Жиынды ашқан партия төрағасы Азат Перуашев бұл мәселенің өзектілігіне тоқтала келе, оны жан-жақты зерделеп, саралаудың мән-маңызы айрықша екенін, демек оны терең түсініп, елдік істе ұйымшылдық таныту қажеттігін айтты.
Бұдан кейін ол сөз тізгінін белгілі журналист, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға берді. Ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласынан туындайтын көптеген рухани, саяси мәселелер қазір Қазақстанның барлық жерінде іске асып, қолға алынып жатқанын жеткізді. «Латын қарпіне өтудің маңызы туралы 2012 жылы жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында бар. Оған дейін 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында айтылған. 2007 жылы «Ақ жол» партиясының саяси тұжырымдамасында да осы мәселе көтерілді. Ал бұл мәселеге старт беріп, іске қосып отырған отырған Елбасының 12 сәуірдегі мақаласы. Сондықтан, бұған зиялы қауым түгел атсалысуы керек деп ойлаймын. Жалпы, бұл мәселені саясиландырмай, рухани жаңару ретінде қабылдауымыз керек», – деді партия төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ, ол 1924 жылы Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының құрылтайында Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіне көшу туралы маңызды баяндама жасағаны тарихтан мәлім екенін жеткізді. «Сол кезде ұлт зиялылары қажет кезінде халқына болысып, бас біріктіре алды. Қазір де бұл мәселеде ерік-жігер көрсетіп, ұйымшылдық таныта білуіміз керек», – деді бұл ретте Қазыбек Иса. Оның айтуынша, латын қарпіне көшу барысында кездесетін қиындықтарды белгілі деңгейде еңсеруге болады. «Мәселен, қазір қоғамда мемлекетіміз латын қарпіне көшетін болса, көркем әдебиеттер, құнды кітаптар аударылмай қалады деген пікір бар. Сондықтан, халыққа ең қажетті деген туындыларды ғана аудару керек. Бұл бір жағынан құнды шығармаларды іріктеп алуға септігін тигізеді», – деді ол.
Жазушы Алдан Смайыл өз ойын былайша түйіндеді: «Жалпы, бұл өте күрделі мәселе. Ол осымен төртінші рет көтеріліп отыр. Демек, бұл – бүгінгі күнге дейін талай ғалым жиналып, ұсыныс-пікірлерін айтып, мәселені жан-жақты талқылады, яғни, бізде бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бар деген сөз. Тіпті осы жолдан өткен мемлекеттерге ғылыми экспедициялар да жіберілген болатын. Сол тәжірибелер мен пікірлер жинақталып, ғылыми және мемлекеттік сараптамадан өткен жеті жоба түрінде жарық көрді. Солардың ішіндегі кемінде үш жобада қазіргі таңда айтылып жүрген мәселелер қамтылған. Демек, жұмыстың көбі кезінде жасалып қойғандықтан, соларды қайта қарастырып, әрі қарай жаңғырту қажет».
«Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы латын әліпбиіне көшу ұлт санасын жаңғыртудың ең басты алғышарттарының бірі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол «Ақ жол» партиясының қолданыстағы саяси бағдарламасында «қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыруға жәрдемдесуіміз қажет», – деген жолдар бар екеніне тоқтала келе, партияның 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі бағдарламасында да бұл мәселе нақтылана түскенін айтты.
Жиында латын әліпбиіне қатысты айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар арнайы құрылған комиссияға ұсынылмақ.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»