Сән индустриясында бұл байқаудың салмағы жоғары, беделі аса мықты. Мәселен, 1954 жылы жап-жас Ив Сен Лоран мен Карл Лагерфельд осы байқаудың алғашқы жеңімпаздары болғанын айтсақ та жеткілікті.
Сән индустриясының әлемдік қауымдастығы Aika Alemi маркасын тектен текке таңдап отырған жоқ. Сән сарапшылары Айканың қой жүнінен көз тоқтатар киім үлгілерін жасап жүргенін дер кезінде бағалады. Оның әлемдік байқауға қатысуына лондондық сарапшылар Хиллари Александр мен Мартин Робертс ықпал еткен. Бұлар өз кезегінде сән әлеміндегі таланттарды іздейтін Fashion
Scout мен Graduate Fashion Week түлектері Сән апталықтарының сарапшылық кеңесінің мүшелері болып табылады.
Сонымен, Aika Alemi бренді алдымен INTERNATIONAL WOOLMARK PRIZE әлемдік байқауының аймақтық жарысында «Әйелдер сәні» мен «Ерлер сәні» номинациялары бойынша бағын сынайды.
Аймақтық байқауға әлемнің әр шалғайынан 65 дизайнер іріктелініп алынған. Байқау шарты бойынша әрбір қатысушыға 1500 АҚШ доллары беріледі. Дизайнерлер бұл сомаға құрамында Австрия жүні 80 пайыздан кем емес бір сән үлгісін тудыруы тиіс.
Ал Аяжан Жақсыбай қойдың жүнін қалай пайдалануды өте жақсы біледі. Жүннен тоқылған маталарды, киізден жасалған фактуралар мен құрақ құрауды жиі пайдаланатын оған қойдың жүні таңсық емес.
Біздің дизайнеріміз әлемдік сән байқауында Еуропа аймағынан бағын сынайтын 10 дизайнердің қатарында өнер көрсетпек. Аймақтық ақтық жарыс шілде айында Миланда өтеді. Содан кейін жаһандық жарысқа жолдама алған дизайнерлердің әрқайсысына 45 мың АҚШ доллары бөлінеді. Олар бұл қаражатқа жүннен тоқылған 5 түрлі сән үлгісін жасауы тиіс.
Сонау 1953 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан конкурсқа өткен жылы Виктория Бэкхэм, Lanvin-нің креатив директоры Бушра Джаррар қазылық құрған. Ал Аяжан Жақсыбай – WOOLMARK жарысына қатысып тұрған тұңғыш қазақ дизайнері.
Ақиқатын айтқанда, ол бұл жарысқа ілігуден аса дәмелі болмапты. Бірақ өз үлгілері мен оның жасалу технологияларын суреттеп, сән бикештері киген көйлектерін байқауға жіберіп көруге бел байлайды.
Қысқасы, құрамына 35 мемлекет кіретін Еуропалық финалистер бұл күндері Италияда жүр. Бұлар мамыр айының алғашқы күндері австриялық қойдың жүнінен ең сапалы жіп, мата, фетр шығаратын таңдаулы италиялық фабрикалардың жұмысымен танысқан. Бұл фабрикалар Cerruti, Gucci, Prada әлемге әйгілі брендтермен жұмыс істейді.
Дизайнердің ойынша, солтүстік қазақстандық қойлардың жүні австриялық «туысқандарының» жүнінен сапасы кем емес. Бұған дейінгі 7 киім топтамасын өзіміздің жүннен жасалған маталардан тіккен Аяжан Жақсыбай келешекте осы әлемдік байқаудан алған тәжірибесін кәсіпқой тұрғыда отандық сән индустриясының алға жылжуына пайдаланбақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ