04 Тамыз, 2011

Қанатқақты

479 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Тіл-көзіміз тасқа, боксшы Қанат Исламды қазақ былғары қолғап өнерінің соңғы 10 жылдағы маңдайына жазылған шебері деуге болады. Бейжің Олимпиадасында Қытай құрамасының атынан шығып, қола жүлдегер атанған Қанат бауырымыз былтыр Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін қазір «Astana arlans» кәсіпқой бокс клубында өнер көрсетеді.  Бұл команда биыл Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) бойынша өткен жекпе-жектерде екінші орын алғаны белгілі. Осы айқастарда Қанат бірде-бір рет жеңілмей, қарсыластарының бәрін сұла­тып, жеңіп отырды. Бірақ боксшының бір өзі бір командаға жетпеді. Командалық ойын­дар­да бір қақпашының өзі жарты команда бо­лып есептелсе, бокста олай емес. Мұнда әр спорт­шының жеңісі қорытынды нәтижеге әсер етеді, сол үшін әр жеңіс ауадай қажет. Сондай кезге біз мамыр айы­ның басында Қытайдың Гуянг қаласында «Astana arlans» пен «Paris united» клубтарының арасында өткен Бүкіләлемдік бокс сериясының финалдық кездесуінде куә болған едік. Осы айқаста отандас­та­ры­мыздың төртеуі жеңіп, қалған алтауы же­ңіл­генде өз салмағында жеңіске жеткендердің бірі Қанат Ислам болатын. Өкінішке қарай, төр­теуі жеңсе де, біздің командаға  жеңіс әкелмеді. Жеңісті тойлаған «Paris united» клубы WSB сериясының өткен маусымындағы бас жүлдесіне ие болды. Сол кездегі айқастарда Қанат Исламның көзінен ұшқынды көріп, ал жекпе-жектерден соң намысшыл жігіттің өз әріптестеріне барынша қолдау көрсетіп, демеп жүргеніне риза болғанбыз. Сондай сәттердің бірінде біз Қанатты әңгімеге тартуды жөн көрген едік. – Қанат, осы сен  шаршы алаңға нокаутпен жеңемін деп шығасың ба? – Ондай ой болмайды енді. Кешегі жекпе-жекке бес раундқа д­а­йындалғанмын. Өзімді өзім айқас­қа қамшыладым. Қарсыл­а­сым­ның жарыстарын қарап, біраз зерттедім. Мен енді шыға салып, бірден атылмадым ғой. Біраз жүрдім. Енді бокс қой, тиіп кетеді де (күледі). – Командаға кеш келдім деп өкінбейсің бе? – Кеш келгенім білініп жа­тыр. Егер был­тыр келгенде жеке чемпионатқа шығар ма едім деп ойлаймын. Бірақ оның бәрі Алланың қо­лында ғой. – Олимпиадаға жолдама алу үшін боксшы азаматтық алған елде үш жыл тұру керек деген әң­гіме бар. Соған қалай қарай­сың?        – Иә, ондай әңгіме айтылып жүр. Бізде ауыр атлеттер бар ғой, солар азаматтық ала салады да Олимпиадаға барады. Неге екенін білмеймін, қазаққа келгенде солай қиналып қала ма. – Қазір көп жастар сенің боксыңды қарайды. Саған ұқ­са­ғы­сы келеді. Өзіңде қандай бір ерекшелік бар ма? – Жоқ, менде ешқандай ерекшелік жоқ. Ешкімнен артық ту­ған жоқпын. Бәрі Алланың берген күш-қуаты. 15 жылдан бері спортпен айналысып жүрмін. Спортта кім жұмыс істесе, кім алдына мақсат қойып тырысса, сол биік белестерге жетеді.  Бас­қа спортта да солай. – Бұрын жарыстардан кейін боксшылар бапкерлерімен бірге қалып жаттығатын еді. Қазір жарыс қалай бітеді, кетуге асығады. Өзіңде жеке жат­тығатын кездер бола ма? – Иә, мен өзім күнделікті жат­ты­ғамын. Бокстан басқа да спорт түрлерімен айналысамын. Жүгіре­мін, доп ойнаймын. Қы­тай­да тұр­ған кезімде көп ұстаз­дары­мнан білім алдым, олардың тәрбиесін көр­­дім. Соның пай­дасы тиіп жатыр. – Қазір қай жерде, қай елде болсын боксшылар арасында бәсеке көп. Өзің туып-өскен Алтайда қазақ балалары қы­тай­лардың арасынан шыға ал­май жүр деген әңгімені естіп жүрміз. Негізгі басымдықты қытайларға береді дейді. – Негізі ол былай ғой. Мені тәрбиелеген ағам. Қазір оның шә­кірттері көп. Олардың ара­сын­да Қытайдың жастар ко­ман­­дасына шығып жатқан­дар да бар. Қытай­да халық көп бол­ған­нан кейін бә­се­ке болады, әри­не. Шетке қа­ғы­лу да бола­ды. Енді Қазақстан жақ­сы спорт­шы­лар­ды тартып жа­тыр ғой. Мүм­кін кейін біз де Алла бұйыртса сол жігіттерді әкелу­ге жұмыс істейтін шығармыз деп ой­лаймын. Осы елге келіп, Қазақ­стан аты­нан шығып, елі­міздің туын көтеріп жүрсе, олар үшін бұ­дан асқан бақыт жоқ. Біздің жо­ға­ры жақ­тағы аға­ларымыз сол жігіт­терге көмектессе жақсы болар еді. – Бейжің Олимпиадасы­ның алдында Қазақстанға келуге мүмкіндік болды ма? – Ондай мүмкіндік болмады. Өйт­кені, мен ол кезде көп адам­дарға уәде беріп, Олимпиадаға бірге да­йын­­даламыз деп, көп құ­жат­­тарға қол  қойған едім. Соның бә­рін тастап кетсем, азамат деген аты­ма сын болмай ма. Бірақ мен олар үшін өмір сүрмеймін. Әр­кім­­нің өз өмірі бар. Сол кезде мен оларға басқа елге емес, өз еліме, атажұртыма кетіп барамын деп айттым. – Намазға дейін және намаз оқығаннан кейін қан­дай айыр­машылықты сезініп жүрсің? – Менің әке-шешем намаз оқыған кісілер. Көзімді ашқалы бері ислам отбасында өстім. Содан өзім дінге жақын болғаннан кейін жарысқа барғанда Алла та­ға­ладан тілеп жүрдім. Алла таға­ла жүрегіме иман салған шығар, барған сайын жолым ашылып жат­қандай сезінемін. – Бала-шаға болғанда бала­ларың боксшы болса деп ар­ман­дайсың ба? – Иншалла енді кейін көреміз. Жазғы, Қысқы Олимпиадаға қа­тыс­са деп ойлаймын. – Рингке шыққанда жан­кү­йер­лердің қолдауына үміт арта­сың ба? Сезімге беріл­мей­сің бе? Бапкерлер сені сезімге берілгіш дейді. – Жо-жоқ. Мен негізі өзімді ұс­тау­ға тырысамын. Өйткені, бокс деген бір раундтық жарыс емес қой. Бә­рін ақылмен, ақы­рындап істеу керек. Рингке жақсы жағына да, жаман жағына да дайындалып шығамын. – Рингте жеңіске жеткеннен кейін көп айналып жүгіріп алады екенсің. Басқалары ринг­­тен тез кетіп жатады, ал сен қытайларға әдейі солай істейсің бе сонда? – Ондай бөтен ой болған жоқ. Өзімді бір миллиардтан астам Қы­тайға қазақтың кім екенін тағы танытсам деп ойлаймын. Бұл жар­ты әлемге қазақты таныт­қан­мен бірдей ғой. Өйткені, Қы­тай­д­а көп спортшылар Қазақ­станды біле бермейді. Сол үшін таныту керек. Енді басқа да жағы бол­ған шығар. Оны сырт көз сын­шы дейді ғой, адамдар өзі біле жатар. – Күнделікті режімің қалай? – Менің өмірім – жаттығу. Шы­нын айтқанда басқа тұрмыс-тірші­лік қызықтырмайды. Ол әдет бо­лып қалған. Бұл өзі намаз сияқты. Намазды бес уақыт оқы­саң, па­рыз болса, жаттығуды да үш уа­қыт жасасаң ол да парыз сияқты болып қалады. Әйтеуір,  күнде бір нәрсе іс­темесең ұй­қым ты­ныш болмайды. – Біздің боксқа  не жетпейді? – Бізде жастарды өте ерте қи­нап жіберетін сияқты. Соған қарасам, Қазақстанда бізбен шамалас жігіттер аз. Ал басқа елдерге қарасаң, Олим­пиадаға бара­тын жігіттер бізден үлкен, бізбен қа­рай­лас жігіттер. Балалар жасөс­пі­рім­дер құрама­сы­нан ересектерге шықпай шаршап қа­ла­ды. Өйт­кені, жаңа айт­қаным­дай бізде ба­ла­лар­ды көп жат­тық­­тырып, жа­рыс­тар­ға апарып, қинап жібереді. Қа­зір Қы­тайда үш-төрт Олимпиа­даға қаты­са­­тын жігіттер бар. Со­ның бәрі не дейсіз ғой, медицина мен дұрыс тәр­биенің арқасы. Бізге көп нә­р­сені қара күшке салуға болмай­ды. Спорт та ғылымның бір түрі. Көп білім алып, көп тоқи білу керек. – Сенің салмағыңда бәсеке­ле­с­тер бар ма? – Мен бәсеке деген нәрсені ойламаймын. Кім көп еңбек­тен­се, көп тырысса сол әрқашан жеңіске жетеді. Қазір 69 килоға түсе ал­маймын. 75-ке шықсам, шы­ғуым мүмкін. Кім жақсы дайын­дал­са, бапкерлер кімді жақсы дайындаса болды, менің ешкімге өкпем жоқ. Олимпиадаға баратын адам да сол кезде белгілі болады. – Бақыт Сәрсекбаевтың Олим­­пиададан кейін демалып, боксқа қайта келгеніне қалай қарайсың? – Менің Бақыттан үйренетін жерлерім өте көп. Соншама уақыт  демалса, демалсын. Негізі дема­лып, қайта шығу өте қиын бола­ды. Мен оның «Astana arlans» ко­мандасында өнер көр­сеткеніне ризамын. Өйткені, ол спортшы­ларға дем берді. – Өзіңе кімнің боксы ұнайды? – Көп қой. Кішкентай кезімде әуесқой боксқа қызықпай­тын­мын. Кәсіпқой боксқа кетсем деп ойлайтынмын. Қазір кә­сіп­қой боксқа Америкадан ша­қы­ртулар келіп жатыр. Олим­пиа­даға жолдама алу болмай жат­са, Бауыржан ағамыздың (Б.Оспанов, «Жер-Су» корпора­ция­сының президенті) көмегі тисе, Америкаға кетуім әбден мүмкін. Енді қайда болса да көк туымыз көтерілсе дейсің ғой. – Қазір не оқып, не көріп жүрсің? – Діни кітаптарды көп оқи­мын. Пайғамбардың өмірі мен хадистері туралы көп оқып жүрмін. Қазір дін қазақтың рулары сияқты тармақ-тар­маққа бөлініп кеткен ғой, сол үшін жастар дұрыс таң­дау жасап, өзі­міздің қалыптасқан дінімізге бет бұрса екен деймін. Қазір Алла тағала қазаққа бәрін беріп жатыр. Біз осы күннің қадіріне жетуіміз ке­рек. Алдымен бірлікті ойлауы­мыз керек. Жастар осы елге жұ­мыс істеп, болашағы болса екен деймін. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.