Үнем қай кезде де қажет. Әсіресе, коммуналдық қызметті тұтынушылар үшін. Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында нақ осы мәселеге барынша назар аударылды. Үнемшілдікке тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер дайын ба? Мұнайлы өңірде тұрғын үй- комуналдық шаруашылықты жаңғырту қалай іске асырылуда? Жалпы үнемшілдікке жүгіну үшін жекелеген тұрғындар да, өзге тұтынушылар да нендей әдіске жүгінгені жөн? Мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, алдымен тариф саясатының тұтынушыларға неғұрлым тиімді тұстары ұсынылуы тиіс. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновтің айтуынша, тарифтерді реттеу –үнемшілдіктің ең тиімді жолы. Әр тұтынушы үшін коммуналдық қызметтерге төленетін шығынды азайтудың бірден-бір қолайлы әдісі – сараланған тарифтерді қолдану.
Н.Алдабергеновтің атыраулық коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар, өзге де ұйымдар мен бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте айтқан деректеріне қарағанда, тұтынушылар былтыр шамамен 248 млн.кВт/сағ. электр энергиясын үнемдей алған. Бұл тұтынушылар тұтынған электр энергиясының 2,3 пайызын немесе 62 мың тонна көмірді (1000 вагон) құрайды. Тұтынған электр энергиясына төленген қаржы тұрғысынан айтсақ, тұтынушылар 3 миллиард теңгеге жуық қаражат үнемдеген. Тұтынушы үшін тиімді ме бұл? Әрине, мұны ешкім жоққа шығармайды. Бұл Атырау облысының мысалынан да байқалады. Мәселен, атыраулық тұтынушылардың электр энергиясына тәуліктік аймақтар бойынша сараланған тарифтерді қолданудан болған үнемі былтыр 74,1 млн. теңгені құраған. Ал биылғы 6 айда 25 миллион 342 мың теңге тұтынушылар қалтасында қалып отыр. Жалпы, мұнайлы өңір тұтынушылары электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерді қолданудан өткен жылы 38,3 миллион теңге үнемдеген.
Сараланған тарифті қолданудың қанатқақты жобасы Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылында қолға алынды. Биылғы жыл басынан бері мұнда суды тұтынушы жеке тұлғалар екі топқа бөлінген. Бірінші топтағы жеке тұтынушылар, яғни, айына бір адамға 2,8 текше метрден аспайтын су тұтынушылар 1 текше метр суға 38,5 теңге төлейді. Ал екінші топтағы, яғни айына бір адамға 2,8 текше метрден артық су тұтынушы жеке тұлғалар мен бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер үшін 1 текше метр су бағасы қосалқы құн салығынсыз 57,8 теңгеден белгіленген. Сумен қамтушы «Есенаманова» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Е.Есенаманованың мәліметінше, сараланған тариф енгізілгеннен соң суды тұтыну көлемі бір адамға есептегенде 3,68 текше метрден 3,2 текше метрге азайған. Мәселен, 2010 жылдың 6 айында тұтынушылар 102 207 текше метр су тұтынып келсе, биылғы жарты жылда тұтыну көлемі 93446,4 текше метрді құраған. Соған қарамастан сумен қамтушы мекеменің есепшотына тұтынушылардан биылғы 6 айда 440,9 мың теңге кіріс түскен.
Осы орайда «АтырауЖарық» мекемесі электр желілерін жаңғырту, жалпы саланың қайта жарақтандырылуына инвестиция ретінде 3783,3 млн. теңге қаржы салуды жоспарлапты. Бұл 2010-2011 жылдары игерілмек. Бұрын мекеме өңірге қажетті энергияның бір бөлігін көршілес Маңғыстау облысынан, сонымен бірге Ресейден де алып келген. Енді өңірге қажетті энергия «Атырау жылу орталығы» АҚ-та шығарылатын болды. Өйткені, мұнда жылу орталығының төртінші кезегі іске қосылып, бұрынғыға қоса 75 МВт энергия өндіру қолға алынды. Осы мақсатқа 16 795 миллион теңге инвестиция салынған.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.