23 Тамыз, 2011

Жеңімпаздар жолы

321 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Астанада өткен Спорттық форум енді дәстүрге айналады

Бап пен Бақ

Сенбі күні Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында тұңғыш рет мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі аясында өткен бірінші Спорттық форум аяқталды. Осы күні оның жұмысына қа­тысқан 1300 делегат екі күн бойы дене тәрбиесі мен спортты да­мытудың өзекті мәселелерін та­л­қылағаннан кейін өз ұсыныс­та­рын форумның қорытынды мәжі­лісіне жолдады. Сөйтіп, қоры­тын­ды отырыста алты дөңгелек үстелде жасалған ұсыныстарды қараған делегаттар І Спорттық форумның қарарын қабылдады. Онда балалар және оқушылар­дың, студенттердің апталық қоз­ғалыс белсенділігін арттыру мақсатында жетісіне мектепке дейінгі және кіші мектепке дейінгі балалар үшін 4-6 сағат, мектеп жасындағы балалар үшін 8-10 сағат, студент жастар үшін 10-12 сағат спорттық-сауықтыру жұмысын ұйымдастыру, спорт­тың қазіргі заманғы материал­дық-техникалық базасын жасап,  әсіресе, білім беру мекемелеріндегі спорт нысандарында халық­тың, соның ішінде мүмкіндігі шек­теулі адамдар үшін дене тәр­биесі мен жаттығуларына және спортпен айналысуына жағдай жасау, ауылда спорт инфра­құ­рылымын дамыту үшін «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы сияқты 100 дене тәрбиесі-сауық­тыру кешенін салу, бизнестің спортты қолдауы үшін спорттық корпорациялар, спорт түрлерінен лига құру мәселелері көтерілді. Сонымен бірге, қарарда ғылыми-зерттеу институттарын құру, құ­ра­м­а командаларды ғылыми-әдіс­темелік тәсілмен дайындау, бо­ла­шағы зор спортшыларды фи­зиологиялық-психологиялық жә­не генетикалық деректеріне қа­рап іріктеу, барлық өңірлерде дәрігерлік-дене тәрбиесі диспансерлерін ашу сияқты мәселелер қамтылды. Ал өзіміз қатысқан БАҚ өкіл­деріне арналған дөңгелек үстелде жасалған ұсыныстардың ішінде қарарға мыналары кірді. Олар­дың арасында жеке мемлекеттік спорт арнасын құру, спорт журналистері қауымдастығының жұ­мы­сын жалғастыру, телеарналарда спорт туралы деректі фильм түсіру, СТВ арнасында жабылған «Ауыл спорты» бағдарламасын қайта ашу, спорт федерация­ла­рын­да пиар-менеджмент департаментін құру, «Егемен Қазақ­стан» газетінің Астанада спорт мұражайын ашу сияқты көптеген ұсыныстары бар. Тағы бір айта­тын нәрсе, форумда «Ел Қай­раты» қоғамдық бірлестігі құ­рылған болатын. Қарарда осы ұйым­ның жұмысын жандандыру үшін ауылда дене тәрбиесі қозға­лысын қарқындату, ауылдық жерлерде спорт бөлімдерін қалпына келтіру сияқты мәселелер қабыл­данды. Содан кейін форумға қатысу­шылар жаңадан ашылған қазақ және орыс тілді «Sport» және «Спорт» газеттерінің тұсауке­сері­не қатысты. Осы күні барлық астаналықтар мен қала қонақ­тары асыға күткен Президент Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық «Қазақстан барысы» жарысы өтті. Бұл жарыс түскі сағат 16.00-ден бастап, түнгі 00.00-ге дейін жалғасты. Белдесулер «Дәулет» спорт кешенінде төселген кілемде өтіп, оған еліміздің жер-жерін­дегі 700 мың балуанның ішінен іріктелген 60 балуан қатыс­ты. Жарыс КТК телеарнасының бас директоры Арман Шораев­тың бас­тамасымен, Президент Әкім­ші­лігі, Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республи­ка­сы Тұңғыш Президентінің қо­ры, Дүниежүзілік қазақ күресі қауым­дастығының ұйымдасты­руы­­мен және Қызылорда облысы әкім­дігінің қаржылай қолдап, демеушілік көрсетуімен өтті. Осы бел­десулердің бәрі КТК теле­ар­на­сынан тікелей эфирде көрсе­тіл­ді. Сонымен бірге, оны кезінде түрлі себептермен дүние жүзінің түк­пір-түкпіріне тарап кеткен қан­дас­тарымыздың бәрі интернет ар­қылы тамашалады. Жарыстың ашылу салтана­ты­на Президент Әкімшілігі Басшы­сы­ның орынбасары Мәулен Әшім­­баев, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгеру­шісі Дархан Мыңбай, Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияев, КТК телеарнасының бас директоры Арман Шораев, «Самұрық-Қа­зы­на-Астана» корпоративтік қо­ры­ның бас директоры Дәулет Тұрлыханов, Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті Серік Төкеев пен өзге де азаматтар қатысты. Онда осы кісі­лер­дің атынан Президент Әкім­­ші­лігі Басшысының орынба­са­ры М.Әшімбаев сөз сөйледі. Содан кейін жүргізуші жарыстың төре­шілер алқасымен таныстыр­ды. Оның құрамына – төралқа ал­қа­­сы­ның төрағасы Дәулет Тұр­лы­­ханов, мүшесі болып Қызыл­орда облысы әкімінің бірінші орын­басары Мадияр Алдоңғаров, КТК телеарнасының бас дирек­торы Арман Шораев, Дүниежүзі­лік қа­зақ күресі қауымдастығының вице-президенті, Өскемен қаласы­ның әкімі Ислам Әбішев, Қазақ күресі­нен мемлекеттік жаттық­ты­рушы Марат Жақып кірсе, жа­рыстың бас төрешісі болып  Дү­ниежүзілік қа­зақ күресі қауым­дас­тығының президенті Серік Төкеев сайланды. Одан басқа 16 адам бас хатшы, кілем жетекшісі (үш адам) және төрешілер болып бекітілді. Сөйтіп, жарыстың ресми ашы­лу салтанаты өткеннен кейін балуандар арасында жеребе тар­тылды. Олардың арасында қазақ күресі балуандарынан басқа самбо, дзюдо, грек-рим, еркін күрес балуандары да болғанын айту керек. Соның ішінде көзімізге от­тай басылғаны Афина Олимпи­а­дасының күміс жүлдегері Георгий Цурцумия мен грек-рим күресінен Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрмахан Тін­әлиев болды. Олар жарыстан ерте шет қалды. Бірінші айнал­ы­мында Батыс Қазақстан облысы­ның атынан шыққан Георгий Цур­цумия маңғыстаулық Ермек Қалиековтен жеңіліп қалса, Нұр­махан Тінәлиев бірінші айналым­да Алмас Сатқыновты (Алматы облысы) жеңіп, келесі айналымда Ерболат Жүсіповке есе жіберді. Тағы бір айтатын нәрсе, жарыста өзіміздің қандастарымыз ғана емес, өзге ұлт өкілдері де белдесті. Көкшетаулық «Ақмола қас­қыры» деген лақап атты Леонид Станеев, алматылық Маким Фуртаев («Арыстан»), қарағандылық Виссарион Баркалая («Сарыарқа алыбы»), «Қостанай қыраны»  Рамиль Шарыгин, «Ақ аю» Максим Гербер (Қарағанды облысы) кілемге шығып, өнер көрсетті. Бірақ олардың ішінен соңғысы­нан басқалары 1/8 финалдан аса алған жоқ. Ал Гербер ширек финалда астаналық Арман Әбеуов­пен күресіп, одан жеңіліс тапты. Белдесулердің бәрі қызықты әрі тартысты өтті. Көрер­мен­дерге, әсіресе Ұлан Рысқұл, Руслан Әбдіразақов (екеуі де Қызыл­орда облысы), Шалқар Жоламан, Айбек Нұғымаров (екеуі де ШҚО), Бейбіт Ыстыбаев (Жам­был облысы) мен басқа да балуан­дардың күресі ұнады деп білеміз. Қысқасы, жарыстың ең қызықты кездесулері 1/8 финалдан басталып, соңына дейін жалғасты. Мұнда Арман Әбеуов­тің 1/8 финалда Рамиль Шары­гин­ді әдемі әдіспен лақтырып, жеңгенін, Руслан Әбдіразақов­тың 57 секөнтте Виссарион Бар­калаяны ұтқанын, Еділ Үсенов пен Шалқар Жоламанның белдесуіне қосымша берілген үш ми­нөттік күресті, Нұрмахан Тін­әлиев­тің жеңіліс тапқанын айтуға болады. Сол сияқты Бейбіт Ыс­тыбаевтың Бақтыбай Қисықов­тың (Ақтөбе облысы) тізесін 26 секөнтте бүктіргені, Айбек Нұ­ғы­маров (ШҚО) пен Ерболат Жүсіповтің (Қызылорда облысы) иық тіресіп күрескенін, қоста­най­лық Максим Гербердің Әділ­хан Сұлтановты (Алматы) ойда жоқта жеңіп, сенсация жасаға­нын айту керек. Ал ширек финалдың қызықты күресі бір үйдің баласы, ағайынды Руслан Әбдіразақов пен Ұлан Рысқұл­дың арасында өтті. Осы кездесуде 43 секөнтте Руслан ағасына жол бергеннен кейін Ұлан жартылай фи­налға жолдама алды. Ал Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұ­ғымаровтың белдесуі финалға бергісіз күрес болды. Бұл сында Ыстыбаев тәжірибесінің арқа­сын­да жеңіске жетті. Сол сияқты Арман Әбеуов Максим Герберді жеңіп, келесі айналымға шықты. Жартылай финалда Бейбіт Ыстыбаев пен Арман Әбеуовтің арасында өткен белдесуде кімнің жеңетіні соңғы секөнтке дейін белгісіз болғанын айту керек.  Дегенмен, Ыстыбаев тағы да тәжірибесінің арқасында қарсы­ла­сының алдын орап кетті. Екінші жұпта Ұлан Рысқұл Шалқар Жоламанды таза ұтты. Жарыс басталысымен қарсыластарының бәрін таза жеңіспен жеңіп келген Жоламанның жеңілісін біз, әрине, күтпеп едік. Осыдан кейін Жоламан үшінші орын үшін кездесуде намысқа тырысып, Арман Әбеуовті 26 секөнтте таза ұтты. Ал финалда Ұлан Рысқұл Бейбіт Ыстыбаевтан басымдық танытты. Сөйтіп, ол «Алтын белбеу» атағы мен 150 000 АҚШ долларын, оның бапкері Садық Мұстафаев 50 000 АҚШ дол­ларын иеленді. Екінші орын ал­ған Бейбіт Ыстыбаев 30 000 дол­ларға, оның бапкері Елдос Далабай  10 000 долларға, қола жүл­де­гер Шалқар Жоламан 10 000 долларға, бапкері Мерей Көш­кім­баев 5 000 долларға ие болды. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.