«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Кеңесте сөз болған негізгі мәселе балалардың маусым демалысы жайы болды.
Жиында ағымдағы жылы еліміз бойынша 1,1 млн. 1-10 сынып оқушыларының қала сыртындағы 220, 5 406 мектепалды және тамақтандыратын 961 профилдік лагерьлерде, 74 санаторий типтегі, 330 дебаттық, 930 спорттық және палаталық лагерьлерде демалғаны айтылды. Бұған қоса жоғары сынып оқушыларын еңбекпен қамту мақсатында 12,5 мың мектеп бригадалары жұмыс істеген болса, оның ішінде сәулеттендіру, жөндеу бригадалары, отбасылық-жалдау, оқу-өндірістік жазғы еңбек бригадалары, мектеп орман шаруашылықтары және т.б. бар.
Жиында балаларды сауықтыру мәселесімен айналысатын мекеменің моделін құру қажеттілігі туралы баса айтылды. «Орленок» (Ресей), «Камчия» (Болгария), «Зубренок» (Украина) сияқты сауықтыру орталықтарымен ынтымақтастық тәжірибесі бар «Балдәуреннің» бұл орайда көшбасшы болуына толық мүмкіндігі бар десек, оның халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік беретін жағдайдың бәрі жасалған деуге болады.
Кеңестен кейін министр «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұжымымен танысып, кітапханада, білім беретін кешенде, тұрғын корпусында, өнер галереясында, жүзу бассейнінде болып, аралап көрді.
Министр осы күндері «Балдәуренде» ашылған Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттар мәдениеттері республикалық фестивалінің жас қатысушыларымен жүздесті. Ол жас жеткіншектерге Президент Н.Ә. Назарбаевтың балалардың бақытты және сенімді болып өсулеріне көрсетіп отырған қамқорлығы туралы айтты. Елбасының қолдауымен құрылған осы ғажайып лагерь соның дәлелі екенін тілге тиек етті.
Қазір «Балдәуренде» 10-шы ауысым демалуда. Бұл ауысым көп ұлтты болып келуіне орай «Достықтың алтын көпірі» деп аталған екен. Өйткені, жыл сайын бұл ауысымда Қазақстан Республикасында тұратын аз халықтар мен ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, сонымен бірге Ұлыбритания, Германия, Қытай, Моңғолия, Ресей сияқты елдерден келген балалар демалады.
«Егемен-ақпарат».