6-29 тамыз күндері елімізде норвегиялық «Bike for Peace» (Бейбітшілік үшін велосипед жүргіз) қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен «Семей – Алматы – Астана» бағытында алғаш рет велосаяхат жасау жоспарлануда. Саяхат 2 000 шақырым қашықтықты қамтитын болады.
Бұл іс-шара ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Семейдегі ядролық полигонның жабылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылуда. Ел ішіндегі бұл саяхат 6 тамыз күні ондаған жылдар бойы ( 1949 жылдан 1991 жылға дейін) Кеңес Одағының ядролық сынақтары өткізілген жердің маңында, яғни Семей қаласынан басталып, 29 тамыз күні Астана қаласында мәреге жетпек. Естеріңізге сала кетсек, 6 тамыз 1945 жылы АҚШ-тың Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларын бомбалаған күн болып есептеледі. Саяхаттың басталуы осы оқиғаға байланыстырылып отыр. Ал 29 тамыздың таңдалуының себебі, бұл күннің Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болып жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысының осы ұсынысын БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде бірауыздан қолдап, қабылдаған болатын.
Қазір велосаяхатқа қатысатын топқа кіретін адамдардың саны белгілі болып отыр. Оған 10 норвегиялық және өзіміздің 6 азаматымыз кіреді. Топ құрамына көзінің көру қабілеті төмен Харальд Вик, «Bike for Peace» ұйымының жетекшісі, есту қабілеті төмен Торе Наерланд (екеуі де норвегиялық ) бар. Олар өздерімен екі адамға арналған тандем-велосипедті әкеледі. Осы велосипедтердің біреуі Норвегияда көптеген спорттық кешендерді салып, бүкіл дүние жүзінде зағиптарды қолдауда қолтаңбасын қалдырған «Арыстандар» Норвегия клубының қолдауымен сатып алынған. Осы саяхаттан соң Харальд Вик пен Торе Наерланд өздері мінген тандем-велосипедті Астанадағы зағиптар қоғамына сыйға тартпақшы.
Ал саяхат кезінде оған қатысушылар Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстары, Алматы мен Астана қалаларында болып, мектептер мен мүгедектерге арналған мекемелерді аралап, жергілікті халықпен кездесетін болады.
«Bike for Peace» ұйымының мүшелері біздің елімізде бұған дейін де болған екен. Олар 1999 жылы Қытайдың Бейжің қаласынан Норвегияның Берген қаласына барғанда Қазақстан арқылы өтіпті. Осы кезде жорыққа қатысушылар Бейжің қаласынан Қазақстанға, Ресейге, Финляндияға, Швеция мен Норвегияға дейін 11 470 км. құрайтын әлемдік тур ұйымдастырды. Енді осындай веложорықты олар 2012 жылы Алматы – Астана бағытында өткізуді жоспарлауда.
Аталған ұйымның алғашқы сапары 1978 жылы Солтүстік Ирландияға жасалды. 1977 жылы Хелге Хундайде (Helge Hundeide) және Торе Нэрланд (Tore Naerland) өздерінің бірінші халықаралық велосипед саяхатын бастап, оны «Bike for Peace» деп атады. Осы алғашқы сапар АҚШ-тың бір жағадан екінші жағаға дейін, яғни Сиэтлдан Вашингтонға дейін болған. 1978 жылдан бері «Бейбітшілік үшін саяхат» ұйымы әлемнің 104 еліне бейбітшілік пен достық саяхаттарын ұйымдастырды.
Дастан КЕНЖАЛИН.