Есірткі құралдарын өндірудің шикізат базасы болып табылатын жабайы сораның облыс аумағында 130 мыңнан астам гектар жерді алып жатуы заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес жағдайын күрделендіре түсуде. Бұл мәселе туралы облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Берік Құтбаев мәлімдеді. «Мақсатты атқарылған жұмыс нәтижесінде есірткі бизнесіне қарсы күресте оң нәтижелерге қол жеткізілді» десе де, Берік Медербекұлы облыс аумағында өткен жылы есірткіге қатысты 622 қылмыстық құқық бұзушылық анықталғанын да атап өтті. Оның ішінде 328 қылмыс пен 294 қылмыстық теріс қылық анықталса, есірткі заттарын сатудың 138 дерегі бойынша іс қозғалған. Бұл көрсеткіш қылмыс ашылып, нақты жұмыс атқарылғанын көрсетсе де, есірткі бинесі нарығын қалыптастырғысы келетіндердің әрекетсіз отырмағанын да айғақтайды.
Өткен жылдың көрсеткіші жақсы. Дегенмен, биылғы жылдың ахуалы қандай? Бұл тұрғыда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев департамент тарапынан 2017 жылға арналған ешқандай жоспар көріп тұрмағанын айтты. Сондай-ақ, Жамбыл облысы көрші Қырғыз Республикасымен 716 шақырымда шектеседі. Нашақорлық пен есірткі бизнесін болдырмауда шекарашылар арқылы ешқандай құзырлы мекеменің меморандумға қол қоймағанын да сынға алды.
Сонымен қатар, Кәрім Көкірекбаев нашақорлықтан жасырын емделушілер бар екенін, олардың кім екенін жариялау керектігін айтты. Оның айтуынша, сонда ғана есірткі бизнесіне қарсы күрес қалыпқа келеді. Шынында, мұндай келеңсіз жаймен айналысу көбінесе жасөспірім шақтан басталады. Облыста 459 мектеп бар болса, онда 39 мың мұғалім қызмет етеді. Бұл тұрғыда мұғалімдермен қатар, мектептегі медбикелер мен инспекторлар да жұмысын күшейтулері қажет екендігі сөз болды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»