Медицина • 18 Мамыр, 2017

Сабыркүл Асанова: Енді жұрт бірдей сән үлгісімен киінбейді

837 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қарап отырсақ, қазіргі жастардың көпшілігі дизайнер, яғни сән үлгісін-жобалаушы болғысы келеді. Яки болмаса, модаға қызмет етуді үлде мен бүлдеге оранып жүрудің бірден-бір жолы деп біледі. Шындап келгенде, ешкімнің иығына ілінбеген қиялдағы көйлекті ойлап тауып, келістіріп пішу оңай ма? Кәсіптің ең көркеміне қызмет ету қаншалықты қиын? Біз бүгін алғашқы ұлттық бренд – «Сымбат» сән академиясының президенті Сабыркүл АСАНОВАМЕН жеке-дара дами алмайтын жеңіл өнеркәсіп – ол тері илеуден бастап, мақта өңдеу, мата тоқу, ине мен түйме шығаруға дейін тәуелді сала екені туралы сөз қозғамақпыз.

Сабыркүл Асанова:  Енді жұрт бірдей  сән үлгісімен киінбейді

– Сабыркүл Жайлаубекқызы, мән бермейді екенбіз, Екінші дүние­жү­­зілік соғыс аяқталғаннан кей­ін іле-шала негізі қаланған ­«Сымб­ат»­ сән үйі кеңес өкіметі кезінде мо­­да болған жоқ дегенді жоққа шы­ғарады емес пе? 
– Кеңес өкіметі кезінде мода болмады деген сандырақ. Өзім білетін аралықты айтсам, сонау 1975 жылдан бастап бүкіл еліміздің бетке ұс­тар адамдарын киіндірдік. Айтулы эст­рада жұлдыздарының үстіндегі жар­қыраған көйлектердің көпшілігі «Сымбат» сән үйінде тігілді. 
«Сымбат» сән академиясының та­рихы 1947 жылы ашылған тігін ла­бораториясынан басталады. Кейін арнайы қаулымен киім, аяқкиім және тоқыма өнімдерінің Республикалық Сән үйі болып құрылады. Мысалы, 1958 жылы Қазақстандағы бірінші сән журналы бізде жарық көрген. Еліміздегі ең алғашқы Сән театры да осыдан 30 жыл бұрын бізде ашылған. 1987 жылдан бастап барлық үш сән үйі «Сымбат» киім мәдениеті және жеңіл өнеркәсіп түрлерін дамыту Орталығына біріктірілді. Бертінде ғана «Сымбат» сән академиясы болып өзгертілді. 
– Осы аралықта сәнге деген көзқарас түбегейлі өзгерген сы­ңай­лы? Жалпы, бүге-шігесіне дей­ін бі­ле­тін сала туралы қандай пай­ым­ға кел­діңіз?
– Біздің елімізде жетпіс жыл бойы жеңіл өнеркәсіпте үздіксіз жұмыс істеген өнеркәсіп ұжымдары сирек. Әрине, бас айналдыратын табыстарға жеттік деп айту қиын. Қазір сән әле­м­інде майға шылқып отырған адам жоқ. Әлемдегі әйгілі маркаларға ие іскерлердің қосымша бизнес көз­де­рі бар. Соны өз брендтерін да­мы­ту­ға, жар­намалауға құйып отырады. 
Ал біз не тындырдық? Біз өнер­кәсіпті тоқтатпай, жинаған тә­жіри­бе­мізді жоғалтып алмауға жұ­мыс істе­дік. Ол кезде негізі Сән үйі деген болған жоқ. Модельдер үйі болды. Айналысқан кәсібімізді шама-шар­қы­мызға қарай алға жылжытып отыр­­дық. Жылына екі рет сән үл­гі­ле­рі­н­ің топтамасын жасап, шет елдер­де таныстырдық. Қазір санап отырсам, өзім қызмет істегелі бері де 20 мем­ле­кетте болыппыз. 50-ден астам халықаралық фестивальдар мен сән байқаулары көрсетілімдеріне қатыстық. Мысалы, АҚШ, Германия, Түркия елдеріне 3-4 реттен барып, Қазақстан атынан сән үлгілерімізді ұсынып отырдық. Кеңес өкіметі кезінде «Сымбат» сән үйі емес, «Russia» да болып жүрдік. 
Егемендіктен кейін, дорба-дорба ақша таппасақ та, өз еліміздің рухын көтеріп, намысын жыртып, халықаралық сән байқауларына қатыса бастадық. 
– Ұлттық бояуынан ажыра­ма­ған Қазақстанның сән үлгілері қай елдерде салтанат құрды?
– Бірінші шет елге шыққанымыз 1972 жылы Болгария, 1974 жылы Германия, 1975 жылы Италияда өткен халықаралық сән фестивальдары. Одан кейін 1988 жылы Чехословакияда өткен сән фестивалінде бас жүлдені жеңіп алдық. ЮНЕСКО-да Парижде, Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде, Еуроодақтың Брюссельдегі штаб-пәтерінде, Австрия, Германия, АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания, Түркия, Франция, Қытай ресми сапарларын­да, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен кейін де АҚШ, Қытай, Түркия елде­рін­де ұлттық сән үлгілерін паш еттік. 
Одан кейін өз қаражатымызбен Мәскеуде, Дубайда, Вашингтонда өткен Сән апталықтарына қатысып, сапасы, сәні, технологиясы жағынан еш­кімнен кем емес екенімізді көр­сеттік. 
– Қалай десек те, жұрттың бәрі Сән үйлерінен киіне алмайды. Жал­пы, көпшілікке қай кезден бас­тап киім тігіле бастады?
– Неше түрлі киім үлгілерін жа­сасақ та, көпшілікке арналған киім­дерді тек 1994 жылдан бастап қ­ана тіге бастадық. Ол – мектеп оқу­шы­ларына арналған киім үлгілері. Сол кезде 7 мыңдай баланың дене бітімін өлшеп, маркетингтік зерттеулер, ата-аналармен әлеуметтік сауалдамалар жүргіздік. 
Оның үстіне, кезінде Модельдер үйі болғандықтан, бізде мықты мамандар бар. Одан кейін өз кадрларымызды дайындау үшін солардың тәжірибелеріне сүйеніп, оқу орнын аштық. Біздің саламыздан да өз ісіне әбден берілгендер жеткілікті. Мысалы, 1973 жылы Санкт-Петер­бург, бұрынғы Ленинградтан Алла Пти­цина модельер болып келген-ді. Содан бері бізде қызмет істейді. Әбден машықтанған профессор, сабақ береді, шеберлік дәрістерін өткізеді. Птицинадан бір жыл бұ­р­ын келген экономист Вален­тина Ши­пицина да әлі күнге дейін «Сым­бат­та» жүр. Еңбек өтілі 20-30 жылды құрайтын шебер тігіншілер бар. Біз­дің ұжым тоқырау жылдары бол­сын, қаржылық күйзеліске тап кел­ген кезеңдердің де қиындығына шы­дады. Тіпті, өнімдерімізді та­маққа, картопқа, сәбізге, ұнға, етке, күрішке айырбастап, соны сатып күн көрген кездеріміз де болды. Бірақ, ешқайсымыз өз кәсібімізден тайқыған жоқпыз. Осы мамандар қазір «Сымбат» сән академиясы мен колледжінде білім алып жатқан студенттерге білгенін үйретуде. 
– Айтқандай, жеңіл және то­қы­ма өнеркәсібінің сөздігін жа­са­ды­ңыз­дар ғой?
– Өмір бойы осы салада келе жат­қан соң, бар білгенімізді жинақтап, же­ңіл және тоқыма өнеркәсібінің сөз­дігін құрастырып, шығардық. Бұ­ған да бірнеше жылымыз кетті. Сән индустриясындағы алғашқы оқулықтарды шығардық. 
– Бұрнағы жылы Елбасы Ал­матыға арнайы келіп, жеңіл өнер­кәсіптің ірі және кішігірім түр­ле­рімен айналысып жүрген жан­дар­мен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдағанына куә бол­ған едік. Сол кезде ине, түйме, жіп­ке дейін өзіміз шығармай, жеңіл өнер­кәс­іпті дамыту қиын екендігін айт­қансыз. Содан бері ілгерілеу бар ма? 
– Қазақстанда жүн де көп, мақта да бар. Сол экспортталған шикізатты өңделгеннен кейін өзіміз қайтадан қымбатқа қайта сатып алып отырмыз. Дегенмен, қазір тері илейтін кәсіпорындар пайда болды. Таразда, Қордайда тері өңдейтін комбинаттар бар. Бірақ олар бүкіл Қазақстанның сұранысын өтей алмайды. Мәселен, бір етік тігу үшін 17 компонент керек. Шикізатты өңдеуді қалайда қолға алуды айтып жүргеніміз сондықтан. 
– Соңғы жиырма жылдың өзінде қазақтың дарынды дизайнерлері пай­да болды. Бірқатары қазір елге та­­нымал. Мемлекеттің мық­ты бе­де­лін қалыптастыратын ота­н­­­дық сән үлгісін жасаушылар әлі де құ­ла­шын жая алмай отыр­ған си­яқ­ты? Сән индустриясы да Қазақ­стан­­ның жақ­сы атын шы­ға­ра алады ғой?
– Бұл мәселеде өте көп қиындық бар. Өзің жүргізіп отырған бизнесті халықаралық деңгейге көтеріп, киімдер мен бұйымдарды үлкен көлемде үздіксіз және жүйелі түрде нарыққа шығару өте қиын. Жоғарыда 20 мемлекетке бардық деп айттым ғой. Сонда бір-ақ рет Нью-Йорктегі бір компаниямен келісімшартқа отыруға қол жеткіздік. 
Қазір Қазақстанда аты шыққан дизайнерлердің шет елге бір-екі рет өз қаражаттарымен шығуға шамалары жетеді. Алайда, жүйелі түрде Сән апталықтарына қатыса алмайды. Өйткені, Париждегі Сән апталығына қатысып, 20 минут подиумда жүру үшін кемі 50 мың еуро тіркелу жарнасын төлеу қажет. Әйтпесе, Еуропа есігінен де сығалатпайды. «Мен Халықаралық сән фестиваліне қатысайын деп едім» деп өз басым мемлекеттен қаржы сұрап, әкім­діктерді сағалай алмаймын. Оның үстіне, қаржылық дағдарыс та бізге кері әсерін тигізді. 
Италияда бұл мемлекеттік тұр­ғы­дан қарастырылған. Басқа елдердің бәрінде шет мемлекеттерге танылып, атыңды шығарып, сауда маркаларын сатқың келсе, өз қабілетің мен қаражатына сүйенесің. 
Әйтпесе, қазір қазақ жастарының арасында креативті ойлайтын, өте та­лантты дизайнерлер табылады. Жаңадан шығып жатқандары бар. ЭКСПО аясында «Қазақстанда жаса­л­-
ған» деген көрмелерде өз өнім­де­рімізді жарнамалаймыз. Сол кезде мүмкін жастарымызға тиімді келісімшарттар табылып қалар. 
– Ал тендерлер ше?
– Тендер дегеннің дау-дамайы да, әлегі де көп. Біз бұл жолдан өт­кен­біз. Онсыз да «Сымбатта» 150-ге тарта киім түрлері бар. Мектеп фо­р­масының өзін 26 өлшемнен 50 өлшемге дейін тігеміз. Мұның бәрі заманауи тігін машиналарында ті­гіледі. Үтіктеу, киімдердің пішінін кел­тіру автоматтандырылған. Ең ше­бер тігінші қолымен тіксе күніне әрі кеткенде 5-6 қалта, жең, жаға шы­ғарар. Ал автоматты тігін машиналары күніне 1800-ге дейін жаға, жең тігіп, мінсіз қондыра алады. Осы­ның бәрі өзімізде бар. Сондықтан, на­рық­та ешкімге тәуелді болмай, еркін жұмыс істегенді дұрыс көремін.
– Қазір сән үлгісін жасаушылар ұлттық нақышты заманауи киім үл­г­ілерімен үйлестіруге ұмтылып жүр. Бірақ нәтижесі аса көңіл көн­ші­те қоймайды...
– Бұл туралы мен де көп ойландым. Мысалы, өзбек ағайындарда бұл қалыптасқан. Қырғыз бауырларымыз да ақ қалпағын тастамайды. Көршілерімізге қарағанда біздің бауырларымыз киім мәселесіне келгенде өте демократияшыл. Сол сияқты 1990-2000 жылдар аралығында өнер жұл­дыздары ұлттық нақыштағы киім­дерге өте көп тапсырыс беретін. Қазір ақындар, дәстүрлі әншілер болмаса, шоу-бизнес­те Еуропаға еліктеу басым. 
– Сіз үнемі «Мынау мода деген болмауы керек. Әркімнің өзіне жарасымды киінуі тиіс» деп айтатынсыз.
– Мен өмір бойы осыны айтып келе жатырмын. Мынау сәнді, анау сәннен қалды деген болмауы керек. Қазір жастар киіну мәдениетін біледі. Бойына, түр-келбетіне лайықты, сымбаты мен өңіне үйлесетін түстер мен ұзындықтарды таңдайды. Сондықтан, қазір қатып қалған бір үлгі жоқ. Алдағы уақытта да дизайнерлер өзде­рі­нің киім үлгілерін жасай берер. Бі­рақ сол көптің көңілінен шыққан, сұ­ра­нысқа ие болған үлгілер ғана сән­ге айнала алады. Енді жұрттың бәрі бұрынғыдай қатып қалған бір сән үлгісімен жүрмейді. 
– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ