Ол өңірлік жалпы өнімнің 8 пайыздық өсімімен өрнектелмек
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды. Мемлекет басшысы мен Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусинді және Премьер- Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевті облыс әкімі Сергей Дьяченко қарсы алды. Астаналық облыс Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейелі мерекесіне өміріміздің барлық саласындағы серпінді табыстарымен жақындап келеді. Мемлекет басшысының экономиканың 7 пайыздық өсіміне қол жеткізу, ел тұрғындарының емен-жарқын тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі тұтқалы тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың алғышарттары қалыптасып, сүбелі жемісін бере бастады. Бірінші жартыжылдықтағы үдемелі индустрияландыру жобаларының аяқ алысын сараптаған облыс басшылығы жыл соңына дейін өңірлік жалпы өнім өсімін 622,5 миллиард теңгеге жеткізіп, 8 пайыздық өсімді еңсеруді діттеп отыр. Оған толық негіздер бар. Индустрия секторындағы индекстік бағам бойынша Ақмола облысы (138,9 пайыз) Астана қаласынан (144,9 пайыз) кейінгі екінші орынға көтерілгені осының айғағы. Осыдан тура бір жыл бұрын, Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен іске қосылған «Алтынтау-Көкшетау» ЖШС алтын айыру фабрикасы кәсіпорынның өндірістік қуатын 2,7 есеге арттырып, алтын өндіру көлемін 5,9 тоннаға жеткізді. Сондай-ақ, өңір кәсіпорындарында, өткен жылмен салыстырғанда, жоғары сұраныстағы подщипник дайындау 1,6 есеге артып, 382 «КамАЗ» жүк көліктері құрастырылды. Индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобалар қатарындағы «Арыстан» ЖШС әртүрлі көлемдегі полиэтилен құбырларын шығаруды 7,4 есеге көбейтсе, «ЕНКИ» серіктестігі керамикалық кірпіштерді тұтынушыларға 1,7 есе артық жөнелтті. Ақмолалықтардың аграрлық секторды әртараптандыру қадамдарына құлшына кіріскені байқалады. Елбасының тікұшағының Зеренді ауданындағы «Щучье сүт зауыты» ЖШС мал бордақылау кешеніне қонуының да өзіндік мәні бар. Табиғаты тамылжыған Мәлік Ғабдуллин ауылында қысқа мерзімде 2500 ірі қараға арналған бүгінгі күннің талабындағы 8 бордақылау алаңынан тұратын ферма бой көтерді. Шаруашылық басшысы Серікбай Садықовтың баяндауынша, мақсат «Астана қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету» инвестициялық жобасын іске асыру. Серіктестіктің талдамалары мен негіздемелерін қолдаған «Агронесие корпорациясы» АҚ 1 миллиард 45 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Былтыр Солтүстік Америкадан «Абердин ангус», «Герефорд» тұқымды 644 бас мал жеткізілсе, үстіміздегі жылғы мамыр айында 165 асыл тұқымды мал алынды. Оның 30-ы бұқа, 132-сі құнажындар екен. «Түлік төлімен өседі» демекші, Көкше табиғатын жерсінген сиырлардан қазірдің өзінде 542 бұзу алыныпты. Қайта түлеген ауылдың әлеуметтік ахуалы жақсарғанын фермадағы 42 малшының айлық еңбекақысы 40 мың теңгеден асқанынан пайымдауға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл осы тектес сиырлардың 1000 басын сатып алуды жоспарлаған серіктестіктің серпінді қадамдары өзгелерге де жұғысты болуына тілек қосты. Зерлі Зеренді биыл да ырыздығын төгіп тұр. Мемлекет басшысы бел омыраудан келетін егін алқаптарындағы, майлы дақылдар өскініндегі, шабындықтардағы еңбек ырғағына жақсы бағасын беріп, ертеңгі сын сағаттардағы уақыт өлшемінен қалып қоймауды еске салды. Бұл орайда тәжірибелі басшы Талғат Ескендіров жетекшілік ететін көп салалы «Зеренді Астық» ЖШС намыс туын биік көтеретініне сенімді. Жыл сайын 33 мың гектарға дән себетін шаруашылық былтырғы қолайсыз жылдың өзінде әр гектардан 12 центнерден өнім жинаған. «Зеренді Астық» өзі құрылған 1998 жылдан бастап барлық егістік алқапта гербицидтерді пайдалану арқылы «нөлдік» технологияны қолданып келеді. Биылғының түсімі, диқандар ашып айтпағанымен, еселеп артатындығын 4 механикалық қырманның, 6 астық қоймасының сақадай-сай дайындалғанынан-ақ бағамдауға болады. «Кейс», «Джон Дир», «Бюллер», «Кировец» маркалы қуатты техникалар науқан дабылы қағылар күнді тосып тұр. Сонымен бірге, серіктестік есебіндегі 285 адамның бір бөлігі асыл тұқымды мал өсірумен айналысса, шұжық дайындайтын шағын цехтағы іс те өнікті көрінді. Мемлекет басшысы аудан әкімі Ербол Сағдиевтің ауыл өміріндегі өрісті қадамдардан таратып айтқан ойларына қолдау білдірді. Елбасының Көкше сапарларында тарихи жәдігерлер мен ерен тұлғалар аруағына зиярат ету ғадеті бар. Қасиетті Рамазан айында Біржан елі – Еңбекшілдер ауданына атбасын бұрудың астарында тәлімдік мән барын аңғардық. Аудан сонымен қатар, бүгінгі күннің ауқымындағы елеулі серпілістердің бастамашысы болып отыр десек, артық айтқандық емес. Мұнда ауданды донорлық қадамға бастайтын «Атансор», «Өркен» темір кеніштері, «Сага Крик Голд компани» алтын өндірісі, цемент, әк, көмір өндірісі отандық және шетелдік әріптестер назарында тұрған өндіріс ошақтары. Бұл жолы аудан әкімі Теміржан Хамитов Елбасы мен Үкімет мүшелерін өңірдегі ең ірі индустриялық-инновациялық жоба ауқымындағы «Қаз Гер Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бастап келді. Заманалық кәсіпорынның қаржылық блогы «Қаз Агро Финанс» АҚ 2,1 миллиард теңге несие ақшасынан және 700 миллион теңге жеке қаражатынан тұрады. Жалпы, құрылыс қолға алынған 2008 жылдан бері мұнда 2,4 миллиард теңге қаржы игерілген. Өндіріс ошағында 5,3 шақырымдық электр желісі, 2,9 шақырымдық орталықтандырылған су тарату қондырғылары, 12 тауық қора, сағатына 5 тонна құрама жем әзірлейтін цех, күнбағыс майы цехы, екі қабатты әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Оның қайтарымы да көңілдегідей. Бейнелеп айтқанда, жапан түзде 650 мекиенге арналған қуатты құс фабрикасы тұрғызылып, өнім тасқыны күн санап артуда. Қазір фабрикадағы 181 адам 580 мың құсқа күтім жасауда. Кәсіпорында 2008 жылдан бастап биылғы алты айды қосқанда 281,047 мың теңгенің өнімі өндіріліпті. Былтырғы жылдың өзінде Астананың дастарқан мәзірін 20,8 миллион дана жұмыртқамен байытуға мүмкіндік туса, биылғы жартыжылдықтағы көрсеткіш 11,3 миллион данаға жетіп отыр. Құс өсірушілер «СТ РК ИСО 9001-2009» сапа мендежменті сертификатымен жұмыс істейді. Сондай-ақ, серіктестіктің биыл жылына 1,5 тонна құс етін өндіріп, оны қайта өңдеу цехын ашуды қолға алғаны да жақсы ойларға бастайды. Мемлекет басшысы ауыл еңбеккерлерінің алдына қазақстандықтарды өз өнімдерімізбен қамтамасыз етумен бірге 2014 жылға қарай сыртқа 60 мың тонна ет экспорттау міндетін қойғаны белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы Еңбекшілдер ауданындағы Мамай ауылында іске қосылған аса ірі индустриялық-инновациялық жоба – «Kaz Beef Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанда бұл мәселені шегелеп айтты. Ен далаға қонақтаған үш алаңқайлы кешенде 5000 бас ірі қара және 1000 құнажын ұсталатын болады. Қазір мұнда 2500 бас ірі қара бағылуда. Ол екі бағытты: сүттік және ет өндіруді қамтиды. Мамайлықтар да америкалық «Герефорд», «Абердин ангусс» ірі қарасын өсіруге маманданған. Елбасы 11 орамға орналастырылған ірі қараны күту технологиясына ден қойды. ЖШС директоры Нұрғали Бейсекенов, жем-шөп пен құрама азық дайындаумен айналысатын «Еңбек-Береке» шаруашылығының басшысы Асқар Қиықов, америкалық «Global Beef» компаниясының менеджері Майкл Слеттери қойылған сұрақтарға толыққанды жауап қайтарды. Солтүстік Дакота штатынан жеткізілген 1327 құнажын мен 20 бұқа ойдағыдай қыстап шықты. Биылғы дайындық та мінсіз деп бағалануда. Ұжым мүшелері бүгінгі кездесуде Елбасы айтқан үнемшілдік, ресурстарды тиімді әрі толық пайдалану, өнімнің өзіндік құнын төмендету, азық-түлік молшылығы мен үкіметтік қолдаудың қайтарымын еселеу жолында еңбектенуге сөз берді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Аймақтар • Бүгін, 09:10
«Казахстанская правда»: үлкен жолдың бел-белестері
Басылым • Бүгін, 09:00
Қоғам • Бүгін, 08:55
Аймақтар • Бүгін, 08:50
Ғалам ғажаптары: Қуыршақтар ауылы
Таным • Бүгін, 08:40
Аймақтар • Бүгін, 08:35