Ақтөбе облысының ІІД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкері қапыда қаза тапты. Қаскүнемдер оны үйге алдап әкеліп, оқ атқан, соңы жарылысқа ұласқан. Қаза болған полиция қызметкері небәрі 28 жаста еді.
Марқұм Рүстем Кенжалин әріптестерімен бірге Ақтөбе қаласында 10 шілдеде орын алған қылмысқа қатысты қозғалған істі тергеген екен. Қылмыскерлер таксиде отырған ақтөбелік Нұрлан Теміровке оқ атқан. Көлік жүргізушісі зардап шекпеген, ол жолаушысын өзі ауруханаға жеткізіп, болған оқиға туралы айтып берген.
Сонан құқық қорғаушылар жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Ақтөбе қаласындағы «Гелиос» жанар-жағар май құю бекетінен «ВАЗ-21014» автокөлігінде отырған осы қылмысқа қатысы бар топтың үш мүшесін ұстады.
Ал үйлердің бірінде жасырынып үлгерген төртінші күдіктіні ұстау кезінде ол ішкі істер органдары қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсеткен. Күдіктінің сол жерде мергендер қимылы арқылы көзі жойылды. Оқиға орнын тексеру барысында тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылып, тәркіленді.
Осы оқиғадан кейін олардың қылмыстық байланыстарын тексеру мақсатында қылмыскерлердің сыбайластарын анықтау үшін Ақтөбе облысының ІІД қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізген болатын. Тергеу жұмыстарын жалғастыру барысында ІІД ЭҚКБ қызметкерлері келіп түскен жедел ақпарат бойынша «Жаңажол» саяжайындағы құрылысы аяқталмаған үйді тексеруге барған. Тексеру кезінде бір әйел өзін үй иесі ретінде таныстырып, полицейлерді үйге алдап кіргізген. Бірінші болып үйге Рүстем енген. Үй ішінде қандай жағдай болғаны беймәлім. Өйткені, Рүстем кірген бойда атылған оқтың дауысы естіліп, соңынан жарылыс болған. Үйдің төбесі бір сәтте ортасына түскендіктен, әріптестері ешқандай шара қолдана алмай қалған. Үйінді арасынан денесіне оқ тиген полиция қызметкерінің және қазіргі уақытта кім екені анықталып жатқан жігіттің мәйіттері табылды. Тағы бір ауыр жарақат алған адам ауруханаға жеткізілді, алайда ол келесі күні көз жұмды.
Рүстем Кенжалин Ақтөбе облысы Хромтау ауданында дүниеге келген, ішкі істер органдарында бірнеше жыл қызмет атқарды. Қызмет атқару кезінде өзін жақсы жағынан, жауапкершілігі мол қызметкер ретінде көрсетті және ұжымда сыйлы болды. Әрбір іске жауапкершілікпен қарап, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқара білген. Өткен жылы отбасын құрған ол өмірінің қысқа болатын ойына да алмаған болатын. Енді, міне, 28 жасында Рүстемнің өмірі қыршынынан қиылды, ол қылмыскерлердің қолынан оқыста қаза тапты.
Алмагүл БЕКЖАНОВА.
Ақтөбе.