласын  ілгерілетуге де, та­ғы басқа толып жатқан салаларға серпін беруге септігін тигізеді спутник. – Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғымен тұспа-тұс «ҚазСат-2» жер серігі ғарышқа аттанды. Бұл ел эко­номикасының түзелгенінің, әлеу­мет­тік жағдайының артқа­нының бел­­гісі. Ғарышты бағындыру ойын­­шық емес. Оған тәуекел етуге әрбір мемлекет бел шешіп кірісе ал­майды. Ал азаттық алғанына 20 жыл болған Қазақстан ғарышқа құлаш сермеп отыр. Бұл – еліміз­дің дұрыс бағытта дамып келе жатқанының, мемлекеттің хал­қына қамқорлығын білдіретін бірден бір берекелі іс, – дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов. Әрбір нәрсенің өз өлшемі, уақыты болады. Сол секілді, «Қаз­Сат-2» жер серігінің жұмыс істеу уақыты да шектеулі. Мамандардың есептеуінше, оның жұмыс істеу уақыты 12,5 жылды құрайды екен. Тосыннан болатын қауіп-қатерден аман болса, «ҚазСат-2»-нің күші соған жетуі керек. Тағы бір жақсы жаңалықты айтайық. Осы жылдың 20 мау­сымы күні «ҚазСат-3» жер серігін жа­сай­тын ұжымның аты белгілі болды. Ол академик М.Ф. Ре­шет­нев атын­дағы «Ақпараттық спутниктік жү­йе­лер» ААҚ. Бүгінде аталған мекеме жер серігінің құ­рылысын бастап кетті. Бұйыртса, үшінші жер серігі 15 жыл бойына жұмыс жасайды деп күтілуде. Ал оның ғарышқа аттанар уақыты қашан? «ҚазСат-3» жер серігінің ұшырылуы 2013 жылдың жел­тоқсан айына белгіленіп отыр. Оған дейін «ҚазСат-2»-нің де игілігін көріп қалармыз. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы, *Байқоңыр ғарыш айлағы.