20 Тамыз, 2011

Жеңімпаздар жолы

495 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
АСТАНАДА І СПОРТТЫҚ ФОРУМ ЖАЛҒАСУДА Кеше Астанада Туризм және спорт министрлігінің ұйым­дас­тыруымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында және тамыз айының соңғы жексенбісі болатын Спорт күнін мерекелеу қарсаңында бірінші Спорттық форумы өз жұмысын бастады. БОЛАШАҚҚА БАҒДАР Оған қоғамның, бизнестің және спорттың ынтымақтас­ты­ғы мен өзара әрекет етулерінің болашағына қатысты өзекті мә­селелерді талқылау үшін мемлекеттік ведомстволардың өкіл­дері, спорт клубтарының жетекшілері, инвесторлар, спорт сарапшылары мен журналистері қатысты. Аталған форум Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп, оның ағашқы күні бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Яғни, таңертең «Ел Қайраты» респуб­ли­калық ауылдық дене тәрбиесі-спорт қоғамы» қоғамдық бір­лес­тігінің конференциясы, орталық кеңесі­нің төралқасы сайланса, одан кейін форумның пленарлық оты­рыс­тары мен әртүрлі тақырыпқа арналған дөңгелек үстелдер бо­лып өтті. Пленарлық отырысты Туризм және спорт  ми­нистрі Талғат Ермегияев жүр­гізіп отыр­ды. Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің мең­геру­ші­сі Дархан Мыңбай мен министр­ліктердің жауапты қыз­мет­керлері қатысып, баяндама жасады. Осы жиында ал­ды­мен  Туризм және спорт министрі сөз алып, Спорт­тық форумының мән-маңызы мен спортты дамыту мәселелері бойынша өз пікірін ортаға салды. Онда ол Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан хал­қы­на Жолдауында аталған бұ­қа­ралық спортты да­мыту ісіне министрлік баса назар аударып, ха­лықтың 30 пайы­зы­ның бұқа­ра­лық спортпен айна­лысуына қол­дан келген мүмкін­діктің бә­рін жасап жатқанын айтты. Одан әрі министр жоғары жетістіктері және бұқаралық спортты дамыту үшін мемлекет пен жеке кәсіп­кер­ліктің әріп­тес­тігі ая­сында әрбір ми­нистрліктің жер­гілікті би­лік өкілдерімен бірігіп заңды негізде кәсіп­керлерге көмек көр­сетуі керектігін атап өтті. Со­ны­мен бірге, ол қазір кәсіпкерлер өздері спортшыларға қолдау көр­сетсе, одан спорттың мүмкіндігін біліп, пайда табуды үйрене білуі керек деген пікірін білдірді. Осы жиында Денсаулық сақ­тау вице-министрі Ерік Бай­жүнісов бүгінде бүкіл әлем бо­йынша адам өлімінің 86 пайызы шылым тарту, ішімдік ішу, есірткі тұтынудың кесірінен болып жатқанын, сол себептен қоғамда саламатты өмір салтын қалып­тас­тыру үшін мемлекет тара­пы­нан қабылданған ден­саулық сақ­тауды дамытудың 2011-2015 жыл­дарға ар­налған «Сала­мат­ты Қазақстан» бағ­дарламасы­ның мән-маңызын ай­тып, осы құ­жат бо­йынша жұмыс істелініп жатқа­нын атады. Келесі кезекте сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Серік Ерсалиев сала бойынша қазір еліміздегі мектептерде 19 мың дене тәрбиесі пәнінің оқытушы­ла­ры, орта оқу орындарында 20 мың спорт ғимараттары бар екенін,   мұның өзі спортты дамыту үшін жетіспейтінін айтып, ха­лық­ты спортқа қызықтыру үшін барлық мүмкіндіктер мен тетіктерді пайдалануды ұсынды. Ал «Ақ жол» саяси партиясының төр­ағасы, белгілі спорт жана­шы­ры Азат Перуашев болса, өз сө­зін­де спорт нысандарының бәрін салықтан босату керектігін, сонда ғана халықтың өзі спортпен айналысатынын айтты. Сонымен бірге, ол дәстүрдің сабақтасты­ғын жалғастыру үшін біздің оң жамбасымызға келетін бокс, кү­рес түрлерін ғана емес ауылдық жерлерден өзіміздің қара көздері­мізді спорттың басқа түрлеріне де икемдеп тәрбиелеу керектігін жеткізді. Форумның бірінші күн­гі пленарлық отырысында айтыл­ған негізгі ойлар осындай болды. Ал осы жиында мінберге шығып, сөз сөйлеуге мүмкіндігі болмаған азаматтар отырыстан кейін өткі­зілген дөңгелек үстелдерде өз пікірлерін ортаға салды. Осы жиынның алдында Туризм және спорт министрлігі мен орталық мемлекеттік органдар басшыларының арасында мемо­­­ра­н­думға қол қойылды. Онда министр Талғат Ермегияев Білім жә­не ғылым, Қорғаныс, Байла­ныс жә­не ақпарат, Ішкі істер, Ден­сау­лық сақтау, Ауыл шаруа­шы­лығы министрліктері мен Астана қаласы әкімдігінің арасында дене тәрбиесі мен спорт сала­сын­дағы ынты­мақтастық, сондай-ақ Астана қала­сы әкімдігі мен Қа­зақ­стан фут­бол федерациясы ара­сында фут­болды дамыту сала­сын­дағы ын­ты­мақтас­тық туралы үш жақты ме­моран­думға қол қой­ды. Осыдан кейін форумға қатысушылар үшін «Рэ­диссон САС» қонақ үйінде спорт меце­наттары мен  спорт журналистерін марапаттауға ар­нал­ған шара өткізілді. Онда «Спорт жана­шы­ры­» номинация­сында «Жер-Су» кор­порациясының президенті Бауыр­жан Оспанов, кәсіпкер Асылбек Пұсырманов (Ал­маты об­лысы), Жамбыл облы­сы­нан Сәп­сембек Әбдірахметов, Әділ­хан Үсенов, Нұрлан Таханбетов (Батыс Қазақстан), «Дене тәр­биесі мен спортты дамытуға қос­қан еңбегі үшін» құрмет белгісімен бокстан мемлекеттік жат­тықтырушы Болат Әбдірах­манов, республикалық «Динамо» спорт қоғамының Алматы қа­ласы бо­йынша филиалы дирек­торы­ның орынбасары Манарбек Таутанов, Қостанай облысы, Таран ау­дандық дене тәрбиесі ж­ә­не спорт бөлімінің бастығы Алек­­сандр  Кузьмин, Павлодар мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі факультетінің деканы Жанат Усин, Туризм және спорт министрлігі Стартегиялық жоспарлау департаментінің бас са­рап­шысы Кенжеш Құрман­құлова, Каратэ кекушинкай феде­рацияс­ы­ның президенті Тәжі­мұрат Найзабеков, Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің құқық­тық қамтамасыз ету және әкімші­лік басқармасының бастығы Гүл­сім Төлебаева, министрліктің Спорт комитеті ғылыми-әдісте­ме­лік қамтамасыз ету, иннова­ция­лық технологиялар және білім басқар­масының бастығы Әсия Аман­баева, Шымкент қаласынан спорт жанашыры Виктор Ким ма­рапат­талды. Осы шарада бір­қатар әріп­тестерімізге де «Үздік спорт тілшілері» номинациялары бойынша сыйлықтар табыс етілді. «Спорт журналистикасының марқасқа­сы» атағы Сайын Тұр­сынов, Сұл­танғали Қаратаев, Диас Омаров, Жүсіп Хисымовқа берілсе, «Үз­дік спорт шолушысы» атағына «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Нұрғазы Сасаев, «Үздік спорт комментаторы» атағына «Ха­бар» агенттігінің журналисі Амангелді Сейітханов, «Үздік спорт фототілшісі» атағына «Казахстанкая правда» газетінің қыз­меткері Юрий Беккер ие болды. Сонымен бірге, бірінші Қысқы Жастар ойын­дарының қорытын­ды­сы бойынша үшінші орын ал­ған Астана қала­сы­ның, екінші орынға ие болған Ал­маты қала­сы­­ның командалары мен бас жүл­дені жеңіп алған Шығыс Қазақ­стан облысының спортшы­лары­на дипломдар табыс етілді. Ал Көлік және коммуникациялар министрлігі (3 орын), Ауыл ша­руашылығы министрлігі (2 орын) мен Ішкі істер министр­лігі­нің (1 орын) командалары салалық спар­та­киаданың жүлделерін алды. Осы күні түстен кейін форум­ның жұмысы дөңгелек үстелдер­мен жалғасты. Мұнда әуелі «Ел Қайраты» республикалық ауыл­дық дене тәрбиесі – спорт қоға­мы» қоғамдық бірлестігінің тұ­сау­кесері мен «Ауыл спортын дамыту» мәселелеріне арналған жиын өтті. Жиында белгілі қа­ламгер, Қазақстанның еңбек сі­ңір­­ген қайраткері Несіп Жүніс­баев аталған бірлестіктің төраға­сы болып сайланды. Одан кейін қа­ты­сушылар ауыл спортын да­мы­­туға байланысты өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Осы ұсыныстардың ішінде «Ел Қайраты» бірлестігінің «Ауыл спорты» атты ұлттық жобасы көп­шіліктің көңілінен шықты. Бұл жоба бойынша спорттың 5 түрінен тек ауыл тұрғындары ғана өзара командалар жасақтап, бір-бірімен жарысып, ең соңында үздік шыққан ұжымдар Астана және Алматы  қалаларында өте­тін ойындардың финалына жолдама алатын болады. Келесі «Бұ­қаралық ақпарат құралдарының әлеуеті арқылы спортты көпші­лік­ке таныту және насихаттауды жүйелі пайдалану» атты тақы­рып­та өткен дөңгелек үстелде Сұл­танғали Қаратаев, Сайын Тұрсынов, Диас Омаров, Жүсіп Хисымов бастаған спорт журна­листикасының ардагерлері спорт­ты дамыту, спорт журналистерін дайындау, спортты халыққа наси­хаттаудағы ақпарат құрал­дары­ның рөлін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Осы жиынды Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төр­ағасы Елсияр Қанағатов жүр­гіз­се, Мемлекеттік хатшының ке­ңес­шісі Аяған Сандыбай, белгілі қаламгерлер қазақ және орыс тілді «Sport» пен «Спорт» газет­тері­нің директор-бас редакторы Несіп Жүнісбаев, «Қазақ спорты» газетінің бас редакторы Қыдыр­бек Рысбек пен басқа да әріптес­тері­міз отандық спорт журна­лис­тикасын дамытуға байланысты ұсыныс-тілектерін білдірді. Мә­се­лен, әріптестеріміздің бәрі БАҚ-та отаншылдық сезімді арт­тыру, жеке спорт арнасын ашу, спорт терминологиясын қайта жасау, қазақша сөздікті бірізділікке келтіру, сараптамалық материалдар дайындау, Астанада спорт мұражайын ашу, спорт жур­налистерінің біліктілігін арт­тыру үшін мемлекеттік қызмет академиясы жанынан курстар ұйымдастыру, ауыл балаларын насихаттауды айтса, Несіп Жү­ніс­баев Спорт журналистері ас­со­циациясы жұмысын жалғас­тыруды, Қыдырбек Рысбек телеарналарда атақты спортшы­лары­мыз туралы деректі фильмдер түсіру, журналистерге берілетін С.Бердіқұлов атындағы сыйлық­тың беделін көтеру, оның сый­ақы­сын өсіру, қазақ газеттерінің таралымын көбейту сияқты мә­селелерді көтерді. Қысқаша айт­қанда, әріптестеріміз еліміздегі дене тәрбиесі мен спортты дамы­ту мәселелерін ашық талқылай отырып, тәжірибелерімен бөліс­ті. Жиын соңында әріптестеріміз дөңгелек үстелдің ұсыныстарын қабылдады. Онда Байланыс және ақпарат министрлігіне жақын арада еліміздің барлық аумағы мен одан тыс жерлерде жеке мем­лекеттік хабар тарататын спорт­тық арна құру, уәкілетті органмен бірлесіп, ақпараттық технологиялар саласындағы тұжы­рым­­даманы және кабельдік спорт­тық теледидар мен интернет-басы­лым ашу үшін жеке компаниялар мен азаматтарды пайдаланудың жобасын әзірлеу мен басқа да тың ұсыныстар бар.  Олар бүгін өтетін форумның қарарына жол­данды. «Спортты дамытудағы биз­нес­тің, қоғам мен мемлекеттің өзара әрекеті, өзекті мәселелері және перспективалары» атты дөң­гелек үстелде спорт индус­триясындағы кезек күттермейтін мәселелер қызу талқыға түсті. Жиында Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Евгений Никитинский спорттың бұқара­лық сипат алуына мерчандайзинг пен спорт­тық брендинг те жақсы ықпал етіп отырғанын айтты. Ол өзінің «Спорт индус­трия­­сының негізгі даму тенден­ция­сы» атты баяндама­сында бұл екі ұғымның нақтылығына кеңінен тоқталды. Дөңгелек үстел бары­сында кәсі­би спорттың жақ­саруына бюд­жеттік қолдау­дың да аса қажет екені, оның үстіне мұндай қолдау спорттың даму­ы­на тікелей әсер ететін фактор­лардың ең өзектісі болып сана­латыны да айтылды. Мемлекеттік деңгейдегі спорт­тық білім беру­дің көрсеткішін сандық және сапалық жағынан арттыру керектігі сөз болған кезде заманауи технологиялардың кең қолда­ны­сы арқылы теория­лық оқу үл­герімдері мен практи­ка­лық жат­тығулардың маңыз­ды­лығы қатар, айтылып өтті. Соны­мен қатар, дене шынықтыру мә­де­­ниетіндегі бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі, спорт ин­дустриясындағы ақпараттық қам­та­масыздандыру сынды көкей­кес­ті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Спорттың дамуына бұқара­лық спорттың да зор үлес қоса­тыны белгілі. Сол себепті де осы саланы спорт индустриясының ажырамас құрамы ретінде қара­с­тырған жөн. Спорттағы ша­ғын және орта бизнесті кеңінен қол­дау арқылы бұқаралық спорт­ты дамыту жол­дары да сөз бол­ды. Әсіресе, сапа­лы спорт өнім­дерін шығару арқылы бұқараның сұранысын қанағат­тан­дырудың жөні бөлек. Қорыта келгенде, спорттың дамуы – ол тек бір ғана саланың араласуымен жақсара қоймайды. Спорттың жоғарғы деңгейге көтерілуіне мемлекет пен қоғам бірге атсалысуы тиіс. Алғашқы спорт форумында көтерілген бар­лық мәселелер құрғақ сөз жүзін­де ғана емес, нақты атқарылған тұшымды іспен көрінеді деген сеніміміз бар. Өйткені, спорт­тағы жеңістердің ұлттың абы­ройы мен айбыны екенін жүрегі елім деп соғатын әрбір азамат ұғы­нуы тиіс. Форум аясында «Спорт – жас­тарды тәрбиелеудің, саламатты өмір салтына баулудың, патриотизмді дамытудың тиімді ны­са­ны» деген тақырыпта өткен дөң­ге­лек үстелде делегаттар жастар­ды тәрбиелеудегі спорттың рөлі жөнінде кеңінен әңгімеледі. Мы­салы, «Қазақстан жастар конгре­сі­нің» атқарушы директоры Шахмардан Байманов спортты да­муы туралы жасаған баяндама­сын­да көптеген ұсыныстарын ор­таға салып, қатысушылармен ой бөлісті. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің көптеген өңірлерінде спорттық ғимараттар мен кешендер көптеп салынғанын әңгіме арқауына ай­налдырып, ол нысандардың көп­теген қазақстандық спорт­шы­лар­ды ынталандырғандығына, со­ның негізінде көптеген жастар­дың бүгінде халықаралық стан­дартқа сай жаңа спорт сарай­ла­рын­да дайындалуларына мүмкін­дік­тері бар екендігіне назар ау­дар­ды. Сондай-ақ, ол бұқаралық спортты дамытуда ақпараттық жарнамаларды көптеп қолдан­ғанымыз жөн екенін, бұл ретте Қазақстан жастар конгресі Бай­ланыс және ақпарат министрлігімен осы жайлы келіссөз жүргізіп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Дөңгелек үстелге қатысушы­лар спорттың дамуы жөнінде, оның жастарға берер тәрбиесі мен тигізер септігі жайлы баяндамалар жасап, әрбір делегаттың фо­румға қатысты сын-пікірлерінің ал­дағы уақытта өтетін форум бағдарламасына енгізілуін тілге тиек етті. Еліміздің әрбір өңірінен келген форумға қатысушы делегаттар спорттың адам денсау­лы­ғына пайдасы тұрғысында, өске­лең ұрпақты спорт түрлеріне баулуда қолданылатын оқу-әдісте­ме­лік құралдарын бейнекөрініс ар­қылы көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты. Осы күні тағы «Спортқа инвестициялар тарту арқылы қазіргі заманғы спорттық ин­фра­құры­лымды дамыту» және «Жо­ғары жетістіктер спортын ғылы­ми-әдіс­темелік қамтамасыз ету. Спорт­тық ғылым және спорттық медицина» атты тақырыпта дөң­гелек үстелдер өтті. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.