Ақындар туа бітеді, ал шешендер қалыптасады.
(Цицерон.)
Қасым-Ақын! Қасым-Жыр! Қасым-Ән!...
Осынау шабыты шаңқан, таланты телегей теңіз дүлдүл ұлы ақынның есімін мен сәби кезімнен, 3-4 жасымнан естідім десем қателеспеймін.
Сол аяулы ақын Қасым Аманжолов 43 жасында көз жұмыпты. Әкемнің айтуынша, Қаскең орта бойлы, қаршығадай қомданып жүретін, жанары өткір, сөйлесе де кесіп айтады екен.
1958 жылы бес жасқа толарымда әкем Алматыдан сыйлық ретінде Қаскеңнің радиосын әкелді. Бұл ауыл баласы үшін үлкен жаңалық еді. Роза Бағланованың, Ермек Серкебаевтың дауыстарын алғаш содан естіп едім.
1961 жылдың басында туған ағам Жамбыл Алматыда жазушы-драматург Шахмет Құсайыновтың (Қазақ елінің – халық әртісі Бикен Римованың жолдасы) жиен қызы Айманға үйленді. Қыз ұзату тойы Шахаңның үйінде өткен. Бұл тойға біздің жақтан Қасымның ағасы Ахметжан (ақынның әкесі Рақымжанның туған інісі) қатысып, Сырағаң (Сырбай Мәуленов) оған бірінші тілек-лебіз білдіру үшін әрі ұлы ақынның әруағын құрметтеп сөз берген екен.
Сол жылғы жазғытұры мамыр айының мамыражай күнінде құда күту рәсіміне әкем мені ертіп Шахаңның үйіне апарды. Жамбыл көкеміз бен Айман жеңгеміз үлкендерге қонақкәде ретінде Бақытжан өлең айтсын деді. Мен сонда Тайыр Жароковтың «Зоя Космедемьянская туралы» жырын, Әбділда Тәжібаевтың «Толағай» поэмасын, Қасым Аманжоловтың «Мектеп – кеме, білім – теңіз» атты өлеңін жатқа айттым.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеден өткенде мен әкеме еріп, Алматыға келіп едім. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры алды қарақұрым халық. Біз – Ахметжан аға, Мұқажан ағам қаралы көшпен бірге жылжып, театрдың ішіне кірдік. Табыттың үстінде маңдайы жарқырап жазушының мәйіті жатты. Сол сәт әлі күнге көз алдымда тұр.
1971 жылдың қазан айында Қасым ақынның 60 жылдығы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында (қазір ТЮЗ ғимараты) тойланды. Стилист-жазушы, сөз зергері Тәкен Әлімқұлов ғажап баяндама жасады. Ахметжан ағама сөз берілді, ол сахнадан жүрекжарды ризашылығын білдірді. Ақынның «Досымның үйленуі» пьесасы бойынша спектакль қойылды. Осы жолы ақынның 60 жылдығына орайластырып, Қасым ағаның атымен шаһардың шығыс жақ беткейінен бір шағын көше аталды. Ал, 1974 жылы тамылжыған тамыз айында мен Әулиеатадан келген, өзі өлең жазатын Оралжан деген кісімен Алматының әсем тау шатқалындағы «Ремизовка» (қазір «Көктем») демалыс үйінде бірге демалдым. Сол жерде Сәпен (Сақыпжамал) апай да қызы Дариғамен болды. Сәлем бердік, апайдың жүзі «сыры кетсе де сыны кетпегендей» әлі де ажарлы екен, Қаскеңнің өлеңдерін бірінен соң бірін бораттық. Сөйтіп, апай мен Дариғаның көңілін сергіттік. Ол кісілер Қасыммен қайта қауышқандай болдық десті.
Тірі кезінде арқалы ақын ретінде ардақталған, артынан өлмейтұғын сөз қалдырған апайтөс дүлдүлдің поэзиясы жөнінде Тұрсынхан Әбдірахманова докторлық диссертация қорғады. Онда ол Қасымның классик ретінде мойындалғаны туралы сөз етіп, жауһар жырларын тамаша талдады. «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» атты монографиясын ақын, ғалым 1976 жылы жарыққа шығарды. Әдебиет пен өнерсүйер қауым бұл толымды еңбекті ерекше ілтипатпен қабылдады.
Қаскең ағайындарын Оралда, Семейде, Алматыда болсын ұмытпай іздеп жүрген. Темір жол генералы Рымбек Тұрғанбаевтар әулеті үркіншілікте Қарқаралыдан Матай бекетіне қоныс аударыпты. Олар түгелімен теміржолшылар атанған. Асыл азамат Қазақстан шойын жолын бірсыпыра жыл басқарған, екі дүркін Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған еді. Қаскең 1938 жылы жазда Тұрғанбаевтарды ағасы Әмірханмен бірге Матайға іздеп келген екен. Әмірхан Ақтай Тұрғанбаевпен құрдас көрінеді (1909 жылғы). Ақаңның үйінде отырып әңгіме-дүкен құрып, кітаптардың арасынан Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүнін» тауып алған Қаскең:
– Шіркін-ай, Абайдан соңғы ақынның ақыны Шәкәрім еді ғой! – деп тебіренеді, өзі сырнаймен ән салып, сол мезеттерде жазып жүрген:
Бір күй бар домбырамда тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған.
Өзіңе келдім сақтап сүйген сәулем,
Көзіңнен айналайын жарқылдаған... – атты сезім нұрына шомылған ғажайып өлеңін оқиды. Тағы бірде:
– Сонау күні Әсет Найманбайұлының әндерін тыңдадым. Қандай асқақ, әуезді! Өзі Қарашордың Майлық атасынан екен, – дейді.
Сол Ақтай аға 1979 жылы ауыр науқастан Алматыда дүние салды. 1980 жылы айтулы қаламгер Сәбит Досанов ақын туралы «Екінші өмір» атты романын оқырмандарға ұсынды. 1981 жылдың қаңтар айында ақынның 70 жылдығына орай Виноградов көшесіндегі тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Шағын жиында Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сөз сөйледі. Мен ақынға арнаған өлеңімді оқыдым. Сәпен апай дәмге үйіне шақырды. Ақынның «Дариға, сол қызын» Ғафекең төгілдіріп тұрып айтты. Ақын үйі кішігірім еді. Азамат ақын Мұхтар Шахановпен жүгіріп жүріп Сәпен апайдың пәтерін кеңейтуге септігін тигізді. Қаланың Есентай өзенінің бойынан үй алуға ұйытқы болды. Осы шаңырақтан аяулы апайымызды 1995 жылы соңғы сапарға шығарып салдық.
1991 жылы «Халық кеңесі» газетінде қызмет істеп жүріп, Қаскеңнің еліне, Қарқаралы, Қазбек би аудандарына барудың сәті түсті. Ақынның 80 жылдығын кең түрде атап өтілген еді. Бұрынғы «Фрунзе» кеңшары Қасым Аманжолов атындағы шаруашылық атанып, Аққора елді мекеніндегі мектеп алдына ақынның ескерткіші қойылыпты.
Өзіндік мектебі қалыптасқан жампоздың, классиктің 100 жылдық мерейтойы еліміздің бар өңірінде атап өтілуде. Түркісойдың қолдауымен Түркияның астанасы Анкарада Қасым ақынның дүбірлі тойы болды. «Жұлдыздар отбасы» бір нөмірін Қасымға арнады. «Қазақстан-1» телеарнасы «Кеш жарық» айдарымен әндерін әуелетуде. Өзі туып-өскен облыстың орталығы Қарағандыда үлкен ескерткіш бой көтермек. Жазба ақындар мүшәйрасы мен ақындар айтысы салтанат құрмақ.
Армансыз адам болмайды. Қаскең дүниеден озар алдында өзінің шәкірті әрі досы Сырбайға (Мәуленов) мынандай үш мақсатымды жүзеге асырмадым деп армандапты:
– Біріншіден, Абайдай ой мұхитының алыбы дәрежесіне көтеріле алмадым, екіншіден, осы заманның батырлары туралы Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы өресінде өлеңмен роман жазайын деп едім, ол мақсатыма жете алмадым, үшіншіден, Парижде ғажайып романист, сұңғыла суреткер Виктор Гюгоның мыңдаған халық өз балконына шыққанын тағатсыз күндіз де, түнде де күтіп тұрады екен, мен де сондай мерейге ие болсам деп едім, оған жетуді тәңірім менің маңдайыма жазбапты...
Қаскеңді замандастары қатты қадірлеген. Мәселен, біртуар ұлымыз Бауыржан Момышұлы оны күшеншектерден бөліп алып, нағыз дауылпаз ақын деп бағалаған.
Бірақ екінші жағынан ақын арманы орындалды деуге болады. Осыдан 56 жыл бұрын басталған екінші өмірі өлең өрнегінде, ән әлемінде жалғасып келеді.
Алайда, сөз соңында айтарымыз, Қарағанды қаласында ақын атындағы көше бар, мектеп жоқ. Алматыдағы көшесі шоп-шолақ, қып-қысқа. Ақын атындағы көше деген екпінді көтермейді.
Сөз түйінін өлеңмен түйгенді мақұл көрдім.
Жау тисе жатпайтұғын, аттан дері,
Көтерген нардың жүгін батпан келі.
Қасекең – ақындықтың, батырлықтың,
Жампозы, желден жүйрік ақтаңгері.
Жасынан жетімдіктің зарын шеккен,
Жауласқан жәдігөйдің арын төккен.
Өртке тиген дауылдай өлеңімен,
Туған ол қазақ деген дарын-тектен.
Бақытжан ТОБАЯҚОВ, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Ә. Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты.