Үкімет • 11 Мамыр, 2017

Жолдар қажетті көлемде қаржыландырылады

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекші­лігімен өткен палатаның жалпы отырысында бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды. Олардың қатарында «Азия Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да болды.

Жолдар қажетті көлемде қаржыландырылады

Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек таныс­тыр­ған аталған ратификациялық құ­жат Орталық Азия өңірлік эко­но­­ми­калық ынтымақтастығы шең­берінде «Ақтөбе – Мақат» ав­то­­­мобиль жолын реконс­трук­ция­лау жобасын жүзеге асыруды көздейді. 

«Келісімге сәйкес, Азия Даму Банкі біздің елге ұзындығы 299 километрге жуық екі жолақты автомобиль жолдарының учаске­сін реконструкциялауға 240 300 000 доллар мөлшерінде қарыз береді. Ал бұл жоба аясын­да «Ресей Федерациясы шека­ра­сы (Орскіге қарай) – Ақтө­бе – Атырау – РФ шекарасы (Аст­ра­­­ха­ньға қарай)» автомобиль жолы­­ның «Ақтөбе – Мақат» учас­­кесі арқылы мемлекетара­лық жә­не сауда қатынастары­ның ке­ңе­юі мен тереңдей түсуіне зор мүм­кіндік туады», – деді Ж.Қасымбек.

Министрдің айтуынша, атал­ған учаскенің іске қосылуы Каспий маңы елдері үшін Қытай, Ресей нарықтары мен Оңтүс­тік-Шығыс Азия аймақтарына шығуға жол ашатын көрінеді. Өйт­кені, осы жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосылатын болады, ал «Ақтөбе – Мақат» жобасы бiрнеше көзден қаржыландырылады. Айталық, жолдың 299 шақырымы – Азия Даму Банкi есебiнен, 156 шақырымы – Ислам Даму Банкi есебiнен жөнделедi. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Азия Даму Банкi арасындағы Қарыз туралы келiсiм 2016 жылы 7 желтоқсанда жасалған болатын. Жоба бойынша асфальт төсеу, 11 көпiр салу, 149 су өткiзгiш құ­быр мен 2 жол өтпесiн салу жос­парланған. Жоба 2017-2021 жылдар аралығында iске асуы тиiс.

Министрдің сөзіне қара­ған­да, келiсiмшарттарға сәйкес, Азия Даму Банкі Ақтөбе мен Ма­қат елдi мекендерiнiң ара­сын­дағы ұзындығы 299 км-ге жуық екi жолақты автомобиль жол­дарының учаскесiн реконст­рук­циялауға жұмсалатын болжамды шығындар сомасы 273 млн 065 мың АҚШ долларын құрайды. Оның iшiнде АДБ-нiң қарызы – 240 млн 300 мың АҚШ долларын, республикалық бюджеттен қарызды бiрлесiп қаржыландыру 32 млн 765 мың АҚШ долларын құрайды. Аталған сомадағы АДБ қарызы Қазақстанға 5,5 жылдық жеңiлдiктi кезеңдi қоса алғанда, 18 жыл өтеу мерзiмiмен берiледi.

Осы күні Жеңіс Махмұтұлы­ның таныстыруымен палата мақұл­даған тағы бір құжат – «Қазақ­стан Республикасының Үкі­м­еті мен Ресей Федера­ция­сы­­­ның Үкіметі арасындағы авиа­ция­лық іздестіру және құтқа­ру саласындағы ынтымақтастық тура­лы келісімді ратификациялау ту­рал­ы» заң жобасы болды. Ресей­мен авиациялық іздестіру және құт­­қару саласындағы ынты­мақтас­тық туралы үкімет­аралық келісім­де әрбір тарап өзінің іздес­тіру жә­не құтқару ауданында тәу­лік бо­йы кезекшілікті жүзеге асыра­тын авиациялық іздестіру-құт­қа­ру қызметтерін қамтамасыз етеді деп көрсетілген. Сондай-ақ, әр­бір тарап өзінің жауап­ты айма­ғын­да іздестіру-құт­қару опера­ция­­­ларын жүзеге асы­ру бары­сын­­­да туындайтын шығыс­тарды өз­­дері дербес көтеретіндігі де нақтыланған.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне жоғары оқу орын­дарының академиялық және басқару дербестігін кеңей­ту мәселелері бойынша өзге­ріс­­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы жұмыс­қа қабылданды. Сондай-ақ, «Қазақ­стан Республикасы мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы арасындағы Та­риф­тік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігі көрсе­тетін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келі­сімді ратификациялау тура­лы» келісім мен «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкiметi мен Өзбек­стан Республикасының Үкi­метi арасындағы Қазақстан-Өзбек­стан мемлекеттiк шекарасы ар­қы­лы өткiзу пункттерi тура­лы келiсiмге 2006 жылғы 4 қыр­күйектегі  Хаттамаға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификация­лау туралы» заң жобасы бойын­ша бейінді комитеттерге коры­тын­ды әзірлеу мерзімдері тағайындалды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»