Заманында өзі жырау, өзі батыр болған Доспанбеттен бізге жеткен жауһар жыр аз емес. Соның ішінде естіген жанның ойынан шықпайтын жоғарыдағыдай «...Алмаға ат байлағаны жоқ еді» дейтін бір жол бар. Сонда осы «алмаға ат байлау» деген не сөз?
Алғашқыда «мүмкін алма ағашқа ат байлағанды» айтқан шығар деп те ойлауға болады. Бірақ, мүмкін емес, қисыны жоқ. Онда неге жырау айтқандай «Азаулының көп Ағаларының» бәрі сол алма ағашқа ат байлай бермейді? Бұл жерде «Алмаға ат байлайтындар» таңдаулы болып тұр емес пе.
Сөзді ұзарта бермей «тәпсірімізге» келейік. Ол үшін алдымен сол заманға сәл ой жүгіртсек. Доспанбетті айттық, өзі жырау, өзі батыр. «Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастаған» ел ағасы. Әдетте мұндай ер қайда жүреді? Ханның ордасында, алқалы жиынның ортасында жүрмек қой. Ал, хан ордасы – қарашаның киіз үйі емес. Бейсауат адам іргесін баспайды. Ол ғасырда да хан, билердің, ел ағаларының ордасында қазіргідей күзет бар, сақтық бар, тәртіп бар. Ат тұяғының дүбірі естілмес тұста мама ағаштар тұрады. Орданы бетке алғандардың аты қайда байланады? Әрине, Орда тұсындағы мама ағашқа байланады. Міне, біздің «алмамыздың» төркіні осы мама ағаш. Бұл мама ағаш, ауызекіде «мам-ағаш», тіпті «ма-ағаш» деп те айтылады. Күмәндансаңыз осы бағыттағы зерттеу еңбектерді қарап алыңыздар. Енді «Ал» деген алғашқы буынға оралайық. Доспанбеттің өз жырында да «Зерлі орындық үстінде, Ал шымылдық ішінде, Аруды сүйдім өкінбен» деп айтылады. Тіпті, бертінгі Кеңес уағында да оқушылар «ал қызыл галстук» деп, көп сайрады. Яғни, «ал» дегеніңіз - қызыл, алқызыл, шымқай қызыл деген мағына береді. Демек, Доспанбеттің айтқаны – қызыл мама ағаш. Қашаннан Орданың өзі ешқашан жалғыз шошайып тұрмайды. Үлкен ордадан тыс бірнеше кіші ордалар тұрады. Әрқайсысының сыртында, аулақтау тұста арнайы мама ағаштары бар. Олардың өзі әртүрлі, әр түсті. Соның ішінде Басты орданың мама ағашы – қызыл мама ағаш, яки, «ал мама ағаш» (қазіргі түсінікке ыңғайласақ, шлагбаумы бар, «охранасы» бар кәдімгі «вип-парковка»). Бұл «ал мама ағашқа» екінің бірі емес, Доспанбет сияқты «туған айдай нұрланып, дулыға киген» батыр Ағалар ғана ат байлаған. Сондықтан да ол «Азаулыда Аға болған ерлер көп еді, Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді» дейді. Әрине, ұғынықты болуы үшін «мама ағаш» тіркесін біз кейін қосып алдық. Соның өзінде қазір мама ағаштың не зат екені түсінікті болғанымен, оның қандай болатыны ұмытылды. Әйтпесе, ертеректе ағашты қоспай-ақ «ал маманың» өзі жеке қолданыста еді ғой. Енді ауызекі тілде осы «ал маманың» келе-келе, «ал мамға», одан кейінгі жыршылардың бір-бірінен қағыс естуімен, я, жыр буыны сәйкестігімен «алмаға» айналып айтылуы заңдылық емес пе. Біз қазірдің өзінде «мама ағаш» деп айтсақ, онымыз «мам-ағаш» болып естіледі.
Хош, осы тұстан, тоқталайық. Келіссеңіздер Доспанбет бабамыздың «Алмаға ат байлауының» сыры осы. Бұл тақырыпты қозғауымыз да себепсіз емес. Жақында бір сайттың жазбагері «алмаға ат байлауды», өзінше бұрмалап, (бәлкім, елге түсінікті қылайын деген шығар) «аламанға ат байлаған» деп те жіберіпті. Соны көрген сәтте, жадымызда жүрген осы «тәпсірімізді» дереу назарларыңызға ұсындық. Доспанбет бабаның «Алмаға ат байлағаны» енді түсінікті болды ғой. Ендеше оны «Аламанға ат байлаған» деп қолдан өзгертпей-ақ қойсақ қайтеді?...
ТАС ТҮСКЕН ҚАЗАН
«Сөз сөзден туады, сөйлемесе неден туады?» Бабаларымыз осылай деп дөп басыпты. Мына айтпағымыз да сол сөйлегеннен туындаған дүние. Бала кезімізде «Апыр-ау, ана шәйнекке тас түсіп кетті ме?» деген сөзді кілең атамыз айтатын. Жуырда үйіне бара қалсам өз шаруасына асыққанын білдіргісі келген бауырым «Әй, қазаныңа тас салып жібердің бе?» деп түк жазығы жоқ келінді қарадай қыжыртып отыр. Әрине, бұл сөзді бұған дейін де талай қазақтың аузынан сан мәрте естігенбіз. Інімнің айтқаны соның бәрін жаңғырту ғана болды.
Содан мишығымыздың бір түкпірінен «Қазаныңа тас түсті ме сөзі қайдан шыққан?» деген сауал бас көтеріп, маза бермей қойғаны. Дереу індете іздей бастадық. Әуелі жүгінетіміз әлеуметтік желі ғой. Ақтарып көрсек «Сүт тасып кетпеу үшін қазан бетіне ағаш қасық қойып қойыңыз, бірақ қасығыңыз тез істен шығады» немесе «Қазан тасымасын десеңіз ыдыстың сыртын майлап тастаңыз» деген сақауланған «жауаптан» өзге жарытымды ештеңе таппадық.
«Қазанға тас салу» дегеннің сорабымен осы күні ұмытыла бастаған «тасқорықты» да төңіректеп көргенбіз. Оның да қисыны жоқ тәрізді. Өйткені, ол малта тасты отқа әбден қыздырып алып, ыдыстағы сүтке салып қайнату, сүтті тез пісіру. Соны бабаларымыз «қорық» немесе «тасқорық» деп атаған. Ал, бұл жерде қайнамау, қайнатпау айтылып тұр ғой.
Ақыры, алыстан іздеген жоғымыз жақыннан табылды. Бірде шәй іше отырып: «Осы қазаныңа тас түсті ме?» дегенді не үшін айтады?» деп анамнан сұрап қалып едім, ол кісі оп-оңай айта салды. Сөйтсек, бабаларымыз ыдыстағы сүтті қайнату үшін де, қайнатпау үшін де тасты қолданыпты ғой.
Анам айтады: «баяғы әжелеріміздің көргенінің бәрі бейнет қой. Ол кезде жер ошақтың басында алынбастай қылып орнататын жалғыз қазан тұрады. Ет те сонда, сүт те сонда піседі. Суды да әлгі қазанға қайнатады. Қазақ қатынының көп күні от басы, ошақ қасында қазан тазалаумен өтер еді ғой.
Ауыл-үй болған соң қазан-ошақтан басқа да әйелдің қыруар шаруасы бар емес пе. Мысалы, отты жақсылап жағып, қазанға құйған сүті енді пісті-ау дегенде үй жақтан шарылдап баласы жылайды, ақырып байы шақырады, не тағы сондай тұра жүгіретін жұмыс шыға қалады. Не істеуі керек? Тастап кетсе сүт тасып, төгіліп оттың басы көңірсіп кетеді. Бармауға амалы жоқ. Міне, сондай кезде қазанға тас сала салып, бетін жауып кете беру қазақта атам заманнан бар әдіс. Ертеректе әр ошақтың басында он жасар баланың жұдырығындай жұмыр тастар дайын жатады. Әлгіндей қысылтаяң кезде сол тасты «бісмилла» деп, суға бір шайып жіберіп қазанға тастай салады. Содан тіпті бір сағаттан соң айналып келсе де, беті жабық қазан бүлкілдеп қайнай береді. Тасып-төгіліп кету деген жоқ. Бұл тасты тек сүт қана емес, көбігін бір қалқып алған соң етті асықпай пісіру үшін де қазанға салып қояды. Мұны жас кезімізде өзіміз де талай көрдік. Міне, әлгі «Қазаныңа тас түсті ме?» дегеннің мәнісі осы».
Сөйтіп, жасы сексенге таяған анам ойда жоқта көптен таппай жүрген жоғарыдағы сөздің жұмбағын шешіп бере салғаны. Сол сәтте мектепте оқу озаты атанып жүрген Нұрлым қызым: «Әже ол физика заңдылығы ғой. Физика дегеніміз табиғаттың алуан түрлі құбылыстары мен тәжірибеге негізделген ғылым. Жаңағы айтқаныңыз Ньютон заңдарында баяғыдан бар. Егер сұйықтыққа темір шарик салып қойса ол белгілі бір градустан асып қайнамайды» деп зуылдатып, термодинамиканың, термостаттың «қасиеттерін» бірталай айтып тастады. Немересінің сөзін соңына дейін тыңдап алған анам: «Әжелеріміз физиканы білмесе де, қазанды қалай тасытпауды, қазан-ошақтың басын таза ұстауды нүйтоныңнан артық білген» деп бір-ақ қайырды. Әңгімемізді осы тұстан түйіндеуді біз де жөн көрдік.
Төлеген Жәкітайұлы