Демократия – даму даңғылы
_______________________
Кеше еліміздің барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында Парламент Сенатының сайлауы өтті. Түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары баламалы негізде сайлауға түскен үміткерлердің арасынан өз таңдауын жасады.
АСТАНА
Сенат депутаттығына кандидаттарды сайлау пункті қалалық әкімдік ғимаратында орналасқан-тын. Қалалық сайлау комиссиясы сайлауды жүзеге асырды. Аталған комиссияның жұмысы таңертең сағат 9:00-де сайлау үдерісін байқауға келгендерді тіркеуден басталды. Сайлау үдерісін өз көздерімен көру үшін көптеген халықаралық ұйымдар мен шет ел байқаушылары және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де келіпті. Сайлауды өткізудің ережесіне сәйкес редакциялық тапсырма алып келмеген кейбір журналистер залдан шығарылып жіберілді.
Жалпы, сайлау барысы қалыпты жағдайда өткендігін айта кеткен жөн. Бұл жолы Сенат депутаттығына 4 үміткер тіркелсе, соның бірі кіріс декларациясын дұрыс толтырмағандығы үшін додадан шығып қалғандығы белгілі болды. Нәтижесінде сайлауға үш кандидат тіркелген. Соның бірі өзін өзі ұсынушы Андрей Николаевич Лапенко. Целиноград қаласының тумасы, 1973 жылғы. Тағы бір өзін өзі ұсынушы Сәрсенбай Бердалыұлы Мыңбаев деген азамат Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Үргебас ауылдық кеңесінде 1952 жылы 8 қыркүйекте өмірге келіпті. Ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Сол сияқты аталған партия мүшесі, Ақмола қаласында 1948 жылы 6 қаңтарда туған Владимир Николаевич Редкокашин Астана қаласы мәслихатының атынан сайлауға түсті.
Санақ нәтижесінде Астана қаласы мәслихаты атынан сайлауға түскен Владимир Редкокашинге таңдаушылардың 22-сі өз дауыстарын бергендігі белгілі болды. Ал өзін өзі ұсынушы нұротандық Сәрсенбай Мыңбаев екі дауысты қанағат тұтты. Екі нұротандық кандидаттың арасындағы жастау үміткер, өзін өзі ұсынушы Андрей Лапенко бірде-бір дауысқа ие бола алған жоқ. Сайлау учаскесіне 26 бюллетень жеткізілсе, соның екеуі жойылатын болып шешілді. Артынан қалалық сайлау комиссиясы дауыс берудің қорытындысы бойынша хаттама толтырды. Аталған хаттамаға комиссия төрағасы мен мүшелері қол қойғаннан кейін ол бірлескен отырыста жария етілді. Енді хаттама сайлау өткен күннен бастап екі күн ішінде Орталық сайлау комиссиясына жөнелтілетін болады.
АЛМАТЫ
Алматы қаласы бойынша Сенат депутаттығынан үміткер кісілерге дауыс беру шарасы қала әкімдігінің ғимаратында өткізілді. Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жүнісов комиссия мүшелері мен байқаушылардың алдында дауыс беру парақшаларын санап шықты, сайлау жәшігін кілттеп, оған мөр басты.
Алматыда өтетін Сенат сайлауына дауыс беру үдерісін қадағалау үшін 5 халықаралық байқаушы келген екен. Олардың төртеуі Ресей Федерациясынан болса, біреуі Тәжікстан азаматы.
Алматы қаласы бойынша Сенат депутаттығы орынтағынан үміткерлікке үш кандидат өткен. Олар – Ерболат Сәдуақасов, Ақан Бижанов, Қожахмет Назарбетов. Бастапқыда үміткерлер саны жетіге жеткенімен, олардың көпшілігі әртүрлі себептермен шешуші кезеңге дейін жетпей, өз ұсыныстарын алып тастаған. Кандидаттардың екеуі өзін өзі ұсынған азаматтар. Атап өтсек, олар Ерболат Сәдуақасов пен Қожахмет Назарбетов. Ал Ақан Бижановты «Нұр Отан» партиясы ұсынған болатын.
Барлық ресми шаралар заң шеңберінде атқарылып шыққаннан кейін мәслихат депутаттары кезекпен дауыс беру кабиналарына кіріп, өздерінің таңдауын жасады. Санақ нәтижесі Ерболат Сәдуақасов – 3 дауыс, Қожахмет Назарбетов – 1 дауыс, Ақан Бижанов – 30 дауыс иеленгенін көрсетті.
Сайлау қорытындысы мәлім болғаннан кейін байқаушылардың көзқарасын сұрадық. «Біз жоғары деңгейде ұйымдастырылған сайлаудың куәсі болдық. Заңнаманың барлық пункттері сақталды. Жеткілікті деңгейде барлық үміткерлерге тең жағдай жасалып, тілектестік мәнерде өтті. Дауыс беру, дауыс беру парақшасын салған жәшікті ашу және дауысты санау барысында ешқандай сәйкессіздік болған жоқ», дейді Ресейден келген халықаралық байқаушылардың жетекшісі Константин Титов. Оның бұл пікірін ресейлік делегация құрамындағы Александр Барановский мен Андрей Коваль және тәжікстандық Акбарали Сатторов та қолдап отыр.
КӨКШЕТАУ
«Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының бірлескен мәжілісі болып, оған 271 депутаттың 264-і қатысты. Облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірсерік Мұсабаев күн тәртібіне «Қазақстан Республикасы Сенатының депутатын сайлау туралы» мәселе қойылатынын хабарлап, депутаттар оны бекітті.
Әнұран қалықтаған салтанатты шақтың жауапкершілігі де мол еді. Бүгін еліміздің ең жоғары заң шығарушы органына, Сенатқа жаңа депутаттар сайланбақ. Астаналық облыстан мәртебелі билікке бес бірдей адам үміткер болып ұсынылған еді. Олардың үшеуі ресми тіркелгенімен, дауыс беруге Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жабал Ерғалиев пен танымал журналист Байқал Байәділовтің кандидатуралары жіберілді. Үміткердің алғашқысы «Нұр Отан» ХДП тарапынан ұсынылса, екіншісі өзін өзі ұсыну құқығын пайдаланды. Ал бір үміткер сайлауға үш күн қалғанда саналы түрде додадан шығатынын мәлімдеген.
Міне, облыстың әртүрлі деңгейдегі депутаттары дауыс бере бастады. Сарай сахнасындағы көрнекі жерге төрт кабина орналастырылған, қақ ортада мөлдір жәшік тұр. Сайлауды ұйымдастырушылар жасырын-жанама дауыс беруге барлық қолайлы жағдай жасағанын атап өту лазым. Жәшікке жақындау жердегі үстелде халықаралық, жергілікті байқаушылар мен ақпарат құралдарының өкілдері жұмыс істеуде. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Баймағамбетов бірінші болып дауыс берді.
Дауыс беру бекітілген регламенттік уақытта аяқталып, бюллетеньдерді санау мұқият жүргізілді. Байқаушылардың көз алдында өтіп жатқан жұмыс барысына ешқандай ұсыныс, ескертпе айтылмады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов дауыс берудің қорытынды хаттамасын жария етті. Сенат депутаттығынан үміткер Жабал Ерғалиев таңдаушылардың 220 дауысына (84,6 пайыз) ие болса, Байқал Байәділов 40 дауысты (15,4 пайыз) еншіледі. Жиналыс төрағасы Өмірсерік Мұсабаев аталған хаттаманың республикамыздың Орталық сайлау комиссиясына жолданып, қорытынды байлам сонда жасалатындығын хабарлады.
АҚТӨБЕ
Парламент Сенатының сайлауы жөніндегі облыс таңдаушыларының бірлескен отырысына барлық деңгейдегі мәслихаттардың 202 депутатының 197-сі қатысты. Төрт депутат денсаулығына, бір депутат іссапарда болуына байланыcты қатыса алмады. Бірлескен отырысты қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев осы саяси шараға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, үміткерлердің сенім білдірілген адамдары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары, сондай-ақ ТМД халықаралық миссиясының байқаушысы, Орынбор облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Александр Нальвадов қатысып отырғанын жеткізді.
Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаева Парламент Сенаты депутатын сайлауға байланысты хабарлама жасады, ақтық додаға өздерін өздері ұсынған «Юконь» ЖШС директоры Александр Самойленко, облыстың бұрынғы әкімі Елеусін Сағындықов пен «АқтөбеӘйнекӘлемі» ЖШС менеджері Ерлан Базыкеновтің шыққанын мәлім етті. Гүлнар Нысанқызы таңдаушылардың дауыс беру тәртібін түсіндіріп, Орталық сайлау комиссиясынан жеткізілген сайлау бюллетеньдерін санауға, бюллетень салынатын жәшікті бекітуге рұқсат етті. Бұл жұмыстар бірлескен отырысқа қатысушылардың көз алдында жүргізілді, сонымен бір мезгілде теледидар арқылы үлкен экраннан көрсетіліп тұрды. Санақшы 204 бюллетень түскенін хабарлады.
Таңдаушылардың өздері қалаған үміткерге дауыс беруі басталып та кетті. Таңдаушылар жеке куәлігін көрсетіп, қол қойып, сайлау бюллетеньдерін алғаннан кейін арнайы жасақталған үш кабинада өздерінің таңдауларын жасады. Бюллетень салатын жәшік жанында байқаушылар жайғасты. Таңдаушылардың өздері қалаған Парламент Сенаты депутаттығынан үміткерге дауыс беруі ұйымшылдықпен өтті. Дауыс берген таңдаушылардың бюллетеньдерін санау да ашық және жариялылық жағдайында жүргізілді. Санақ қорытындысын хабарлаған облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Парламент Сенатының депутаттығынан үміткер Елеусін Сағындықовтың – 178, Александр Самойленконың – 15, Ерлан Базыкеновтің 3 дауыс алғанын, ал бір бюллетеньнің жарамсыз деп танылғанын жеткізді.
ТАЛДЫҚОРҒАН
Алдын ала белгіленгендей, 19 тамыз күні Талдықорған қаласының орталық Мәдениет үйінде Парламент Сенатының депутатын сайлау өткізілді. Сайлау заңдылығына сәйкес облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары Парламент Сенатының депутаттығынан үміткерлер – Жамбыл, Қарасай және Талғар аудандық мәслихаттары ұсынған Қарасай ауданының әкімі Лаззат Тұрлашов пен өзін өзі ұсынған Қарасай ауданындағы Үшқоңыр ауылдық округінің әкімі Руслан Керімбаевтың арасында таңдау жасады.
Алматы облысы бойынша Сенат депутаттығынан үміткер болып тіркелген төрт кандидаттың біреуі 22 шілде күні өз кандидатурасын бәсекеден алып тастаса, тағы бір кандидаттың дер кезінде тіркеліп үлгермегендігі белгілі болды.
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірлескен мәжілісін ашқан Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ардақ Сыдық бүгінгі сайлауға 329 мәслихат депутатының 316-сы келгендігін хабарлап, депутаттарды өз таңдауларын жасауға шақырды. Келесі кезекте сөз алған Алматы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Шырақбай Жылқайдаров осынау маңызды шараны демократия талаптарына сай әділ өткізу бағытында атқарылған шараларға тоқталып, мәслихат депутаттарын дауыс беру тәртібімен қысқаша таныстырып өтті.
Сайлау осы күні өткенімен сайлауалды науқаны заң талаптарын қатаң сақтай отырып кең көлемде жүргізілген болатын. Соған орай таңдаушылардың бұл күнге дейін қай үміткерді қолдайтындығы жөніндегі тоқтамға келіп үлгергендері де сөзсіз еді. Содан кейін де шығар, сағат 11.00-де басталған сайлау өз ретімен талапқа сай өткізілді. Таңдаушылар дауыс беріп болғаннан кейін арнайы құрылған комиссия урнаны ашып, қай үміткерге қанша дауыс берілгендігін санауға кірісті.
Осылайша көп уақыт өтпей-ақ сенатор болып сайланған үміткердің есімі белгілі болды. Таңдаушылардың басым бөлігінің, нақтырақ айтатын болсақ, барлық таңдаушылардың 94,3 пайызының дауысын үміткер Лаззат Тұрлашов алды.
АТЫРАУ
Атырау облысында Сенат төрінен орын алу үшін үш үміткер тіркелді. Оның бірі – осы кезге дейін Сенаттың қаржы және бюджет комитетіне төрағалық етіп келген Қайрат Ищанов. Онымен бірге облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Еркін Шпанов пен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Сағын Лұқпанов та сенаторлық мандаттан үмітті еді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Әнуарбек Тәшеновтің мәлім еткеніндей, дауыс беруге тиіс таңдаушылардың жалпы саны – 133. Сайлау бюллетенін алуға 128 таңдаушы қатысқан. Таңдаушылардың басым бөлігі, яғни, 83-і Қайрат Ищановқа дауыс берген екен. Ал Еркін Шпанов 31, үшінші үміткер Сағын Лұқпанов 12 дауысқа ие болды. «Дауыс беру аяқталысымен 7 бюллетень заңға сәйкес жойылды. Дауыс санау барысында жарамсыз бюллетень кездескен жоқ» деп мәлім етті сайлау комиссиясының хатшысы Ә. Тәшенов.
Сенаторлықтан үміткерді таңдаушылардың бірі, Махамбет аудандық мәслихатының депутаты Нұрым Ерғалиевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласына жұмыс жасауға келетін жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға баса мән берілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін іске асыру мақсатында берілетін жеңілдетілген несиелер бағдарламасын заңдық тұрғыдан жетілдіре түскен жөн. Міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, ауыл шаруашылығы саласы, жалпы мұнайлы өңірдің әлеуметтік-дамуына серпін беретін жобалар Атыраудың әр деңгейлі мәслихаттарындағы таңдаушылардың басым дауысына ие болған Қайрат Ищановқа жете таныс, деп есептейді аудандық мәслихат депутаты Н. Ерғалиев.
ОРАЛ
– Батыс Қазақстан облысында о баста Сенат депутаттығына бес адам ұсынылды. Төрт үміткер тіркелді. Сайлауға әзірлік барысында Қиззат Кәрібаев пен Аманжол Зинуллин өз еркімен кандидатураларын алып тастады, – деп мәлімдеді кеше таңдаушылардың бірлескен отырысында Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин.
Иә, сөйтіп, кеше таңдаушылар қалған үш үміткер – Рашид Ахметов пен Мәлік Көбейсіновке және Жәнібек Қажығалиевке дауыс берді. Бұл үрдіске аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі дауыс беруге тиісті 200 депутаттың 199-ы қатысты. Бұл рәсім аяқталғаннан кейін облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Найля Ғалиева үш бюллетеньді сенім білдірілген адамдар мен халықаралық байқаушылардың, Орталық сайлау комиссиясы сарапшысының, БАҚ және саяси партиялар өкілдерінің көзінше жойды. Мұның екеуі артық бюллетень, қалған біреуі іссапарға байланысты себепті жағдаймен келмей қалған депутатқа тиесілі бюллетень еді.
Сенат депутаты сайлауын ұйымдастыру ісіндегі ұйымшылдық, жинақылық пен жеделдік өз нәтижесін тез берді. Жарты сағаттың о жақ бұ жағында дауыс беру рәсімі аяқталып, бюллетеньдер тасталған урна байқаушылардың көзінше ашылып, саналып бітті. Ендігі бір сәтте таңдаушылардың қорытынды отырысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Хамзин сайлау нәтижесін хабарлады. Жарамсыз бюллетеньдер саны жоқ, деді ол.
Таңдаушылардың басым бөлігі, яғни 200 депутаттың 173-і Рашид Ахметовті жақтап дауыс беріпті. Мәлік Көбейсінов пен Жәнібек Қажығалиевтің дауыс сандары тиісінше 15 пен 11 аралығында болып шықты. Осымен Батыс Қазақстан облысында Сенат депутаты сайлауы өткізілді, деп тұжырым жасалды.
ТАРАЗ
Жамбыл облысы бойынша Парламент Сенаты депутаттығының босаған бір орынтағына үш үміткер өзін өзі ұсынған болатын. Сайлауға үш күн қалғанда олардың біреуі, яғни А. Саурықов өз кандидатурасын қайтарып алды. Сөйтіп, қалған екі үміткер шалғай аудан орталықтарында болып, мәслихат депутаттарымен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламалары туралы, яғни депутат болып сайлана қалған жағдайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал ететін заңдардың қабылдануына белсене атсалысатындары жайлы айтқан болатын.
Кеше Парламент Сенаты депутаттығынан үміткерлердің арасынан лайықтыны таңдау мақсатында өткізілген сайлауға облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының 190 депутаты қатысып, олардың 167-сі Е.Астаевқа, 17-сі А.Савченкоға дауыс берді. Дауыс беру бюллетеньдерінің 6-ы жарамсыз деп танылды. Сөйтіп, бұған дейін Жамбыл ауданының әкімі болып абыроймен қызмет атқарған Ертарғын Кәкімбекұлы Астаев 90,8 пайыз дауыс алды.
Ал бүгінде Тараз футбол клубының президенті болып қызмет етіп жүрген, оған дейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған жас кадр Андрей Савченко өзінен тәжірибелі және сайлау барысында айқын басымдықпен жеңіске жеткен үміткерді шын жүректен құттықтады.
ҚАРАҒАНДЫ
Қарағанды аймағы бойынша еліміз Парламенті жоғарғы палатасына депутаттыққа тіркелген үш үміткердің екеуі аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттар таңдаушы депутаттарының бірлескен отырысында дауысқа түсті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов үміткерлердің бірі мұның алдында өз кандидатурасын қайтып алуына байланысты таңдау Парламент Сенатының бұрынғы сенаторы Серік Ақылбай мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры Аристотель Исағұлов арасында өтетінін хабарлады.
Жабық дауыс беруде оған қатысушы 280 таңдаушының 265-і Серік Ақылбайды, 15-і Аристотель Исағұловты жақтады.
Сайлауға шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан 8 байқаушы қатысты. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, «Единая Россия» фракциясының өкілі Руслан Хаджибеков бізге баян еткендей, дауыс беру үдерісі үлгілі болды. Ол бұл саяси шараның белсенділік пен ұйымшылдық жағдайында өтуі жоғары бағалауға лайықтығын атады.
ҚОСТАНАЙ
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты сайлауында Қостанай облысының таңдаушылары үш кандидатқа дауыс берді. Осыдан екі жыл бұрын сенатор Евгений Аманның орнына барған Жеңіс Нұрғалиевті осы жолы Қостанай қалалық және Меңдіғара аудандық мәслихаттары Сенат депутаттығына қайта ұсынған болатын. Онымен бірге, облысқа белгілі, ғылым саласындағы азаматтар Асқар Мұратов пен Аят Құрманов өзін өзі ұсынды.
Жалпы, облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттарда 295 депутат болса, соның сайлауға қатысуға 290-ы келді. Бес депутат науқастығына байланысты бұл маңызды шараға келе алмады. Сайлауды ұйымдастырушылар, сайлау комиссиясының мүшелері, кабина, бюллетень жәшігі – барлығы ашық, таңдаушылардың көз алдына, сахнаға орналастырылды. Таңдаушылар оң жақпен жүріп барып, бюллетеньді алып, кабинаға кірген соң таңдауын жасап, сахнада тұрған мөлдір шыныдан жасалған жәшікке салды.
Сайлауға кандидаттардың сенім білдірілген адамдары да келді. Сенат депутаттығынан үміткер Асқар Мұратовтың сенім білдірілген адамы Дамира Жармұханбетова басқа кандидаттар сияқты Асқар Аронұлына да сайлау алдындағы кезеңде барлық мүмкіндіктер жасалғанын, оның түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарымен кездескенін және өзінің бағдарламасын таныстыра алғанын айтты.
Сайлау – мемлекетке, халыққа адалдық пен әділдіктің паш етілер, көрінер тұсы. Ол сайлауға қатысушылар тарапынан да, оны ұйымдастырушылар тарапынан да көрініс беруі керек.
– Жанама сайлауды ұйымдастыруда күрделі қиындықтар туындаған жоқ. Жалпы, осы сайлауға түсуге тілек білдірген бес адам болатын. Оның екеуі қажетті құжаттарды түгел әкелмеді. Сондықтан олар сайлауға қатыса алмады, үш үміткерге дауыс берілді, – дейді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова.
Дауыс беру аяқталғасын екі сағаттан кейін бюллетеньдер саналып, сайлау қорытындысы жария етілді. Сайлауға түскен үш кандидаттың арасынан басым дауысты Жеңіс Нұрғалиев алды. Облыс әкімі Сергей Кулагин сайлауда белсенділік көрсеткен таңдаушыларға алғыс айтты.
ҚЫЗЫЛОРДА
Сыр өңіріндегі Сенат сайлауы абыр-сабырсыз, ешбір ерсі оқиғасыз өтті. Тіркелген кандидаттар ауыл-аймақтың бәрін аралап, ел-жұрттың жағдайымен жіті танысты. Алғашында Парламент Сенатына үмітті 9 кандидат болған. Дегенмен Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы оның бесеуін ғана тіркеді. Кейіннен екі кандидат өз өтініштерімен сайлау додасынан шықты. Солайша, үш үміткер сынға түсті. Олар – Сейітқали Алшынбаев, Бауыржан Елеусінов және Мұрат Мұхамедов болатын.
Қызылорда облысында жалпы 147 мәслихат депутаттары бар. Халық атынан Сенат сайлауына дауыс беретін мәслихат депутаттары кеше Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайына жиналды. Сөйтіп, бір күнге депутаттық мандаттарынан «айырылды». Өйткені, заң бойынша сайлау кезінде оларды таңдаушы деп атайды.
147 мәслихат депутатының сайлауға 139-ы қатысты. Бұл –депутаттардың 92 пайызы сайлауға қатынасып отыр деген сөз. «Сайлау туралы» заңына сәйкес депутаттардың 50 пайызынан астамы дауыс беруге қатысатын болса, онда оны заңды деп санауға бек болады.
Сайлау барысын бақылап жүрген бірқатар байқаушылармен сөйлестік. Олар сайлаудың заң талаптарына сай өтіп жатқандығын, ешқандай өрескел оқиғалардың тіркелмегенін, дауыс берудің әділетті өтіп жатқандығын қадап айтты. Сондай-ақ, ешқандай кандидатқа басымдық берілмегенін де жеткізді.
Сонымен, сын сағаты соқты. Халықтың аманатын арқалаған мәслихат депутаттары заң шығарушы жоғарғы орган болып табылатын Сенат депутатын таңдады. Алдын ала есептеу бойынша Мұрат Мұхамедов 113 дауыс жинады. Ал Бауыржан Елеусінов – 15, Сейітқали Алшынбаев 11 депутаттың даусын иеленді. Бұл – Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының санағаны. Енді бұл санақ Астанаға, Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Ақырғы нәтижені солар айтады. Дегенмен, Мұрат Бақтиярұлы сайлауда басым дауыспен жеңіске жетті деуге толық негіз бар.
– Сенат – біздің ең жоғарғы заң шығару органы. Сондықтан онда құқық саласын жетік білетін, ауыл-елдің жағдайын жанымен түсінетін, яғни білімі мен тәжірибесі ұштасқан адамдар болуы керек. Біз сондай адамға дауыс бердік, – деді сайлаудан соң Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Ибадулла Құттықожаев.
Саяси ғылымдар докторы, облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедовтің осындай тұлға екеніне шүбә жоқ. Сондықтан ол сырбойылықтардың сенімін Сенатта ақтайды деген ойдамыз.
АҚТАУ
Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы Маңғыстау облысында ұйымшылдықпен өтті. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің мәжіліс залында өткен сайлауға облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардан қатысуға тиісті 114 депутаттың 112-сі қатысты.
Сайлау жұмысы сайлаушылар мен байқаушылар қатысқан бірлескен отырыспен басталды. Отырысты Маңғыстау облысы сайлау комиссиясының төрағасы Е.Күмісқали мен Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Әбжаппаров ашты.
Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы кезекті Парламент Сенатының депутаттарын сайлау туралы Жарлығы шығып, сайлау дүбірі басталысымен Маңғыстау облысында Сенат депутаттығынан төрт үміткер тіркелді. Алайда уақыт өте келе кандидаттардың екеуі – Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент бастығы Ж.Қазақбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары О.Тоғжанов жергілікті сайлау комиссиясына өз кандидатураларын қайтып алу туралы өтініштерін жолдаған. Сол себепті сайлауда облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Шелпеков пен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша басқарма бастығы, тәртіптік кеңестің төрағасы Е.Оспановтың кандидатуралары өзара дауысқа түсті.
115 округі бар облыстан сайлауға қатысуға тиісті 114 сайлаушының біреуі денсаулығына байланысты, екіншісі іссапарда жүруі себепті қатыса алмады. Мәжіліс сайлауындағыдай жүрмелі жәшікпен дауыс беру мүмкіндігі жоқ бұл сайлауда 112 депутат өз таңдауларын жасады. Сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, сайлау қорытындысы бойынша Бақтыбай Шелпеков 98,2 пайыз дауыс алды.
ТМД миссиясынан келген халықаралық байқаушылар – татарстандық Азат Ахтареев, Радик Ибрагимов және Денис Королев, «Тәуелсіз байқаушылардың республикалық жүйесі» ҚҚ өкілі Кирилл Осин мен БАҚ өкілдері сайлаудың қандай да бір жолсыздыққа бой алдырмай таза, жоғары ұйымшылдықпен өткеніне куә болды. «Біз байқаушы ретінде қатысқан Маңғыстау облысында Парламент Сенаты депутатын сайлау жоғары деңгейде өтті. Сайлаудың заңдылықтары мен ережелеріне нұқсан келтіретін бірде-бір факті болған жоқ», дейді халықаралық байқаушылардың басшысы, Татарстан азаматы А.Ахтареев.
ШЫМКЕНТ
Оңтүстіктегі сайлауға әзірліктің сапасы таңдаушылардың бірлескен отырысы өтетін облыс әкімдігі мәжіліс залының мәнісінен де байқалып тұрыпты. Сыртта қырық градус. Ал арнайы салқындатылған үлкен залда жиырма градустың төңірегі. ОҚО мәслихатының хатшысы Әбілқасым Досболов бірлескен мәжіліске 308 таңдаушының 294-і қатысып отырғанын, жұмысты бастауға толық мүмкіндік бар екенін мағлұмдады. Бірлескен отырыс ашық деп жарияланды, жұмыс регламенті бекітілді. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытов Сенат депутаттығына төрт үміткер тіркелгенін, оның екеуі үш-төрт күн бұрын өз кандидатурасын өз еріктерімен алғандарын айтты. Сайлау заңына сәйкес таңдау, яғни дауыс беру үдерісінің қалай жүруге тиістігін тәптіштеп түсіндірді.
Дауыс беру басталды. Сап-салқын залдың іші жарты сағатта ысып сала берді. Қызу көтеріліп кетті. Сағат он екіден жиырма минут өткенде бюллетеньдер салынған урналар ашылды. Санақ басталды.
Көп ұзамай-ақ сайлау комиссиясының төрағасы нәтижені хабарлады. Сенаторлықтан үміткер, айтулы азамат Қуаныш Айтахановқа 235 таңдаушы дауыс беріпті, немесе 81,9 пайыз. Екінші үміткер Шардара аудандық мәслихатының хатшысы Тоқсанбай Бердібековке 52 дауыс бұйырыпты. Бұл дегеніңіз – 17,6 пайыз. Жеті бюллетень жарамсыз деп танылған.
Тәуке хан көшесімен кетіп бара жатқанымызда Қуаныш Айтахановтың сенім білдірілген адамы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Оңтүстік (ОҚО, Жамбыл, Қызылорда) аймақтық филиалының төрағасы Байдулла Қонысбек жолықты. «Болжам дұрыс шығыпты ғой, – деді ол кісі. – Қалалық және облыстық мәслихаттың депуттарымен сайлауалды кездесулерде байқағанбыз. Сұрақтардың көбі Айтахановқа қойылған. Көксарай кілтипандары, жерді суландыру жағдайлары, ауыл шаруашылығындағы басқа да өзекті мәселелер, қоршаған ортаны қорғау, орманды алқаптарды, саябақтарды көбейту, орынсыз жекешеленіп кеткен табиғаттың таңғажайып тұстарын халық игілігіне қайтару, заңдардың сапасын көтеріп, орындалуын күшейту, бюджет қаржысының жұмсалуына байланысты заңдық негіздерді ширату, мемқызметке, биік лауазымдарға кадрлар тағайындауда мемлекеттік тілді білу мәселесін ерекше ескеру жақтары айрықша айтылған. Мен осылардың бәрі қайта сайланған Айтахановқа аманат деп түсінемін және шын пейілмен құттықтаймын».
Түс шаңқайында температура қырық төртке таяп қалған. Иә, Оңтүстікте күн де, көңіл де ыстық-ақ.
ПАВЛОДАР
Кеше облыс орталығында Парламент Сенатының сайлауын өткізу үдерісі ертелетіп басталған еді. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сабырханова бастаған комиссия мүшелері «Шаңырақ» мәдени-сауық орталығында болатын саяси науқанды өз дәрежесінде өткізу үшін құжат-қағаздарын түгендеп, дауыс беру алаңы саналатын сахна келбетін әдеттегіден өзгеше қалыпқа түсіріп абыр-сабыр.
Сағат таңертеңгі 10-дар шамасында барлық деңгейдегі, яғни облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары жиналды. Тіркеу басталды. Бәрі де тыныш, қалыпты жағдайда жүргізілуде. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде Парламент Сенатына депутат таңдайтын, яғни дауыс беретін маңызды сәт те келіп жетті. Жалпы, Сенат депутаттығына кандидат болып, өндірісті өңірден төрт үміткер ұсынылған еді. Олардың екеуі – Идаят Әбдіхалықов пен Болат Байжанов сайлау додасынан өз өтініштері бойынша бас тартты да, облыстық сәулет және құрылыс басқармасының бастығы Марат Қабдыуәлиев пен жергілікті жердегі «Қазақтелеком» АҚ-тың бас директоры Асхат Күзеков сайысқа түсетіні белгілі болған еді.
Сөйтіп, қос үміткердің бірін таңдау үшін депутаттар дауыс берді. Нәтижесінде, жергілікті депутаттардың көпшілік дауысын алған Асхат Күзековтің есімі аталды. Үміткерге 196 сайлаушының 179-ы дауыс берді. Осы маңызды саяси науқанға Ресейден келген ТМД елдері байқаушыларының өкілі Вера Серикованың айтуынша, сайлау жоғары дәрежеде өтті. «Мен осы салада көптен қызмет жасап жүргендіктен, өз көзіммен көрген дауыс беру үдерісін жоғары бағалаймын», деді ол.
ПЕТРОПАВЛ
Қазақстан Республикасы Сенаты депутаттығына Солтүстік Қазақстан облысынан 8 үміткер ұсынылған болатын. Алайда, қажетті құжаттарды ұсынбағаны үшін 5 үміткер тіркеуден өтпеді. Сайлауға санаулы күндер қалғанда тіркелген кандидаттардың бірі додаға түсуден бас тартты. Сөйтіп, ақтық мәреге облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров пен облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтардың қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарма бастығы Серік Тәшенов жетті. Негізгі тартыс еңбек жолын кәсіпкерліктен бастап, бірнеше ауданда басшылық қызмет атқарған орда бұзар жастағы азамат пен зейнеткерлікке шығуды әне-міне күтіп отырған шенеунік арасында өтті. Біріне «Нұр Отан» ХДП-ның жергілікті филиалы сенім көрсетсе, екіншісі өзін-өзі ұсыну жолымен бағын сынап көруді ұйғарыпты.
Таңдаушылардың Парламент Сенатына Қызылжар өңірінен депутат сайлау жөніндегі бірлескен отырысы Н.Погодин атындағы облыстық драма театрында белгіленген мерзімде басталды. Әртүрлі дейгейдегі халық қалаулыларының мәжілісін облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов ашып, 212 депутаттың 208-і жиналғанын мәлімдеді. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланатынын еске сала келіп, сайлау тәртіптерін түсіндірді. Іле сайлау да басталып кетті. Оның шымылдығын облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Кащенцева ашты.
Міне, таңдаушылардың дауыс беру үдерісі де аяқталды. Бюллетеньдер халықаралық байқаушылардың, сенім білдірілген адамдардың көзінше урнадан төгіліп, ашық, жариялы түрде саналды. Ақтық қорытынды жария етілді. 2 бюллетень жарамсыз деп танылды. С.Ескендіровті жақтап – 170, С. Тәшенов үшін – 36 таңдаушы дауыс берді. Сөйтіп, депутаттардың үлкен сеніміне ие болған Самат Сапарбекұлы Парламент Сенатының депутаты болып сайланды.
Біз сайлау аяқталғаннан кейін таңдаушының ой-пікірін білген едік.
Екпін ӘБИЕВ, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты:
– Мен С.Ескендіров үшін дауыс бердім. Өйткені, оның сайлауалды бағдарламасы нақтылығымен ұнады. Экономиканың нақты секторына, ауыл шаруашылығына, индустриялық-инновациялық мәселелеріне жете көңіл аударуы оның істің адамы екенін айғақтап тұр.
ӨСКЕМЕН
Кенді Алтайға бауыр басып кеткен, ұзақ жылдар облыс әкімінің орынбасары, сосын бірінші орынбасары, бір жарым жылдай өңірге басшылық жасаған Талғатбек Жәмшітұлы Абайділдин карапайым, құрбы-достары арасында беделді азамат. Сондықтан болар, осыдан бес жыл бұрын Сенат сайлауы кезінде басымдықпен жеңіске жеткен еді. «Тәкең биылғы қыркүйекте 63 жасқа толады, енді Сенатқа қандидат ретінде тіркелмейтін шығар» деген көпшілік жорамал жасап. Алайда, Т.Абайділдинді Шемонаиха, Үржар, Аягөз, бірқатар қалалық мәслихаттың депутаттары Парламент Сенатына өз қалаулылары ретінде ұсынды.
Т.Абайділдиннен басқа тағы төрт кандидат Сенат сайлауына түсуге тілек білдірді: олар 63 жастағы Т.Әміржанов, В.Лопаткин, Б.Есдәулетова және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Д.Селиханов. В.Лопаткиннің дер кезінде құжат тапсырмағаны өзіне бөгет болып, тізімнен сызылып тасталды. Ал Д.Селиханов пен Б.Есдәулетова сайлау комиссиясына арыз жазып өздерін кандидаттар тізімінен алып тастауды өтінді. Сонымен, ақтық сайысқа Т.Абайділдин мен Т.Әміржанов шықты.
Сайлау басталардың алдында Ресейден келген бір топ халықаралық байқаушылар ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Таулы Алтай республикасының азаматы Д.Черкасов пен Алтай өлкесінен келген Р.Субботин дауыс беру рәсімінің айқындығына, адалдығы мен ашықтығына баса назар аударды. Облыстық мәслихаттың хатшысы В.Ахаев бүгінгі Сенат сайлауына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының қатысып отырғанын, бұл таңдаушылардың 95,3 пайызы екенін айта келіп, сайлауды бастады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаев дауыс берудің тәртібі жайлы түсіндірді. Жабық сайлау нәтижесінде Талғатбек Абайділдин депутаттардың – 270, ал Төлеубек Әміржанов 31 дауысын жинады. Бір дауыс жарамсыз деп танылды.
«Егемен Қазақстанның» тілшілері және Гүлай Шынтемірқызы (Ақтау).
--------------------------------------------------
Суреттерді түсіргендер О.БАЛМҰРАТ, Б.СӘРСЕНОВ, Т. Қосшығұлов, Т.ТЫНЫБАЕВ.