Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралар аясында, сондай-ақ Ресей Федерациясының шекарамаңылық өңірлерімен достық байланыстарды нығайту, жастар бағытындағы проблемаларды шешудің жолдарын бірлесіп іздестіру, рухани, тарихи және мәдени құндылықтарға құрметпен қарауды тәрбиелеу мақсатында жақында Баянауыл кентінде Павлодар облысының әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп, жастардың халықаралық этномәдени форумын ұйымдастырды. Шекарамаңылық ынтымақтастық форумы «БІРЛІК-ЕДИНСТВО.KZ» деп аталды.
Форум жұмысына Ресей Федерациясының Омбы, Томь, Новосібір облыстарының және Алтай өлкесінің жастар делегациялары мен республикалық этномәдени бірлестіктері жастар ұйымдарының, Қазақстан жастары Конгресінің, жастар үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері, сонымен қатар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарының Қазақстан халқы Ассамблеяларының өкілдері қатысты.
Форум шеңберінде мемлекеттік органдар, ҚХА Хатшылығы өкілдерінің, Қазақстан Парламенті депутаттарының, ғалымдардың, БАҚ журналистерінің қатысуымен «Көпқырлылықтағы бірлік»; лингвистикалық коммуникативтік ойын; жастар бастамашылығы мен шығармашылығының көрме-жәрмеңкесі; «Бірлігіміз жарасқан!» шығармашылық бағдарламасы; «Тәуелсіздігіңнің 20 жылдығымен, Қазақстан!» артакциясы, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ жастар саясатын дамытудың көкейкесті мәселелеріне арналған тақырыптарда пікірталастар өткізілді.
Форумның басты лейтмотиві жастар мәселелеріне арналған үнқатысу алаңдарын тұрақты ұйымдастырып тұру, этномәдени көпқырлылыққа ықпал ететін жастар бағдарламалары мен жобаларын жасау және Қазақстан мен Ресейдің шекаралық облыстарында мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру болды. Форумның қорытындысы бойынша жастар бағытындағы өзара іс-қимылдарды одан әрі дамытудың перспективаларын қарастыратын қарар қабылданды.
«Егемен-ақпарат».