...әкім тағайындалды
Ақтөбе қалалық мәслихатының келісімімен Нұрмұхамбет Әбдібеков Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне кірісті. Мәскеу тау-кен институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген ол еңбек жолын 1984 жылы Шилісай фосфорит кенішінде бастады. Әр жылдары Ақтөбе облыстық өнеркәсіп және сауда басқармасының бөлім бастығы, облыстық экономика басқармасының бастығы, облыстық экономика және индикативті жоспарлау департаментінің директоры, Атырау облыстық экономика және кәсіпкерлікті қолдау бас басқармасының бастығы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Ұлттық ғарыш агенттігі департаментінің директоры, Индустрия және сауда министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы, 2010 жылдың сәуірінен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болып істеген.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.
...орынбасар қызметке кірісті
Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелерге басшылық жасайтын орынбасарының орынтағы бір айға жуық бос тұрды. Бұрын бұл қызметті атқарған Серік Аманғалиев басқа қызметке ауысқан еді. Сонан кейін жұртшылық арасында бұл орынға тағайындалуы мүмкін бірнеше адамның аты-жөні аталып қалды. Дегенмен, өткен аптада әкімнің жаңа орынбасары лауазымына Асқар Керімовтің тағайындалғаны жөнінде өңір басшысының өкімі жария етілді. Өңір басшысы А.Керімовті облыстық әкімдік аппаратына, басқармалар басшыларына таныстырды.
Отыз бір жастағы жігіт осы кезге дейін облыстық әкімдік аппаратына екі жылдай басшылық жасады. Оның алдында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы лауазымында болған еді. Заңгер мамандығын меңгерген А.Керімов прокуратура саласында да тәжірибе жинақтаған.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.
...макарон фабрикасы
Семейде еліміздің индустрияландыру картасымен бүгінгі күннің озық технологиясымен жабдықталған «Тамаша» деп аталатын макарон фабрикасының қатарға қосылғанына көп уақыт өткен жоқ. Тәулігіне 20 тонна макарон өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорын бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Мұнда 50 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.
Ендігі мәселе өнімді өткеруге келіп тірелуде. Сондықтан еліміздің күш құрылымдары арзан да сапалы өнімге тапсырыс беріп жатса, кәнеки.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Семей.