Қазақстан • 15 Мамыр, 2017

Дүбірлі көрменің думанға толы күндері

220 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Міне, жаһандық өркениеттің жаршысына айналған ару Астанамызда ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­ды­рыл­ған көрмесінің жалауы желбірейтін сәтке де санаулы күн­дер қалды. Елбасы «Ұлттық жоба» деп басымдық берген жаһандық шараға жан-жақты дайындық жүргізілген төрт жылдық мерзімнің нәтижесін саралап, жемісін көрер уақыт та қыр астынан қылаң берді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, айтулы күн жақындаған сайын жұртшылық та елегізіп, жаһандық шараның қызығын көруге құмартуда. Ел үмітін ақтауға ұйымдастырушылар да барын салуда. Бұдан бұрын газетімізде Бүкіләлемдік көрме аясында елорданың мұражайларында небір жаһандық өнер жауһарларының паш етілетінін жариялаған едік. Енді ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірейтін 93 күннің ішінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ұсынылатын бұқаралық мәдени шаралар бағдарламасын саралап көрсек.

Дүбірлі көрменің думанға толы күндері

ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесін өткізу кезіндегі мәдени бағдарламаны Мәдениет және спорт министрлігі, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық ком­паниясы және Астана қаласының әкімдігі бір­ле­сіп әзірледі. Бұл күн­дері ойын-сау­ық бағдарламалары мен кон­цер­т­те­р­дің 70 пайызы қала­ның түрлі ау­дан­­­дарындағы ашық алаңдарда, сая­бақ­тарда, сондай-ақ, қала маңындағы 9 тұр­ғын алабында (Пригородный, Ин­­тер­­­национальный, Ми­чурин, Күй­ген­­жар, Өндіріс, Желез­но­дорожный, Үркер, Көктал және Промышленный) өте­ді. Астана қаласының әкімдігі Алек­сан­др Масляковтың қатысуымен КВН-ның халықаралық жазғы кубогін, «Барыс Арена» стадионында Олимпиа­да чемпионы Евгений Плющенко мен мәнерлеп сырғанаудың басқа да жұл­дыз­дарының кешін, қазақ­стандық және шет­елдік эстрада жұлдыздарының қа­ты­суымен музыка өнеріне қосқан үле­сі үшін наградалар табыстаумен «Astana Dausy» халық­аралық музыка фес­ти­валін ұйым­дастыруға мұрындық бо­ла­ды. Елордамызда аталған іс-шара­­лар­ды өткізудің өзі үлкен же­тіс­тік, бұл ту­рис­тер­ді тартуға ба­­рын­ша септігін тигізеді деп күтілуде.
Мәдени-бұқаралық шаралар жаз бойы – маусымнан қыркүйек айы­на дейін өткізіледі. Бұл ке­зең­де қала әкімдігі 647 шара ұйымдастырады. Жоспарланған шаралар түрлі форматта өткізіледі: ха­лықтық серуен, мәдени-бұқаралық, от­басылық демалыс, фестивальдар, көр­мелер, театрландырылған және цирк қойылымдары өтеді. Сонымен бір­ге, ЭКСПО көрмесінің ресми ашы­лу және жабылу салтанатын қала­ның үш ауданында тікелей эфирден та­ма­ша­лауға болады – үлкен LED экран­дар «Бәй­терек» монументінің алдындағы алаң­да, қалалық алаңда және Студенттік сая­бақта орнатылады. 
Жаздың үш айында Астаналық, Студенттік, Жерұйық, Президенттік және Арай саябақтарында «Саябақ­тың жеті ке­реметі» атты шара­лар өткізіледі. Қазақ ер­те­гілері­нің, «Суық жүрек» мульт­фи­­­льмінің кейіпкерлерінің, Өрмекші адам­ның және диснейлік кейіпкерлер мен роботтардың қатысуымен 7 тақы­рып­­тық бағдарлама көпшілік назарына ұсы­­нылады. Шоу жұмыс және демалыс күн­­дері – күніне 2 рет өтеді. Жалпы ал­ған­­да, саябақтарда балалар мен ере­сек­тер­­ге арналған мыңнан аса ойын-сауық шарасы ұйымдастырылады. 
Сулы-жасыл желек бульвары ашық аспан аясындағы көрме па­виль­о­ны­на айналады. Мұнда ІІІ Astana Art Fest ха­лық­аралық фестивалі ұйым­дас­ты­ры­ла­ды. Бұл елорда тұрғындары мен қо­нақ­та­рының сүйікті шараларының бірі. 
Өткізіле бастағаннан бергі екі жыл­да оған әлемнің 10 мемлекетінен 78 су­рет­­ші қатысқан, ал келушілер саны жарт­ы миллионнан асты. Биыл шар­а­­ға әлемнің 9 елінен суретшілер, дизай­­­нер­­лер, сәу­лет­шілер, музыканттар мен ре­жис­сер­лер атсалысады. Дайын жұмыс­тар ж­е­лек­жолға 1 маусымнан бас­тап қой­ы­ла­ды, ал фестиваль маусымның 10-ы күні ашы­лады.
Елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі сияқты ірі шара аясында ұлттық ерек­шелікті паш ететін шаралар да көптеп ұйымдастырылады. Олардың бірі – дәстүрлі қазақ музыкасының «Астанаға тарту» концерті. Көрермендер «Жетісу», «Арқа», «Сыр» және «Батыс» атты дәс­түрлі ән айтудың төрт мектебі өкіл­дерінің орындауында қазақ халқының бай фольклорымен танысады. Бұдан басқа, халық аспаптары оркестрлерінің «Серпер» фестивалі, үрмелі аспаптар оркестрлерінің «Астана самалы» фести­валі өтеді. Театр апталығын ұйымдас­тыру дәстүрі бұдан 5 жыл бұрын қалып­тасқан. Жыл сайын «Сахнадан сәлем» фес­­тивалінде Қазақстан мен шет мемле­кет­­тердің үздік театр ұжымдары бас қосады.
Сонымен бірге, қала күні аясында Астанада қазақстандық эстраданың танымал орындаушыларының концерт­тері өтеді. Биыл қаланың концерт зал­дарында «Музарт», «Дервиши» топ­тарының концерттері, Секен Тұрыс­бектің және Алтынбек Қоразбаев­тың шығармашылық кештері ұйымдас­ты­рылады. Барлық концерттерге билеттер қаланың кассаларында және www.koncertyastany.kz сайтында сатылады.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өтетін мәдени шаралар жос­парына түрлі жанрлардағы концер­т­тер енгізілген. 23 және 24 маусымда «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «The Spirit of Astana» қазіргі заман­ғы этностық музыка фестивалі өтеді. Сахна төрінде Африка, АҚШ, Маке­дония, Грузия, Венгрия, Ресей, Қазақ­стан, Башқұртстан, Бурятия және Тува мемлекеттерінің музыкалық ұжым­дары өз өнерлерін ортаға салады. 15 шілдеде италиялық музыканы сүйетін қауым «Звезды Сан-Ремо в Астане» фестивалін тамашалайды. Отбасылық демалысқа арналған шаралардың бірі – «Азия жаңғырығы» атты X халықаралық цирк өнері фестивалі. Сонымен қатар, жас­тарға арналған «Energy Party» элект­ронды музыка фестивалі және «International Street dance Session in Astana» көше биі фестивалі өтеді. 
30 маусымнан 2 қыркүйекке дейін әр демалыс сайын «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда және Студенттік саябақта ашық аспан аясын­да «Есіл кештері» концерттері ұйым­дастырылады. Бұдан басқа, халық­ара­лық көрме барысында Astana Game Fest алғашқы геймерлер фестивалі өтеді. Шара аясында компьютерлік ойындар бойынша халықаралық жарыстар, роботты техни­ка­дан шеберлік сабақтары, жаңа ойын­дардың презентациялары, дрондар шоуы өткізіледі. 
ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде өтетін шаралар бағдарламасына көптеген спорттық жарыстар да енгізілді. Мамыр айының ортасынан бастап жексенбі күндері Астаналық, Жерұйық және Студентік саябақтарда Astana Fitness Park шарасы өтеді. Оның барысында кәсіпқой бапкерлердің жетекшілігімен кроссфит, йога, зумба және басқа спорт түрлері бойынша жаттығу жасауға қаты­су­ға болады. 25 маусымда Астанада дуат­лон­нан үшінші рет қалалық турнир өткізіледі. Оған 18 жастан асқан барлық азаматтар қатыса алады.
Жаһандық көрме жалауы желбіреген күндері елордада дәстүрлі Қала күні ме­рекесі салтанатты жағдайда аталып өтіл­мек. Яғни тәуелсіз Қазақстанның елор­дасы – Астананың тойы да жаһан­дық сипат алады. Ақиқатын айтқанда, ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбі­рейтін үш айда елордамыз әлемдік бас­қосулар мен ірі мәдени көпшілік шаралар өтетін орталыққа айналмақ. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»