Қазақстан мүше болып қабылданған халықаралық беделді ұйымдардың бірі – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы. Ол алғашқыда «Шанхай бестігі» деген атаумен құрылған болатын. Бүгінде алты мемлекеттің (Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан) басын біріктіріп отырған бұл Ұйым қалыптасқан, салмақты, әлемдік қоғамдастықпен, «азуын айға білеген» халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуде мол тәжірибе жинақтаған іргелі бірлестікке айналды.
ШЫҰ-ның қалыптасу тарихына үңілер болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйымды құру барысындағы белсенді рөлі, халықаралық беделі анық көрінеді. Бұдан біз аталған бірлестіктің еліміз үшін аса маңызды екенін ұғына түсеміз.
ШЫҰ-ның Астана саммиті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтпек. Ауқымды шараға мемлекеттер басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, әлемдік деңгейдегі сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысады. Шетелдік меймандардың арасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутеррештің де болатынын айта кетейік. Бұл өз кезегінде ШЫҰ-ның өзге халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын оңтайлы жүргізіп отырғанын білдірсе керек.
Жалпы, Қазақстан тарапы саммитке дайындалу ісін тыңғылықты жүргізуде. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы сәуір айының соңында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен өткізген кездесуін атап өтуге болады.
Осы басқосуда Елбасы: «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуші ел ретінде біз биылғы маусым айында өтетін саммитке зор мән беріп отырмыз. Ұйымға біздің төрағалығымыз өңірдегі және әлемдегі қиын үдерістер кезеңімен тұспа-тұс келді», – деген болатын.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездесуде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының күнтәртібіне шығарылатын мәселелер жөнінде айта келіп, «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызы зор. Алдағы саммиттің күнтәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі ретінде Үндістан мен Пәкістанды Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылдау үрдісін аяқтау туралы шешім жөнінде де айтып өткен жөн. Сондай-ақ, келешектегі жоспарларымызды айқындайтын Астана декларациясын қабылдауды көздеп отырмыз», – деген болатын.
Қорыта айтқанда, ШЫҰ-ның Астана саммиті болатын күн жақындап келеді. Дәл осы жиын барысында біз күткендей ұйымның құрамы, географиялық ауқымы бұрын-соңды болмаған көлемге кеңейіп жатса, одан еліміздің мәртебесі өсе түсері сөзсіз.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»