Біздің еліміз тәуелсіздік жылдарында өсіп-өніп, көркейді. Өткен жиырма жыл ішінде мемлекетіміз іргесін мықтап қымтап, болашағына жол ашты. Осы кезең аралығындағы атқарылған жұмыстарды талдау, өзгерістер өлшемін дәйектеу, алда тұрған міндеттерді саралау Тәуелсіздік туын тіктей түсу болмақ. Бұл орайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларының табысты болуы көбіне мемлекеттің құқықтық жағдайына тікелей байланысты дейміз. Ал соттар мемлекеттің негізгі құқықтық институты болып табылатындығын Елбасы Судьялар одағының V съезінде атап өтті. Ендеше азаматтар үмітінің ақталуы, олардың әділеттілікке деген сенімі судьялар қызметтерімен тығыз. Сондықтан сот жүйесінде туындаған өзекті мәселелер әрқашан мемлекеттің және бүкіл қоғамның назарында болуға тиіс, деді Президент. Міне, бұл қағиданы басшылыққа алған Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров аталған қызметке сайлануына жүз күн толуына орайластырылып жақында өткізген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында атқарылған жұмыстарды, өзекті мәселелерді, өзгерістерді, алда тұрған міндеттерді қоғамның назарына салды.
Жоғарғы сот органы басшысы өткізген алғашқы баспасөз мәслихатының ерекшелігі, мұнда облыстық және оған теңестірілген соттарға шақырылған аймақтық тілшілер қауымы онлайн режімде бейне-конференц байланыс жүйесін пайдаланып, сұрақтарын тікелей қоя алды. Облыстардың, Астана мен Алматы қалалық, жалпы алғанда республиканың 18 сотына жиналған журналистерден келіп түскен сұрақтар саны 100-ге жуықтады. Қазақстандық сот жүйесінің алдына қойып отырған мақсаттары, жүзеге асырылып жатқан реформалар, кадр, халықтың сотқа деген сенімін арттыру сияқты мәселелерге қатысты еліміздің бас судьясы бір жарым сағаттан артық уақыт бойы жауап қайтарды.
Жоғарғы Сот Төрағасына арналған сұрақтардың мазмұны да түрлі болды. Соның алғашқысы қолданыстағы үш буынды сот жүйесін реформалау мәселесі көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ ретінде қойылды. Бұған еліміздің бас судьясы тиянақты жауап берді. Қазақстанның сот жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесін Елбасы Судьялар одағының V съезінде қойған болатын, деді Төраға. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Еліміз 2010 жылдан бастап үш буынды сот жүйесіне өтті. Іс алғашында аудандық сотта қаралады, заңды күшіне енбеген сот актілері облыстық соттардағы екі алқада қаралып, ал заңды күшіне енген сот актілері Жоғарғы Сотта тексеріледі. Бұл негізінен сот жүйесін жетілдірудегі дұрыс қадам болды. Осы жүйеде бір жарым жыл бойы жұмыс жасай келе, бір орында тоқтап қалмай, оны одан әрі дамыту қажеттігі айқындалды. Бірінші сатылы сотта жол берілген кемшіліктер тез арада әрі сапалы түрде жойылып, сот актісі заңды күшіне енуі тиіс. Қазіргі күні заңды күшіне енген сот актілерін Жоғарғы Сот қарайтын болғандықтан, халық тікелей оған әділдік іздеп келетін болды. Былтырғы жылы облыстық сотта қаралмаған 10 000 мыңға жуық іс бойынша сот актілерінің заңдылығын тексеру жөніндегі өтініштер тікелей Жоғарғы Сотқа келіп түскен. Бұл істер бойынша сот актілерінің заңдылығы алғашында облыстық соттың апелляциялық және кассациялық алқаларында тексерілуі тиіс еді. Бүгінде Жоғарғы Сот төменгі сатыларда шешілуі тиіс мәселелерді қарап, судьялар мен сот қызметкерлерінің жүктемесі өте ауыр болып отырғанын байқады. Жоғарғы Соттың әрбір судьясы қазіргі күні 70-80 істі қарап, зерттеп жатса, облыстық соттың әлеуеті толыққанды іске асып жатқан жоқ.
Сонымен қатар, облыстық соттардың төрағалары сот әкімшілеріне айналып отырған жайы бар. Олар алқаны басқармайды, іс қарамайды, бұл өз кезегінде кейбір соттар тәжірибесінің қадағалаусыз қалуына алып келді. Біздің пікірімізше, облыстық сот төрағалары кассациялық сот алқасын басқарып, жалпы облыс бойынша қабылданған сот актілеріне нақты жауап беруі тиіс, деді Бектас Бекназаров.
Арыз-шағым тақырыбындағы сұрақтар да аз болмады. Халық судьялардың іс-әрекеттеріне қаншалықты жиі шағымданады және бұл шағымдар қаншалықты негізді деген сұраққа Б.Бекназаров: «Судьяларға қатысты келіп түсетін шағымдар мәселесін қарастырған кезде, ол шағымдардың қайсысы апелляциялық немесе кассациялық тұрғыда, ал қайсысы судьялардың іс-әрекеттеріне қатысты екендігін ажырата білуіміз қажет. Шағымдардың тексерілуі және шешілуі қазіргі күні ерекше қадағалауға алынып отыр. Судьялардың іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар саны өте көп деп айта алмаймын. Сотқа қорғау, қолдау іздеп келген адамдарда кей жағдайда істі жүргізетін судья екінші тарапты қолдап, оның мүддесін қорғап отыр деген ой қалыптасуы мүмкін. Сонымен қатар, сот актілері уақытылы берілмеуі, істің апелляциялық және кассациялық сатыда қарауға уақытылы жіберілмеуі секілді жайттар да кездеседі. Халық өз шағымын алғашында облыстық сотқа жолдап, жауабын алады. Мысалға, қазіргі күні жалпы шағымдардың 90 пайызы облыстық деңгейде өз шешімін тауып отыр. Облыстық сот тарапынан берілген жауапқа көңілі толмаған жандар Жоғарғы Сотқа жүгінеді. Біз өз кезегімізде әрбір шағым бойынша нақты тексеруді жүргізіп, жауабын беріп, шағымдануға негіз болған жайттарды ретке келтіреміз», – деді .
Сонау 2007 жылдан бастап қолданысқа енгізілген алқабилер сотына қатысты берілетін баға, олардың қатысуымен қаралған істер бойынша шығарылған сот актілерінің сапасы қазір кімді болса да қызықтыратыны анық. Осыған байланысты сұраққа Жоғарғы Сот Төрағасы: «Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттар облыс орталығында орналасқан. Бұл соттарда кәсіби судьялар аса ауыр істерді қарайды. Алқабилердің қатысуымен қаралатын істер жалпы алғанда заң талабымен шешілуде. Ағымдағы жылдың алты айында 183 қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралып, олар бойынша 248 адам сотталса, 39 адам қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. Жалпы алғанда былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алқабилердің қатысуымен қаралатын істер саны күрт өскен. Қазіргі күні алқабилердің қарауына ауыр қылмыстар бойынша істерді беру мәселесі талқылануда. Алқабилер туралы заңға сай, олардың тізімін жасау кезінде 25 жасқа толмаған, өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Заң бойынша қорғаушы мен прокурор алқабилерге үміткерлерге негізді және негізсіз наразылық қөрсету құқығын пайдаланып, ақыр аяғында процеске қатысушылардың барлығы сенетін алқабилер ғана қалады», деді.
Еліміздің сот қауымдастығының судьялардың халықаралық ассоциациясы құрамына енуіне қатысты мәселе сот жүйесінің жалпы әділ төрелік етудегі әрекет деңгейін таныта алатындығы белгілі. Сондықтан бұл сауал да назардан тыс қалмады. Судьялардың халықаралық ассоциациясы 1953 жылы құрылып, қазіргі күні БҰҰ мен Еуропа Одағы жанындағы ұйым мәртебесіне ие. Аталмыш халықаралық ұйымның негізгі мақсаты – дүние жүзіндегі сот құрылымдарының тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсету. Халықаралық ассоциация әлемде барлығының көңілінен шығатын сот жүйесі жоқ екендігін алға тартады, ал мен мұнымен толықтай келісемін. Сондықтан сот құрылымының оңтайлы түрін іздеу жұмысы әлі жалғасуда. Ағымдағы жылдың мамыр айында осы ұйым өкілдерімен кездестік. Ассоциация өкілдері Қазақстанның сот қауымдастығы туралы есеп дайындап, соның негізінде алдағы қыркүйек айында Түркияда өтетін 54-ші отырысында ҚР Судьялар одағының осы ұйымға толыққанды мүше болуға қатысты өтініші қаралып, шешілетін болады. Сарапшылар Қазақстанның сот жүйесі көптеген негізгі көрсеткіштері бойынша халықаралық стандарттарға жақын және осының негізінде еліміздің сот қауымдастығы халықаралық судьялар ассоциациясының құрамына енуге толық мүмкіндігі бар екендігі туралы пікір айтуда. Еліміздің сот жүйесінің аталған ұйым құрамына енуі ұлттық сот билігін жоғары сатыға көтермек. Біз қазіргі күні осы маңызды қадамға дайындалып, құжаттар рәсімдеп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазақстанның сот жүйесінің бұл халықаралық ұйымның мүшелігіне өту-өтпеуі 70 ел қатысатын дауыс беру кезінде шешілмек, деді Жоғарғы Сот басшысы.
Әр судьяға қойылатын талап өте жоғары. Ал сот төрағасына әрі судья ретінде үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осы орайда сот төрағалығына үміткер тұлғаларға қойылатын талаптар жөніндегі сұраққа жауап өзгелер үлгі алатындай қайтарылды. Ұзақ жылдар бойы сот саласында қызмет етіп келе жатқан Б.Бекназаров судьялық және сот төрағалық тәжірибелеріне сүйене отырып, сот төрағасына қай кезде болмасын қатаң талаптар қойылатынын жеткізді. Сот төрағасы судья ретінде біріншіден саналы түрде іс қарау керек, ол шығарған шешім әр уақытта әділ болып, ол өзге судьяларға үлгі болу қажет. Басшы ретінде өзінің мінез- құлқымен, тәртібімен, адамгершілігімен, өмірлік бай тәжірибесімен өзгелерге үлгі болатын адам ғана сот төрағасы болуға ұмтылуы керек. Жоғарғы Соттың басшылығы және Жоғарғы Сот кеңесі сот төрағасы мәселесін шешкен кезде алдымен осы талаптарды орындауға ден қоямыз. Кадр мәселесіне келгенде мен Жоғарғы Сот Төрағасы ретінде ашықтық пен жариялылықтың болуын қалаймын. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап барлық сатыдағы сот төрағаларына ұсынылатын кандидатураларды, Жоғарғы Соттың Төрағасы ұсынған кандидатураларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап, ең алдымен заңгерлердің, жалпы көпшіліктің, халықтың пікірін де білуге әрекеттенеміз. Бұл қадамымызды дұрыс деп есептеймін, осылайша біз осы кандидатуралар бойынша әртүрлі пікірлер де алатын болдық.
Судьялардың саны да, сапасы да жұртшылықты алаңдататын мәселе. Осы орайда қойылған сұраққа Төраға: – Судьялардың санын көбейту мәселесі қазір шешімін тауып жатыр деп мен айта алмаймын. Өткен жылғы қараша айындағы Елбасының Жарлығы бойынша қысқартуға байланысты 71 судья өз қызметінен кеткен болатын. Сонымен қатар осы Жарлықпен 114 судья отставкаға шықты, сөйтіп судьялардың саны әлдеқайда қысқарды. 400-ге жуық адамның саны қысқарып, солардың істері, жүктемесі жұмыстағы басқа судьялардың мойнына түсті. Әрине, бұл мәселе біз үшін үлкен қиындықтарды алып келді. Соған қарамастан жалпы республика бойынша өткен жылы да, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша да жұмыс сапасы төмендеген жоқ. Жуық арада жасөспірімдердің істері бойынша мамандандырылған сот мәселесін шешеміз деген ойдамын, бұл орайда Мемлекет басшысының тарапынан қолдау тауып отырмыз. Жақында Үкімет те осы бағытты қолдап, бізге қосымша 40 судья мен 114 сот маманы қызметке келетін болады, деді.
Негізгі сұрақтардың тағы бірі зейнеткерлік жасқа жеткен судьялардың одан әрі қарай жұмысты жалғастыруына мүмкіндік беру және жаңа реформа бағыттарының бірі болып саналатын судьялардың өмір бойына мемлекет қамқорлығында қалу мәселелеріне қатысты болды. Бұл орайда Төраға зейнетке шығу мерзімі мәселесі ешкімді айналып өтпейтіндігін айтты. Судьялық міндет жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, қыруар жұмысты атқаруды талап етеді. Қазіргі таңда 65 жастан асып әрі қарай жұмысын атқарып жатқан судьялар жоқ. Елімізде зейнеткерлік жасына жеткен 39 судья қызметін атқаруда. Әйел азаматшалардың зейнетке шығу мерзімі 58 жас, ал ерлердің зейнетке шығу мерзімі 63 жас. Біз зейнеткерлік жасқа жетіп, өз қызметін тиісті деңгейде атқарып отырған судьяларды барынша қолдауға тырысамыз. Барлығын зейнеткерлікке шығару мәселесін қойып отырғанымыз жоқ. Қалыптасып келе жатқан жаңа судьялар буынын да ұмытпауымыз қажет. Жас судьялардың шеберлігін арттыруға барынша қолғабыс жасап, шыңдай түсуіміз керек. Ал әлеуметтік қамсыздандыруға келгенде бізде біршама сұрақтар туындайды. Ресей, Әзербайжан, Украина, Тәжікстан секілді елдердегідей судьялардың өмір бойына мемлекет қамқорлығында болуы мәселесі жөніндегі біздің бастамамызды Елбасы қолдады. Аталмыш жайт еліміздің экономикалық мүмкіндіктерін есепке ала отырып шешілетін уақыт еншісіндегі мәселе. Осы сұрақтың оңды шешімін табуы үшін біз қолдан келгенді жасауға тырысамыз. Өмір бойы өз қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлік жасқа жетіп, отставкаға кеткен судьяларға мемлекет тарапынан сәйкесінше түпкілікті қамқорлық көрсетілуі тиіс.
Келесі кезекте сұрақ судьялардың қызметіне жүргізілетін мониторинг, негізсіз шешімі үшін судьяның жауапкершілігі, олардың кәсіби деңгейінің төмен болуына байланысты қызметінен босатылу мәселесіне қатысты болды. Бұл мәселеде сот мониторингі бірінші сатылы және облыстық сот судьяларының қызметін сараптап, судьяның қаншалықты кәсіби дайындалғандығы, біліктілігі, іс қарау барысындағы мұқияттылығы бойынша баға береді, деді Бектас Бекназаров. 2010 жылы жүргізілген мониторинг барысында сот төрелігін сапасыз жүргізетін 209 судья анықталды. Олардың 195-і аудандық сатыдағы, 14 судья облыстық және оған теңестірілген соттарда қызмет етеді. Сараптама нәтижесінде 8 судья қызметінен босатылса, 125 судьяға қатысты материалдар облыстық соттарда талқыланды. Бұдан кейін олардың жұмыс сапасы жоғарылағандығын айту қажет. 15 судьяға қатысты құжаттар облыстық соттармен Сот жюриіне беріліп, 5 судья кәсіби жарамсыз деп танылса, 2 судья өз еркімен қызметінен босатылды. 6 судьяға өзінің кәсіби біліктілігін жоғарылату қажеттігі туралы ескертілді. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде қазіргі күні көптеген судьялардың өз жұмысына деген көзқарасы өзгеріп, сот актілері толықтай заң талаптарына сай қабылданып жатыр. Ағымдағы жылы 103 судьяға қатысты сот мониторингі жүргізіліп, оның ішінде 35 судья Елбасының Жарлығымен қызметтен босатылса, жуық арада өз қызметіндегі шалалығы, немқұрайлығы және сапасыз қызметі үшін 52 судья қызметімен қош айтысуы мүмкін. Егер судья сот төрелігін жүзеге асыруда қойылып отырған қатаң талапқа сай болмаса, өз еркімен арызын жазып жұмысынан кетеді. Егер өз еркімен қызметінен кетуден бас тартса, Сот жюриі арқылы лауазымынан босатылады. Судьяларға қойылатын талаптың өте қатаң екендігін тағы да қайталап айтамын. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табатындығына ешкімнің күмәні болмасын, – деді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.