04 Тамыз, 2011

Инвестор сыйлаған стадион

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астрахан ауданындағы Жалтыр ауылында жан жадыратар спорттық спартакиада болып өтті. Ол көптен күткен стадионның ашылу салтанатына арналып, жергілікті тұрғындар Есіл, Капитоновка және Журавлевка ауылдық округтерінен келген спортшылармен бақ сынасты. Бірден айтайық, жалтырлықтар намысқа тырысып, жеңісті қолдан бермеді. Ал, жаңа спорт кешенді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ғалым Құдайбергенов басқаратын «Логос-Трейд» ЖШС сыйға тартып отыр. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалай­мыз» атты Жолдауында бизнес өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүк­теді, – деді салтанатта сөз сөйлеген Ғ.Құдайбергенов. Онда сала­мат­ты өмір салтын қалыптастыру мемлекеттік мәселе ретінде көтерілді. Жалтыр ауылындағы Сергей Коломоец басқаратын біздің қанаттас кәсіпорнымыз – «Бетеге-У» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңсе қызметкерлері тамыз айынан жұмысты таңертеңгі денешы­нық­тырумен бастауда. «Дені саудың – ісі сай» дейді халқымыз. Бұл – қоғамның саулығы мен байлығы. Қазақстанды қуаттандыру барша­мыз­дың қолымызда екендігін ұмытпайық. Жаңа стадионның аумағы қоршалып, әсем безендірілген. Мұнда спорт­тың кез-келген түрінен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар. Жан­күйерлер үшін орындықтар қойылып, жабық трибуна жасақ­тал­ған. Яғни, аудандық деңгейдегі бәсекелерді өткізуге де әбден жарайды. Ауыл қуанышына Социалистік Еңбек Ері Е.Золотарев, ҚР ҰҒА академигі Э.Госсен, Германия кәсіпкері Р.Кремер, Астрахан ауданы­ның әкімі Р.Әкімов ортақтасты. Бақберген АМАЛБЕК,     Ақмола облысы.