04 Тамыз, 2011

Өндірісті өңірдің ертеңі өрісті

550 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен еліміздің өндіріс ошағы Павлодар облысына келді. Қазақстанның таяу болашақ­та­ғы қарқынды экономикалық даму әлеуетінің негізгі тұғыры бо­латын 2020 жылға дейінгі үде­мелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының ал­ғаш­қы бесжылдығының екінші жылы барлық өңірлерде жаңа ин­дустриялық нысандардың көптеп іске қосылуымен ерекшеленуде. Бұл ретте еліміздегі ең ірі ин­дустриялық өңір саналатын Павлодар облысына жүктелетін міндет жүгі де қомақты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бір ға­на Павлодар облысында 144 ірі кәсіпорын іске қосылмақ. Оның ішінде 41 ірі индустриялық жоба биылғы жылы пайдаланылуға беріледі. Міне, сондықтан да Елба­сы еліміздің өңірлерін аралайтын дәс­түрлі сапарын биыл алғашқы­лардың бірі ретінде Павлодар облысынан бастап отыр. Егемен елдің ертеңгі бола­ша­ғының негізі қуатты экономика болатынын басты нысана етіп алған Мемлекет басшысы тәуел­сіздігіміздің алғашқы таңы атқан күннен бастап, экономикамызды әртараптандыру бағдарламасын да­му үрдісінің темірқазығына ай­нал­дырды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев барыс бейнелі болашақтың басты тұғ­ы­ры Қазақстанды ғасырлар бойы қалыптасқан шикізат қана шы­ғаратын аграрлық елден жоғары технологиялы өндірістік держа­ва­ға айналдыруды мақсат етті. Ел­басының дана саясатының ар­қасында бұл көкейкесті мақсат жылдан-жылға лайықты шешімін тауып та келеді. Соның бір жар­қын көрінісі осы Павлодарда Пре­зиденттің тікелей бастама­сы­мен іс жүзіне асырылған Қазақ­стан электролиз зауытының құ­ры­­лы­сы болды. 2007 жылдың 12 жел­тоқсаны тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы күндердің бірегейі болып табылады. Бұл күні еліміздің түсті металлургия саласында алғаш рет Павлодар жерінде жоғары сапалы алғашқы өнім – Қазақстан алюминийі шығарылып, еліміз жылдар бойы тек алюминий шикізатын шыға­рып келген елден дайын өнім шығаратын экономикасы дамы­ған өркениетті елдер шоғырынан лайықты орнын ойып алды. Елбасы Павлодар облысын­дағы жұмыс сапарының алғашқы күні Ақсу қаласындағы «Еура­зия­лық энергетикалық корпорация» АҚ-тың Ақсу жылу электр стансасында болып, жақында пай­далануға берілген №2 энер­го­блоктың жұмысымен танысты. «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ президенті Абдуазим Рустамбаев Елбасына кә­сіп­орынның шежіресі және бүгінгі қол жеткізген жетістіктері тура­лы әңгімеледі. Жұмыр жердегі энергетикалық қуат көздерінің тапшылығы айқын сезіліп, жа­һан­дық энергетикалық қауіпсіз­дік белең ала бастаған бүгінгі кезеңде еліміздің энергияға деген ішкі сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Еуразиялық энерге­ти­калық корпорация» АҚ-тың ат­қарып жатқан жұмысы ауқымды. 1996 жылы іргесі қаланған «Еу­разиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың құрамына Ақсу қаласында орналасқан Ақсу эл­ек­тр стансасы, Екібастұз қаласын­дағы «Восточный» көмір разрезі және Павлодар қаласындағы өн­діріс­тік-жөндеу кешені кіреді. Құрылымның маңызды да ірі орталығы болып саналатын Ақсу электр стансасының қуаты 2425 МВт. электр энергиясын өндіруге арналған. Стансаның тиімділігі ол «Восточный» көмір разрезінде шығарылатын отандық арзан кө­мірмен жұмыс істейді. Сондық­тан мұнда өндірілетін электр энер­гиясының өзіндік құны әлем­дік рыноктағы бағадан әлдеқайда төмен. Сонымен бірге «Еуразия­лық энергетикалық корпорация» АҚ өңірдегі электр қуатын өнді­ретін ең үлкен орталық болып табылады. Ақсу ферроқорытпа за­уыты, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі, «Миттал Стил Теміртау» АҚ, «КЕГОК» АҚ және басқа да респуб­ликамыздағы ірі өнеркәсіп орта­лықтары «ЕЭК» АҚ өндіретін электр қуатының негізгі тұтыну­шыларының қатарына кіреді. «ЕЭК» АҚ-тың құрамындағы «Восточный» көмір разрезінің өн­дірістік қуаты жылына 20 миллион тонна көмір шығаруға негізделген. Ондаған жылдардан бері еліміздің экспорттық әлеуетіне өзінің өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан бұл көмір кенішінің де болашағы зор, табысы қомақты. 2010 жылы осы көмір кенішінде елімізде алғаш рет жүйелі түрде лек-легімен көмір шығару техно­логиясы іске қосылды. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Ақсу электр стансасының сонау тоқсаныншы жылдардың соңынан бері жұмыс істемей тұрған №2 энергоблогы толық қайта жарақтандырылып, пайдалануға берілді. Мамандар­дың пікірінше, жұмыс істеп тұр­ған электр стансасында мұндай қуаттағы энергоблокты іске қосу бұрын-соңды ТМД мемлекеттері аумағында тәжірибе жүзінде бо­лып көрмеген технологиялық үр­діс көрінеді. Еліміздің энерге­тика­лық қауіпсіздігіне өзіндік үле­сін қосып жатқан №2 энерго­блоктың қуаты 325 МВт. электр энергиясын шығаруға арналған. Сөйтіп Ақсу ЖЭС-тің электр энергиясын өндіру қуаты 2425 МВт-ға жетті. №2 энергоблокты қайта жаңғырту жобасының құны 250 млн. АҚШ долларын құра­ған. Қазір Аксу электр станса­сын­да №6 энергоблокты қайта жа­рақтандыру жұмыстары баста­лып кетіпті. Қуаты 325 МВт. электр энергиясын өндіруге ар­нал­ған бұл жобаның құны 265 миллион АҚШ доллары болатын көрінеді. Жоспар бойынша №6 энергоблок 2013 жылғы желтоқ­сан айында толық қуатында іске қосылады. Содан кейін Елбасы №2 энер­гоблоктың жұмысын басқаратын жабық орталыққа келді. Ақсу жылу электр орталығының бас инженері Владимир Фенев Мемлекет басшысына стансаның жұ­мыс ырғағын баяндап, №2 энер­го­блоктың әлеуетімен таныстыр­ды. Содан кейін Павлодар облы­сының әкімі Бақытжан Сағын­таев өңірдің экономикалық даму көрсеткіштері орын алған үлкен стендтің алдында Елбасына 2020 жылға дейінгі үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасы шеңберінде облыста іс жүзіне асырылатын жобалар жайында баян етті. Ақсу ЖЭС-тің ауласындағы ашық алаңда республика Президентін екі мыңнан астам энер­гетиктер мен станса еңбеккерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Алаңдағы жылы шырайлы кездесу шағын митингіге ұласты. Мен сіздердің ұйымшыл ұж­ымдарыңызға бірінші рет келіп тұрған жоқпын, деп бастады сө­зін Елбасы. Ұжымдарыңыз бас­тан өткерген қиын кезеңдерді, стансаның тұрып қалған кездерін де жақсы білемін. Стансаны ты­ғы­рықтан шығару мақсатында ин­весторлар іздеген кезіміз де есімде. Міне, бүгінде стансаның жал­пы жұ­мыс істей бастағанына 40 жыл толып отыр. Осы 40 жыл ішінде ел экономикасын өркендету жо­лын­да стансаның қосқан үлесі мол. Одан әрі Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыруда Ақсу ЖЭС-тің атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, елімізде қабылданған ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асыруда энергетиктерге жүктеле­тін міндеттің зор екендігін атап көрсетті. Міне, сіздер №2 энер­гоблокты модернизациялап, іске қостыңыздар. Бұл жобаға 270 млн. АҚШ доллары көлемінде ин­вестиция тартылды. Алдағы уа­қытта стансаның 8 блогы бірдей кезең-кезеңмен қайта жарақ­тан­ды­рылатын болады. Бүгін мен елімізді бір ғана мақсатпен аралап жүрмін. Ол – тәуелсіздігіміздің жиырма жылы ішіндегі қол жеткізген жетістіктерімізді халыққа жеткізу, деді одан әрі Елбасы. Еуропада бү­гінде эко­н­омикалық күрделі жағ­дай қа­лып­тасқан. Жұмыс орын­да­ры, жа­лақы, зейнетақы қыс­қа­руда. АҚШ экономикасы дефолт­қа ұшы­раудың аз-ақ алдында қал­ды. Ал бізде керісінше зей­нет­ақы 30 пайызға артты. Жа­қында бюджеттік сала қызмет­кер­лерінің, дәрі­гер­лер мен мұ­ға­лімдердің жала­қы­сы да 30 пай­ызға кө­бей­тілді. Сіздердің отба­сылары­ңыз­да да зейнетақысы, жалақысы өс­кен адам­дар бар шығар. Бұл игі­лік­тердің бәрі еліміздегі бірлік пен татулықтың, жарқын ең­бектің ар­қасында мүмкін болып отыр­ған­дығын айта келіп, Ел­ба­сы өте күрделі үрдіс болып та­былатын №2 энергоблокты қайта жарақ­тан­дыру жұмысын сапалы атқар­ған жұмысшылар мен ма­мандарға шынайы алғыс сезімін жеткізді. Біз елімізді индустрияландыру мақсатындағы орасан зор жұ­мысты қолға алдық, деді Мемлекет басшысы. Ел экономикасы бо­лашақта мұнай, металл және бас­қа шикізатқа тәуелді болып қал­мауы үшін елімізде түбегейлі бас­қа экономика құрылып жатқанын атап көрсетіп, ҮИИД бағдарла­ма­сы аясында өткен жылы өңір­лер­де 152 жаңа индустриялық ны­сан­дардың іске қосылғанын, биылғы жылдың өзінде 72 ірі өндіріс орындарының пайдала­нуға берілгенін айтты. Өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейінгі кезеңге қабылданған ҮИИД бағ­дарламасы ел эконо­ми­касын қа­зір­гі деңгейден екі есе арттыруға қол жеткізуге мүмкін­дік беретінін атап көрсетті. Павлодар өңірі бүгінде елімізге қажетті электр қуатының 40 пайызын береді. Оның ішінде сіздердің де стансаларыңыз бар, деп жалғастырды сөзін одан әрі Мемлекет басшысы. Павлодарда медициналық мекемелердің база­сы жақсартылуда. Мұнда ерекше біліктілікті талап ететін, жоғары деңгейдегі операциялар жасала­ды. Бүгін Қазақстанда жүрекке күрделі ашық операциялар жасала бастады, деді Елбасы. Одан әрі Мемлекет басшысы балалары­мыз­дың алаңсыз оқып, сапалы білім алуы үшін, еліміздің одан әрі көркейіп, гүлденуі үшін ашық аспан, тұрақтылық пен тыныштық керек екенін ереше атап көрсетті. Павлодар – өндірісі өркендеген өңір. Қасиетті Рамазан айында сіздердің барлығыңызға болашақ­та баянды бақыт тілеймін, деді Мемлекет басшысы. Одан кейін мінбеге Ақсу ЖЭС-тің электр слесарі Алексей Кононенко көтеріліп, осыдан 14 жыл бұрын Президенттің станса мамандарының алдына энерго­блоктарды қайта жарақтандыру ту­­ралы міндет қойғанын еске ал­ды. Бүгін біз Сіздің сол көре­гендік тапсырмаларыңыздың ор­ын­дал­ғаны туралы рапорт береміз, деді ол. Сондай-ақ, мінбеге станса инженері Ерлан Дәулетов, арнаулы маман Вера Носик және басқалар шығып, Елбасына ал­ғыс­тарын ай­тып, Ақсу электр стан­сасының ұжымы алдағы уа­қытта да еңбек биігінен көріне беретініне сенім білдірді. «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 40 004 миллион теңгенің өнімін өн­дірген. Атап айтқанда, алты ай­дың ішінде 6 899,8 млн. КВт. са­ғат электр энергиясы, 10 195,5 мың тонна көмір шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, біршама жоғары көрсеткіш. Қазір акционерлік қоғам 6 830 адамды тұ­рақ­ты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда еңбек ететіндердің орташа жалақысы 97 925 тең­геден айналады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.