29 Шілде, 2011

Ерекше маңызы бар

345 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Чапаев – Жалпақтал – Казталов – Жәнібек автожолы құрылысында кідіріс жоқ

Кешегі күні Орал өңірінің газет айдарына шығарылып отыр­ған ең шалғайдағы аудандарын облыс орталығымен жалғастыра­тын автожол құрылысы жобасы жасалған кезде мұнда оған дейін кім бар, кім жоқ деушілер аз болған жоқ. Казталов ауданында тұратын елдің қадірлі ақсақалы Ихсан Құтқожиннің жасым сексенге келді, ендігі жерде мен бұл жолдың игілігін көре аламын ба, жоқ па деп Батыс Қазақстан об­лысының әкімі Бақтықожа Із­мұ­хамбетовке сауал тастағаны да күні кеше болатын. Қысқасы, стратегиялық және экономи­ка­лық тұрғыдан айта қаларлықтай қайтарым бере алмайтын, тек шалғай аудандардың қарапайым тұрғындары үшін жасалатын әлеу­меттік автожол құрылысы қарқын алып кетеді дегенге кү­мән келтірушілер көп болды. Дегенмен “Көз қорқақ, қол батыр” дегендей, бүгінгі күні аталмыш автожолдың елу жетінші километрінің көпірмен қоса алғандағы құрылысы аяқталып келе жатқаны көңілге үлкен сенім туғызады. “Ақжайық қаржы-өнеркәсіп компаниясы” ААҚ-қа қарасты “Орал жол құрылысы” АҚ-тың маман жұмысшылары мен инженер-техниктер тобы оны алдағы тамыз айында аяқ­тау­ды көздеп отыр. Автожол құ­ры­лысында мол тәжірибе жинақ­таған, оны сапалы түрде атқара білетін өндірістік ұжымға ел ризашылығы шексіз. Оралдық жол құрылысы мамандарының с­а­ладағы өзге әріптестерінен шоқ­тығы биік тұратын тағы бір себебі – сапа менеджменті жүйе­сі бойынша жұмыс істейтіндігі. Сонымен бірге тағы бір ар­тық­шылығы, облыста баламасы жоқ жол-құрылыс лабораториясының тұрақты жұмыс істейтіндігі. Үшіншіден, оларға кәсіби ше­берлік, тәртіп пен жина­қы­лық, терең жауапкершілік сезім, бүгін тапсырылған істі ертеңге қалдырмау дағдысы тән екенін айта кетуге тиіспіз. Мысал керек пе, сөз жоқ табылады. Қыс бойы қарап жатпай шикізатты әзірлеп, тасымалдап, ерте көктемде істі бастап кеткені мысал емей немене? Ойдан ой туады. Бұған дейін батысқазақстандықтардың осы автожол құрылысын жүргізуден талай рет тақырға отырып қал­ғаны  жасырын емес. Қалайша демексіз ғой. Тендерде мате­ри­ал­дық база дегеннің он екіде бір нұсқасы жоқ, кәсіби деңгейлері төмен, жол-көпір құрылысымен айналыспаған келімсек біреулер ұтады да, топырақты тегістеген, үйген кейіп танытып, күндердің бір күнінде аяқ астынан тайып тұрады. Іс бітті, қу кетті деген осы да. Содан соң жергілікті өкі­лет­ті органдар олардың үстінен сотқа арыз берген жағдайлар да кездесті. Одан бәрібір ештеңе өзгерген жоқ. Жол үсті сол бая­ғыша топырақтың үйіндісі күй­інде қала берді. Мемлекеттің қы­руар қаражаты желге ұшып кете барды. Бұдан бірнеше жыл бұрын шал­ғайдағы Жаңақала ауданын облыс орталығымен жалғайтын жол құрылысы кезінде осындай көрініс орын алғаны әлі де есте. “Бонус-Сервис” деп аталатын келімсек компания ел-жұртты осылайша сазға отырғызып кеткені бар. Шалқар көліне тар­ты­латын жол құрылысы кезінде де бастапқыда осындай жағдайлар кездесті. Бұл тұрғыдан да жергілікті кәсіби мердігер “Орал­жол­­құрылысы” ұжымының ел ал­дын­дағы еңсесі биік, жүзі жарқын. Осы материалды жазу бары­сында біз Көлік және коммуникация министрлігі,  Автомобиль жолдары комитеті, Батыс Қазақ­стан облыстық департаментінің бастығы Темірхан Меңдіғали­ев­ке хабарласып, одан үлкен әлеу­мет­тік маңызы бар жол құрылы­сы­ның алдағы уақытта қалай жал­ғасатыны жөнінде айтып беруін сұраған едік. Сала басшысы іркілген жоқ. – Келесі кезектегі 57-97 киллометр аралығындағы жобалау-іздестіру жұмыстарының құжа­ты әзірленді. Бұл іргелі құжат  Көлік және коммуникация ми­нис­тр­лі­гіне қарасты Автомобиль жол­дары комитетіне тапсырылды. Қазіргі күні қыркүйектің басын­да жоғарыда аталған қырық километрлік жол құрылысына тендер өткізіледі деп күтілуде. Оның тілшіге қайтарған жа­уа­бын сәл тереңдете түссек – бұл әлеуметтік жол құрылысындағы аса ауқымды, аса көлемді іс деген сөз. Тіпті өңірдің арғы-бергі жол құрылысы тарихында дәл ос­ын­­дай көлемдегі ірі жол жо­басы бір жылдың ішінде атқа­рыла қойды ма екен десеңізші. Әй, сірә, ат­қарыла қоймаған шы­ғар. Тоқсан жетінші километрден үш ша­қы­­рым жерде Казталов ауданына қа­расты Сары­құдық ауылы орна­лас­қан. Оның “бауырмал” саз бал­шығы авто­кө­лік иелерін жау­ын­ды-шашынды кезеңдерде қона жа­­­ту­ға мәжбүр­лейтінін қайда қоярсыз. Бір сөзбен айтқанда, саз бал­­шығы тілерсектен соғатын маң далаға асфальт жолдың тұмсық тіреуі өркениет пен әлеуметтік-тұрмыстық даму сатысына жетудегі іргелі қадам болмақ. Яғни жоғарыда айтылғандай, шалғай ауданда тұратын ақсақал Ихсан Құтқожин бұйыртса алдағы төрт-бес жыл ішінде әлеуметтік жол­дың игілігі мен пайдасын көргелі тұр. Бұған дейінгі есептерде жол­­­дың толықтай пайда­лануға берілу мерзімі кем дегенде он-он бес жыл деп белгіленген болатын. Түйіп айтқанда Ақжайық ай­мағында іске асып жатқан ірі әлеу­меттік жол құрылысы жо­ба­сы Ел­басы мен республика Үкі­метінің әлеу­меттік саясат пен осы сала­­да­ғы іс-қимыл бағдар­ла­масының жар­­­­­қын көрінісіндей әсер қалдырады. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.