Ұлы Дала ұландарының кәрі құрлық – Еуропада салған іздерінің сілемдерін көзі қарақты жан қазіргі уақытта да жер атауларынан, кейбір тарихи ескерткіштерден, өзге де дереккөздерден тауып жатады. Еуропа төсінде өздерін маджарлықтар-мадиярлармыз дейтін венгрлердің қазақтармен туыстығын дәлелдеген Иштван Коңыр сынды ғалымдар салып кеткен көпір оқырмандарымызға аян. Біздің тілшіміз Интернет көмегіне сүйене отырып, еліміздің Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашид Ыбыраевпен әңгімелесу арқылы, арадағы жалғастық пен ынтымақтастық жайын білген болатын.
– Биыл Қазақстан – Венгрия дипломатиялық қатынастарына 19 жыл болды. Еліміздің сыртқы саясатындағы Венгрияның рөлі туралы айтып өтсеңіз?
– Сыртқы саясатымыздың көп векторлығы бәрімізге белгілі. Ол еліміздің Батыс және Шығыс елдерімен, алыс-жақын көршілерімен терезесі тең ынтымақтастық орнатуын қамтамасыз етіп келеді. Осындай саясат арқасында ынтымақтастық деңгейінің өрістеуін бізді тарихи ортақтық пен туысқандық қатынастар байланыстыратын Венгрия Республикасынан көреміз. Қазіргі таңда Венгрия басшылығы Еуразиядағы даму мен тұрақтылықтың маңызды факторы саналатын Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық әріптесі ретінде бағалайды. Бұл ретте соңғы жылдардағы Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін бағалаған ресми Будапешттің нық ұстанымын да атап өткен жөн. Сонымен бірге, Венгрия өз кезегінде Еуропа Одағының толыққанды мүшесі саналатын, өтпелі кезеңнен ойдағыдай өткен Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші мемлекет. Бүгінгі күні Еуроодақтағы оның төрағалығы ел жетістіктерінің айғағы саналады. Біз Венгрияны Қазақстанның маңызды саяси және сауда әріптесі ретінде танимыз.
Екі жақты байланыстарды нығайтуда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Венгрия үкіметаралық комиссиясының жұмысы айтулы рөл атқарады. Осы екі тарапты құрылым экономикалық өзара әрекеттесудің өзекті мәселелерін тиімді шешуге өз септігін тигізеді. Комиссияның үшінші отырысы Венгрия Премьер-министрі В.Орбанның Астанаға жоспарланған сапары шеңберінде өткізіледі деп күтілуде. Өз тарапымыздан Комиссияның тең төрағасы Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов болса, Венгрия тарапын осы елдің Премьер-министрі Әкімшілігінің басшысы – Мемлекеттік хатшы М.Варга басқарады.
Екі халықтың ортақ тарихи және мәдени мұралары мен басшыларымыздың сындарлы саяси үнқатысуының арқасында екі жақты ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілді. Венгрияның біздің тәуелсіздігімізді алғашқылар қатарында тануы мен Қазақстанның ОШЕ аймағында бірінші болып Будапешт қаласында дипломатиялық өкілдік ашқанын да айтып өткен жөн. Бүгінгі таңда саяси байланыстар ең жоғары деңгейде, екі ел сындарлы түрде өзара ықпалдасуға әрқашан да дайындығын білдіріп келеді.
– Президент Н.Назарбаевтың Будапештке сапарынан кейін екі жақты байланыстардың жанданғандығы айқын көрінген шығар?
– Елбасымыздың Будапештке жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екі жақты қарым-қатынастар тарихындағы елеулі оқиға ретінде бағаланды. Сапар халықаралық саясаттың өзекті мәселелеріндегі тараптардың ұстанымдарын айқындап, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі. Мемлекеттік сапар қорытындысы Венгрия басшылығының Астанамен көп жоспарлы үнқатысуды үдетуге бағытталған елеулі қызығушылығын көрсетті.
Сапар барысында заманауи да сапалы орындауды қажет ететін саяси және экономикалық сипаттағы бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда сапар қорытындысы бойынша тапсырылған міндеттердің көпшілігі жүзеге асырылды. Осылайша, 2008 жылғы қарашада және 2010 жылғы наурызда жоғарыда келтірілген үкіметаралық комиссияның екі отырысы өткізілді. Бизнеске Қазақстан – Венгрия іскерлік кеңесі елеулі көмегін көрсетуде, екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында байланыс орнатылған. Өткен кезеңде Венгрияға Қазақстанның Көлік және коммуникация, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Білім және ғылым министрлері, сондай-ақ бірнеше мәрте мемлекеттік органдар басшыларының сапарлары болды.
Екі ел арасында тығыз парламентаралық байланыстар да орнатылған. Мемлекет басшысы сапарының алдында ВР Мемлекеттік жиналысының (Парламент) төрайымы Каталин Силидің Қазақстанға ресми сапары болды. 2008 жылдың желтоқсанында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың Венгрияға жауап сапары болды. Екі ел заң шығарушы орындарында парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі депутаттық топ құрылған. ВР Мемлекеттік жиналысында Премьер-министр Әкімшілігінің басшысы – Мемлекеттік хатшы М.Варганың басшылығындағы Венгрия – Қазақстан ынтымақтастық тобы жұмыс істейді.
– Екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттарына және екі ел арасындағы сауда айналымына тоқталсаңыз?
– Екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттары жетерлік. Қазақстан үшін елдегі жоғары технологиялық және инновациялық өндірістер құруда халықаралық компаниялардың қатысуы қатты қызығушылық тудырады. «2014 жылға дейін елдің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында перспективалы жобалар, нано және биотехнология өндірісін тиімді дамыту, ақпараттық технологияны тарту, тауар өндіру мен қызмет көрсету салаларына венгр кәсіпорындарын тартуға жіті көңіл бөлінеді.
Екі елдің географиялық ұтымды орналасуына орай, транзиттік-көліктік әлеуетті қолданудың болашағы зерттелу үстінде. Еуропа мен Азия арасындағы көліктік торап ретінде қарастырылатын Захонь қаласындағы венгр темір жол терминалына негізделген ірі бір халықаралық логистикалық орталықтың даму жобасына қатысу мүмкіншіліктеріне қазақстандық тарап қызығушылық білдіруде. Мысалы, Венгрия «Еуропаның қақпасы» деп аталса, Қазақстан «Азия қақпасы» деп аталады. Біздің ынтымақтастықты неге екі жақтан да күшейтпеске? Венгрия іскерлерінің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралін салу жобасына танытқан қызығушылығы кездейсоқ жағдай емес. Ғаламдық энергетикалық қауіпсіздік қазіргі заманның қойып жатқан өзекті талаптарының бірі. Осыған орай біз «Оңтүстік ағым» және «Набукко» газ құбырларының құрылысына көңіл бөлудеміз.
Венгрия – табиғи газ бен мұнайдың ірі тұтынушысы болып табылады. Ал Қазақстан болса, өз кезегінде энергия тасымалдау экспортты әртараптандыруға бет бұрып, өзінің көмірсутектерін осы мемлекетке жеткізудің ықтимал бағыттарын табуға және де ВР аумағында мұнай-газ инфрақұрылымының нысандарын құруға қызығушылық білдіреді. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың да болашағы кең. Біздің жинақталған әлеуетіміз бен мадиярлардың тұрақты дәстүрлерін назарға алғанда, селекция, тұқым шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдері сорттарын байқау тәрізді салаларда қатынастар орнатуға қызығушылық білдіріп отырмыз. Тараптардың қай-қайсына да өзара тиімді сектор ретінде денсаулық сақтау саласындағы серіктестікті айтуға болады. Оның бірі – дамыған венгр дәрі-дәрмектердің экспорты және оған қосымша дайын өнімді жасау ісі. Екінші бағыт – венгр медициналық құрал-жабдықтарының экспорты.
Екі жақты қарым-қатынастардың маңызды саласы – мәдени-гуманитарлық байланыстар. Бүгінгі күні екі елдің мәдениет қайраткерлері, ғалымдары мен спортшылары Қазақстан мен Венгрияда өткізілетін мәдени және спорт шараларына қатысуда. Шаралардың ішіне конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, концерттер мен кинофестивальдар, классикалық күрес, бокс, жүзу мен футбол бойынша жарыстар кіреді. Қазақстандық және венгр ғалымдары ортақ тарихи тамырларын зерттеуге өзара қызығушылық білдіріп, қыпшақтардың Венгрияда және мадиярлардың Қазақстанды мекендеу тарихы саласында бірлескен зерттеулер өткізуде. Қазақстандық шығармашылық ұжымдары «Радуга» және «Созвездие Будапешта» атты жыл сайынғы халықаралық жарыстарға, сондай-ақ «Веспрем» балалар өнері фестиваліне қатысатыны жергілікті халыққа ұнайтыны анық. Биыл Будапештте Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева бастаған жастар симфониялық оркестрінің гастрольдері өткен болатын.
Білім саласында да ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері ашылуда. Мысалы, 2009 жылғы наурыз айында Будапештте өткен министрлер конференциясының шеңберінде ресми түрде Қазақстан Болон үрдісіне қосылды. Біздің студенттер пен аспиранттар Венгрияның аккредитацияланған озық ғылым мен білім мекемелерінде біліктіліктерін арттыруда. Жалпы алғанда, екі жақты қарым-қатынастарды дамыту келешегі күннен-күнге кеңейіп келеді. Бүл үдеріске екі халықтың тарихи жақындығы мен ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді өркендетуге талпыныстары зор себепші болуда. Бұл факторлар туризм сынды маңызды саладағы қолда бар әлеуетті іске асыруға екі тараптың да қызығушылығын тудыруы заңды. Оған қоса бизнес қауымдастығына телекоммуникация, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, энергетика мен инфрақұрылым сияқты секторлар да қызықты болып табылады.
Сауда-экономикалық тақырыпты қозғасақ, соңғы уақытта тұрақты өсу үрдісі бар екендігін байқауға болады. Географиялық алшақтықты назарға алғанның өзінде де біздің ел тауар айналымы бойынша ТМД елдері арасында (Ресей мен Украинадан кейін) Венгрияның үшінші серіктесі болып саналады. Екі жақты тауар айналым құрылымының қомақты бөлігін қуат көздері, мәшинелер мен көлік құралдары, азық-түлік пен шикізат өнімдері алады. Венгриядан Қазақстанға ет және ет өнімдері, көкөніс және жеміс-жидек, азық-түлік, сусындар, органикалық тыңайтқыштар, жануар және өсімдік майлары, астық пен дәнді дақылдар, химия өндірісінің өнімдері, емдік дәрі-дәрмектер, медициналық құралдар, киім-кешек, көлік құралдары, өндіріс пен электр жабдықтары, т.б. заттар импортталады. Ал Қазақстаннан көбінесе ЖЖМ, көмір, кокс, табиғи газ экспортталады.
– Ойдағыдай жұмыс істеп келе жатқан бірлескен кәсіпорындар негізінен қандай салаларда шоғырланған?
– Қазіргі таңда Қазақстанда өнеркәсіп, құрылыс, көпшілік тұтынатын тауарлар өндіруге, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу, сондай-ақ делдалдық және маркетингтік қызметтерді көрсетуге бағытталған 60 венгрлік-қазақстандық кәсіпорындар жұмыс істейді. Оның ең танымалдары «Хемимонтаж», «MMG AM NOVA», «АТКС», «Харкон», «Глобус», «Гедеон Рихтер», «Эгис», «Венпрод», т.б. компаниялар.
Қазақстанда венгр сыра зауыттары, наубайханалар, дәрі-дәрмек қоймалары салынған. Кардиохирургия саласында Ақтөбе қаласындағы «Авиажөндеу зауыты» АҚ пен «Форгосарнь» ЖШС қатысуымен авиатехниканы жөндеу салаларында бірлескен жобалар іске асырылуда. «ҚазАгроФинанс» АҚ бағыты бойынша Қазақстанда өсіру үшін Венгриядан «голштино-фриз» аталатын 300 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Қазақстанның шикізат нарығында Федоров блогын (Батыс Қазақстан облысы) игеру жөніндегі жобаға қатысатын «MOL» ВР мұнай-газ ұлттық компаниясы жемісті жұмыс істеуде.
– Тарихи байланыстар тамыры тереңде жатыр. Венгрияда қыпшақтардың, ал Қазақстанда мадиярлардың ұрпақтары тұрады. Қалай ойлайсыз, қазіргі венгр жастары осы тарихи тамырластық жайынан қаншалықты хабардар? Осы тамырластық уақыт көшінде үзіліп қалмай ма?
– Мені таңдандыратын бір жайт, елімізден мыңдаған шақырымдағы Еуропаның қақ ортасында бізді өздерінің жақын туыстары ретінде көретін адамдар мекендейді. Олар венгр кундары (кумандар) – қыпшақтардың ұрпақтары. ХІІІ ғасырда Қотан ханның басқаруымен қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Қазақстаннан Венгрияға келіп, Еуропаның ортасында мекен құрады. Олар аймақтың дамуына және сыртқы жаулармен күресуіне айтарлықтай өз үлесін қосты. Венгрияның Карцаг қаласында қазақша Қарсақ (аударманы талап етпейді және біздегідей мағынасы бір «дала түлкісі» делінеді) – қазақтың ежелгі руларының бірінің атына арнайы Еуропада тек бір ғана, қыпшақ ханы Қотанға ескерткіш орнатылғаны бекер емес. Бұл қала Үлкен Қыпшақияның астанасы болып есептеледі, осы жерде кун-қыпшақтар тұрады. Өз дәстүрлерін мәпелеп сақтай отырып, құрылған «Венгрияның қыпшақтар одағында» бастарын қосты, ол өз кезегінде 2007 жылы Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығының құрамына кірді.
Халықтарымыз арасындағы рухани байланыстардың тағы бір айғағы ретінде өздерін мадияр санайтын венгрлер, Торғай даласында тұратын мадияр атты қазақ руының өкілдерін тікелей туысқандары санайтынын айтып өткен жөн. Венгр ғалымдарының пікірінше, біртұтас мадияр халқы IX ғасырда екі топқа бөлініпті. Оның бір бөлігі қазіргі Венгрия аумағына көшсе, екінші бөлігі Орал тауының етектеріндегі тарихи отандарында қалыпты. Мадияр (венгр) және біздің торғайлық мадиярлар арасындағы туысқандықты антропологиялық және генетикалық зерттеу жолымен дәлелдеуді венгр ғалымы Андраш Биро қолға алды. Жұмысының қорытындысы бойынша, гендік деңгейде венгрлер мен мадияр-қазақтар бір туған бауырлар болып шықты.
Қазіргі кезде Венгрияда 100 мыңға жуық қыпшақтардың ұрпағы тұрады. Ана тілдерінің жоғалуы мен қазіргі венгр ұлтының құрамына кірулеріне қарамастан, олардың көпшілігі ежелгі қазақ руы қыпшақтармен мәдени және этностық тұрғыдан жақындығын сезінеді. Осы ретте «Венгр қыпшақтары одағы» тарихи тамырларды сақтап қалу және Қазақстанмен рухани, достық қатынастарды дамытуды өзінің басты міндеті санайды.
Будапештке жасаған сапары барысында Президент Н.Назарбаевтың «Венгр қыпшақтары одағы» өкілдерімен кездесуі қатынастарымызға жаңа серпін берді. Кездесу кезінде Мемлекет басшысы венгр қыпшақтарының Құрметті көшбасшысы ретінде танылды. Сіздің осы арадағы байланыс уақыт өте келе, үзіліп қалмай ма, деген сұрағыңызға жауап бере отырып, тарихи және рухани байланыстарды дамыту шетелдегі өкілдіктің ең басым міндеті екенін айтқым келеді.
Елшілік венгр қыпшақтарымен әрдайым тығыз байланыста. Жалпы, осы байланыс әртүрлі деңгейлер мен шаралар барысында насихатталып, оған қолдау көрсетіліп келеді. Мысалы, өткен жылы Дүниежүзі венгрлері федерациясының шақыруымен Қазақстаннан 60 адам Тұран ұрпақтарының халықаралық құрылтайына қатысты. Осы жылы венгр делегациясы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының отырысында болды. Жыл сайын елшілік әртүрлі қыпшақ құрылтайлары мен «пөркөлт» (қуырдаққа ұқсас ас) атты ұлттық тағам дайындау байқауына қатысып келеді. Осылайша, тарихи байланыстар екі елдің туысқан халықтары арасында өзара түсіністік пен достықты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.